Берікқара қорымы
Сипаттамасы
Билікөлдің оңтүстік жағалауы мен Қаратаудың солтүстік баурайы аралығында, Тараздан батысқа қарай 85 км жерде орналасқан. Берікқара қорымы – темір дәуірінің діни-мемориалдық кешені. Берікқара қорымын ХІХ ғ. аяғында әйгілі саяхатшы, әрі ғалым В. Ошанин ашады. Археологиялық зерттеулерді археологтар А.Н. Бернштам., А.Г. Максимова және т.б. жүргізеді.
Обалардың басым бөлігі Берікқара сайына жақын маңда орналасқан. Мұнда үстіне тас үйілген обалар анықталып, тіркелген. Олардың диаметрі 1,5 м-ден 35–40 м-ге дейін, биіктігі 0,1 м-ден 6-7 м-ге дейін болып келеді. Обалар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасқан. Барлық тіркелген обалардың саны 500-ден асады. Үлкен көлемдегі обалар осы тізбектің ортаңғы бөлігінде орналасқан. Кейбір обалардың айналасына тас шеңберлер мен орақ секілді қаландылар орналастырылған. Бірқатар үйінділердің үсті ақ түсті кварц тастармен жабылған. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттар: керамикалық ыдыстар, алтын, қола және мыс сырғалар, салпыншақтар, арыстанның басы бейнеленген қола тоға, темір пышақтар, жегу әбзелінің сақиналары, қорамсаға арналған ілгек, екі және үш қырлы жебенің ұштары, семсердің сабы.
Қоғамның әлеуметтік теңсіздігін білдіретін обалар көлемі бойынша үш топқа бөлінеді:
І. Үлкен обалар, диаметрі – 25–41 м, биіктігі – 2,50–3,20 м.
ІІ. Орташа обалар, диаметрі – 12–24 м, биіктігі – 0,40–1,50 м.
ІІІ. Кіші обалар, диаметрі 4–5 м-ден бастап 9–12 м-ге дейін, биіктігі – 0,10–0,25 м.
Әрбір обаның құрылысы алдын ала ойластырылған. Үйінділердің көп қабатты болып келуі обаның ішіндегі микрокли-матты қалыптастыруға, оның құрылымын консервациялауға және сол обаның пішінін сақтау арқылы бабалардың киелі мұрасын қорғауға мүмкіндік туғызған.
Обаны зерттеу нәтижесінде табылған көптеген артефактілердің ішінен б.з.д. ІV–ІІІ ғ.ғ. жататын белге тағатын қола тоға ерекше қызығушылық тудырады. Онда жұлқылаудың (азаптау) символдық көрінісі берілген: арыстанның аузынан арғымақтың басы мен мойны шығып тұрған ілгектің тілі. Мысық тұқымдас жыртқыш, аузына шөпқоректі жануарды тістеген арыстан сақ-скифтердің аң стилі нақыштарының сюжеттерінен белгілі. Мұндай нақыш Жетісу, Шығыс, Батыс және Орталық Қазақстанның сақ-скиф ескерткіштерде кең тараған. Аң стилінің көптеген нұсқалары Алтайдағы пазырық мәдениетінің обаларын, Берел қорымының жерлеулерін қазған кезде көп кездескен.
Берікқара обасынан табылған материалдар Жетісу өңіріндегі сақ тайпаларының мәдениеті туралы түсінікті байыта түседі. Олардың құрылыс салу тәжірибесі ұзақ жылдар бойы жерлеу құрылыстарын тұрғызу барысында ғана емес үй-жайлар салу кезінде де жинақталғандығын көрсетеді. Жетісу сақтарының «таза көшпелі» тіршілік кешкендігі осыдан көрінеді. Олардың бір бөлігі көшіп жүрді, бірақ қыста арнайы қыстауларда қыстаса, ал келесі бөлігі мал өсірумен қатар, егіншілікпен айналысып, қоныстарда тұрды. Б.з.д. І мыңжылдықта Қазақстанның далалық аймақтары мен көрші аймақтардағы тайпаларда оба асты жерлеу құрылысының түрі қалыптасқандығын сақ тайпаларындағы күрделі сәулет-құрылыс өнерінің тәсілі мен тәжірибесі болғандығы дәлелдейді. Қасиеттілік белгілері дамиды. Тұрмыстық заттар мен артефактілерді түсіндірудің әлеуметтік, мифологиялық және басқа да құрылымдық кескіні ерекше қызығушылық туғызады.
Берікқара қорымы сақ тайпаларының ділдік мәдениеттің, мифтік-поэтикалық түсінігі мен әлеуметтік қатынастарының жүйесі материалданған киелі ескерткіш ретінде бірегей болып табылады. Бұл нысан кең көлемді тарихи-археологиялық зерттеулердің тақырыбына айналған және күн өткен сайын тарихи-мәдени маңыздылығы мен өзектілігі артып келеді. Ол нақты тарихи-мәдени сәйкестікке ие және сақ-скиф өркениетінің маңызды ескерткіші болып табылады. Сақ мәдениеті – қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің бірден-бір қайнар бұлағы. Сақ-скиф өркениетінің көптеген символдары Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени және мемлекеттік рәміздерінің негізгі бөлігіне айналды. Осы нысанның аумағынан табылған тарихи жәдігерлер темір дәуірінде өмір сүрген барлық тайпалардың діни көзқарастары мен қоршаған ортаны танудағы негізгі мақсаттарын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстандық белгілі ғалым К. Ақышев Берікқара обаларының сәулеткерлік ерекшеліктерін айта келе, обалардың айналасындағы тас құрылыстар «сол дәуірде тіршілік еткен сақ тайпаларының діни және космогониялық түсініктерін бейнелейді» деп жазады.
Берікқара қорымы тек антропогендік сипаттағы тарихи-мәдени ескерткіш қана емес, сонымен қатар табиғи-мәдени ландшафттың бірегей түрін де құрайды.
Деректер
- Акишев К.А., Хабдулина М.К. Казахское государство: этническая территория, памятники культуры // Евразийское сообщество. – Алматы, 1998. – № 1. – С. 130–142.
- Артамонов М.И. Сокровища саков. – М.: Искусство, 1973. – 148 с.
- Бабанская Г.Г. Берккаринский могильник // ТИИАЭ АН КазССР. Археология. – 1958. – Т. I. – С. 189–206.
- Григорьев Ф.П., Железняков Б.А. Загадка Берккаринской пряжки // NOMAD-KAZAKHSTAN. – 2008. – № 6. – С. 64–69.
- Таласская долина // Труды Семиреченской археологической экспедиции (1936–1938 гг.) / Составлены под общ. ред. А.Н. Бернштама. Материалы и исследования по археологии КазССР. - Алма-Ата, 1949. – Т. I. – С. 17–22.