Өрнек қаласы
Сипаттамасы
Сұлутөр шатқалынан шығатын Алтынсу өзенінің жағасында, Өрнек ауылынан оңтүстікке қарай 6 км жерде орналасқан (Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы).
Ғұн шаньюі Чжи-чжидің ордасын суреттеген деректерде бекініс-орда туралы мәлімет беріледі. Онда цитадель, сондай-ақ сарбаздарға арналған тұрғын үйлер болған. Қорғаныс қызметін атқарған бұл орда-бекіністің қабырғалары, мұнаралары, қақпалары мен су тоғандары егжей-тегжейлі сипатталады. Көшпелілер билеушілерінің ордасы көп жүзжылдықтар бойы тіршілік кешті және дәстүрлі құрылыстағы сәулеттік-жоба принциптерін сақтаған. Әдеттегідей қалалар қалыптасуындағы негізгі тірек болды. Бұл үдеріс осы ордаға тартылған саудагерлер, хан сарайы мен қоғамның жоғарғы тап өкілдеріне қызмет еткен қолөнершілер мен іргелес қоныс тепкен егіншілер есебінен қарқынды жүрді. Сауда қатынастары жүйесіне, сондай-ақ халықаралық сауда, мәдени байланыстар жүйесіне қосылған орда біртіндеп қалаға айналды.
Оңтүстік-батыс Жетісуда жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесі ескерткіштердің өзіндік түрі – «төрткүлдерді» немесе төртбұрышты құрылыстарды ашуы қала мәдениетінің дамуын қадағалауға мүмкіндік берді. Оққұм қаласы – қалалар қалыптасуының осындай жолын ашып көрсететін ескерткіштердің бірі. Ол Қараба қыр өзенінің Таласқа құятын жерінен 1,5 км жоғары өзеннің оң жағалауында орналасқан. Көзбен шолу және аэрофотосуреттерді сарап тау нәтижелері қаланың топографиялық құрылы мы жағынан өте күрделі болғандығын көрсетеді. Ішкі бекінісі төртбұрышты пішінде (250×250 м), биіктігі – 3–4 м, әлемнің төрт тарапына бағытталған және құлаған дуалмен қоршалған. Дуалдың биіктігі – 4–4,5 м, төменгі жағындағы қалыңдығы – 18 м, үстінде 5 м, қабырғаларының бойы мен бұрыштарында биіктігі 5 м мұнаралар қабырға сызығынан сыртқа қарай шығып тұр. Бұрыштарында орналасқандарын қосқанда барлығы – 14 мұнара.
Өрнек қаласының орталық бөлігі төртбұрышты алаң тәріздес, бұрыштары әлемнің төрт тарапына бағытталған. Қоршаған дуалдың үстімен есептегендегі оның көлемі –155×160 м. Дуалдың биіктігі – 5 м, табанының ені – 11–15 м. Бұрыштары мен қабырғаларының бойында орналасқан мұнаралардың орны анық байқалады. Солтүстік-батыс қабырғада 7 (бұрышты қосқанда), солтүстік-батысында 6, оңтүстік-шығысында 9, оңтүстік-батысында 9 мұнара болған. Төрт қабырғасының бойында да қақпаның іздері үзілген дуал түрінде байқалады. Қақпадан кіретін көшелер қаланың орталығында түйіседі.
Қаланың ішкі жағында солтүстік-батыс қабырға мен оңтүстік бұрышта орналасқан сопақша келген төбелердің шоғыры көрінеді. Солтүстік-шығыс қабырғаға тікбұрышты жазық төбе жалғасады. Қалашықтың ортасында, солтүстік-батыс қабырғаға жақын жерде өзара жалғанған су жиналатын әуіздің орындары орналасқан. Олардың екеуінің диаметрі – 30 м, біреуі – 15 м.
Қаланың қираған орталығына мұнаралы дуалдар қоршаған аумақ қосылған. Түзу бұрышты келген осы сыртқы дуалдың оңтүстік-батыс жағының ұзындығы 330 м, солтүстік-батысы – 290 м, солтүстік-шығысы – 300 м, ал оңтүстік-шығыс дуал бір-біріне доғалданып келіп қосылатын 200 және 160 м екі бөліктен тұрады. Солтүстік-шығыс бөлігінің ортасындағы үзік – кіретін қақпаның орны. Бекіністің айналасында сыртқы қабырғаның оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктеріне қарай Сұлутөр шатқалы бойымен жағалай бір- бірімен тас дуалдармен бөлінген тікбұрышты, төртбұрышты және сопақ келген жер телімдері орналасқан. Қатар орналасқан бөліктердің қоршаулары – ортақ. Жер бөліктерінің өлшемдері 250-300 м2-ден 1000-2000 м2-ге дейін өзгеріп отырады. Сұлутөрдің бойын жағалай орналасқан осы жер бөліктерінің жалпы ауданы – шамамен 500 га. Көзбен шолып қарағанда жер бөліктерінің орналасу жүйесін аңғару мүмкін емес, десе де бірқатар жағдайда жүйесіз құрылыстарды бөліп жатқан «жолдарды» байқауға болады.
Қаланың орталық бөлігіне салынған қазба барысында дүниенің тараптарымен бағытталған тікбұрышты жобадағы құрылыстың (40×20 м) орны ашылады. Қабырғаларының іргесі қойтастармен қаланған. Құрылыстың негізін тазалау барысы 1 м қалыңдықта болғанын және қабырғасы балшықтан тұрғызылғандығын көрсетті. Құрылысқа кіреберіс тамбур іспеттес сыртқа қарай шыққан екі қабырғамен (өткелдің ені 3 м) жиектелген. Қазба жұмыстары барысында төртбұрышты құрылыстың ішкі жағынан қатар-қатар тізбектеліп орналасқан және тастан қаланған көптеген бағаналардың орындары ашылды. Оның екеуі үлкен тас блоктардан қашалып жасалынған. Біреуінің (0,5×0,5×1,3 м) төменгі жағы мен қыры еркін дөңгеленіп, екі бұрышы қашалған, бір жағы оймышты өрнекпен әшекейленген. Ал блоктың екінші жағына вазаның аяғы түріндегі фигура бейнеленіп, ондағы сабынан таралған екі шырмауықтағы жапырақтар көрсетілген. Екінші блок – кертпеші бар трапеция тәрізді. Оның екі қыры қашалып, қалған екі қырына антропоморфты тіршілік иесінің бейнесі түсірілген. Келесі бір тұғыр екі сатылы блок түрінде орындалған.
Үлкен қойтастардан қойылған қалған 11 тұғыр бір-бірінен 3–3,5 м қашықтықта түзу қатар сақтап орналасқан. Олай болса, жалпы құрылыс алаңның ішінде осындай бағана не 55, не 66 болуы керек. Осыған байланысты құрылыстың топографиялық ерекшеліктеріне қарап, бұл құрылыс қалдығы «бағаналы типтегі» мешіттің орны болуы тиіс деген тұжырым жасалды. Қазақстан жерінде осындай мешіттердің аналогиясы Сырдариядағы Құйрықтөбе қаласынан ашылған және ол Х–ХІІ ғ.ғ. мерзімделеді. Осындай «бағаналы типтегі» құрылыстар Орта Азияда да белгілі.
Мешіт пен тұрғын жайға жүргізілген қазба жұмыстары кезінде керамика, шағын дөңгелек пішінді тұтқалары бар қабырғасы жұқа қазан сынықтары, су құятын және асханалық құмыралардың, хұмдардың сынықтары табылады. Осындай керамикалар Жетісу қалаларының X–ХІІІ ғ. басындағы қабатына жүргізілген қазба материалдарынан белгілі.
Өрнек қаласының орнында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде ортағасырлық тамаша кесененің орны ашылды. Шикі кірпіштен тұрғызылған кесене төртбұрышты, қабырғалары дүниенің төрт тарапымен бағыттас, көлемі – 7,5×7,5 м. Кесененің еденіне тікбұрышты күйдірілген кірпіштер төселген. Кесене шикі кірпіштен соғылған сағаналардан тұратын ұжымдық жерлеу орны ретінде пайдаланылған. Сопақ келген сағаналардың ұзындығы – 2 м. Олардың үсті «шырша тәрізді» етіп тігінен қаланған екі қатар кірпіштермен жабылған. Оның сыртқы шығыс қабырғасына жалғастыра салынған тағы екі сағана бар. Кесененің тегіс етіп жабылған шатырының қалдықтары еденнен жиналып алынды. Кесінді ағаштардың шіріген сынықтары құрылыстың әр жерінен табылған. Ішкі шығыс қабырғасынан үш мола тазартылады. Төбесіне қағылған тақтайлардың сынықтарынан геометриялық және өсімдік нақышындағы өрнектер байқалады. Аркада пальметта нақышы қайталанады. Арканың өзі тікбұрышты, оның бұрыштарында оралған өсімдік нақышы, төменгі жағында бұралған жүрек тәрізді фигуралар бейнеленген. Үшінші тақтайдың бөлшегі екі кішірек медальондармен безендіріліп, бес бөлікке бөлінген.
Өрнек қаласының топографиясын зерттеу мен қазба жұмыстары нәтижелері оның отырықшылық пен қолөнер орталығы болғанын көрсетеді. Сонымен қатар мықты бекініс қабырғаларының, мешіт және бай кесененің болуы, қаланың көшпелі билеушілердің ордасы негізінде қалыптасқан қаланың орны екендігін білдіреді. Ибн Хордадбек пен Кудама құрастырған араб жол бағыттарында орналасқан жері нақты анықталған Тараз, Төменгі Барысхан және Құлан қалаларының арасында Касрибас, Күлшөп және Жолшөп қалалары көрсетіледі. Дәлірек айтқанда, Өрнек – қарлұқтар иелік еткен және алғашқыда оның билеушілерінің бірінің ордасы болған Күлшөп қаласына сәйкес келеді.
Өрнек қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының материалдары орданың тұрақты отырықшы қоныстың орнында, шамасы, көктемгі-күзгі жайлау аймағында қалыптасқанын көрсетеді. Тұрғындардың бір бөлігі қоршалған телімдерде егін еккен. Бекіністі орда оның айналасында біртіндеп қалыптасқан қаланың өзегі болды. Және осы процесс Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың дамуына ықпал етті.
Мешіттің болуы, сонымен бірге қаладағы кесене көрінісінің әдемілігі қарлұқ тайпаларының қасиетті орталығы болған Күлшөп қаласының рухани маңыздылығын дәлелдейді.
Өрнек қаласы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген.
Деректер
- Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в IX – начале XIII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – Кн. II. – 512 с. – С. 226–234, 240–241.