Меркі ғибадатханасы

Сипаттамасы

Меркі өзенінің жоғарғы ағысында, таудың үстінде, Меркі ауылынан 38 км жерде орналасқан (Жамбыл облысы, Меркі ауданы). Ғибадатхананың жалпы аумағы – 250 км2.

Обалар, тас мүсіндер, оның айналасындағы тас қаландылар сақталған орны бар ғибадатхананы зерттеу түркі мәдениетін зерттеуде маңызды орын алады. Ғибадатхана әруақтар рухына табынатын, ғұрыптық салт-жоралғылар мен салтанатты рәсімдер өткізілетін киелі орын болған. Онда тас мүсіндер ғасырлар бойы баз баяғы қалпында бастапқы орындарында мүлгіп тұр. Түркілердің мәдени-ғұрыптық рухани-танымын паш ететін кешен археологиялық зерттеулер нәтижесінде Қазақстанның бірегей тарихи-табиғи мұрасы ретінде танылды. Әсіресе бүгінгі күнге дейін тұрғызылған жерінде жүздеген жылдар бұрынғы қалпында сақталған, адам аяғы жете бермейтін биік тау шатқалдарының ішінде орналасқан ескерткіштер ерекше қызығушылық тудырады. Меркі ғибадатханасы – орта ғасыр түркілерінің танымын, өмір сүру салтын, болмысын айқындайтын ірі киелі ескерткіштер кешені.

Ескерткіштердің негізгі шоғыры Сандық деп аталатын таулы аймақта орналасқан. Көптеген мүсіндер XIX ғ. аяғында белгілі болған, бірақ ғылыми айналымға жергілікті зерттеуші А.Н. Печерскиймен бірігіп, 1980 ж.ж. Э.А. Новгородова енгізеді. Меркі ғибадатханасында зерттеу жұмыстарын көп жылдан бері А.М. Досымбаева жүргізіп келеді.

Түркі көшпелілерінің осы аймақты киелі жерге айналдыруы мыңдаған жылдарды қамтиды. Ғибадатхана теңіз деңгейінен 3000 м биіктікте орналасқан: Сандық, Шайсандық, Аралтөбе, Қашқасу, Ұлысай, Белсаз, Қарасай секілді бірнеше қыраттардың аумағын қамтиды. Бұл аумақта VI–XIV ғ.ғ. жататын 170-тен астам обалар мен тас қоршаулар бар. Олардың ішінде 70-тен астамы антропоморфты тас мүсіндері бар жеке немесе бірнеше (төртке дейін) кешендер. Антропогендік ескерткіштер табиғат пен адамның тұтастығын мифопоэтикалық түсінікте іске асырып, бірыңғай табиғи-тарихи кешен ретінде Тянь-Шаньның жергілікті флора-фаунасымен үндесіп жатқандай.

Меркі ғибадатханасына бірнеше жылдардан бері жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі мұндағы тас мүсіндері бар ғұрыптық ескерткіштер негізінен мүсіндердің иконографиялық түріне жақындығын көрсетті. Ғибадатханадағы мүсіндерде жеке тұрған әйел немесе ер адам бейнесі бейнеленген. Меркілік тас мүсіндерде қолдарына ыдыс ұстаған әйелмүсіндері барынша мәнермен өңделген. Егер мүсінде егде әйел бейнесі сомдалса кимешегі, келіншек бейнесі сомдалса сәукелесі, әшекейлері анық көрсетілген. Мүсіндердегі баскиімдер мен көкірегіне тағылған әшекейлеріне қарап, әйел адамның жасы мен қоғамдағыәлеуметтік мәртебесін ажыратуға болады. Меркі ғибадатханасындағы әйел адамдардың тас мүсіндерінің орналасуы, бейнелену ерекшеліктері көшпелі түрік қоғамында әйелдің ерлермен теңдей дәрежеде болғандығын аңғартады. Сонымен бірге мұнда түркілердің ер кісілерді басты тұлға деумен бірге, ананы – ұрпақ жалғастырушы ретінде тануы сияқты, көшпелілердің терең тамырлы идеологиясы жатыр.

Түріктер үшін бабаларының зиратындағы тас мүсіндер жерде өмір сүріп жатқандар мен аспандағы Құдайды байланыстырып тұратын желідей көрінген. Кешендегі қоршауы бар мүсіндердің өзіндік киелі кеңістігі болған және де олар руды, тайпаны, отбасын аласапыран мен жын-шайтандардан сақтаған. Тас мүсіндердің негізгі идеясы марқұмдарды еске алуды көрсететін дүниеден қайтқандар мен бабалардың әруағы бейнесін білдірді. Тас мүсіндерде бейнеленген заттар: ыдыс, құс, әшекейлер және адамның келбеті түріндегі ерекше белгілердің өзіндік семантикасы бар.

Тас мүсіндерге материал ретінде тастар, негізінен гранит пен базальт пайдаланылып, олар ежелгі түріктердің түсінігінде қиын өңделетін «мәңгілік тастар» саналды.

Түріктердің этномәдени пантеоны қайтыс болған бабаларды желеп-жебейтін қызмет атқарады деп танылғандықтан, руды «қорғау жүйесінің» өзіндік қасиетті орнына айналып, өмір сыйлаушы қызметін де орындады. Оның үстіне өлімнің өзі кейде қасиетті деп танылды. Түсінік бойынша о дүниелік ата-бабалардың әруағы киелі кеңістіктің ғұрыптық кешенінде (ғибадатхана) өмір сүріп, семантикасы жерлеу орында тұрғызылған храмдарды, обалар мен тас мүсіндерді, сонымен бірге ғибадат ету мен құрбандық шалуды іске асырды және шынайы өмір кеңістігін, қағанаттың әлемдік тұжырымдылығы мен үрім-бұтақтың символдық байланысын қорғады. Ата-бабалар культі ежелгі түріктерде маңызды рөл ойнап, қазақ мәдениетінің орталық ой өзегінің бірі ретінде сақталады.

Меркі ғибадатханасын мысал ретінде алсақ, Қазақстан аумағында осыған ұқсас қоршаулар мен тас қаландылар, обалар ХІ ғ. дейін өмір сүрді деп сеніммен айтуға болады. Бұған адам келбеті схемалық түрде берілген, алқа, бас киім мен ыдыстары белгіленген бағана тәрізді пішіндегі тас мүсінді ескерткіштер тән. Мерке мүсіндерінің Еуразиялық барлық түркі тілдес халықтар ескерткіштерінің тізбегіне барып байланысуы Ұлы даланың өзіндік мәдениеті болғанын дәлелдейді.

Деректер

  1. Досымбаева А.М. Культурный комплекс тюркских кочевников Жетысу. II в. до н.э. – Vв. н.э. – Алматы: Типография Комплекс, 2007. – 214 с.
  2. Досымбаева А.М. Новые археологические исследования раннетюркских погребений на территории Казахстана // Известия НАН РК. – 1995. - № 4. – С. 55–59.
  3. Досымбаева А.М. Образ женщины в монументальном искусстве тюрков Казахстана // Известия МОН РК. Сер. обществ.наук. – 2002. – № 1. – С. 75–91.
  4. Ермоленко Л.Н. К вопросу о картине мира древних тюрков (на материале изваяний и оградок) // Военное дело средневековых кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. – Новосибирск: Наука, 1986. – С. 116–123.
  5. Кубарев В.Д. Древние стелы и изваяния в обрядах и суевериях народов Центральной Азии // АЭАЕ. – 2004. – № 1 (17). – С. 28–37.
  6. Новгородова Э.А. К проблеме происхождения половецких «каменных баб» // Проблемы охраны и исследования памятников археологии в Донбассе: тез. докл. обл. научн.-практ. семинара. - Донецк, 1987. – С. 64–76.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру