Дәуітбек Шамансұр кесенесі

Сипаттамасы

Қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан (Жамбыл облысы). Дәуітбек кесенесі – түріктен шыққан моңғол әскербасы Ұлығ Білге Икбалхан Дәуітбектің қабірі басына салынған ескерткіш. Салған сәулетшісі белгісіз.

Ескерткіштің пайда болу тарихы мынадай: 1248 ж. Кавказда билік құрып отырған моңғол ханының өкілі Арғұн Моңғолияға барар сапарында Тараз қаласына соғады. Ол 1251 ж. Моңғолияға құрылтайға бара жатқанда Таразға тағы да соғып, сол жерде Мөңке ханды ұлы қаған етіп сайлағанын біледі. 1253 ж. Тараз арқылы өткен Рубрук бұл жерлер жайлы нақты жазбалар қалдырады. Шамамен осы уақыттан бастап Таразда жергілікті ақсүйек өкілі саналатын түрік тайпасынан шыққан Ұлығ Білге Икбалхан Дәуітбектің билігі басталады. Аңыз бойынша ол шайқастардың бірінде қаза табады. Ол қайтыс болған соң оның жерленген жеріне ерекше пішінді ескерткіш қойылады.

Тараздың батыс Рабад бөлігінде орналасқан бұл нысан – өзінің пайда болуы және діни-ғұрыптық жерлеу орны ретінде де ерекше. Бұл нысан Қазақстан тарихындағы әскери-саяси тарих аясындағы Орта Азия аумағындағы моңғол әулетінің билік құрған кезеңінде түріктен шыққан алғашқы қолбасшы жерленген қасиетті орын болып саналады. Дәуітбек ескерткіші – Моңғол әулеттерінің түрік этно-мәдени ортасына сіңуінің бірден-бір көрінісі. Бұл Қазақстан тарихында маңызды орын алатын оқиға болып табылады. Ескерткіш тек антропогендік ерекшеліктегі құрылыс қана емес, сонымен қатар қазіргі Тараз қаласы аумағындағы табиғи-мәдени ландшафттың ерекше бір түрін қалыптастырды.

Кесененің орталық бөлігінде араб тілінде жазбалар жазылған үш сатылы тас қабір бар. Жоғары сатыда: «Бұл орын ұлы меликтің (князь), ғалымның, әділетті, дархан, қанжар мен қауырсынның иесі, дархан мен мейірімнің бұлағы, сенім мен адамгершіліктің тазартушысы, исламды қорғаушы ғалымдар мен мұсылмандардың жебеушісі, әлсіздердің тірегі, сенім беруші, хандардың таңдауы, әлем құдайының таңдауы, барлық игі істердің иесі, әділдіктің бастауы, Алланың адал құлы, уақытты белгілеуші» деп жазылған.

Екінші сатыдағы жазу: «Мейірім аймағы, жақсы істердің иесі, Муввалиг Барик, ұлы ойшыл, бақытты, Ик-Бел-хан-Дат-Бек Исфагасала Ұлықбек (князь) ноянның баласы Ашшагита (дін бойынша өлген адам) Джемат айының 8-ші жұмасы күнгі түн». Орталық Азиядағы түріктер арасындағы ислам дінінің кеңінен таралу уақытын В.В. Бартольд Алтын Орда кезеңі – ХІV ғ. деп санаған. Ол «Осылайша моңғол империясының арқасында ислам ХІV ғ. түбегейлі жеңісін тапты, моңғолдар жаулап алған Ресейдің оңтүстігінен Моңғолия мен Қытай шекарасына дейін ислам бүкіл кеңістікте мемлекеттік дін болды» деп есептейді.

Қазақстанның оңтүстігіндегі ескерткіштердің моңғол дәуіріне жататын алғашқы қабатын А.Н. Бернштам Тараз қаласына жүргізген қазба жұмыстары барысында бөліп көрсетеді. Кейінірек бұл қабатты Тараз қаласының шахристаны аумағынан Г.И. Пацевич пен Е.И. Агеева анықтайды. XIII–XIV ғ.ғ. мәдени қабаты мен осы уақытқа жататын жер бетіндегі материалдар Талас өңіріндегі ондаған басқа ескерткіштерден, әсіресе өзеннің жоғарғы ағысындағы күміс өндіретін кен орындарынан белгілі.

Қазақстан аумағындағы әлеуметтік-мәдени өмірде исламның таралуы көп жағдайда сопылықпен байланысты. Сопылықтағы әдет-ғұрыптың элементтері мен кейбір ой-пікірлері исламға дейінгі оқшауланған наным-сенімдерге жақындығы ортағасырлық Қазақстан мен Орталық Азия тұрғындарының арасында кеңінен танымал болды. ХІХ ғ. ортасынан бастап кесенені тарихшылар, өнертанушылар, сәулетшілер бірнеше рет зерттеді. Кесенедегі жазылған жазбалар бойынша аталған тұлғаны ХІІІ ғ. ірі қолбасшы деп тануға болады.

Алғашында кесене төрт жарты шар тәріздес аркадан тұрған күмбезбен жабылған. Аркалар кесек тастан қаланған іргетасқа бекітілген. Кесене өзінің қазіргі келбетіне ХІХ ғ. аяғында, аркалы өткел кірпішпен бекітілгеннен кейін келді. Бұл күнде кішігірім порталмен айшықталған оңтүстік есіктің екі шетіне екі мұнара салынған.

Порталды-күмбезді кейіпте күйдірілген кірпіштен тұрғызылған құрылыс болып саналады. Есіктері, жалпы кесене жоғары талғаммен өрнектелген. Тапал келген күмбездің негізі ескерткіштің аркасы мен қабырғасы болып есептеледі.

1982 ж. ескерткішке қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне қосылды және «Тараздың ежелгі ескерткіштері» бағдарламасы аясында мемлекеттік қорғауға алынды. 2008 ж. жеке нысан ретінде бөлінді.

Деректер

  1. Бартольд В.В. К вопросу об археологических исследованиях в Туркестане // Собр. соч. в 9-ти т. – М., 1962. – Т. IV. – С. 95–109.
  2. Бартольд В.В. История турецко-монгольских народов // Собр. соч. в 9 т. – М., 1968. – Т. 5. – С. 195–232.
  3. Беленицкий А.М. Из мусульманской эпиграфики в Таласской долине // Эпиграфика Востока. – 1948. – Т. 2. – С. 16–18.
  4. Бернштам А.Н. Труды Семиреченской археологической экспедиции 1936–1938 гг. Таласская долина. – Алма- Ата, 1949. – С. 75–81.
  5. Историко-культурные памятники Казахстана / Авт. предисл. и сост. Елеуов М., Бахтыбаев М.М. – Туркестан: Туран, 2011. – 447 с. – С. 420–421.
  6. Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата, 1959. – 172 с. – С. 99–102.
  7. Нуржанов А.А. Города Таласской долины в эпоху монгольской империи // Идель-Алтай: истоки евразийской цивилизации: матер. I Междунар. конгресса средневековой археологии евразийских степей. – Казань, 2009. – С. 181–183.
  8. Ошанов О.Ж. Тараз – жемчужина Шелкового пути (Краткая история города Тараза: от Гуннской Орды до Республики Казахстан). – Алматы: Таймас, 2014. – 296 с. – С. 179–181.
  9. Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. – Алма-Ата: Наука, 1978. – 228 с. – С. 49.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру