Құлан қаласы
Сипаттамасы
Ескерткіш Тараз қаласынан 100 км шығыста, Құлан ауылының шетінде орналасқан (Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы).
Ескерткіш туралы алғашқы мәлімет VIII ғ. бірінші жартысындағы жазба деректерде кездеседі. Қытайлық монах Сюань Цзянь жазбаларында және Таң әулетінің тарихында қала «Цзюй-лань» деп аталған. VIII–Х ғ.ғ. араб авторлары Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалаларды сипаттаған кезде Құлан туралы да жазып кеткен. Географ Ибн Хордадбек пен Кудама Құланды Тараздың батысынан он төрт фарсах жерде деп көрсетеді. Кудама Құланды былай сипаттаған: «...Тараз бен Құлан арасындағы құм солтүстік жағында, ал одан кейін құм мен малта тас араласқан шөл дала, онда ехидналар бар, бұл қимақтардың шекарасына дейін созылады». Х ғ. араб географы әл-Макдиси Құлан қаласын «бекіністі қала» және «...босап қалған. Ол үлкен Тараз жолында» деп сипаттайды. Өзінің еңбегін ХІІІ ғ. 20-ж.ж. жазған араб географы Якут қала туралы: «Құлан – Мәуераннахр жағындағы түрік елі шекарасындағы сүйкімді қала» деп тамсанған.
Бірқатар тарихи оқиғалар Құланмен байланысты. Мысалы, мұнда 740 ж. түргеш князі Құрсұл мен Батыс Түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашина Сыньды осы қалада өлтірген. Ал 840 ж. араб әскерлері Құланға дейін жеткен.
Құлан қаласының орнын табу қиындық тудырмайды, өйткені деректерге сүйенсек, ол ортағасырлық екі қаланың ортасында орналасқан. Құланның батысында он төрт фарсахта Тараз қаласы, шығысында төрт фарсахта ежелгі атауын сақтаған Меркі қаласы орналасқан. Сондықтан кезінде Құланды Луговое селосының маңындағы қала орнымен баламалаған В.В. Бартольдтың ұсынысы еш күмән тудырмайды. Археологтар жинаған мәліметтерге сүйенсек, Луговое қаласы ІІ– ХІІІ ғ. басы аралығында өмір сүрген.
Сырты ұзын қорғандармен (дуалмен) қоршалған қаланың аумағында ғимараттар мен үй-жайлардың қалдықтарына жататын ондаған төбелер бар. Бұл төбешіктердің бірнешеуінде қазба жұмыстары жүргізілген. Солардың бірі – Луговое А – көлемі 30х40 м, биіктігі 5 м-лік қиылған пирамиданы елестетеді. Орталық ғимаратқа археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, жоспары «тараққа ұқсайтын» құрылыс анықталады. Бұл Орта Азия мен Қазақстанның ерте орта ғасырдағы қамалдарына тән сипат. Қамал жеті бөлмеден тұрады. Қамалдың сәулеті мен салыну техникасы – VI–VIII ғ.ғ. Қазақстан мен Орта Азияға тән.
Қала орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жерде орналасқан Луговое Г төбесінде жүргізілген қазба ерекше қызығушылық тудырады. Мұнда орталығы ортақ жобадағы үй құрылыстары болғаны анықталды. Мұнда бөлмелер төртбұрышты ауланың айналасына шоғырланған және олар дәліз арқылы жалғасқан. VII–VIII ғ.ғ. және IX–XII ғ.ғ. мерзімделетін екі құрылыс кезеңі анықталды.
Орталық зал мен кіреберіс дәліздің қабырғаларын безендірген ойылып салынған өрнектер ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар адам мен құстардың терракоталы бейнелері табылды. Жетісуда осындай салтанатты сарайлар мен үйлер әскери қақтығыстар мен жанжалға толы ерте ортағасырлық Луговое А типтегі қамалдарды ауыстырған. Сол кезеңде өмір сүрген адамдардың айтуына қарағанда «түрлі тайпа тұрғындары қалалар да аралас тұрып, жиі соғысқан... Жалпы, егіншілер дулыға киіп қалқан ұстаған, олар бірін-бірі тұтқынға алып, құлдыққа жеккен». Енді өмірге түңіле қараған тұрғындар тар дәлізді бөлмелер мен түнерген қамалдардан гөрі, қала сыртындағы ыңғайлы, бау-бақша, жүзімдіктер қоршаған, ағын суды пайдаланатын үйлерді қалай бастаған. Мұндай үйлер – арабтың «каср» (павильон, шағын сарай) терминіне сай – әрбір ауқатты адамның арманы болды. Өйткені бұл байлықтың символы және қоғамда мәртебелі болудың көрінісі еді.
ХІІ ғ. географ әл-Истахри бұл туралы: «олардың арасынан (Орта Азияның солтүстік аудандары тұрғындары арасынан) көлемді касрдың және қонаққа арналған жайдың иесі болғысы келмейтін адамды таппайсың» деп жазады. Зерттеушілердің айтуынша, каср сословиелік негіздегі құрылыс емес, бұл – феодал, шенеунік, саудагер, ауқатты қолөнерші немесе қала басшысы сияқты адамдардың кез келгені ие бола алатын үй.
Зерттеушілердің пікірінше, Луговое Г Құлан билеушісінің қала сыртындағы сарайы болған. Негізгі сарай қаланың цитаделінде орналасқан. Онда қазба жұмыстары басталып, алты ғимарат анықталды. Оның үшеуі толық қазылды. Салтанатты қамалдардың бірінде (№1) биіктігі 3 м-лік қабырға сақталған. Қабырғалар 18х20х10 см көлемді шикі кірпіштен қаланған. Сылақтың қалыңдығы 4 см құрайды.
Қабырғадағы ойылып жасалған өрнекті жолақтар күн бейнеленген композициялы гүлөрнектермен (медальон) толтырылған. Бұл бата беру пікірін білдіріп, түрлі сұқ көзден сақтайтын тұмар және тілектестікті білдірсе керек. Қабырғада барлығы 32 гүлөрнек есепке алынды. Гүлөрнектердің жолақтары гүл қауыздармен, жапырақ және сақ жүзім, тісті тәждермен толтырылған. Екінші бөлменің қабырғасында үстіндегі өрнектері сақталмаған граффити ойылған. Оңтүстік-батыс қабырғасына билеуші және оның әйелі, жауынгерлер мен жеті антропоморфтық кейіпкерлер бейнеленген. Солтүстік-шығыс қабырғасында екі адам мен құс бейнеленген. Сарай кешенінің тағы бір бөлмесі күмбез тәрізді болып келген, сонымен қатар күмбез шаршы жобалы бөлменің бұрышындағы арканың өтпе тоғысына тіреледі.
Құлан қаласы орта ғасырларда ірі әкімшілік және сауда-қолөнер орталығы ғана болып қойған жоқ, сонымен қатар рухани киелі орталық ретінде танымал болған. Оны цитадель сарайындағы алтарлы бөлме, сосын Х ғ. әл-Макдиси жазбаларында аталған мешіт дәлелдей түседі.
Деректер
- Акылбек С.Ш., Смагулов Е.А., Яценко С.А. Декоративное убранство резиденции тюркских правителей VIII в. в цитадели г. Кулана // Культурное наследие Евразии. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – С. 29–66.
- Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в эпоху бронзы – раннем средневековье // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2012. – Кн. 1. – 392 с. – С. 235, 255–270.
- Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в IX – начале XIII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии, 2013. – Кн. II. – 512 с. – С. 47–48.
- Байпаков К.М., Капекова Г.А., Воякин Д.А., Марьяшев А.Н. Сокровища древнего и средневекового Тараза и Жамбылской области. – Тараз: Археологическая экспертиза, 2011. – 320 с. - С. 472–490.
- Байпаков К.М., Терновая Г.А. Резная глина Жетысу. – Алматы: Изд. дом Credo, 2004. – 194 с. – С. 19–33, 115–155.
- Волин С.Л. Сведения арабских источников IX–XVI вв. о долине р. Талас и смежных районах: новые материалы по древней и средневековой истории Казахстана // ТИИАЭ. – 1960. – Т. 8.