Айша бибі кесенесі

Сипаттамасы

Айша бибі ауылында орналасқан (Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы).

Айша бибі кесенесі – Қазақстан аумағындағы ислам мәдениеті мен орта ғасыр кезеңіндегі сәулет өнерінің аса маңызды және жарқын ескерткіштерінің бірі, ол жалпы тарихи және мәдени жадыны біріктіруші ретінде ХХІ ғ. адамдары үшін де киелі ескерткіш міндетін атқаруда. Қандай қала болмасын, оның архитектуралық ансамблінің маңызды элементі – діни құрылыстар болып есептеледі. Қазақстан аумағындағы ислам дінінің мәдени кеңістігінде болған ортағасырлық қалаларда осындай құрылыстар қатарына кесенелер жатады. Аталған аумақта құрылыстың осындай түрінің пайда болуының сан ғасырлық тарихы бар және мұсылман әлемінің әртүрлі өңірлерінде әртүрлі архитектуралық нұсқаларда орындалған. Ертедегі ислам діні адамды дәріптеуді алға қойып қабір үстіне ғимарат салуға тыйым салса, ІХ ғ. өзінде-ақ Самаррада (Ирак) халиф әл-Мунтасирдің қабірінің үстіне кесененің тұрғызылуы бұл дәстүрді бұзады. Осы уақыттан бастап, атақты адамдарға әулеттік отбасылық кесенелер, діндарлардың мүрдесі үстіне «мазар» деп аталып, киелі кеңістік мәртебесін алған қабір үсті құрылыстары салына бастады.

Мазар-кесенелерді діни нысандар деп, ал онда жерленген адамдарды мұсылман әулиелері деп атау дәстүрге айналады. Х–ХVІІІ ғ.ғ. құрылыс жүйесінде кесенелер маңызды орын алады. Бұл дана және діндар адам деп танылған, жерленген адамдардың әулиелігіне байланысты Қазақстан аумағында сопылықтың таралуымен түсіндіріледі.

Сәулетші Т.К. Басеновтың айтуы бойынша, Айша бибі кесенесі: «бұл – Қазақстан сәулет өнерінің негізгі өрнектелген қазыналары шоғырланған және дәстүрлі пішіндерді, эволюция қағидасын түсінудің кілті мен жекелеген ою-өрнектер мәнерінің үйлесім табуын құраған өзіндік түрдегі музей». 1856 ж. кесенені Ш.Ш. Уәлиханов суреттеп салады.

Кесененің пайда болуы туралы бізге жеткен аңыздарда ақын әрі ғалым Хакім атаның сұлу қызы Айшаның өзінің ғашығы Қараханға бара жатқан жолында жыланның шаққанынан қайтыс болғаны айтылады. Айша бибі кесенесінің бұрышындағы бағаналарға араб әрібінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «күз, бұлттар, дөңгеленген дүние...» деген сөздер жазылған. Кесенеге байланысты В.А. Каллаурдың жазбасында: «... Маған жергілікті сарттардың бірі Мағрұф қожа былай деп айтты. Самарқан хандарының бірі Ханым бибі (ескерткіші Самарқанда орналасқан) деп атап кеткен христиан қызына үйленген екен, соның сіңлісі болып келетін Айша бибі оған қонаққа келеді. Қайтар жолда осы ескерткіш тұрған жерде, Аса өзеніне жақын жерде қайтыс болады». Белгілі болған тағы бір нұсқада: «Айша бибі Ысмайыл атаның қызы болған деседі. Әулиеата әулиесі оны қалыңдық етіп таңдап алып, Ысмайыл атаға өзінің тілегін айтады. Ол кісі еріксіз келісімін беріп, қызын Әулиеатаға жібереді, «бірақ күйеу жігіт қалыңдығын көрмеуі тиіс» деп айтқан екен. Ол солай болды да, Айша бибі қалаға 2 таш қалғанда жолда қайтыс болып, сол жерге жерленеді». В.А. Каллаур тағы бір аңызды келтіреді: «…Айша бибі Әмір Темірдің әйелінің сіңлісі және Чинмачина қаласы ханының қызы болған. Ол өзінің туған әпкесі Ханымның Бұхара қаласында салынып жатқан «мадраса-и-ханым» құрылысын көруге және бірнеше қашырға тиелген алтын алып бара жатқан жолда ауырып, дүние салады. Сол кезде Әмір Темір өз әйелінің барлық ұсталарын жинап, балдызы жатқан бейіттің үстіне кесене салғызған».

Кесененің негізі – текше. Төрт бұрышында үлкен бағаналар орналасқан. Безендірілуінде кішігірім нишалар, шағын бағаналар, тоғыспалар, сүйір келген аркалар, терракота тақталар пайдаланылған. Кесененің негізгі өрнектері Қазақстан аумағында мекен еткен ежелгі тайпалардың дәстүрлі ою-өрнектерімен әрленген. Олар – андрон және сақ тайпалары мәдениеті ортасында түрленген геометриялық, зооморфтық және күнмен байланысты үлгілер. Кесененің біршама жақсы сақталған бөлігі – батыс фасады, оның сақталған биіктігі – 6 м. Фасадындағы арка архивольты құмыра тәрізді капителі бар төрттен үш бөлігіне дейін дөңгеленген бағанаға тірелген. Аркасының табан деңгейі қабырғаға тереңдетілсе, ал арканың жоғарғы жағы «П» тәрізді орындалған. Ескерткішті қалаған кірпіштердің алуан түрлігінің өзі таң қалдырады. Кесене қабырғалары (қалыңдығы 80 см) үш бөліктен: ішкі жағынан күйдірілген кірпішпен қаланған, сыртқы жағынан оймыш әшекейлі плиталармен қапталған, сонымен бірге саз балшықпен және жарамсыз тақталардың сынықтарымен толтырылған қабырға ортасындағы кеңістіктен тұрады. Қабырғалар мен бағаналардың беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына арша ағашынан арқалық қойылған. Кесене қабырғаларының сыртқы беті артқы жағындағы сыналарымен бекітілген оймыш ұсақ тақталар арқылы безендірілген. Ұсақ тақталардың шырмауық өрнегіне 60 түрлі әшекей қолданылған. Қашаумен үңгіп жасалған бұл оюлар бір-бірімен қиюласып, кесененің мақсатына лайық сәулеттік сипат, композициялық шешім тапқан. Кесене құрылысынан Әмір Темір дәуіріндегі сәулет өнерінде үлкен орын алған порталды-тақталы дәстүр айқын аңғарылады.

Кесене ортасында 3,00х1,40 м көлемде құлпытас орнатылған. Ол ғимараттың қираған қабырғаларының кірпіші мен қаптама үлгілерден қаланған. Қабырғасының ішкі жағынан әртүрлі қаптамалар, оның ішінде тақталар қойылғандығы көрінеді.

Киелі нысандардың генезисін былай өрбітуге болады. ХІ–ХІІ ғ.ғ. Хорасан мен Жетісудағы қабір үсті құрылыстардың архитектурасының ұқсастығы Селжүк пен Қарахан мемлекеттерінің көршілік және тығыз этномәдени байланысының нәтижесінен шыққан. Халықтардың жерлеу салты мен ғұрпындағы қабір үсті құрылыстар идеясының исламға дейін болуы болжам бойынша Авеста дінімен байланысты. Қатардағы және тектік кесенелердің ерекше түрі саналатын наустар Хорасан мен Мәуреннахр аумағында, оның ішінде Мерв (ІІ–ІІІ ғ.ғ.), Солтүстік Бактриядағы Дальверзин-Тепе мен Бандыхан (б.з.д. І ғ.–б.з. ІІ ғ.), Пенжикент (VІ–VІІІ ғ.ғ.) және Шу өңірінде (VІ–VІІІ ғ.ғ) жүргізілген қазба жұмыстарында анықталады.

Айша бибі кесенесі – қазақ мәдениетінің заттанған киелі символдарының бірі. Өрнектің сән-салтанаты мен сан түрлілігі жағынан Қазақстандағы басқа мемориалдық-дәстүрлік ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ. Қазіргі уақытта киелі орын ретінде мәдени орталық және тарихи ескерткіш қызметін атқаруда. Кесене туралы қызықты аңыздар да аз емес. Нысан – қазақ мәдениетіндегі киелі орындарының бірі. Кесене тек антропогендік сипаттағы мәдени және тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар табиғи және мәдени ландшафттың ерекше бір түріне де жатады. Күн сайын Айша бибі кесенесіне Қазақстан мен оған көршілес елдерден жүздеген адамдар келіп, киелі жерге ғибадат етеді.

Айша-бибі кесенесі – республикалық маңызы бар, тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген киелі орындардың бірі.

Деректер

  1. Беленицкий А.М. Из мусульманской эпиграфики в Таласской долине // Эпиграфика Востока – М.–Л.: АН СССР, 1948. – С. 16–18.
  2. Бернштам А.Н. Труды Семиреченской рахеологической экспедиции 1936–1938 гг. Таласская долина. - Алма-Ата, 1949. – С. 75–81.
  3. Каллаур В.А. О Карахане и мазарах Аулие-Ата и Айша-Биби // ПТКЛА. – 1897. – С. 6–8.
  4. Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата: Каз. гос. изд-во, 1959. – С. 99–102.
  5. Нуржанов А.А. Культовые памятники Караханидов // Тысячелетние истоки строительной культуры Туркменистана: матер. Междунар. научн. конф. – Ашхабад: Туркменская гос. изд. служба, 2013. – С. 291–294.
  6. Ошанов О.Ж. Тараз – жемчужина Шелкового пути (Краткая история города Тараза: от Гуннской Орды до Республики Казахстан). – Алматы: Таймас, 2014. – 296 с. – С. 179–181.
  7. Историко-культурные памятники Казахстана / Авт. предисл. и сост. Елеуов М., Бахтыбаев М.М. – Туркестан: Туран, 2011. – 447 с. – С. 420.
  8. Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. - Алма-Ата: Наука, 1972. – 228 с. – С. 49.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру