Ақмешіт мемориалдық-культтік кешені

Сипаттамасы

Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 км, Құлсары қаласынан шығысқа қарай 70 км жерде (Атырау облысы) орналасқан.

Ақмешіт мемориалдық-культтік кешені мешіттің жаңа ғимаратынан, зират және зиярат етушілердің демалу орнынан, сонымен қатар шырақшы отбасының тұруына арналған тұрғын үй жайларынан тұрады. Қазіргі кезде бұл кешеннің шырақшысы – атыраулық өлкетанушы, Бекет ата өмірі мен қызметі жөнінде баяндалатын бірнеше кітаптың авторы Мырзабеков Ислам Қосқұлақтегі. Мешіт ескі мешіттің және Бекет ата әулиенің әкесі, анасы және ұлы жерленген қабірлердің орнына салынған.

Аңыз бойынша, ескі мешіт Бекет атаның ата-анасы жерленген жердің маңында жер астына салынған. Айналасындағы жерден өзінің ақ түсімен ерекшеленіп тұрған мешітке борлы әк тасты пайдаланған болса керек. «Ақмешіт» деген атаудың пайда болуы осыдан шыққан. Мешіттің бүгінгі күндегі ғимараты 1998 ж. салынған және кесене түріндегі екі жеке бөлмелерден тұрады. Жерге тереңдетіліп сегіз қырлы жоспарда салынған оларды өзара кіші дәліз жалғастырған. Ғимарат ұзына бойы солтүстік, солтүстік-шығыс және оңтүстік, оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Мешіттің бұл екі бөлігі бірдей құрылымға ие, атап айтқанда, сегіз қырлы қабырға конус тәрізді шатырды ұстап тұрса, ал шатырдың басындағы аласа келген цилиндрлі барабанның үстіне жарты сфералы күмбез орнатылған. Бөлмелерді жарықтандыру цилиндрлі барабандағы сегіз терезе арқылы жүзеге асады. Мешітке кіретін есігі орналасқан солтүстік солтүстік-шығыс бөлігі кесененің пештағы секілді орындалған. Сосын төмен қарай түскен шағын баспалдақ бірінші бөлме – садақаға арналған темір жәшік орнатылған дәрісханаға алып барады. Одан әрі шағын дәліздегі төмен түскен сатылы баспалдақ мешіттің негізгі бөлмесіне кетеді. Мұнда михрабтың орнына тастан қашалып жасалған тақ орналасқан. Оған екі жақтан ағаш және металдан жасалған асатаяқтарды сүйеп қойған, соңғысы қазіргі Қобда ауданы Жиренқопа ауылында сақталған, ол Бекет атаның «көк аса» деп аталатын асатаяғының дәл көшірмесі болып табылады. Осы «Ақмешіт» кешенінің маңайында Бекет атаның жиені Құлшан атаның қабірі және жерасты құжырасы бар.

Зиярат етушілер үшін жергілікті әкімшілік өте жақсы жағдай жасаған, атап айтқанда, тас төселген жол, электр қуаты, телефон, газ және демалу бөлмелерінде кондиционердің болуы, біздіңше осындай жабдықтау әулие-әмбиелерге тағзым етудің ежелден келе жатқан салт-жоралғысын жеңілдетеді.

Деректер

  1. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
  2. Ажигали С.Е., Бекназаров Р.А. Отчет Западноказахстанской комплексной этноархитектурной экспедиции 2007 г. (ЗККЭАЭ–2007). – Алматы, 2007.
Толығырақ

Суреттер


Кіру