Сарайшық (Сарайжұқ) қаласы
Сипаттамасы
Қаланың өмір сүрген уақыты XIII–XVI ғ.ғ. Атырау қаласынан 50 км жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында, Сарайшық ауылының маңында орналасқан. Аумағы 100 га шамасында.
Сарайшық қаласы ерте кезден-ақ зерттеушілердің назарына іліккен, әсіресе Орынбор ғылыми архиві комиссиясы мүшелерінің жазбаларында қала қирандысының сыртқы көрінісі туралы және жер бетінен жинап алынған заттар туралы мәліметтер кездеседі. Қаланың зерттелу тарихы ХVІІІ ғ. екінші жартысындағы П.Н. Рычков пен П.С. Палластың зерттеулерінен бастау алады, кейіннен А.Е. Алексеев 1861 ж. Сарайшықтағы бірнеше сағаналарды қазып, олардың ішкі құрылысын зерттейді. Алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1937 ж. Н. Арзютов жүргізеді. Сол уақыттағы алынған деректер қаланың пайда болған және өмір сүрген уақытын анықтауға мүмкіндік бермеді. Ескерткішке деген қызығушылық соғыстан кейінгі жылдары қайта жанданады. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясын басқарған С.П. Толстов 1950 ж. Сарайшыққа барлау жұмыстарын жүргізеді. Сол жылы Ә.Х. Марғұлан жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы Сарайшықта қазба жұмыстарын бастайды. Қазбаға белгілі археолог Г.И. Пацевич те қатысады. Кейінірек қала орынын зерттеуді құрамында В.К. Афанасьев, Л.Л. Галкин және В.В. Плаховтар болған Средневолжский археологиялық экспедициясының Гурьев отряды жалғастырады. Сарайшықтың орнында кең көлемдегі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу 1996–2003 ж.ж. аралығында, сол кездегі облыс әкімі И. Тасмағанбетовтың қаржыландыруымен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі З. Самашев) жүргізеді. Осы жылдар аралығында жүргізілген қазба жұмыстары барысында қаланың өмір сүрген уақыты анықталып, бірнеше маңызды нысандардың орындары ашылады. Қала орнында зерттеу жұмыстары 2004–2009 ж.ж. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жалғасады. Осыдан араға сегіз жыл салып, 2017 ж. зерттеу жұмыстары қайта жанданды. Зерттеу жұмыстарымен қатар қаланы қорғау мақсатында өзен жағасын бекіту жұмыстары да басталды. Алдағы уақытта бұл жерде ашық аспан астындағы музей кешенін жасау, ескерткішті туристік бағыттар тізіміне енгізу жоспарланып отыр.
Жазба деректер бойынша Сарайшық қаласы XIII ғ. Жошы ұлысына қарасты аймақтарды басқарып отыру үшін салынған. Қалада алдымен сарайлар мен әкімшілік ғимараттар тұрғызылып, оларды қоршай ерікті тұрғындардың, көпестер мен қолөнершілердің тұрғын жайлары бой көтерген. Қала Еуропа мен Азияның шекарасында орналасқан, дәл осы тұстан арысында Еуропа елдерінен, берісінде Алтын Орданың астанасы Еділ бойындағы Сарай шаһарынан шығып, Хорезм, Иран, Үндістан және Қытай қалаларына қарай бет алған керуен жолдары өткен. Географиялық жағынан қолайлы жерде орналасуы қаланың ірі саяси, мәдени және сауда-қолөнер орталығына айналуына мүмкіндік береді.
Археологиялық зерттеулер барысында кейінгі ғимараттардың астынан ХI–XII ғ.ғ. жататын тұрғын-жайлардың және қара түсті саз балшықтан иленіп жасалған қыпшақ (?) үлгісі пішіндегі ыдыстардың қалдықтары кездеседі. Шамасы бұл жерде бұрынырақта осман жылнамашысы Қажы Халиф «Жайық (Жанку) өзенінің бойында бұрын кумандардың астанасы болған С.ван.ж (немесе С.ваи.х) қаласы бар, оны кейіннен ноғайлар жаңадан тұрғызып, қоныстанған, қазір де олардың «ханы» сол жерде тұрады» деп жазып кеткен шағын қалашық орналасқан болса керек [Трепавловтың дәйексөзі бойынша, 2002, 226 б.].
Алынған деректерді сарапқа салу нәтижесі қаланың өмір сүру уақытының төрт кезеңін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңі – XIII ғ. ортасынан бастап, Өзбек хан билік құрған уақытқа, яғни 1312 ж. дейін. Қаланың төменгі қабаттарынан табылған ең көне тиын Еділ бойындағы Үкек қаласында соғылған Мөңке-Темірдің (1266–1282 ж.ж.) дирхемі болып табылады. Сарайшықтан табылған Тоқты (Тоқтоғұ) ханның (1291–1313 ж.ж.) дирхемі XIII ғ. аяғына жатқызылады. Қала құрылысы біртұтас жоба бойынша тұрғызылған. Үйлердің сәулеті мен ішкі жабдықталуы Төменгі Еділ бойы, Хорезм және Сырдария бойындағы қалалар дәстүріне келеді. Қала үйлері шикі кірпіштен тұрғызылған, көлемі 4×5 м болып келетін 2–4 бөлмелерден тұрған. Адамдар тұратын бөлігінде қабырғаны бойлай жатын-суфа жасалынған, ол көлденең орналасқан каналдар арқылы тандырдан немесе ошақтан шыққан ыстық түтін көмегімен жылытылған. Қабырғалары саз балшықпен сыланған және әктелген. Суфалардың үстіне киіз төселетін болған, олардың бірінің қалдығы тұрғын жайды қазған кезде табылған болатын. Қала маңы да игерілген. Шет жақтарында, өзен сағаларына жақын жерлерде егістік жерлер, бау-бақшалар орналасқан. Олар Жайықтан шығырдың көмегімен көтерген сумен суарылған. Бұл жерлерден қызыл саздан жасалған көзелердің және шығыр құмыраларының қалдықтарын кездестіруге болады.
Қаланың өмір сүруінің екінші кезеңі XIV ғ. екінші ширегінен басталады және Өзбек ханның кезіндегі біршама тұрақтылық пен өркендеу жағдайында өтеді. Бұл кезең Сарайшық тың гүлдену кезеңі болды. Бұрынғы ғимараттарды бұзып, орнына жаңаларын тұрғызған. Қаланың жобасына өзгерістер енгізілмеген, тек көшелер мен алаңдар кеңейтілген. Осы кезеңде шаруашылық құрылыстармен бір шатырдың астына салынған көп бөлмелі үйлер пайда болған. Үйлердің ішкі бөлмелері көбіне жұқа қабырғалармен бөлінген, қабырғаларымен суфалары тегістеліп сыланып, кілемдер және киіздермен безендірілген. Қаланың өзен жақ шетінен монша орындары ашылады. Олар әртүрлі қызмет атқаратын бірнеше бөлмелерден тұрады, қабырғалары сәнді тақташалар мен безендіріліп, су өткізбейтін сылақпен сыланған. Монша күйдірілген кірпіштер төселген еден астынан салынған құбыр арқы лы жылытылған. Осы кезде қоғамдық моншалар да, игі жақсыларға арналған жекелеген моншалар да болған. Қала тұрғындары шаруашылық әрекеттері қала мен далаға қажетті түрлі бұйымдар шығарумен сипатталады. Осы бағытта негізгі орынды құмырашылар шеберханалары иемденген. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігінен 1998 ж. көзеші шеберханасының орны болған деп бол- жанып отырған телім аршылады. Қала орнынан қыш ыдыстарды күйдіруге арналған бір камералы пеш қалдықтары анықталады. Олар тереңдете салынған және пеш аузында, әдетте оның батыс жағында өндірістік мақсаттағы алаңқай лар болған. Құмырашы пештерінен бөлек, кірпіш күйдіретін пештер де болған, солардың бірін 1950 ж. Ә.Х. Марғұланның экс- педициясы (Г.И. Пацевич) қазады.
Қаланың үшінші хронологиялық кезеңі Ұлыстағы бекзадалар тобының өзара таққа таласуымен тұспа-тұс келеді. Сарайшық бұл уақытта Ақ Орда хандарының ықпалында болады, олардың иелігіне Жайық өзенінен Батыс Сібір ойпатына дейінгі аралықтағы Жошы, Орда Ежен және Шайбан ұрпақтарына тиесілі жерлер кіретін. Осы кезеңде соғылған теңгелерге қарағанда, 1370 ж. қалада ірі қоғамдық ғимараттар салына бастаған. Солардың бірі, 1997–2000 ж.ж. аралығында сарай түріндегі құрылыс зерттеледі. Өзінің сәулеттік жоспары негізінде «хандар» ғимараты жатқан құрылысты құрметті қонақтарға, көпестерге, пірәдарлар мен саяхатшыларға арнап тұрғызған. Осыған дейін бұл жерлерде болған құрылыстар жоспарлы түрде тапталған. Ғимарат 25 бөлмеден тұрады. Екі бұрышында мұнаралар орналасқан порталында аркалы есік пен кең сатылы баспалдақтары болған. Портал күйдірілген кірпіш қаландыларымен қапталып, бедерлі панелдер түріндегі ақ алебастрлы өрнектермен безендірілген. Шыға берісінде алаңқай болғанға ұқсайды. Ғимаратты Жошының ұрпағы Орыс хан салдырған деп болжанады. Уақыт өте келе ғимаратқа симметриялы түрде қос қанатынан бөлмелерді жалғай берген, ол сыртқы жағынан жапсарлас салынған құрылыстар есебінен өскен. Соның салдарынан бөлмелер саны қырыққа жеткен. Жапсарлас бөлмелердің көпшілігінен еденге көміліп, беті әктас дискілермен жабылған хұмдардан жасалған ташнаулардың қалдықтары табылды. Түрлі мақсаттағы шаруашылық бөлмелер – балық ыстайтын бөлмелер, тары, бидай, арпа дәндерін сақтаған шұңқыралар (орлар) және т.б. – анықталады. «Ханның» батыс жағынан кірпіш төселген орталық көшелердің бірінің бөлігі аршылды.
Қала өмірінің төртінші кезеңі XV– XVI ғ.ғ. жатады. Бұл кезеңде халық қаланың оңтүстік бөлігіне шоғырланады. Орданың саяси орталығы оның негізгі аумағы – Жайық пен Еділдің арасындағы далада орналасты. Сарайшық ноғайлардың астанасына айналады. Ноғайлы кезеңіндегі Сарайшық Жайық өзені мен оның бір сағасы Сорочниканың арасындағы үшбұрыш түзетін аумақта орналасты. Оның айналасын қамал қабырғалары қоршап тұрған. Бекіністің қалдықтары ХІХ ғ. ортасына дейін сақталған. 1824 ж. тарихшы және этнограф А.И. Левшин бекініске кіретін басты қақпаның орнын анықтайды. Қамал тікбұрышты жобада болған. Бұл кездері салынған үйлер көп бөлмелі болып келген. Үйлердің ауданы 20×12 м шамасында болған. Олар тандырдан шыққан түтін жолдары – кан арқылы жылытылған. Бұл – XIII ғ. бері келе жатқан бөлмелерді жылыту жүйесі болып саналады. Бұл жерлерден қыш және өзге де бұйымдармен қатар, жергілікті жерде, Орта Азияда соғылған тиындар мен қырымдық күміс дирхемдер де табылды. Қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінен тұрғын үйлермен қатар, кірпіш және қыш бұйымдарды күйдіруге қатысы жоқ техникалық пештер табылады. Оның жанынан күйдіруге арналған қандай да бір бұйым да шыққан емес. Пештер тереңдігі 1,5 м етіліп шикі кірпіштен құдық түрінде қаланған. Қабырғалары әбден балқыған. Пештің от жағылатын жерінің алдына тереңдеу етіліп шұңқыр қазылған. Мұндай пештің қандай өндіріс түріне қолданылғаны әзірше белгісіз болып отыр.
Тұрғындар иесіз тастап кеткен орамдар біртіндеп зиратқа айналып, қаланың жұрты қасиетті мекен санала бастаған. Қаланың иесіз аудандарына адамдар көптеп жерленген. Жерлеу құрылыстарын (сағана) салу үшін қираған қала ғимараттарының күйдірілген кірпіштері қолданылған. Олардың орналасуының да өз заңдылықтары бар. Әртүрлі рулардың өз жерлеу ерекшеліктері қала халқының түрлі ұлыстардан құралғанын көрсетеді. Жерлеу салттарының ішінде көрханаларға жерлеу ғұрпын ерекше атап өтуге болады. Зерттеушілер әзірше көрханалардың алты түрін анықтап отыр. Олар қала мен даланың, ислам мен исламға дейінгі дәстүрлі наным-сенімдердің, сондай-ақ тұрғындардың түрлі әлеуметтік топтарының арасындағы қарым-қатынасты зерттеп білуге мүмкіндік береді.
Сарайшық топырағы бұл жерде Алтын Орданың хандары, елге танымал тұлғалар және мұсылман дін басшылары жерленген пантеонның болуымен киелі деп санала- ды. Әбілғазы Баhадүр ханның мәліметі бойынша Сарайшықта Алтын Орданың әйгілі ханы Мөңке-Темір (1266–1280) жерленген. Ол – Алтын Ордада тұңғыш рет өз атынан ақша шығара бастаған билеуші. Сарайшықта Жәнібекті (1341–1357), Бердібекті (1357–1359) және басқа да Жошы ұрпақтарын ақ киізге көтеріп Алтын Орданың ханы етіп сайлаған. Қазақтың ұлы хандарының бірі Қасым (1511– 1524) Сарайшықты хандықтың астанасы деп жариялаған. Қасым ханның билігі кезінде Қазақ мемлекетінің аумағы қазіргі Қазақстан территориясына дейінгі көлемде кеңейтілген және халқының саны миллионнан асып жығылған. Кейінірек Қасым мұрагерлері Сарайшық тізгінінен біраз уақытқа айрылып қалып, оны кейін 1568 жылы Хақназар хан Қазақ хандығының құрамына қайта қосқан. Қазіргі қолда бар деректер бойынша Сарайшықта Алтын Орда хандары Мөңке Темір (1266–1281), Тоқтай (1280–1312), Жәнібек (1342–1357), Бердібек (1357–1359), сондай-ақ Тоқтамыс ханның (1380–1406) басы, ноғайлының бірнеше бек-мырзалары, қазақтың ханы Қасым (1511– 1524) жерленген деген болжамдар бар.
Алтын Орда ыдыраған соң, 1391 ж. бастап Сарайшық XVI ғ. 40-шы ж.ж. қарай жеке мемлекет ретінде қалыптасып үлгерген Маңғыт Жұртының – Ноғай Ордасының орталығына айналады. Сарайшық толығымен қиратылғанға дейін Дешті Қыпшақтың игі жақсысы жерленетін киелі орын болып қала берді. Бұл жерде ноғайлардың да билеушісі мен бекзадалары мәңгілікке жай тапқан. Кейбір тарихшылар Сарайшықта қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Жәнібек хан жерленген десе, екіншілері алдыңғы пікір жаңсақ, бұл жерде зерттеушілер шатасып жүр, шын мәнінде оның аттасы – Алтын Орда билеушісі болған Жәнібек хан жерленген деп санайды. Ноғайлардың Тоқтамыс пен Едіге жайлы аңызында – «хандарды қойған Сарайшық, хан сүйегі кие деп» [Бартольдтың сілтемесі бойынша, 1966] деп келтіріледі.
Ноғай ақсүйектерімен және қазақ хандарымен қатар бір қорымға Мұхаммед ұрпақтары саналатын, мұсылмандар арасында ерекше құрметке ие сейіт (сеид) руы өкілдері де қойылған. Олар да қазақ және ноғай халықтарының мәдениетінде елеулі із қалдырған.
Деректер
- Аитова С.М., Самашев З.С. Джучидские монеты с городища Сарайчик // Известия МН-НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1998. – № 1. – С. 35–41.
- Английские путешественники в Московском государстве в XVI в. (пер. с англ. Ю.В. Готье). – Л., 1937. – С. 173–193.
- Арзютов Н. Отчет о раскопках, произведенных в 1937 г. на месте развалин золотоордынского города Сарайчика // Изв. АН КазССР. Сер. археол. – 1949. – Вып. 2. – С. 126–134.
- Афанасьев В.К., Бисенов С.Б., Галкин Л.Л. Работы в Западном Казахстане // АО–1975. – 1976. – С. 513–514.
- Бартольд В.В. К вопросу о погребальных обрядах турков и монголов. Соч. – М., 1966. – Т. IV. – С. 377–396.
- Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. – ТОУАК. – Оренбург: типолитография т-ва «Каримов, Хусаинов и К°», 1910. – Вып. 22. – 332 с., 21 л. ил. – С. 96.
- Кожа М., Самашев З. Новые материалы к изучению бань золотоордынского времени // Вестник КазНУ. Сер. историч. – 2006. – № 2 (41). – С. 159–174.
- Кузнецова О.В. Поливная керамика Сарайчика // Генуэзская Газария и Золотая Орда. Сер. «Археологические источники Восточной Европы». – Кишинев: StratumPlus, 2015. – С. 167–179.
- Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1950. – 122 с.
- Пацевич Г.И. Гончарная печь на городище Сарайчик // ТИИАЭ. – 1956. – Т. 1: Археология. – С. 221–224.
- Пацевич Г.И. Печь для обжига кирпича в древнем городе Сарайчике // КСИИМК. – 1957. – Вып. 69. – С. 111–114.
- Самашев З.С. Исследование золотоордынского города Сарайчик // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 137–162.
- Самашев З.С., Кожаков Д.А., Талеев Д. Сарайчик: проблемы исследования великого города // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 240–245. Самашев З.С., Галкин Л.Л., Касенов М.С., Талеев Д.,
- Кожаков Д., Гончаров Е.Ю. Совместные казахско-российские исследованияна золотоордынском городище Сарайчик // АО–1997. – 1999. – С. 347.
- Самашев З., Плахов В. Об одном архитектурном комплексе Сарайчика // История цивилизации и духовной культуры кочевников: матер. пленарного заседания Междунар. научн.-практич. конф., посвящ. 100-летию академика А.Х. Маргулана. – Павлодар, 2004. – С. 60–78.
- Самашев З., Кожа М. Элитный культовый комплекс Сарайчика // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. – Уральск, 2007. – № 1. – С. 236–257.
- Самашев З., Кузнецова О.В., Плахов В.В. Керамика Сарайчика. – Алматы: Археология, 2008. – 263 с.
- Самашев З., Бурнашева Р., Базылхан Н., Плахов В. Монеты Сарайчика. – Алматы: Археология, 2006. – 184 с.
- Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингизхана. – Алматы, 2001. – С. 4–171.
- Тасмагамбетов И.Н., Самашев З. Сарайчик. – Алматы: ОФ «Берел», 2001. – 320 с.
- Толстов С.П. Хорезмская археолого-этнографическая экспедиция Академии наук 1950 г. // СА. – 1953. – Т. 18. – С. 301–325.
- Трепавлов В.В. Сарайчук: переправа, некрополь, столица, развалины // Тюркологический сборник- 2001. Золотая Орда и ее наследие. – М., 2002. – С. 225–244.
- Фотографии, использованные при подготовке статьи, предоставлены З. Самашевым из личного архива. Снимки выполнены в разные годы З. Самашевым, Ю.Ф. Черкашиным, О.В. Беляловым, В.П. Соболевым.