Тектұрмас кесенесі
Сипаттамасы
Ескерткіш Батыс Тянь-Шань тауымен шекараласатын Тараз қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауындағы Тектұрмас қыратында орналасқан.
Топонимнің этимологиясы «жұмбақ орын», «тынышсыз орын» дегенді білдіруі кездейсоқтық емес, оның шығу төркіні көне діни жүйеде қасиетті мағына беретін жергілікті таулар, өзендер, үңгірлердің ерекше элементтерінен құрылған арнайы энергиямен байланысты қалыптасқан мистикалық құбы-лыстар мен аңыздардан тарайды. Әдетте мұн-дай жерлерде ата-бабалар рухын құрметтеуге арналған ғибадат кешендері қалыптасады.
Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі – Тараз қорымының қалыптасуы – қаланың VI ғ., алғашында Түргеш мемлекеті, кейін Қарлұқ және Қарахан мемлекеттерінің астанасы болған кезеңнен басталады. Өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары Г.И. Пацевич Орта Азияда ірі болып табылатын қырат бөктеріндегі зороастризмді уағыздаушылардың ірі қорымын (VI–IX ғғ.) анықтады, бұған жартастарда, нишаларға қашалған және хұмдарға салынған суреттер мен оссуарийлерге салып жерлеу түрлері куә бола алады. Бұл жерде ең алғашқы христиан – несториан, сонымен қатар, будда мен ерте кездегі мұсылмандардың жерлеу қабірлері орналасқан. Қорымға жергілікті тұрғындар мен Ұлы Жібек жолының бір тармағы арқылы керуен жолымен өткен жолаушылар құлшы-лық жасаған, бұған ХІІІ ғ. болған тас көпірдің қалдықтары дәлел.
XIV ғ. тау тізбегінің шетіне, өзен жағындағы тік жарқабақтың үстіне күмбез тұрғызылған. Аңыз бойынша күмбез Сұлтан Махмұд хан (Тектұрмас ата) бейітінің үстінде орналасқан, ол жергілікті халық арасында қасиетті саналып, аймақтағы ислам дінінің таралып, дамуына айтарлықтай үлес қосқан. 1880 ж. фотосурет – тақтатастан қаланған биік платформада орналасқан дүңгіршек – күмбезді орталық кесененің архитектуралық-көркемдік безендірілуі сирек тәсілмен, жоғары талғаммен әсемделгенін көрсетеді. Сол кезеңдегі батыс еуропалық құрылыстағы готикалық әдісті қолдана отырып, кесененің бұрыштармен бөлінген тік бөлімдері, фасадтарының өсі бойынша сүйір бұрышты аркалары ғимараттың неғұрлым биіктей түсуі мен мәнерін айқындап тұр. Кейінірек оңтүстік жағынан көлемді жабық күмбезді көлем қосылған. Кешен кейіннен салынған порталды күмбез құрылысымен аяқталған. XX ғ. басында ескерткіш әр кезеңде салынған бір-біріне жақын біртектес үш ансамбль ретінде танылып, әр жылдарда өлкені зерттеген В.А. Каллаур, А. Диваев, Г.И. Пацевич, Л.И. Ремпель, А.Н. Бернштам, Т.Н. Сенигова және т.б. ғалымдардың қызығушылығын тудырған.
Бірнеше ғасыр тұрған ескерткіш, жүз жыл ішінде екі рет қирайды. Алғашқы рет ескерткіш 1864 ж. патша әскерлерінің Әулиеатаны алуы барысында, М. Черняев бастаған Зачуйск жасағы орналасқан өзеннің өткеліндегі төбеде қоқандықтармен атыста қиратылады. М. Черняевтің жазбаларында «Тек-тұрмас есімді қасиетті адамның мазары туралы» айтылады, осы төбелердің осылай аталуы сонымен байланысты. [дәйексөз: Русский Туркестан, 1872]. 1935 ж. кесене кірпіштерін құрылыс қажеттіліктеріне жарату үшін алып кеткен. Сол кезде де жергілікті тұрғындар әулиенің қабірінің жанынан кішігірім мазар тұрғызып, зиярат ету дәстүрінің жасауын тоқтатпаған.
2001 ж. Тараз қаласының 2000 жылдығына орай, қиратылған мазар орнына А. Итеновтың жобасы бойынша бұрынғы құрылысты өзіндік ерекшелігімен қалпына келтіру мақсатында қабір құрылысы тұрғызылған, дегенмен оның фасадының айқындығы бұрынғы салынған қабірден төмендеу болды. Тас іргетасына орнатылған текше көлемі (жоспары бойынша көлемі – 8×8 м), сегіз бұрышты барабанға тірелген кішігірім төрт мұнарасы бар орталық гофрленген күмбезге жалғасқан. Кесененің кіреберісі сүйір тік бұрыш түріндегі портал-мен орындалып, мәнерлі тақталармен әшекейленген, тікбұрышты терезе тесіктері және ішкі кіреберісі панжара торымен безендірілген. Бүйір қабырғалары жабық сүйір нишалармен, қабырға белдеулері сталактиттік карниздермен көмкерілген.
Төбенің басынан бастап ескерткішке апаратын тақта тастан төселген жол – айтарлықтай ерекше «салтанатты өткел», атап айтқанда: қазақ-жоңғар соғысына қатысқан, әрі Абылай ханның серіктесі және атақты қолбасшы Мәмбет батыр бейіті аркасы арқылы өтеді. Оның ұлы, атақты Байзақ батыр – қоқандықтарға қарсы көтерілісте қолбасшылардың бірі болған, Тараз өңіріндегі суландыру каналдарының құрылысы оның есімімен тығыз байланысты.
Тектұрмас кесенесі – республикалық маңызы бар архитектуралық ескерткіш. Зиярат ету және діни туризм нысаны болып табылады.
Деректер
- Археологическая карта Казахстана. Реестр / Сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алма-Ата: издание АН КазССР, 1960. – 449 с. - С. 273.
- Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. –Алматы: Ғылым, 1998. – 216 с. - С. 15, 16.
- Байпаков К.М., Терновая Г.А. Казахстан // Религии Центральной Азии и Азербайджана. Т. II. Зороастризм и верования маздеистского круга. – Самарканд: МИЦАИ, 2017. – 308 с. - С. 19–20.
- Глаудинов Б.А. История архитектуры Казахста-на (с древних времен до начала XX века). – Алматы: КазГАСА, 1999. – Т. 1. – 295 с. - С. 107.
- Глаудинов Б.А., Сейдалин М.Г., Карпыков А.С. Архитек-тура Советского Казахстана. – М.: Стройиздат, 1987. – 319 с. - С. 14.
- Донесение полковника Черняева от 6 июня 1864 года № 222 // Русский Туркестан. Сб. по поводу Политехнической выставки. – СПб., 1872. – Вып. 3. – С. 49–51.
- Массон М.Е., Пугаченкова Г.А. Гумбез Манаса. – М.: Госстройиздат, 1950. – 144 с. - С. 104.
- От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримеча-тельностей природы, истории, культуры. – Алматы: FOND DESIGN, 2011. – Т. 2. – 728 с. - С. 429–431.
- Паспорта и материалы обследования памятника архитектуры г. Тараза // Архив НИПИ ПМК. – Алматы, 1986, 2000.
- Проскурин А. Н., Туякбаева Б. Т. Архитектурный комплекс Тектурмас // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Жамбылская область. – Алматы: Кайнар, 2002. – 350 с. - С. 68–69.
- Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 228 с. - С. 200.