Тараз қаласы

Сипаттамасы

Ежелгі Тараз (Талас) қаласының орны қазіргі Тараздың орталық бөлігінде орналасқан.

Тараз туралы алғашқы мәлімет 568 ж. жататын Византия деректерінде кездеседі. Осы уақытта Византия батыс түріктермен Иранға қарсы келісім жасауға талпынады. Осы үшін император Юстиниан ІІ – Земарх Киликийский-ді басшы етіп түрік қағаны Дизабұлға елшілік жібереді. Византиялық тарихшы Менандрдің жазбасы бойынша Земарх өзінің сапары кезінде Талас өңірінде болып, Таразға жақын маңдағы түрік қағанының ордасында қабылдауда болған.

Тараз туралы жазба мәліметтер саяхат-шы, географтардың қытай, араб, парсы, соғды тілінде жазылған жазбаларында кездеседі. Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда-экономикалық және саяси-мәдени орталық болған қала туралы жазба деректің мол болуы – заңды құбылыс. Қала туралы екінші құнды дерек қалдырған қытайлық монах Сюань-Цзянь сипаттамасында: «Мың бұлақтан» батысқа қарай 104-150 ли жердегі Талас қаласына келдік. Оның аумағы 8-9 ли. Онда көптеген елдердің көпестері, соғдылықтар аралас тұрады. ... Далос (Талас) «Тасты патшалықтың» үлкен бекінісі» деп жазған. 

Ибн-Хаукал «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны, оған баратын (түріктерге) жолда, оған қарайтын (Таразға) бекіністер бар, одан әрі бірде-бір мұылман бармайды, өйткені оның шекарасынан өткен кісі қарлұқтардың шатырларына тап болады», – десе, арабтың әйгілі саяхатшысы әл-Макдиси жазбасы бойынша «Тараз – тығыз орналасқан, көптеген бақтары бар, ор қоршаған, төрт қақпасы және тұрғындар орналасқан рабады бар үлкен бекіністі қала. Қаланың алдында үлкен өзен, оның арғы жағында қаланың екінші бөлігі орналасқан. Өзен арқылы жол өтеді, алқалы мешіт базардың ортасында орналасқан».

Дегенмен ежелгі авторлар Тараздың орнын нақты айтпайды, сондықтан қала ұзақ уақыт бойы әртүрлі жерлерден іздестірілді. Тараз қаласы бірде Талас өзенінің оң жақ жағалауындағы Түймекент қаласы, бірде ортағасырлық Садыр-Қорған қаласы орнымен баламаланып келді. Белгілі шығыстанушы В.В. Бартольд 1893–1894 ж.ж. Талас өңірінің қалаларын зерттегенде ортағасырлық Таразды  Әулиеата қаласының орнына орналастыру жақын келетінін атап өтеді. 

Оның болжамын кейінен М.Е. Массон, А.Н. Бернштам және Г.И. Пацевич секілді белгілі археологтардың зерттеулері растайды. Олар сол кездегі Жамбыл қаласының орта-лығындағы көне қала орнында жүргізген қазба жұмыстары ол жердің көне Тараздың орны екендігін толық дәлелдейді.

Тараздың ең көне бөлігі – қаланың цитаделі орналасқан жер. Онда билеушілер резиденциясы орналасқан. Қорғаныс қабыр ғаларымен қоршалған шахристан цитадель-мен жалғасып жатыр. Мұнда бай үй-жайлар, қолөнер шеберлерінің шеберханалары мен саудагерлердің сауда дүкендері болды. Шахристанның қабырғаларына қарапайым қала тұрғындары мекендеген рабад келіп қосылады.

Тараз ежелден-ақ ірі мәдени-экономикалық аймақтың орталығы болды. Тараздың маңында сауда-саттық пен қолөнері жақсы дамыған ірі қалалар көп болған. Олардың бірсыпырасы ірі егіншілік аймақтың орталығы болса, ені біразы Таразға серік қалалар еді. Бүгінгі күнде олардың орнында қираған төбешіктер қалды. Оларды археологияда ежелгі қала орындары деп атайды. Солардың бірі Ұлы Жібек жолының гүлденген кезінде маңызды орталықтардың бірі болған Төменгі Барысхан (Төрткүлтөбе қаласымен баламаланады) қа-ласы. Таразға бәрінен жақын солтүстігінде Дех Нуджикес қаласы орналасқан. Ол туралы Х ғ. әл-Макдиси: «Дех Нуджикес – шағын қала, онда базарда көктемгі үш ай бойы, сүйексіз ет төрт дирхемге сатылады. Онда көптеген құрылыстар бар, ол қабырғамен қоршалған және цитаделі бар». Дех Нуджикестің жанында Адахкес қаласы орналасқан. Тараздың батыс жағында Жувикат қаласы жатыр. Солтүстікте, Таластың оң жағалауында – Жамұқат қаласы. Тараздың оңтүстігінде үлкен қала Атлах орналасқан. Тағы да басқа қалаларды атауға болады. Солардың ортасында Тараз мәдени-экономикалық тұрғыдан жақсы дамыған үлкен өңірдің орталығы (әсіресе моңғол шапқыншылығына дейін) болғаны анық.

Талас өңірінің шекарасы сырттан келген жаудан жақсы қорғалды, алқапты тұрақты әскери гарнизондары бар қабырғалар мен бекіністер қорғады. Оларды айналып өту мүмкін емес еді және мұндай күшті бекіністі басып алу оңай болмады. Тарихшылардың пайымдауынша ІХ ғ. соңында Орта Азиядағы қуатты Саманидтер әулетінің негізін қалаушы Исмаил ибн Ахмед Таразға қарсы соғысқа аттанғанда көптеген қиындықтарға ұшырап, ұзаққа созылған қасарысқан қарсылықтан кейін ғана Тараз әмірі көптеген дихандармен бірге беріліп, ислам дінін қабылдауға мәжбүр болған.

Тараздың гүлденген кезеңі X–XII ғ.ғ. жатады. Сол кезде қалаға су құбырлары қызмет етіп, басты көшелерге тас төселді. Таразда бұрынғысынша қола теңгелер соғылды, теңге соғатын сарайлар Қарахан әулеті билеп тұрған кезде де жалғасты. Қалада құмыра жасау, темір ұсталығы, мыс ісі мен зергерлік кәсіп жоғары дамыды. Монша, мешіт, медресе, керуен сарай секілді қоғамдық құрылыстар да өте көп болды. Бұл күнде мешіт, медресе, монша орындары анықталып, қазылған. 

Қала өмірінде ислам діні негізгі орын алды, тұрғындардың бір бөлігі басқа да діндерді ұстанды. Далалық тайпалар арасында Тәңірге, Ұмай анаға сиыну секілді ежелгі наным-сенімдер де сақталды. Қалада мешіттер мен медреселер өз жұмысын жалғастырды.

Тараз қаласының цитаделінде болған медресенің орнын археологтар зерттеген. 

XII–XIII ғ.ғ. басында Жетісу қанды қақтығыстардың алаңына айналды, осы аласапыран кезеңде көптеген қалалар тоналды. Географ Якуттың сөзіне қарағанда, өз иелігінің шеткі аймақтарын қорғауға қауқары болмаған Мұхаммед Хорезмшах бекіністерді «өз қолы-мен талқандап, оларды әскерінің талауына тастаған. Тұрғындар амалсыздан оларды тастап кетті. Бұл бақтар қараусыз қаңырап қалды, көздеріне жас алып, жүректі сыздатты. Онда бос үйлер мен аулалар, қираған сарайлар қалды. Каналдардың жүйесі бұзылып, сулар арнасын өзгертіп, жан-жаққа ақты».

Талқандауды көшпелі қарақытайлар, одан кейін маңғолдар аяқтады. «Олар сол жерде қалғандардың бәрін өлтірді. Бұрынғы тамаша бақтар мен биік сарайларда қираған қабырға-лар мен жойылған халықтың ізінен басқа ештеңе қалмады». Осыншама тонаудан кейін қала қайта жанданды. Онда бұрынғысынша теңге сарайлары жұмыс істеді, астаналық мәртебесі қайта қалыптасты, бірақ, қала басқа жерге ауысты. 

ХІІІ ғ. екінші жартысы – ХІV ғ. басында саяси тұрақсыздық сақталды. Жетісу мен Талас өңірінде Шыңғыс ұрпақтарының арасында болған бәсекелестік пен тартыстар қалалар мен ауылдардың талқандалуына алып келді. XIV ғ. ортасында отырықшы және қалалық мәдениетінің көптеген орталықтары зардап шекті. Олардағы тіршілік тоқырай бастады. XIV ғ. ортасындағы әл-Омардың еңбектерінде Талас өңірінің – Талас, Жаңа-Талас, Жаңа-Балық, Кенжек қалалары туралы айтылады. Шамасы, Талас өңірінің астанасы мәртебесі Талас өзенінің жоғарғы ағысындағы Жаңа-Талас қаласына ауысқан. Талас қаласы тіршілігін XV ғ. тоқтатты, бірақ отырықшы тұрғындар осы жердегі тіршілігін ХVIII–XIX ғ.ғ. аяғына, VI–XII ғ.ғ. Тараздың орнына Әулиеата бекінісі тұрғызылғанға дейін жалғасты.  

Қала тарихының маңызды мәселелердің бірі – оның қалыптасу уақыты. Археологтардың пайымдауынша қала біздің жыл санауымыздың шебінде, б.з.д. І ғ. ортасы мен б.з. І ғ. басы аралығында қалыптасқан. Бұл ретте қалаға лайықты саяси-экономикалық, мәдени орталық секілді көптеген «қала» деген түсінікті білдіретін, оны басқа да мекендер түрінен ажырататын қорғаныс құрылыстары, үлкен көлемі және тұрғындарының саны секілді міндеттерді қамтитын ерекшеліктері болды. 

Е.И. Агеева, М.С. Мерщиев және Т.Н. Сенигова секілді археологтардың ежелгі Тараздың орнында жүргізген қазба жұмыстары кезінде қаланың ең төменгі қабатынан табылған қолдан жапсырып жасалған ыдыстар, зергерлік заттар, жебенің сүйектен жасалған ұштары секілді бұйымдар б.з.д. І мыңж. соңымен мерзімделетіндігін анықтады. Тікбұрышты шикі кірпіштен қаланған құрылыс орындары тазартылады. Содай-ақ төменгі қабаттан І–ІІ ғ.ғ. жататын Кушан теңгесі табылады.

Б.з.д. І мыңж. аяғындағы Талас өңірі аймағында болған оқиғаларды сипаттайтын жазба деректер де қызығушылық тудырады. Б.з.д. 55 ж. құдіретті Ғұн империясының – солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінгендігі баяндалады. Сол тұста солтүстік ғұндардың билеушісі Чжи-чжи Қаңлы патшасының ұсынысын қабылдап, Талас өзенінің бойына қоныстанып оның шығыстағы қарсыласы Үйсіндермен соғыста одақтасуға келісімін берген, алайда көп ұзамай Чжи-чжи мен қаңлылар арасында алауыздық пайда болады. Нәтижесінде ғұндардың билеушісі Талас өзенінің бойында бекініс тұрғызуға мәжбүр болады. Ғұндарды жою үшін жіберген қытай әскерлері оның осы бекінісін қоршап алады. Чжи-чжидің ордасы алынып, онымен бірге бірқатар үзеңгілестері өлтіріледі. Осы мәліметтер өңірдегі қала тұрғызу, қала мен отырықшы тіршіліктің дәстүрі жайлы жанама ақпарат береді.   

Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесі І ғ. жататын қаңлы мекендері Талас өңірінде кең тарағандығын анықтады. Солардың ішіндегі едәуір ірілері Аса (Тараздан 15 км батысқа қарай осы аттас өзен жағасында орналасқан) мен Жайлаутөбе (қаладан солтүстікке қарай 18 км) болды. Бұрынырақ Тараздан шығысқа қарай 45 км жердегі Шөлтөбе ескерткішіне археолог М.С. Мерщиев қазба жүргізген.  

Мұнда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде төбенің әр бір жағынан ұзынды-ғы 40 м болатын тікбұрышты архитектуралық кешенді көміп жатқаны анықталды. Кешеннің төрт қабырғасын қоршай қуалаған дәліз секілді ұзын енсіз бөлмелердің төбесі күмбезделіп жабылған және трапеция тәрізді пішіндегі үл-кен шикі кірпіштерден тұрғызылған. Кешеннің ішкі ауласы осы бөлмелермен шектелген. Ауланың оңтүстік-шығыс бөлігінде жобасы үлкен крест тәрізді келген құрылыс орналасқан. Оның ішкі жағынан үш бөлме табылды. Олардың бірі – бас ғимараттың екі жағында орналасқан бөлмелер сияқты, ұзын, тар, қал-ған екеуі – кішігірім шаршы тәріздес. Сәулет кешенінің жоспар ерекшелігі, әсіресе жобасы крест тәрізді ерекше ғимараттың даралығы мен ұқсастығының жоқтығы құрылыстың атқарған қызметін анықтауды қиындатады. 

І–ІV ғ.ғ. мерзімделген Шөлтөбені әзірге кәдуілгі елді мекен деп айту қиын. Шамасы бұл отқа табыну наным-сенімдерімен байланысты ғибадатханалық кешен. Ғимараттың мону-менталды сәулеті Талас өңірін мекендеген қаңлы тайпаларының сәулеткерлік және құрылыстық түсініктерінің жоғары дамы-ғандығын көрсетеді. Жалпы алғанда қаңлы мемлекетінің отырықшы және қалалық тіршілігінің де деңгейін айғақтайды. 

Олай болса, жазбаша деректер мен археологиялық материалдар өңірдегі қалалық өмірдің басы және қазіргі Тараздың орнында болған мекеннің урбандалуының басы б.з.д. І мыңж. соңы мен І мыңж. басына сәйкес келеді. Демек, Тараздың жасы екі мыңжылдық деп айтуға толық негіз бар.  

XIX ғ. Тараздың қираған орнында Әулиеата пайда болды, ол төңкерістен кейін Республикамыздың әсем қалаларының бірі – Жамбылға айналды, кейін оған Тараз тарихи аты қайта берілді. 

Әрине, Тараз өзінің түрлі храмдық кешендері, ғибадатханалары, мешіттері және медреселерімен, Тектұрмас зиратындағы ежелгі зороастристік және христиандық жерлеулерімен, Қарахан және Дәуітбек кесенелерімен – бұрынғысындай зиярат ету орны, әрі Қазақстанның ірі қасиетті орталығы болып қала береді.

Деректер

  1. Байпаков К.М., Капекова Г.А., Воякин Д.А., Марья-шев А.Н. Сокровища древнего и средневекового Та-раза и Жамбылской области. – Алматы: Археологи-ческая экспертиза, 2013. – 320 с., цв. ил.
  2. Бартольд В.В. Тараз. Сочинения. – М.: Наука, Главная редакция Восточной литературы, 1965. – Т. III. – 713 с. - C. 495.
  3. Зуев Ю.А. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. – Алматы: Дайк-пресс, 2002. – 360 с. - С. 269, 272.
  4. Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 228 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру