Аспара қаласы

Сипаттамасы

Аңдас батыр ауылының ортасында орналасқан (Жамбыл облысы, Мерке ауданы).

Аспара қаласы Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында, Тараздың шығысына қарай 180 км жерде орналасқан. Алатаудан ағып шығатын өзен қаланы сыртқы жаудан қорғау міндетін атқарса керек. Тараз, Меркі, Испиджаб сияқты ортағасырлық ірі қалалармен аты қатар қойылып аталатын Аспара қаласының осы күнгі орнының алып жатқан аумағы – осы аймақтағы қалалардың барлығынан үлкен. Қазірдің өзінде қала орнынан қалған топырақ үйінділерінің ауқымдылығы кімді болса да таңдандырады. Қазақстанда Аспара қаласымен үлкендігі жағынан салыстыруға болатын ескерткіш жоқтың қасы. Жоғарғы цитадель орналасқан бөлігінің биіктігі 15 м-ге дейін жетеді, оны қоршаған шахристанның орны жақсы сақталған. Қаланы қоршаған мықты бекініс қабырғаларын айнала терең ор қазылған.

Жазба деректер бойынша Аспара қаласы алғаш рет VII ғ. қытайлық монах Сюань Цзяньның жазбаларында «Осуболай» қаласы ретінде айтылады. Аспара қаласы туралы деректер ІХ ғ. араб географы Ибн Хордадбек пен Бағдат сарайының шенеунігі Кудамы ибн Жапардың (Х ғ.) жазбаларында кездеседі. Осы жазбаларға сәйкес Аспара қаласы Меркі қаласынан 4 фарсах жерде орналасқан.

Қаланың қалыптасу тарихы Әмір Темірдің атымен тікелей байланысты. XIV ғ. 70 ж.ж. Темір Қытайға шабуыл жасауға дайындалады, бірақ империяның шығыс шекарасында шиеленіскен геосаяси жағдай қалыптасады: Моғол әскерлері империяның шығыс шекарасына үнемі басқыншылық шабуылдар жасап отырды. Әмір Темір бірнеше рет Моғолстанды басып алуға әрекет жасады, бірақ ол әрекеттері табысты болмады. XIV ғ. соңында империяға өзінің күшті бекіністерін салу арқылы шекараларын нығайту қажеттілігі туды. Бұл жөнінде Темірдің биографы Ибн Арабшах былай жазады: «Моғол мен Қытай жағынан оның (Темірдің) құрылыстары және оның осы жерде жасаған істері жайлы хикая. Ол Самарқанға келген кезде немересі Жәңгірдің ұлы Мұхаммад Сұлтанды әмір Сейф ад-Динмен бірге, өзінің сөзі жетіп, бұйрығы орындалатын шеткері жерге жіберді, бұл Сейхун өзенінің арғы жағындағы… Мәуреннахр елінен бір айлық жер болатын. Олар ашық алқаптар мен жазықтықты иеленіп, бірнеше қамал тұрғызды, солардың ішінде ең шалғайы Аспара деп аталады…, ол тонау мен талқандауға дайын берік қамал…»

Моңғол шапқыншылығына дейін Аспара қаласы цитадель мен шахристаннан тұратын және қамалдың айналасы егіншілер мен қолөнершілердің шаруашылық жүргізу аймағына айналған болатын.

1419 ж. Шахрухтың (Темірдің ұлы) Қытайға жіберген елшілігіне жолсерік болған Гияз-ад-диннің жазбасында Аспара жайлы айтылады. Содан жүз жыл өткен соң Аспара туралы ақпарат Қазақ хандығының деректерінде кездеседі.

Аспара туралы XVI ғ. жататын соңғы деректе былай деп жазылған: «Тоғыз жүз он тоғызыншы (1513–1514 ж.ж.) жылдың қысында… Қасым хан Аспара жаққа өз елін иемдену үшін кетті». XVI ғ. ортасында Мұхаммед Хайдар Дулат Шу өңіріндегі қалалардың қираған орны жайлы айтып өтеді.

ХV ғ. деректерде Аспара туралы Әмір Темірдің Моғолстанға қарсы күресте тұрғызған қамалы ретінде айтылғанымен, археологиялық материалдар бұл қамалдың қызметі мен оның халқының құрамы жөнінде мол мәлімет береді. Жазба деректерден белгілі болғандай, бекіністің негізгі тұрғындарын әскери гарнизон құрайды. Алайда Аспараның берік қамалдарының ар жағында егіншілік пен мал шаруашылығын, керамика өндірісін және металлургияны кәсіп еткен бейбіт тұрғындардың өмір сүргенін сол жерден табылған заттар, жануарлардың көптеген сүйектері, қыш және металл шлактары дәлелдейді. Қалаға зерттеу жұмыстарын алғаш 1938–1940 ж.ж. Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1964–1965 ж.ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (Л.Б. Ерзакович), 2012–2014 ж.ж. Жетісу археологиялық экспедициясы (А.Ә. Нұржанов пен Е.Ш. Ақымбек) жүргізеді. Солтүстігіндегі қираған қабырғалардың ұзындығы – 245 м, шығысында – 300 м, оңтүстігінде – 196 м, батысында – 150 м. Цитадельдің көлемі – 190×160 м, биіктігі – 15 м. Қаланың негізгі бөлігі V–XII ғ.ғ., ал солтүстік-шығыс бөлігі XIV–XV ғ.ғ. салынған.

Аспара қаласының қабырғалары шикі кірпіштен тұрғызылған, үйлердің едендеріне төртбұрышты шикі кірпіштер төселген. Қамалдың XIII–XIV ғ.ғ. қабатында қорғаныс қабырғалары болмағаны ерекше қызығушылық тудырады. Мүмкін бұл моңғолдардың қабырғаларды бұзып, қайта жасау тәжірибесіне байланысты болған шығар. Бекініс қабырғасы XIV ғ. соңында ғана пай- да болады. Соңғы жылдардағы зерттеулер Аспараның Шу өңіріндегі ұзын қорғанды қалалар қатарына жататындығын анықтады. Оның ондаған шақырымға созылған сыртқы қабырғасы бұзылып кеткен, тек кейбір жерлерде (жеке кісілердің бағында немесе ауласында) қабырғадан қалған үзік-үзік дуалдар сақталған.

Аспара қаласы аумағында табылған сиыр жауырынының бетіндегі жазу – айтарлықтай қызығарлық табыс. Ол араб әліпбиімен қара түсті бояумен түрік тілінде жазылған. С. Мұратов пен Л. Ерзаковичтің оқуы бойынша онда он бес тұлға, оның төртеуі бек, бір қожа және бесеуден астамы лақап ат бойынша жоғары мәртебелі адамдардың қазасына байланысты күйініш білдіруі жазылған. Жазба рәсімдік және қасиетті мәнде жазылған. Бүгінгі таңда Аңдас батыр ауылының тұрғындары осы бірегей заттың символы ретінде ортағасырлық қалаға кірер тұсына сиырдың жауырыны бейнеленген үлкен ескерткіш орнатқан.

Аспара – Қазақстанның қалалық мәдениеті ескерткіші, еліміздің мәдени мұра нысаны.

Деректер

  1. Байпаков К.М., Ақымбек Е.Ш. Аспара қаласында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі. // Древние и средневековые государства на территории Казахстана: сб. матер. Междунар. научн. конф. – Алматы, 2013. – С. 384–406.
  2. Байпаков К.М., Воякин Д.А. Выдающиеся археологические памятники Казахстана. – Алматы: Асыл Сөз, 2014. – 504 с. – С. 313–317.
  3. Бернштам А.Н. Некоторые итоги археологических работ в Семиречье // КСИИМК. – 1946. – Вып. 13. – С. 110-118.
  4. Ерзакович Л.Б. Городище Аспара в послемонгольское время (Чуйская долина) // Известия АН КазССР. Сер. обществ. наук. – 1965. – № 3. – С. 85–97.
  5. Ерзакович Л.Б. О позднесредневековом городище Аспара // Новое в археологии Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1968. – С. 85–97.
  6. Ерзакович Л.Б. Караванные пути юга Казахстана в XIII–XVIII вв. // Известия АН КазССР. Сер. обществ. наук. – 1969. – № 2. – С. 98–106.
  7. Ерзакович Л.Б. Города Южного Казахстана и Семиречья в XIII–XIV вв. // Известия МОН РК, НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1994. – № 5. – С. 3–15.
  8. Кожемяко П.Н. Раннесредневековые города и поселения Шуйской долины. – Фрунзе: АН Кирг.ССР, 1959. – 186 с. – С. 11–14, 84–88.
  9. Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. – Алма-Ата: изд-во АН КазССР, 1950. – 122 с. – С. 32–33.
  10. Муратов С.Н., Ерзакович Л.Б. Лопатка коровы с тюркскими письменами на арабском алфавите из городища (Чуйская долина) // Эпиграфика Востока. – 1967. – XVIII. – С. 71–79.
Толығырақ

Суреттер


Кіру