Бабажы қатын кесенесі

Сипаттамасы

Тараз қаласынан 18 км жерде орналасқан (Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы). Айша бибі кесенесімен қатар тұрған Бабажы қатын кесенесі XІ–XIІ ғ.ғ. сәулет өнерінің ерекше үлгісі болып табылады.

Бабажы қатын кесенесі – Оңтүстік-шығыс Қазақстан жерінде орналасқан түркі-мұсылман сәулет ескерткіштерінің арасындағы тарихи-мәдени маңызға ие бірегей ескерткіш. Мұсылмандық мәдениет – көптеген халықтардың, соның ішінде ортаазиялық халықтардың этномәдени қатынастарының жиынтығының нәтижесі. Орта Азия мұсылмандарының халифаттың әлеуметтік мәдени қатынастар жүйесіне бірігуі түрлі халықтардың арасындағы байланыстың кеңеюіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде ІХ–Х ғ.ғ. Орта Азия мен бүкіл Таяу Шығыста мәдени синтез қалыптасты. Бұл процесс – тарихта «Мұсылман ренессансы» деген атпен белгілі.

Әрбір өркениетте бір-бірінің құрамдас бөлігі ретінде мәдениеттің қасиетті кеңістігін құрайтын сыңар ескерткіштер болады. Солардың бірі – Айша бибі мен Бабажы қатын кесенелері. Бабажы қатын кесенесінің қалыптасу тарихы – Айша бибі кесенесінің салынуы туралы аңызбен тікелей байланысты. Тарихи санада Айша бибі кесенесімен бірге аталатын ол – қасиетті ескерткішке қатысты қалыптасқан аңыз бен тарихи мәліметтерді толықтырады. Мұндай аңыздың бізге дейін жеткен 28 нұсқасы бар екен. Солардың бірінде Бабажы қатын ХІ ғ. танымал ғалымы және ақыны Хәкім Сүлеймен Бақырғанидың қызы, Айша бибінің күтушісі болған. Айша бибінің қайғылы өлімінен кейін оның күтушісі Бабажы қатын жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған және дүниеден өткеннен кейін Айша бибі кесенесінен 20 метр жерге жерленген.

Ескерткішті 1897 ж. В.А. Каллаур, 1938–1939 ж.ж. А.Н. Бернштам және 1953 ж. Т.К. Басенов зерттеген. Қазақстан сәулет өнерінің ең көне ескерткіштерінің бірі болып саналады. Қазақстанның киелі жерлерінің бірі Бабажы қатын кесенесінің текше тәрізді тік бұрышты қабырғаларына қаланған кірпіштерінің өлшемі – 24х24х5 см. Ескерткіштің әрбір қабырғаларының ауданы – 6,90х6х6,90 м., яғни төртбұрышты, бас жағы деформацияланған ойлы-қырлы сүйірлі күмбезі бар. Бас фасад пен екі қапталы бір-біріне ұқсас, мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектермен жасалған, тек батыс қабырғасы ғана ерекше салынған. Жоғары жағы аркалы, ішке кірер есік шығыс жақ қабырғасында сегіз қырлы барабанға ауысатын тромп белдеу жасалған. Бас фасад эпиграфикалық фризі бар жақтаулы қабырғамен бөлінген. Онда мәтіннің үзіндісі сақталған, ол оймышты терракота техникасында «насх» жазуымен: «Бұл Бабажы қатын қабірі» деп орындалған. Эпитафияның бір бөлігі құрылысты салу барысында жоғалып кетсе керек. Кіретін есік шығыс жағында. Кесенеге көркемдік пен сымбаттылық беретін –призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабынды. Бабажы қатын кесенесі Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі болып табылады.

Х ғ. араб жазуы Шу-Талас өңірлері тұрғындарының мәдениеті мен тұрмысына қарқынды түрде ене бастайды. Құраннан алынған мәтіндер мен шариғат сөздері монументті құрылыстарды әшекейлеуге пайдаланылады: мешіттерде құлшылық араб тілінде жүргізілді және оны медреседе оқытты; мұсылмандардың қорымындағы эпитафия араб жазуымен орындалды; тиындардағы соғды жазуындағы түсіндірме сөздер арабшаға ауысты. Ыдыстар мен баспаналардың интерьері эпиграфикалық өрнектермен әшекейленді. ХІІІ ғ. дейін созылған исламдандыру билеушінің қоғамды саяси шоғырландыруға байланысты бірқатар мәселелерін шешуге көмектесті. Халық жаңа діннің туы астына бірігіп, политеизм жойылды. Ислам көзқарастар мен идеялар кешеніне жол ашып, оның негізінде халық ішкі және сыртқы саяси бірлікті қалыптастырып, адамгершілік құндылықтардың жаңа шкаласын құрды.

Кесене – адам қолымен жасалған мәдениет пен тарих ескерткіші ғана емес, сондай-ақ табиғи және мәдени ландшафттың белгілі бір түріне де жатады. Кесене – Қазақстан Республикасындағы халық ең көп келетін мәдениет пен тарих ескерткіші. Бабажы қатын мен Айша бибі кесенелеріне күн сайын Қазақстанның түпкір-түпкірі мен көрші елдерден келген жүздеген зияратшылар дұға тілеп, сиынады. Кесене 1982 ж. бері мемлекеттің қорғауына алынған, республикалық маңыздағы тарихи-мәдени мұралар қатарына жатады.

Деректер

  1. Беленицкий А.М. Из мусульманской эпиграфики в Таласской долине // Эпиграфика Востока – М.–Л.: АН СССР, 1948. – С. 16–18.
  2. Бернштам А.Н. Труды Семиреченской археологической экспедиции 1936–1938 гг. Таласская долина. – Алма-Ата, 1949. – С. 75–81.
  3. Конрад И.И. Послесловие // Чалоян В.К. Армянский Ренессанс. – М.: АН СССР, 1963. – 176 с. – С. 161.
  4. Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата, 1959. – 172 с. – С. 99–102.
  5. Нуржанов А.А. Генезис духовно-культурной доминанты раннего ислама в Жетысу // Вестник КазНПУ. – Философский альманах. Современность: мир мнений, – 2015. – № 1 (61). – С. 182–186.
  6. Нуртазина Н. Распространение ислама и формирования казахской мусульманской традиции (VIII–XIX вв.). – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 354 с.
  7. Орынбеков М.С. Генезис религиозности в Казахстане. – Алматы: ИФПР КН МОН РК, 2005. – 204 с.
  8. Ошанов О.Ж. Тараз – жемчужина Шелкового пути (Краткая история города Тараз: от Гуннской Орды до Республики Казахстан). – Алматы: Таймас, 2014. – 296 с. – С. 179–181.
  9. Историко-культурные памятники Казахстана / Авторы предисл. и сост. Елеуов М., Бахтыбаев М.М. – Туркестан: Туран, 2011. – 447 с. – С. 420–421.
Толығырақ

Суреттер


Кіру