Алексеев культтік кешені
Сипаттамасы
Ескерткіш Рудный қаласы аумағында орналасқан (Қостанай облысы).
Қоныс, қорым және құрбандық орнынан тұратын бұл кешен Қостанай облысындағы ең көне нысан. Алексеев деп аталған б.з.д. ІІ мыңжылдықпен мерзімделетін бұл ескерткіш ғылымда өзіндік ерекшелігі бар археологиялық мәдениет ретінде танылды. Бүгінгі күнде андрон мәдени-тарихи қауымдастығына сипаттама берген кезде қола дәуірінің соңғы кезеңін мамандар «ежелгі сарғара-алексеев типі» деген терминде жиі қолданып жүр. Жалпы алғанда кешеннен табылған материалдар қола дәуірінің: петров-сынтасты, алакөл, сарғара сияқты бірнеше кезеңін қамтиды.
Тобыл өзенінің көз тартар сол жағалауында келімсектермен іргесі қаланып, Алексеевский деп аталған елді-мекеннен 4 км жердегі қорым өзен жағалауын бойлай 1 км аумақты алып орналасқан және осы атаумен аталған. Ескерткіш қазіргі кезде Рудный қаласының аумағына қарайды. Ертедегі қоныс орны өзен ағысы бойынша сәл төменірек, Тобылдың жоғары тепсеңді еңістік жағалауынан табылған. Орналасуына қарай солтүстік жағынан шағын арықпен бөлінген. Кешеннің орталық тұсындағы төбешікте құрбандық шалу орны, ал батыс жақ тарапта жапсарлас жатқан қорым бар. Құрбандық шалу орнының шетінен оңтүстік-шығысқа қарай 45-50 м жерде қоныс орны басталады.
Желмен аршылған шағыл құмда ашылып қалған екі бірдей қираған жерлеу ор-нынан қыш сынықтарын, қоладан жасалған құрал және әшекейлерді тапқан болашақ геолог-студент Б.В. Соколов 1921 ж. Алексеев қорымының ашылуына себепші болды. Осы жердегі зерттеу жұмыстарын 1930 ж. Қостанай өлкетану музейі мен Мәскеу мемлекеттік тарих музейінің мамандары бірлесіп бастайды. Бұл тек, осы ескерткішті зерттеу ғана емес, жалпы Қостанай облысының сол кездегі жүйелі түрде зерттелуінің бастауы болды.
Алғашында О.А. Кривцова-Гракова шағын барлау жұмысын 1930 ж. бастайды. Жұмысқа қол арба, зембіл құралдары пайдаланылады және Қостанайдан Алексеев елді-мекеніне дейінгі аралыққа бір күн кетеді. О.А. Кривцова-Гракова Қостанай облысына ұзақ уақыт 1931, 1935, 1936, 1938, 1939 ж.ж. бойы далалық маусым жұмыстарына келіп тұрған. Алексеев ескерткіштерін зерттеу нәтижесі О.А. Кривцова-Гракованың кандидаттық диссертациясының негізі бо-лады. Осы жөнінде Б.Н. Граковтың 1944 ж.
Ә.Х. Мағұланға жазған хатында: «... Әйелімнің 1930–1940 ж.ж. аралығында Қостанай түбіндегі қазбалары жөнінде бір үлкен жұмысы дайын» деген жолдардан көреміз [Сілтеме: «Ғылым ор-дасы» Ғылыми мұрағат қоры, 11-қор, 1-т., 543-іс, 14-15 п.]. Ал, О.А. Кривцова-Гракованың Б.Н. Граковқа жазған хатында: «... Түскі ас кезінде бүгін Марғұлановты көрдім, оған келесі жылы да Қазақстанға келетінімді айтып, Алексеевка мен Садчиков кентінің маңындағы екінші тұраққа алдын-ала тапсырыс бердім ...» деген жолдары кездеседі. Ә.Х. Марғұлан О.А. Кривцова-Гракованың Қостанай даласында зерттеу жүргізуіне көмектеседі. Алексеевтегі қазба жөніндегі қысқаша мәліметтер оның Қазақстан Ғылым Академиясының хабаршысында жарық көрген мақаласында баяндалған. О.А. Кривцова-Гра кованың Алексеев кешенінде жүргізген зерттеулері барысында құрбандық орнынан солтүстік және шығыс шеттерінде орналасқан жеркепе, ошақ және мекенжайдағы жер үсті құрылыстарының орны аршылып, қорым аумағындағы қазба өз жалғасын тапқан. Жерлеу орындарының басым бөлігі топырақтың жылжуымен бүлінген, оны жергілікті жерде «құмдауыт жарқабақ» деп атап кеткен. О.А. Кривцова-Гракова барлығы 21 жерлеу орнын зерттеп, антрополог М.М. Герасимовтың көмегімен әйел адамның бет-бейнесін қалпына келтіреді.
Жерлеу салтының ерекшелігі көп жағдайда мәйітті сол жақ қырымен қол аяғын бүгіп жатқызылуы. Мәйітпен бірге жерленген заттар кешенінің басым бөлігі ішіне тамақ салынған қыш ыдыстар. Қыш ыдыстан басқа әйелдер жерленген қабірде қола мен пасталы моншақ тастары, ойлы-қырлы түтікше, қиық және дөңгелек пішінді қапсырма, тарақ, самайлық салпыншақ сақина, бір жарым орамды әшекей салпыншақ, дөңесті-ойықты шиыршықша оратылған сәнді өрнек түрінде жасалған білезіктер жиі ұшырасады. Бір қабірдің ішінен алқа табылады.
Құрбандық шалудың басты ерекшелігі тамақ құйылған қыш ыдыстардың аузын жалпақ таспен жауып, жерге көму салтында жатыр. Үш жылдық жұмыстың нәтижесінде төбешіктен осындай 59 көзе табылған. Қоныста бес жыл бойы жүргізілген қазба нәтижесінде аумағы 2 566 шаршы метр болатын алаң аршылып, жеті үй орны толық зерттелген. Үйлер тікбұрыш келген жартылай жертөле түрінде болған. Тұрғын-жайдың аумағы алуан түрлі: ең кішісі – 135 шаршы метр, үлкені – 250 шаршы метр. Кейбір жайлардың арасы өзара қосылған өткелдермен жалғанып, тұтастай құрылымдық кешенді құраған.
Ескерткішті зерттеу қола дәуірі кезеңінде Тобыл жағалауын мекендеген қауымның ыдыс жасау мен металл өңдеу кәсібінің күрделі технологиясын меңгергендігін көрсетті. Ос-теологиялық материалдардың мол болуы, мұнда қолда ұсталған түлік түрлерінің құрамы жайлы мәлімет берді.
Алексеев мәдени кешені – Еуразия даласы археологиясындағы маңызды хрестоматиялық нысан. Осы өңірде зерттелген археологиялық ескерткіштердің ішіндегі, қола ғасырында өмір сүрген тайпалардың заттай (қонысы) және рухани (қорымы мен құрбандық орны) мәдениетін толық етіп көрсете алатын бірегейі – Алексеев.
Рудный қаласы төңірегіндегі ескерткіштер кешенін тиісті қолдау көрсету арқылы туристік нысанға айналдыруға болады. Ескерткіште зерттеу және қорғау жұмыстары лайықты деңгейде жүргізілсе, оны тарихи-мәдени мұра ретінде туристік нысанға айнал-дыру мүмкіндігі туады.Ескерткіш археологтар мен өлкетанушылар келіп, студенттер мен мектеп оқушыларына экскурсиялар өткізетін туристік нысан.
Деректер
- Базарбаева Г.А., Джумабекова Г.С., Швец И.Н. Казах-ское Притоболье в судьбе археолога О.А. Кривцовой-Граковой // Археология, этнология и музеология в си-стеме современного высшего образования: матер. междунар. научн.-методич. конф. «VIІІ Оразбаевские чтения», приуроченной к 25-летию независимости Республики Казахстан (1–2 апреля 2016, г. Алматы). – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – С. 75–84.
- Документы по организации археологических исследований и другим научно-организационным вопросам сек-тора. Постановления и распоряжения СНК КазССР, докладные и переписка // Научный архив «Гылым ордасы», ф. 11, оп. 1, д. 543, 98 л.
- И жизнь, и слезы, и любовь… / составитель А. Г. Плешивенко. – Запорожье: ООО «ЛИПС» ЛТД, 2011. – 368 с.: ил. (письма Б.Н. Гракова и О.А. Кривцовой-Граковой. – прим. авт.)
- Кривцова-Гракова О.А. Алексеевское поселение и могильник // Тр. ГИМ. – 1948. – Т. XVII. – С. 56–172.
- Кривцова-Гракова О.А. Садчиковское поселение (раскопки 1948 г.) // МИА. – 1951. – № 2. – С. 152–181.
- Маргулан А.Х., Агеева Е.И. Археологические работы и находки на территории Казахской ССР (с 1926 по 1946 гг.) // Изв. АН КазССР. Сер. археол. – 1948. – Вып. 1. – С. 124–135.