Қостөбе (Жамұқат) қаласы

Сипаттамасы

Жамбыл облысында Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Х ғ. тарихшы Нершахидің мәлімдеуінше Жамұқат қаласының негізін VI ғ. Бұхарадан шыққан тұрғындар тұрғызып, оған бұхарлықтардың билеушісі Жамұқтың есімі берілген. Араб географы әл-Макдиси Исфиджаб аймағының қалалары қатарында Жамұқат қаласын да атап өткен. Бұл «Үлкен (қала). Төңірегі түгел қабырғалар. Онда алқалы мешіт бар, базарлар рабадта». Зерттеушілер анықтағандай, Жамұқат Талас өңіріндегі ірі қалалардың бірі Қостөбемен баламаланады.

Қостөбенің орталық бөлігі – айналасы қос қабырғамен қоршалған төртбұрышты (420х450 м) төбе. Сыртқы қабырғасының биіктігі – 3,5 м, ішкісі – 5 м-ге дейін. Бұрыштары мен қабырғаларының бойында дөңгелек мұнаралар орналасқан. Төрт қақпасы төрт қабырғасының орта тұсынан байқалады. Цитадель батыс қабырғаның орта тұсында. Бүгінде бұл – үстіңгі жағы тегіс алаңды келген пирамидаға ұқсас төбе. Төбенің көлемі, төменгі жағында – 70х80 м, биіктігі – 12–15 м. Көлемі 150×150 м болатын шахристан цитадельге оңтүстік-батыс бұрышынан жалғасып жатыр. Шахристан қаланың басқа бөліктерінен қабырғамен бөлінген. Оған кіретін қақпаның орны солтүстік бөлігінде орналасқан. Шахристанның солтүстігінде 200 м жерде диаметрі 80 м, биіктігі 15 м болатын күмбезге ұқсас төбе жатыр. Бұл от жағатын мұнара болған тәрізді. Сыртқы қабырғаның солтүстік жағында екі қорым орналасқан. Шаруашылық аймақтың іздері орталық қирандылардан 5–8 км радиуста байқалады. Жеке үй-жайлар мен қамалдардың орындары Талас өзені бойымен Төрткүлтөбе қаласына қарай созылып жатыр. Төрткүлтөбе жазба деректерде аталатын Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Төменгі Барысхан қаласымен баламаланады.

Қостөбенің қалалық қорымында жүргізілген археологиялық қазбалар VI–IX ғ.ғ. қала тұрғындарының жерлеу рәсімін сипаттайды. Жерлеу орындарының басым көпшілігі төртбұрышты және тікбұрышты келген наустардан тұрады. Олардың қалыңдығы 0,5– 0,6 м болатын қабырғалары шикі кірпіштен қаланған. Наустардың өлшемі әртүрлі: төртбұрыштылар – 3,3х3,4 м, 3,8х3,9 м, 3,5х3,5 м; тікбұрыштылары – 2,5х4 м және 2,5х3,7 м. Кірпіштер төселген едені сыланған. Қорымдардың бірінен төбенің шығыс, солтүстік және батыс қабырғаларды қуалай екі қатар, бір-біріне тақала орналасқан 20 наус ашылды. Қатарлардың арасында тар сүрлем болған. Наустардың әрқайсысы 3-тен 20-ға дейін адам қойылған ұжымдық жерлеу екендігі анықталды. Әрбір жаңа жерлеу кезінде бұрын жерленгендердің мәйіті немесе сүйектері шетке қарай жылжытылған, ал егер наустың кейінгі кезде бірнеше дүркін тоналғанын ескерсек мәйіттердің бастапқы орналасу бағыты өзгергенін көреміз. Жерлеулері қозғалмаған үш науста қаңқалар ұзынынан арқасымен екі немесе үш қабат етіп, бірінің үстіне бірі қойылған. Жатқызу бағыты қатаң сақталмаған, дегенмен кейбір жағдайда марқұмның басын шығаберіске қаратып жатқызған. Жерленген марқұмның жанына түрлі заттар қойылған. Қостөбенің наустарынан ыдыстар, дөңгелек ұстағышы бар саптыаяқтың сынығы, шүмекті және шүмексіз құмыралар, тостағандардың сынығы табылады. Наустардың бірінен жылқының басы мен сүйектері шыққан.

Табылған жәдігерлердің көпшілігі күміс және қола сырғалар. Қола сақиналар мен жіңішке темір тілімнен жасалған білезіктер де кездеседі. Наустың біріндегі жерлеу орнының бас сүйегі жанынан мыс айна мен ақықты моншақтан жасалған алқа табылды. Тағы бір көңіл аударарлық нәрсе, келесі бір наустан табылған қола бұйымның тұтқасы (айна болуы мүмкін) отырған әйелдің тұлғасы түрінде орындалған: қолдары көкірек тұсына айқастырылған, басында шағын бас киімінен арқа жағына қарай шаштары шашырап төмен түскен. Отырған жағдайына қарасақ, Тараз бен Қызылөзендегі (Красная речка) оссуарийлердің қабырғаларына салынған бейнелерді еске салады. Осы жердегі наустан ағашта отырған үпілдек құйрықты екі қырғауыл (немесе қораз) бейнеленген қола қапсырма табылады. Наустардың бірінен нефриттен ойып жасалған қораз бейнесі мен күміс крест анықталады. Тұтқасы бодисатва мүсіншесі түрінде орындалған күміс есекқұрт Новопокровск қаласынан табылған VIII–X ғ.ғ. жататын үлгіге ұқсас.

Наустарға жерлеумен қатар сүйектерді тесіктері бар хұмға жерлеу де кездеседі. Олар наустардың арасындағы тар сүрлемнің астына бетін тас тақталармен жауып көмілген. Олардың өлшемдері әртүрлі, биіктіктері 0,5 м-ден 1 м-ге дейін. Жерлеуге бұрын сынған, бірақ артынан жөнделген ыдыстар (алдын ала тесілген тесіктерден өткізілген жіптермен байланған) пайдаланылған. Хұмдардың бірінің қабырғасында қиғаш крест белгісі «Х» сызылған. Хұмдарға адамдардың толық емес қаңқа сүйектері (ұзын сүйектер мен бас сүйектері) салынған. Олардың арасынан сырғалар мен жүзіктер де кездеседі.

Тағы бір жерлеудің түрі мәйітті жатқызып жерлеу. Олар наустардың арасындағы өтетін жолға немесе жерге қазылған шұңқырларға жерленген. Қабірлерде жылқыда отырғанға ұқсатып аяқтары талтайған күйіндегі жерленген мәйіттер де кездеседі. Қорымдағы қабірлердің арасында сүйектерді үйіп жерлеу ерекшеленеді: олар наустардың арасындағы хұмдардың қасына жүйесіз қойылған. Шикі кірпіштен тұрғызылған сағаналарға қойылған мұсылман жерлеулері ерекше қызығушылық туғызады. Мәйіттерді шалқасынан басын солтүстік-батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратып жатқызған, жанына зат қойылмаған. Солардың екеуі наустардың үстіне, қалғандары қатар салынған. Бұл жерлеулер Талас өңірінде исламдану басталған IX–X ғ.ғ. мерзімделеді.

Қостөбе қорымына ұқсас жерлеулер Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу аумағында кеңінен таралған. Жерлеу сипаты бойынша Қостөбеге ең жақын қорым Тараздың маңындағы Тектұрмас жотасында орналасқан. Қостөбе қорымының наустарын Бөріжар, Шаға, Қызылөзен, Пенжикент қорымдарымен салыстырғанда көптеген ортақ ұқсастықтар кездеседі, олардың барлығы VI– VIII ғ.ғ., кейбіреулері IX ғ. жатады. Жоғарыда сипатталған қостөбелік материалдар (керамика, сырғалар т.б.) осы уақытпен мерзімделеді және айтылған өңірлердің материалдарына ұқсас.

Сипатталып отырған қорымның мерзімделуіне сол жерден табылған бір бетінде адамның жүзі, екінші бетінде жылқы бейнеленген қола теңге негіз болады. Мұндай теңгелерді соғу VI–VIII ғ.ғ. Каршин оазисінен Ферғанаға дейінгі аралықтағы кең аймаққа таралған. Тауыс құсы (немесе қораз) бейнеленген әшекейлер қимақтарға тиесілі Ертістегі көшпелілер қабірінен табылған әшекейлерге ұқсайды. Белгілі болғандай, қимақтар Ертіс бойынан батысқа VIII ғ. ортасына қарай жылжи бастады. Қостөбе қалалық қорымынан көшпелілер әшекейлері мен жылқы сүйектерінің табылуы бұл жерде түрлі этникалық топтар мен дін өкілдерінің жерленгенін көрсетеді.

Қостөбе цитаделіне жүргізілген қазба жұмыстары барысында VI–XII ғ.ғ. жататын әрі әр түрлі уақытқа сәйкес келетін құрылыс орындары ашылады. Олардың жоғарғы қабатындағылары қатты қираған, өйткені ХІІІ ғ. Қостөбе цитаделі қорым ретінде қолданыл ған. Көптеген мұсылман зираттары қаланың жоғарғы қабатының бастапқы қалпын бұзған. Алайда табылған қыш ыдыстар мен теңгелер жоғарғы қабатты Х–ХІІ ғ.ғ. аралығымен мерзімдеуге мүмкіндік береді

Цитадельдің ең ерте құрылыстары VI–VIII ғ.ғ. жататындығы анықталған. Ол кезде бұл жерде айналып өтетін дәліздері мен адам тұратын және шаруашылық бөлмелері бар қам кесектер мен пақса блоктарынан тұрғызылған бекініс-қамал болды. ІХ–Х ғ.ғ. жобасы өзгеріп, бекіністің көлемі өседі. Айтылған уақытқа жататын екі бөлме қазылады. Солардың бірінің қабырғасы қалың балшық сылаққа ойылып салынған өрнектермен безендірілген. Олар қабырғадан көшіп еденге түсіп сынған. Сақталған бөліктерден өрнектер 7 см болатын қалың сылаққа ойылып салынған. Бөлменің қабырғасына салынған өрнектер өзінің сюжеті мен нақышы жағынан Афрасиябтағы фрезкаларға ұқсас.

Қостөбеден табылған оймыш өрнектер көркемдік стилі мен өрнектердің сипаты жағынан орта-азиялық Афраисаб, Варахши, сонымен қатар Шығыста кең танымал мәдени орталықтар Самарра мен Фустат материалдарына ұқсайды. ІХ–Х ғ.ғ. мерзімделетін Қостөбелік оймыш өрнектер Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Талас өңірі қалаларының Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс қалаларымен мәдени байланыста болғанын білдіреді.

Қостөбе цитаделіндегі салтанатты сарай кешенінің бөлмелерін сараптау, оймыш сылақ бойынша алынған материалдарды салыстыра отырып, Жібек жолы бойымен мәдени байланыстың Мысырдан Орта Азия мен Қазақстанға дейін мәдени байланыстың таралғанын байқаймыз. Сонымен қатар, қорымдағы қазба материалдары қала тұрғындарының көпэтностық және көп-конфессиялық болғаны жайлы мәлімет береді. Цитадельден табылған пұтқа табыну орны қала ақсүйектерінің маздеизмге сенгендігін аңғартады. Сонымен қатар қорымда жүргізілген қазбалар қалада күнге табынатындар, шамандар, буддистер, христиандар да тұрғанын көрсетеді. Қорымдағы ІХ–ХІІ ғ.ғ. мұсылман ғұрпындағы жерлеулер Х–ХІІІ ғ.ғ. басында басым сипатқа ие бола бастады. Осылардың барлығы Жетісудың оңтүстік-батысындағы ең ірі қала Тараздың маңына шоғырланған Талас өңірінің қалалары ерте және дамыған орта ғасырлар кезінде саяси-экономикалық қана емес, көптеген діндер мен мәдениет өкілдері тұрған киелі де қасиетті орын болған. Оңтүстік-батыс Жетісудің бас қаласына жақын орналасқан Х–ХІІІ ғ.ғ. Талас өңірінің басқа қалалары секілді Жамұқат қаласында да ислам діні үстемдік құра бастады. Мұнда Х ғ. өзінде мешіт болған.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Жамұқат қаласы ортағасырлық Қазақстанның киелі орталықтарының бірі.

Деректер

  1. Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в эпоху бронзы – раннем средневековье // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2012. – Кн. 1. – 390 с. – С. 223– 224; 271–277; 301–304.
  2. Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в IX – начале XIII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – Кн. II. – 512 с. – С. 42–43.
  3. Волин С. Сведения арабских источников о долине р. Талас и смежных районах IX–XVI вв. // Новые материалы по древней и средневековой истории Казахстана. ТИИАЭ АН КазССР. – 1960. – Т. 8.
  4. Наршахи Абу-Бакр Мухаммад, сын Джафара. История Бухары // История Средней Азии. – М.: Русская панорама, Евролинц, 2003. – 503 с. – С. 122–123.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру