Ойжайлау петроглифтері

Сипаттамасы

Ойжайлау петроглифтері Кенен ауылынан солтүстік-батысқа қарай 27 км жердегі Кіндіктас тауында орналасқан (Жамбыл облысы, Қордай ауданы).

Ескерткіштің киелілік маңызы шатқалдағы жартасқа салынған суреттердің барлық сюжеттерінің осы өңірде ежелгі заманнан орта ғасырға дейінгі аралықта мекендеген тұрғындардың діни танымдары мен ғұрыптық салт-жоралғыларға байланыстылығында жатыр. Петроглифтері бар төбелер мен оның алдындағы алаң өзіндік отбасы-рулық ғибадатхана рөлін атқарған. Осы ғибадатханадағы әртүрлі хронологиялық кезеңнің композициялары Қазақстанның ежелгі тасқа салынған өнерінің жауһары болып саналады.

Ескерткішті XX ғ. 70-ші ж.ж. өлкетанушы Н.Д. Черкасов ашқан. Шатқалдың жартасқа салынған суреттерінің алғашқы көшірмесін А.Г. Медоев жариялады. ХХ ғ. 80–90-шы ж.ж. Абай атындағы ҚазПИ (Марьяшев А.Н.) мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының (Мотов Ю.А.) археологиялық экспедициясы мамандарының жоспарлы зерттеулерінің нәтижесінде шатқалдан ежелгі және ортағасырлық қорымдар мен қоныстардың кешені табылады. Сонымен қатар қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтитын петроглифтері бар 52 тау тақталары анықталады.

Ежелгі топ қола дәуіріне жататын көп композициялық бейнелермен белгілі. Олар сиырлар мен бұқаларды құрбандыққа шалу көрінісі, найза және шоқпармен қаруланған атты жауынгерлердің айқасы, сонымен қатар бұқа, ешкі, ит, қолын жоғары көтерген ер кісі, жаяу садақшылар бейнеленген салттық көріністерден тұрады. Сақ дәуірінің жартасқа салынған суреттерінің ішіндегі көрнектілер қатарында аржан-майемер дәстүріне жататын бұғылар бейнесі бар. Онда аяғының ұшымен тұрған екі бұғының ірі стильденген бейнес көрсетілген. Бірінің соңынан бірі тізілген 3 ешкі мен бет перде (маска) бейнеленген композиция ежелгі халықтың діни дәстүріндегі жануарларға табыну ғұрпымен байланысты.

Түркі дәуіріне жататын ту ұстаған үш салт атты бейнесі әлемдік жартастағы өнердің жауһары болып табылады. Көрініс табақ тәрізді иілген көгілдір-сұр түстегі гранит тақтаның бетіне салынған. Бұл жерде ортағасырлық идеологияға сай бірінші салт атты жауынгердің ер тұлғасын сомдау көзделген болса керек. А.Г. Медоевтің пікірінше бұл бірегей кейіп «Ұлы түркілер жасасын» дегенді меңзейді. Түркі дәуірі суреттерінің жекелеген топтары ешкілер, арқарлар, адамның жетегіндегі түйелер, садақшылардың аң аулауы, асатаяқ ұстаған антропоморфтық бейнелер берілген. Суреттердің жекелеген бөліктерін беру әдістерінің алуан түрлілігі, мүйіздер, қозғалыстар сол кездегі суретшілерге тамаша бейнелердің динамикасы мен экспрессивтілігін, сондай-ақ суреттердің қасиеттілік мазмұнын дәл ашуға мүмкіндік берген.

Туризм нысаны.

Деректер

  1. Медоев А.Г. Гравюры на скалах. – Алма-Ата: Жалын, 1979. – 172 с.
  2. Марьяшев А.Н. Петроглифы Семиречья // Звери в камне (Первобытное искусство). – Новосибирск: Наука, 1980. – С. 211–229.
  3. Марьяшев А.Н., Горячев А.А. Наскальные изображения Семиречья. – Алматы: Фонд «XXI век», 2002 – 264 с.
  4. Марьяшев А.Н., Горячев А.А. Петроглифы поздней бронзы и раннего железного века в урочище Ой-Джайляу // Известия НАН РК. Сер. обществ. наук. – 2008. – № 1. – С. 101–109.
  5. Мотов Ю.А. Петроглиф из урочища Ой-Джайляу // ИАС. – 2011. – Вып. 4. – С. 158–164.
  6. Горячев А.А., Егорова Т.А. Егорова К.А. Тюркские петроглифы урочища Ой-Джайляу // Археология Западной Сибири и Алтая: сб. ст., посвящ. 70-летию профессора Ю.Ф. Кирюшина / под ред. А.А. Тишкина. – Барнаул: Изд-во Алт. ун-та, 2015. – С. 375–380.
  7. Maryashev A.N., Goryachev A.A., Potapov S.A. Felsbilder im Siebenstromland // «Repertoire des petroglyphes d´Asie Centrale». – Paris, 1998. – 146 p.
Толығырақ

Суреттер


Кіру