Хан моласы қорымы

Сипаттамасы

Қорым Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Толыбай елді мекенінің оңтүстік, оңтүстік-шығысында 78 км жерде, Қабырға өзенінің Өлкейек өзеніне құятын сағасынан батыс, оңтүстік-батыста 4,5 км жерде, өзеннің оң жағалауындағы салыстырмалы түрде тегістеу, еңістеу далада (батысқа қарай жер бедері биіктей түседі) орналасқан.

Қорым XVIII ғ. орта шенінде өткен осы жердегі қайғылы оқиғаға байланысты қалыптасқан: бұл жерде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр қаза тауып, жерленген. Ондаған жылдар ішінде осы тұста үлкен қорым пайда болып, ХХ ғ. орта шеніне дейін мұнда мәйіттерді жерлеу жалғасып келген. Қорымның көптен бері зиярат ету орнына айналуына, оның киелі саналуына Әбілқайыр ханның «киелі моласы» себеп болды. Әбілқайырдың «Хан моласына» жерленгенін тарихи, топонимикалық, этнографиялық сұрау салу, картографиялық, этноархеологиялық, археологиялық, антропологиялық-генетикалық және т.б. тұтастай кешенді дереккөздер мен дәлелдер растайды.

Қорымның эпонимінің қалыптасуына Қазақстанның XVIII ғ. бірінші жартысындағы аса ірі саяси және мемлекет қайраткері, қолбасшы, 1710 ж. Кіші жүздің ханы – Әбілқайыр ханның (1693–1748 ж.ж.) жерленуі себеп болды. (1718 ж. қазақтың аға ханы дәрежесін алған, кей жылдары Башқұртстан мен қарақалпақтар ханы болып сайланып 1740 ж. Хиуада билік жүргізген). Қазақтың алғашқы хандарының бірі – Жәнібектің ұлы Өсектен тарайтын сұлтан Қажының ұлы Әбілқайыр жас кезінде Түркістанда тұрып, Тәуке ханның ықпалында тәрбиеленді. Әбілқайырға бағынатын қазақтардың көші-қондары Арал жағалауының шығыс, солтүстік-шығысында болды. Әбілқайыр хан – XVIII ғ. 20-шы ж.ж. қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінің негізгі басшыларының бірі. 1726 ж. Ордабасындағы әйгілі кеңесте жалпықазақтық әскердің бас қолбасшысы болып сайланады. Оның басшылығымен 1727 ж. Ұлытаудың оңтүстік батысындағы Бұланты және Білеуті өзендерінің аралығында, 1730 ж. Балқаштың оңтүстік жағалауындағы Аңырақайда қазақ әскері шешуші жеңістерге жетеді. 1730 ж. аса күрделі әскери-саяси жағдайда Ресей бодандығына кіруді сұрап, Ресейге елші жолдауға мәжбүр болады. 1731 ж. Әбілқайыр Кіші жүз ханы ретінде Орта жүздің жекелеген сұлтандарымен бірге Ресей империясының бодандығын мойындайды. Даладағы билік үшін болған күрделі тартыстың нәтижесінде, 1748 ж. тамызда Өлкейек бойындағы жайлауда Әбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан қаза тауып, сол жерге жерленеді. Хан қабіріне шағын кесене тұрғызылып, ағаштар егіледі. Кейін жалғыз ағаш өсіп шығады. Алайда кесене құлайды да, 100 жыл өткен соң моланың негізгі белгісі жалғыз ағаш та ХХ ғ. ортасында жойылып кетеді. Осының салдарынан 1970 ж.ж. «Әбілқайыр хан моласының мәселесі», яғни моланың орнын анықтау қажеттігі туады.

Хан моласы кешені XVIII ғ. ортасынан бастап Әбілқайырдың жерленуіне байланысты көптеген зерттеушілердің назарын аудартады. Оның сипаттамалары XVIII ғ. екінші жартысы мен ХІХ ғ. кейбір деректерде қарама-қайшы сипаттар да кездеседі. Солардың ішіндегі Н. Рычковтың (1771 ж.) деректері нақты деп айтуға болады: хан жерленген жерде төртбұрышты, шикі кірпіштен қаланған кесене мен оның шығыс тұсында бұтағы мол ағаш өсіп тұр, оңтүстігінде тас төселген құрбандық шалу алаңы бар.Моланың сипаты туралы қысқаша сипаттама мен деректерді ХІХ ғ. авторлары А.И. Левшин, Дм. Эристов, Д. Беркімбаев, И.И. Крафт жазып қалдырған. Кеңес дәуірінде 1970 ж.ж. ортасы мен 1980 ж.ж. басында бірнеше экспедициялар мен шағын топтар: Ө. Жәнібеков, А. Сатаевтар және 1979 ж. жазушы Ә. Кекілбаев жергілікті тұрғындардың бастауымен кешенге зерттеу мақсатында келген.

Қорымды мақсатты түрде зерттеу мен іздестіру, маман ескерткіштанушылардың зерттеуі 1983 ж. басталып, араға үзілістер салып, 1998, 2001, 2007–2010 ж.ж. (жетекшісі – С. Әжіғалиев) жалғастырылады. Жүйелі түрде жүргізілген, архивтік-өмірбаяндық зерделеу, жұртшылыққа сұрау салу, көзбен жобалау мен арнайы құралдармен жер бедерін бейнелеу, алып қорымды мұқият зерттеп-зерделеу, эпиграфты (таңбалы) ескерткіштерді зерттеу, аэрофотоға түсіру, геофизикалық және жер қабатын зерттеулер (көптеген арнайы шурфтар-шұңқырлар қазу арқылы), археологиялық зерттеу мен генетикалық талдау жүргізу сияқты тәсілдер жиынтығынан тұратын кешенді зерттеу нәтижесінде ханның қабірінің ең ықтимал орны – қорымның солтүстік бөлігіндегі №92 нысан анықталады. Бұл қорытындыны Әбілқайыр ханның сүйектері мен оның ұрпақтарының ДНК-лерін салыстыра отырып жүргізілген зерттеулер өте жоғары сәйкестікпен, яғни 99,783 пайызға тең көрсеткішпен екі рет растап шықты. Осының негізінде венгер антропологтары ханның бассүйектік бет-бейне кейпін қалпына келтіріп, ханның жүзі мен ұрпақтарының жүздеріндегі ерекше белгілерінің ұқсастығын анықтады. Өткізілген пәнаралық ізденістер мен анықталған өте маңызды объективті нәтиже Хан моласы кешені мен оның айналасын абаттандыру үшін жүргізілген мемлекеттік шараларды өткізуге ең сенімді негіз болды. Қазір жергілікті дәрежедегі ғана тарихи және мәдени ескерткіш деп саналып отырған Хан моласы қорымы соңғы жылдары Батыс Қазақстан мен Сарыарқаның түйіскен тұсындағы зор аймақтың «киелі орындар географиясындағы» негізгі нысанға айналып келеді. 2015 ж. бұл жерде мемориалдық-туристік кешен ұйымдастыру (монументті естелік белгі мен жаңа кесене салынды: бәдізші Б. Ибраев, Ж. Тәттібаев), таяу ауылдың инфрақұрылымын оңтайландыру (Толыбай ауылында Әбілқайыр хан музейін салу) жүзеге асырылды. Аралдың солтүстігі мен ырғыз-торғай аймағында мәдени туризмді дамыту мен болашаққа қажеттілігі жөнінен бұл нысанның болашағы зор.

Хан моласы қорымы – Өлкейек өзенінің бойымен өтетін көне дала жолының бойына орналасқан орасан үлкен қорым-зират. Ол солтүстік даладағы ең ірі бергіқазақтық мемориалдық кешендердің ішінде пайда болуы каузальды сипаттағы қорым. Дәлірек айтқанда, ол – хан мен оның нөкерінің қазасы мен сол жерде, жазғы жайлау аймағында жерленуіне байланысты қалыптасқан кешен (XVIII ғасырдың екінші жартысында руаралық ірі қорымның пайда болуы бұл уақытқа тән емес құбылыс). Кешен әлдебір көне жұртқа немесе діни киеге, ескерткішке байланысты қалыптасқан, көлемі жағынан Хан моласына пара-пар Ордадағы Хан зираты немесе Ұлы Қобда бойындағы Абат-Байтақ қорымдарына мүлде ұқсамайды. Өлкейектегі қорымның жедел өсіп, ұлғайып кетуіне бір жағынан «ел үшін шаһид кешкен» қазақ билеушісінің аруақты тұлға болғанына, екінші жағынан, қорымның Арал сыртындағы аса ірі шөмекей, алтын, жаппас руларының көш жолында орналасқандығы себеп болған тәрізді. Солармен бірге жақын аймақтағы арғын руының қазақтары да «киелі орынға» өз адамдарын жерлей бастаған.

XVIII ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. бірінші жартысы аралығында жеткілікті түрде халыққа танымал болып тұрған мемориалдық кешеннің аумағы да үлкен: жалпы көлемі созылыңқы шеңбердегі өсі бойынша 570х295 м. (С-О, Ш-Б). Қорымның жалпы көлемі (периметрі бойынша аз ғана күзеттік аймақты қоса есептегенде) 16 гектардан кем емес. 2001 ж. теодолиттік кескіндеу нәтижесінде қорым аумағында 942 қабір анықталды (кейбір болмай қоймайтын ауытқуларды, көптеген ескерткіштердің өшіп кетуін, мүлде жойылуын ескере есептегенде, олардың саны 1 мыңнан астам болған сияқты). Негізінен, олар қабірлерден қалған төмпешіктер, қабір үстіндегі төмпелер мен шұңқырлар, ондай белгілері жоқ қабірлер, шикі кірпіштен тұрғызылған қоршаулар мен кесенелер орнында қалған («төртқұлақ» тамдар мен «үйтамдар») төмпешіктер.

Бұған қоса, қорым аумағында 40-қа жуық тастан қашалған ескерткіштер табылды, олардың көпшілігі – «көктастар» (қабір басына тікесінен қойылған құлпытастар) мен «самарқантастар» (қабір үстіне жатқызылған құлпытастар), олар Оңтүстік Қызылқұм, Нұратау, т.б. өңірлерден әкелінген мәрмәр тәріздес тастар. Мұнда құм аралас әктастан қойылатын батысқазақстандық дәстүрлі, классикалық үлгідегі құлпытастардың бірнешеуі де бар. (Кейбір айтушылардың сөздеріне қарағанда, тастан қиылып қойылған ескерткіштер саны көбірек болған, олар бұл жерден әкетіліп, жоғалып кеткен. Бұдан бірер уақыт бұрын олардың саны 45-50-дей болуы да мүмкін). Бұл ескерткіштердің басым көпшілігінде тасқа жазылған жазулар бар, олар ХІХ ғ екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы кезеңге жатады. Жазулар ортаазиялық «түркі» (шағатай) тілінің аздаған қоспасы бар қазақ тілінде, араб әріптерімен таңбаланған. Тастағы жазуда марқұмның ру-тайпасы, аты-жөні, жасы және қайтыс болған жылы жазылған. Лапидарлық лексикада кейде қызықты тұстар кездесіп қалады, мәселен, «Бу кук таш самарқанди.. – Бұл самарқанның көк тасы..» және т.с.с. Осы тастардың көпшілігі тас қашау (бәдіз) өнерінің бірегей үлгілері болып табылады, әсіресе бұрыштарына бағана қашалған эпиграфиялық және өрнектік фриздері бар «самарқантастар» өте көрнекті.

Айтып жүргеніміздей, о баста қорым құлыптастарының белгілі бір бөлігі (20- дан астамы) кесенелер, шикі кірпіштен немесе шымнан өріліп тұрғызылған ірі қоршаулар (тамдар) болған, бұл туралы 1771 ж. Н. Рычков және ХІХ ғ. соңында Д. Беркімбаев жазбаларында кездеседі. Қазір бұлар ірі, көзге түсерлік төбелер, қоршаулар, қорғандар, болмаса, құрылыс жобасының іздері күйінде сақталып тұр. Сол ірі қорған-қоршаулардың бірінен, қорымның солтүстік бөлігіндегі көнелеу тұсындағы (№ 92 нысан) бейіттен Әбілқайыр ханның сүйегі табылды. Осы және өзге нысандарды қазу кезінде жерлеудің мұсылмандық салтпен жасалғаны анықталды: мәйіттер шалқасынан жатыр, көбіне олардың басы солтүстік-батысқа, жүзі оңтүстік-батысқа (құбылаға) қаратылған, көпшілігі «жарма» әдісімен қойылған да, шұңқыр үрліктермен, тоқыма қамыстармен немесе кірпіш сағаналармен жабылған, кейбір қабірлерде кебіннің қалдықтары да табылды.

Деректер

  1. Дело о смерти Абулхаир Хана 1748 года // Гос. архив Оренбургской обл. Ф.З. Оп. 1.Д.18. – 342 л.
  2. Казахско-русские отношения в ХVI-XVIII веках. (Сб. Документов и материалов). Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1961. – 744 + XVI с. (Док-ты №№ 166, 167, 182, 186–187, 190, 197 и др.).
  3. Рычков Н. Дневные записки путешествия капитана Николая Рычкова в Киргиз-Кайсацкой степи 1771 г. СПб.: Тип. Имп. АН, 1772. – 104 с. Э.[ристов] Дм. Абулхайр // Энциклопедический Лексикон. – СПб.: Тип. А. Плюшара, 1835. – Т. 1. – С.53-54
  4. Беркимбаев Д. Древние развалины и курганы в Киргизской степи // Тургайская газета. 1895. № 38 от 17/ІХ.
  5. Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизах степных областей. – Оренбург: Тип. П.Н. Жаринова, 1898. – 59+292+532 с.
  6. Невольник. Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире // Тург. Обл. Ведомости. 1899. № 2; Тургайская газета. 1900.№1
  7. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр. И доп. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 456с.+28 с. вкл.
  8. Аджигалиев С.И. Зодчество Арало-Каспия: ареал, хронология, традиции // Памятники истории и культуры Казахстана: Сб. ЦС Казахского об-ва охраны памятников истории и культуры. – Вып. 3. – Алма-Ата, 1988. – С. 105–116 (с 2 рис.-вкл.).
  9. Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана (на основе исследованиях малых форм). – Алматы: Ғылым, 1994. – 260с., 10 вкл.
  10. Ажигали С. Хан моласы – место захоронения Абулхаир-хана // Отан тарихы (ж.). 1999. № 2. – С.11–19.
  11. Ажигали С.Е. Отчет о работе комплексной Западно-Казахстанской археолого-этнографической экспедиций (ЗКАЭЭ) 2001 года // Международной фонд Абулхаир-хана: стновление и первые результаты. – Алматы, 2003. – С. 45–70
  12. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
  13. Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно-информационное издание. Алматы – Актобе, 2015. – 52 с.
  14. Ажигали С.Е. Как была найдена могила Абулхаир-хана // «Развитие Казахского ханства: эпоха, события, личности»: Мат-лы междунар.научн.конф., посвященной 550-летию образования Казахского ханства. – Актобе, 2015. – С.5–11.
  15. [Ажигали С.Е.] Един в трех лицах. Еще раз о том, как выглядел легендарный хан Абулхаир [С сопоставлением антропол.реконстр. и облика потомков] // Время (газ., Алматы). 2016. № 73. (Ред. Текста и комм.журн. Т. Байтукенова).
  16. Бекназаров Р. Место захоронения Абулхаир-хана: мифы и реальность в его определении // Казахстан-Спектр. 2008. – № 2. – С. 104–108.
  17. Джансугурова Л.Б., Бекманов Б.О., Красоткин Е.В., Мусралина Л.З., Хусаинова Э.М. В поисках могилы Абулхаир-хана: результаты генетических исследований // «Развитие Казахского ханства: эпоха, события, личности»: Мат-лы междунар. научной конф., посвященной 550-летию образования Казахского ханства. – Актобе, 2015. – С. 74–79.
Толығырақ

Суреттер


Кіру