Ақыртас кешені
Сипаттамасы
Қазақстанның оңтүстігіндегі жұмбақ ескерткіштердің бірі. Ол Тараз қаласынан шығыста 40 км, Ақшолақ темір жол бекетінен оңтүстікке қарай 6 км жерде, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан (Жамбыл облысы).
1221–1224 ж.ж. Амудария өңіріндегі Балха қаласына жақын жерге қоныстанған Шыңғыс ханға жасаған саяхатында қытайлық монах Чань-Чунь Ақыртасты тарихи ескерткіш ретінде сипаттаған. Батысқа бет алған сапарында көптеген қалалар мен елді мекендерде болған сопы солардың бірі туралы: «Тұтастай қызыл тастан қаланған қала көрінді; онда ежелгі әскери лагердің қалдықтары көрінеді» деп жазады. Осы «қызыл тастан салынған қала», зерттеушілердің пікірінше, Ақыртастың қираған орны болып есептеледі. Ақыртас туралы аңыздардың бірі бойынша оны Манас пен оның ұлы Симай тұрғызған. Манас дүниеден өткен соң Симай Әулиеата қаласынан 25 км қашықтықтағы Талас өзенінің аңғарына қоныстанған. Симай дүние салған соң оның сүйегінен Талас өзенінен Тектұрмас жеріне өтетін көпір салынған.
Ақыртастың зерттелу тарихы 150 жылдан асады. Бұл ескерткішке алғаш назар аударған орыс суретшісі М.С. Знаменский болды. Генерал М.Г. Черняевтың әскери экспедициясының құрамында болған ол 1864 ж. Ақыртастың қиранды орнында болып, оның көрінісі мен қабырғасының суретін салған. Кейіннен 1867 ж. бұл ескерткішті белгілі шығыстанушы П.И. Лерх зерттейді. Ол қалаға сипаттама беріп, қабырғасының жеке блоктарын өлшеп, Ақыртас жайлы ХІІІ ғ. басында Чань-Чунь қалдырған мәліметтерді келтіреді. П.И. Лерх Ақыртасты «будда монастыры» деп есептеген. Бірнеше жылдардан кейін бұл орынға геолог Д.Л. Иванов зерттеу жүргізеді. Оның мақаласында Ақыртас құрылысының жобасы, тас қашалған орындар, құрылысқа тастардың қайдан алынғандығы туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар ол қабырға блоктарына сипаттама беріп, өрнектелген қабырғалардың суреттерін сызып алған.
Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшесі В.А. Каллаур Ақыртасты зерттей келе, су құбырлары мен тас науалар тауып, құрылыс алаңына су 4–5 км жоғарыдағы тау шатқалынан тартылған деген қорытындыға келеді. Осы уақытта Ақыртасты жазба де- ректермен, соның ішінде Ибн Хордадбек пен Кудаманың жазба деректерінде аталған елді мекендермен баламалау мәселесі көтерілген болатын. Айтылған авторлар өздерінің жазбаларында Тараз қаласынан Құланға дейінгі сауда жолындағы қалалардың тізімін толығырақ берген болатын. Онда Тараз қаласынан үш фарсах жердегі Төменгі Барысхан, одан кейін екі фарсахта Касра Бас (Касрибас), одан әрі екі фарсахта Күлшөп (Куль-Шуб), одан кейін төрт фарсахта Жолшөп (Джуль-Шуб) және төрт фарсах қашықтықтағы Құлан қаласы көрсетілген.
В.А. Каллаур Ақыртасты Касрибаспен баламалады. Бұдан кейінгі жылдары да Ақыртасқа деген қызығушылық толастамады. Кешен негізінен 1936–1938 ж.ж. Талас аңғарын зерттеген А.Н. Бернштамның жетекшілігіндегі Жетісу археологиялық экспедициясының назарында болды. Кейіннен 1940, 1945–1946 ж.ж. ескерткішті Г.И. Пацевич зерттеп, арнайы мақала жазады. Ол Ақыртастың топографиясын сипаттап, ғимарат, аула мен бағаналарды суреттейді. Сонымен қатар құрылысқа тас алған карьерлерді де сипаттап, су құбырлары туралы жазады. Г.И. Пацевичтің пікірінше, Ақыртас ІХ ғ. дейінгі кезеңмен мерзімделеді және несториан құрылыстарына ұқсайды.
1945 ж. ескерткішті Қазақ КСР-і Министрлер кеңесі жанындағы Сәулет өнері істері жөніндегі экспедиция зерттейді. Экспедиция жұмысының нәтижесінде Ақыртастың жобасы түсіріліп, зерттеу материалдары сәулетші Т. Бәсеновтің мақаласында қорытындыланады. Ақыртастың жарияланған жоспары аса қызығушылық тудырады. Т. Бәсенов өз мақаласында «Ақыртасты будда немесе несториан монастыры» дегенді жоққа шығарып, оны VIII–IX ғ.ғ. салынған сарай-қамал деген тұжырым жасайды.
Келесі зерттеуші Л.Ю. Маньковская болды. Құрылыстың жоспарын талдай келе автор, бұл ескерткішті орталық алаңы мен түрлі мақсатта пайдаланатын шағын алаңдары бар керуен сарай орны деген қорытындыға келеді. Ол аса ірі сауда орталығы және жүк ауыстырып, тиейтін орын ретінде салынған. Л.Ю. Маньковская құрылыстың басталу уақытын Х ғасырдан кеш емес уақытпен мерзімдеп, Ақыртасты Касрибаспен баламалау туралы пікірге қосылады. Ақыртастың қандай қызмет атқарғандығын, оның салыну уақыты мен оған байланысты саяси оқиғаларды түсіндірудің келесі бір әрекетін неміс ғалымы В. Брентьес жасайды. Оның пікірінше, Ақыртас араб қолбасшысы Кутейбаның бұйрығымен салынған. Зерттеуші қала құрылысының салыну мерзімін Кутейба ибн Муслим халифаттың солтүстік-шығыс аймақтарының билеушісі болған уақытымен, яғни 714–715 ж.ж. аралығымен мерзімдейді. Ақыртас оның солтүстіктегі резиденциясы ретінде салынған. Осылайша, кешен құрылысының салыну уақыты, қандай ғимарат болғандығы және оны нақты елді мекендермен баламалау жайлы түрлі көзқарастағы мәліметтер бар.
1996–1998 ж.ж. қазақстандық археологтар мен француз зерттеушілері бірлесіп, тағы бір көзқарасты ұсынуға болатын кейбір мәселелерді анықтайды. Бұл жоғарыда аталған құрылыстың солтүстік-шығыс бөлігіндегі «ауланы» анықтауға байланысты. Осылайша бұл аула мешіт салуға арналған орын екені анықталады. Қазба барысында «ауланың» батыс қабырғасындағы бұрын өтетін жер деп есептелген орын «мешіттің михрабы болуы мүмкін» деген қорытындыға келеді. Ауланың бұрын бітеу болған деп есептелген солтүстік қабырғасынан көшемен жалғастыратын үш тамбурлы өтетін жер аршылады. Бірнеше өту орындарының болуы құрылыстың қоғамдық негізде салынғандығын, яғни мешіт екендігінен мәлімет береді. Сонымен қатар «аула» аумағында арнайы өңделген бағаналар жатқан. Мешіт көп бағаналы сәулетті құрылыс болған сияқты. Мұндай мешіттер ислам сәулет өнерінде көне құрылыс болып табылады және қатар қойылған бағаналар санының көптігі мен ара қашықтарының 3–3,5 м болуымен ерекшеленеді. Тегіс жабынды дәл осы бағаналарға тіреледі.
Осындай сипаттағы мешіттер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағында кездеседі. Солардың бірі – Құйрықтөбе қаласынан қазылса, екіншісі – Ақыртастан шығысқа қарай 20 км жердегі Өрнек қаласынан ашылған. Екі мешіт те ІХ–Х ғ.ғ. мерзімделеді. Егер Ақыртаста мешіт болды десек, онда бұл кешен несториан және будда шіркеуі болды деген болжамды теріске шығарады.
Ислам діні Жетісуға VIII ғ. ортасынан бастап ене бастады. Осы уақыттарға жататын Ақыртастың жасын орталық алаңынан табылған керамика, кірпіш күйдіретін шеберхана, тас қашалған орындар дәлелдей түседі. Керамикалар көбінесе ыс, күйе қалдықтары бар түбі дөңгелек қазандардың сынығы болып келеді. Қазандар қиыршық тастар араласқан саз балшықтан жасалған. Сонымен қатар үлкен көлемдегі хұмдардың сынықтары да табылады. Керамика коллекциясында су таситын құмыралардың сынықтары да кездеседі. Осындай сынықтардың біріне ангоб жағылған жолақ түріндегі өрнекті ыдыстар жатады. Қақпақ сынығы да табылады. Мұндай керамиканы VI–VIII ғ.ғ. мерзімделетін Тараздан табылған ыдыс-аяқтар кешенімен ұқсатуға болады.
Ақыртас – жоспары төртбұрышты, қабырғалары 1–1,5 м болатын көлемді төртбұрышты қызыл құмтастардан көтерілген, толық салынып бітпеген монументалды құрылыс. Блоктар 1-2-ден 3-4 қатарға дейін қаланған. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан қабырғасының өлшемі – 180х205 м, құрылыс алаңының жоспары анық көрінеді. Негізгі көше солтүстік және оңтүстік кіреберістерді байланыстырады. Оған перпендикуляр, шығыстан батысқа қарай терең айванға тірелетін тағы бір көше өтеді. Көшелер құрылыс алаңын төртке бөледі, оның үш бөлігі ауланы қоршай орналасқан ғимараттардан тұрады және біреуіне (солтүстік-батыс) ешқандай құрылыс салынбаған. Құрылыстың орталық алаңында периметрі бойынша көлемі 5х5 м болатын бағаналар орналасқан. Ауланың оңтүстік бөлігінен әуізге арналған шұңқырлар көрінеді. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы – 5 м, құрылыс биіктігі 2 м-дей тас блок іргетасқа қаланған. Ішкі қабырғаларды қалау техникасы өте қызықты: олар блоктардан құралған қап тәрізді, ал олардың іші қиыршықтас пен саз балшықпен толтырылған.
Ақыртастың жоспарына балама табылды, оны Таяу және Алдыңғы Азия сәулет өнерінен көруге болады. Араб халифтерінің жазғы резиденциясы – Самара сарайлары, Сирия, Йордания, соның ішінде Каср ал-Хайр ал Гари сияқты өзінің таңғажайыптығымен ерекшеленетін сарайлардың жоспары Ақыртаспен ұқсас болып шықты. Осының барлығы Ақыртасты билеушінің жазғы астанасы ретінде қарауға негіз болады. Ол қарлұқ қағаны болуы мүмкін, өйткені қарлұқтар 766 жылдан 893 жылға дейін Жетісудың батыс бөлігін билеп тұрды. Қызылтас тауының шығыс бөлігі тас алу үшін пайдаланылады, мұнда 400 м созылған карьер болған. Бұл жерде қазірге дейін ондаған тас үйіндісі мен өңделген және өңделмеген блоктар, қашалған тастың үйіндісі мен қиыршық тастар жатыр. Карьер мен құрылыстың арақашықтығы шамамен 200-400 м құрайды, сондықтан тасты жеткізу үшін жаз бен күз мезгілінде кеуіп қалатын кішігірім өзен ағып өтетін сайды пайдаланған. Тас үйінділер мен блоктарды қыс мезгілінде жуан бөренелерден жасалған шананы пайдалану арқылы тасымалдаса керек.
Алғашқы зерттеушілер Ақыртасқа ауыз суды жақын маңдағы Шошқалы және Ұзынбұлақ шатқалындағы бұлақтардан су құбырлары арқылы тартқанын анықтаған болатын. Бұл жерден Ақыртасқа дейінгі қашықтық 2–4 км-ден кем емес. Су ұзындығы 50–60 см-лік құрамалы қыш құбырлар арқылы жүрген. Құбырдың ең кең тұсының диаметрі – 20 см, тар тұсы – 18 см. Құбырдың жіңішкеріп бітетін ұшына екінші кең тұсы кигізіліп отырған. Құбыр шатқалдың тар тұсынан бөгет салу арқылы жиналған су қоймасынан бастау алады.
Зерттеу нәтижелері су құбыры жүйесінің өте күрделі болғандығын көрсетті. Ақыртас маңындағы және әуіз жанындағы су тазаланып, сол жерден тұрғын үйлер мен әуізі бар жайларға бөлініп отырған. Суды диаметрі шағын құбырлар арқылы бөлген (диаметрі сан алуан болып келетін құбырлардың сынықтары шатқалдан және Ақыртасқа жақын маңдағы тас жол бойынан жинақталды).
Ақыртастың солтүстігінде екі су қоймасы орналасқан. Солардың батыс шеттегісінің өлшемі – 40х40 м, тереңдігі 2 м төртбұрыш тәріздес шұңқыр түрінде болған. Оның сыйымдылығы 3200 текше метрді, көлемі жөнінен шағындау шығысындағы су қоймасының шұңқырының диаметрі 30 м құрайды. Мұнда жиналған су Ақыртастың солтүстік алқабындағы егістіктерді суғаруға пайдаланылса керек.
Ақыртастың шығыс жағынан қабырғамен қоршалған, көлемі 250х250 м құрайтын төртбұрышты жоспардағы жер телімі анықталады. Шығысынан ол көктемде су ағып өтетін бұлақтың арнасына жалғасып жатыр. Сонымен қатар Шошқалыдан тартылған каналдың арнасы да өтеді. Соған қарағанда бұл аумақ сарай құрылысының кешеніне кіретін саябаққа арналса керек.
Қоршаған аймаққа төнген әскери қауіпті бақылау жүйесіне арналған орын да зерттелді. Қызылтастың биік жоталарының біріне тастан қаланған қарауыл мұнарасы салынған. Мұнараның тастан қаланған төменгі бөлігі ғана қалған, диаметрі – 5 м. Оның жанында от жағып белгі беретін тастан қаланған алаңқай сақталған.
Ақыртас кешені 2014 ж. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Қазіргі кезде Ақыртас кешені мұсылмандар құлшылық ететін діни мекен, сонымен қатар көптеген көріпкелдер зікір салатын орын. Шынын айтқанда, ерте кезеңнің өзінде Қазақстан аумағында мешіттің болуы бұл ескерткіштің қасиеті мен киесін арттыра түседі.
Деректер
- Акишев А.К. «Сиюйцзи» – «Записки о Западном крае» даосского учителя Чань-Чуня // Түған Өлке – Родной край. Тарих Өлкетану мұрағат. – Алматы, 2008. – № 1–2. – С. 12–34.
- Байпаков К., Нортхедж А. Новые данные об Акыртасе // Известия МН–АН РК. Сер. обществ. наук. – 1997. – № 1. – С. 83–93.
- Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научною целью. 1893–1894 гг. // Соч. – М., 1966. – Т. IV. – С. 21-94. – С. 87–88.
- Baipakov K., Northedg A. La mission Franco-Kazakhe d’Akyrtash // Etudes Karakhanides. Cahiers d’Asie centrale. – Tashkent, 2001. – No. 9. – P. 265–272.