Алтын қорымы

Сипаттамасы

Атырау облысы Махамбет ауданы Ортақшыл ауылынан 3 км шығыс солтүстік-шығысқа қарай, Атырау қаласынан 62 км солтүстік, солтүстік-батысқа қарай орналасқан. Қорым Атырау–Индер күре жолының сол жағында, кішігірім төбешікте орналасқан.

Қорым қазақтың ірі руларының бірі беріштен тарайтын себек атаның рулық бейіті ретінде ХІХ ғасырдан бастап қалыптасқан және қазіргі кезге дейін пайдаланылып келеді. Жергілікті халық арасында «Алтын мәйіті» деп те аталады, бұл жерде «мәйіт» сөзі («өлік», «өлген») қазіргі контексте «бейіт» сөзінің диалектілік синонимі болып саналады. Дегенмен бастапқыда бұл атау жеке, нақты бір ғана моланы білдірген, яғни қарттардың айтуы бойынша, қоныс ауыстыру кезінде қайтыс болып, осында жерленген қыздың – Алтын деген есіміне байланысты болған (2005 ж. Отырықшы кентінде тұратын 1924 ж. туған А. Мырзағалиұлы мен 1930 ж. туған О. Құсановтан жазылып алынған). Басқа да ақпарат берушілердің мәліметі бойынша (Батыс Қазақстан облысы Алмалы кентінің тұрғыны 1924 ж. туған Ш. Қабибуллиннен 1998 ж. жазылып алынған), бұрынғы «13- ауылдың» (Отырықшы) маңында беріш-себек руының екі ескі қорымы: «Алтын қорымы» және «Қатын қорымы» болған. Олардың атаулары барлығы тоғыз ағайынды болған апалы- сіңлілердің есімдеріне байланысты шыққан. Үлкенін Алтын деп атаған, ал кішісін келесіде ұл болуын қалап, қыз болғанына риза болмаған әкесі ырымдап «Қатын» деген есім берген. Кейін олар осы жерде жерленіп, бейіттердің эпонимдері болды. Сондай-ақ осы мәліметтер бойынша, мұнда Бегалы би (немесе Бекали би) жерленген. Сонымен бірге Алтын қорымына Каспийдің солтүстік өңіріндегі қазақтар арасында кеңінен белгілі Айтуар би Үсенұлы (1780–1854) жерленгені, оның құрметіне кескінді құлпытас орнатылғаны анық. Оның көптеген дана шешімдерінің бірі – Тұрлан батыр мен Дәулетқали төре арасындағы дауды шешуі, соңғысының қарапайым халықтың жеріне қол салуын қабыл алмауы.

Алтын қорымы – қызмет етіп тұрған зират ретінде зиярат етушілер үшін аса маңызды, сондай-ақ мәдени туризмді дамыту саласында болашағы зор, соның ішінде Атырау қаласына (облыс орталығы және мұнай-газ орындарының шоғырланған жеріне) жақын, анағұрлым ыңғайлы орналасқандықтан, халықаралық туризм үшін айтарлықтай әлеуеттік мәні бар. Болашақта туристік бағыттар бойынша ескерткіш аймақтың тарихи-мәдени нысандарымен – ортағасырлық Сарайшық қаласымен, солтүстік жағалаудағы архитектуралық мемориалдық кешендер тобымен (Көпмола және т.б.) жақсы үйлестірілуі мүмкін. Нысан жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші мәртебесіне ие, 2011 ж. желтоқсанында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет жөніндегі комитеті бекіткен «Туризмдік маңызы бар нысан ретінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне» енгізілген. Жалпы алғанда, Алтын қорымын Каспийдің солтүстік аймағының «киелі орындар географиясының» маңызды нысаны деп есептеу керек. Ескерткішті 1988; 1990 және 2005 ж.ж. «Қазқайтажаңғырту» институты және Тарих, археология және этнография институты / Тарих және этнология институтының архитектуралық және этноархеологиялық экспедициялары зерттеген (жетекшілері А.О. Итенов, Н.Д. Кульбаева; С.Е. Әжіғали).

Алтын қорымы – Орал (Жайық) өзенінің сол жағалауы бөлігіндегі, жалпы Каспийдің солтүстік аймағындағы қазақтың мемориалдық сәулет өнері кешендерінің айтарлықтай маңыздыларының бірі. Қорымның алып жатқан ауданы – 260х220 м, 450-ден астам мемориалдық құрылыстан тұрады. Ескерткіштің көпшілікке мәлім түрлеріне «төртқұлақ» үлгісіндегі төртбұрышты қоршаулар (көбінесе өте үлкен), қабір үстіндегі үйінділер жатады. «Төртқұлақтар» шикі кірпіштер мен блоктар дан салынған, өзіндік композициялық-жоспарлық ерекшеліктері бар: бұрыштарындағы тік көтерілген үшбұрыштардың биіктеу болуы, қабырғалары дүниенің төрт тарабы бойынша бағытталуы, оңтүстік қабырғаларында кіреберіс ойықтардың орналасуы; батыс жағынан қосымша стела-құлпытастармен жиі толықтырылып отыруы. Сондай-ақ қорымда бұрыштарындағы биіктіктер көзге онша көрінбейтін төртқұлақтар да аз емес.

Кешенде ХІХ ғ. ортасы мен екінші жартысына жататын шикі кірпіштен өрілген төрт күмбезді кесене және осы өңірде кең таралған қазақ «үйтамдарының» әр алуан түрлері ерекше көзге түседі. Барлығы бір типте салынған, тек күмбезі қатты бұзылған алты қырлы ескерткіштің өзіндік құрылымы мен басқа да ерекшеліктері бар. Құрылыстардың композициясының негізінде аласа келген төрт қырлы іргесіне тұрғызылған сфероконустық немесе пирамидалы күмбез жатыр. Кесенелердің оңтүстік фасадтарындағы кіреберіс бөлігі шығыңқы портал түрінде шешім тапқан; мұнымен қоса олардың бірінің басқа фасадтары осыған ұқсас, бірақ саңылаусыз шыққан қабырғалармен орындалған. Құрылыстың ерекшеліктерінің арасынан қабырғаларын қалау барысында, шамасы, кесене іргетасын тұрғызу кезінде қамыс қабаттарының (гидрооқшаулау мақсатында) қолданылуын, сонымен қатар ойықтарын жабу мен күмбездерінің құрылымында ағаш бөренелерді пайдаланылуын; бір жағдайда ескерткіш күмбезінің жоғарғы бөлігі бөренелерді айқастыру құрылымымен (киіз үйдің шаңырағы тәрізді) бекітілгендігін атап өтуге болады. Сондай-ақ кесенелердің батыс жағынан қазақтың халық сәулет өнері үлгілерінде тұрғызылған мерзімдерін анықтауға мүмкіндік беретін эпитафиялары бар құлпытастар орнатылған.

Алтын қорымының тастан қашалған стелалары қазақтың монументалдық глиптикасы ескерткіші ретінде де, сондай-ақ араб жазуындағы эпиграфика ретінде де үлкен қызығушылық туғызады. Олардың арасында жалпақ және көлемді құлпытастардың әр түрлі үлгідегі типтері, сонымен бірге олардың түрлері бойынша жекелеген бірегей түрлері де бар. ХІХ ғ. ортасына жататын бірқатар стелалардың біршама ерте түрлері пішіні бойынша маңғыстаулық үлгілерге ұқсайды. Сонымен бірге көлемдік-қабаттық композициясы үйлескен құлпытастар тобы мен Батыс Қазақстанның тас қашау өнерінің «әсем» бағытына жататын жеке бөлшектерін шебер өңдеу мен тегіс беттерінің безендірілу өнері ерекше назар аудартады. Үлкен құлпытастардың түрлері әр алуан (биіктігі 3 метрге дейін), соның ішінде жиі кездесетін монументалдық тас қашау үлгілері ерекше қызығушылық туғызады. Еділ бойындағы татарлардың мемориалдық дәстүрлерінің белгілі бір түрі ықпал еткен сәндік-эпиграфикалық және асқан эпиграфикалық ескерткіштер де өзінше ерекше. Әсіресе, стелалардың бірегей және өте көне түрлері: мысалы, қыпшақ кермесі деп есептелініп келген маңқыстау-үстірт «қада тастарына» ұқсас, тасқа айналған ағаш пішініндегі құлпытастарды ерекше атауға болды. ХХ ғ. басында Жайық өңірінде таралған ескерткіштердің сирек түріне үш шоғырлас шеңберлерге эпитафия орындалған дөңгелек диск тәрізді эпиграфиялық стела жатады (қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Мемлекеттік Орталық музейінде сақталуда). Қорым аумағында белгілі бір тарихи-архитектуралық және этнографиялық маңыздылығы бар бірнеше қазақ бейіттері орналасқан. Сонымен бірге Алтын қорымы мен Қарамұрын бейітінің аралығында жергілікті халық арасында қасиетті жер деген мәнге ие болған, әрі жыл бойы көк шөп (бидайық) өсіп тұратын көрікті орын бар. Осы алақандай жер ақ жалау байланған темір қадамен белгіленген.

Деректер

  1. Ажигали С.Е., Адаев Ж. У берегов Прикаспийской истории – Тарих тағылымы [2-я кн. из серии «Каспий қайраңы»]. Познават. издание. – Алматы: Джулдас и компания, 2000. – 328 с.
  2. Ажигали С. Памятники архитектуры Атырауской области // Кумбез. – 2000–2001. – № 9–10. – С. 40–45.
  3. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
  4. Әжіғалиев С. Алтын қорымы // Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 1998. – 1-т. – 720 б. – Б. 313.
  5. Некрополь Алтын // Большой атлас истории и культуры Казахстана. – Алматы: АБДИ, 2008. – 880 с. - С. 816.
  6. Төреқұл Н., Әжіғалиев С. Айтуар Үсенұлы // Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 1998. – 1-т. – 720 б. – Б. 148.
Толығырақ

Суреттер


Кіру