Бестамақ қорымы

Сипаттамасы

Тобылдың оң жақ саласына қарасты, Торғай иінінің солтүстік жағындағы Обаған өзенінің бас жағында орналасқан (Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы). Қорымда 1980–1983 ж.ж. В.Н. Логвиннің жетекшілігімен Қостанай педагогикалық институтының экспедициясы және 2002 ж. А.В. Логвиннің жетекшілігімен Торғай археологиялық экспедициясы бірнеше далалық маусым бойында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Топырақ үйінділерінен тұрғызылған обалар осы аттас қонысқа жақын жерде орналасқан. 

В.Н. Логвин, С.С. Қалиева, А.В. Логвин, И.В. Шевнина жетекшіліктерімен Торғай археологиялық экспедициясы Бестамақта зерттеу жұмыстарын 11 жыл бойы жүргізеді. Осы уақыт аралығында 9000 м 2 жер аумағы аршылып, 183 қабір шұңқыры мен ғұрыптық құрылыстар зерттеледі. Бестамақ қонысындағы қорымның заттай материалдық құндылықтары энеолиттен басталып, орта ғасырларға дейінгі мерзімді қамтитын Қазақстан аумағындағы бірден-бір және әзірге жалғыз ескерткіш. Мұндағы жерлеу орнының көпшілігі және құрбандық орындары б.з.д. ІІ мыңжылдыққа, қола дәуіріне тиесілі. 

Энеолиттік жерлеу орындары. Энеолит кезеңінің жерлеу ескерткіштері жалпы көп емес (12), бірақ осы тәрізді жерлеу орындары Қазақстан аумағында өте сирек болғандықтан, айтарлықтай үлкен ғылыми қызығушылық туғызып отыр. Қабір шұңқырлары тік бұрыш, сопақша немесе дөңгеленген пішінде қазылған. Мәйітті шалқасынан жатқызып немесе «отырған» қалпында жерлеп, өлі дененің үстіне охра бояуын молынан сепкен. Табылған жәдігерлер арасында тастан жасалған жебе ұшы, пышақ, қырғыштар мен жалпақ тас жарықшақтары, тескіш пен «етікше» түріндегі дайындама бар. Әшекей заттар жануар сүйектері, ұлу қабыршағы мен тас, кәріптас моншақтары кездеседі.

Қола дәуірі жерлеу орындары (б.з.д. II мыңж.). Бестамақтағы жерлеу орындарының 70% астамы сынтасты кезеңіне сәйкес келеді. Жерлеу орындарының арасында жеке жерлеулер басым, дегенмен жұп жерлеулер де аз емес және бір жағдайда үш мәйітті бірге қойған қабір кездесті. Тіпті, кейбір жерлеу орындарының айналасында қазылған ор болғандығы да байқалады. Мұндағы жерлеу орындары негізінен ересек адамдардікі. Бірлі-жарым жерленген ерлер мен әйел қабірлерінің бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Барлық жұпты, түрлі жынысты жерлеулерде әйел ер адамға қаратып, оң жамбасымен жатқызылған. Бестамақ қорымына тән ерекшелік қауым мүшелерінің жерлеу салтын өткізуге айтарлықтай көңіл бөліп, көп уақыт жұмсағандығында. Қабір шұңқырлары үлкен әрі терең қазылып (ұзындығы 4 м, ені 3,5 м, ал тереңдігі 3,35 м), құрбандыққа шалынған жануар бірге қойылған, жерлеу заттары да мол. Жерлеу шұңқырының ішкі қабырғасын бөренелермен қаптаған. Қабірлерде құрбандыққа шалынған жануардың түрлері де жақсы байқалады. Көп жағдайда жерленген мәйіттің аяқ жағынан малдың, ит, қой мен бұзаудың бас сирақтары жиі табылған. Қабір ішіне мәйіттің бас жағына, кейде аяқ тұсына міндетті түрде ыдыс-аяқ қойылған. Ыдыс ішінен ине, пышақ сияқты тұрмыстық заттар жиі табылады. Сүйектен ойылған сулықтар аяқ жағына немесе марқұмның арқа тұсына орналастырылса, пышақ пен балта көбіне қолының білек тұсынан табылған. 

Сынтасты кезеңінің бестамақтық қауымдастығы өмірі айтарлықтай уақытқа созылған. Оны жерлеу құрылыстарының әр алуан сипатқа ие болғандығынан көруге болады. Мәселен,  № 5 қабірде жерленгендер тірі кезінде өз ортасында әлеуметтік дәрежесі жоғары болғандығын көрсетеді. Өйткені, мұнда қабірдің үш жақ қабырғасына түрегеп тұрған қалыпта үш жылқы (бірінің артқы аяғы жамбасынан ажыратылып, алдыңғыларының алды жағына қойылған) жерленген. Қабірге жұптасқан кейіпте әйел мен ер адам жерленген. Ер адам сол иығына, әйел адам оң жақ қырымен бір-біріне қаратып жатқызылған және бас жақтарына сегіз ыдыс қойылған. Ер адам шамамен 18-22 жаста. Оның оң қол алақаны әйел адамның сол қолын қапсыра ұстаған қалыпта жатыр. Сол қолының тұсында тастан жасалған түйреуіш, білегінің тұсынан жалпақ қапсырма табылған. Мойын жағына пастадан жасалған моншақтар мен ыдысқа салынған қола пышақ қойылған. Әйелмен бірге қойылған заттар кешені қару мен еңбек құралдары (шапқы балта, шақпақтастан өңделген 10 жебе ұшы мен пышақ), сондай-ақ, қымбат металдан, сүйектен, жартылай бағалы тастан (көгілдір ақық, халцедон) түрлі әшекейлер шықты. Олардың арасында: білезік, 1,5 орамдық салпыншақ, бұрым әшекейі, бәлкім тері етіктің сәнін келтіруге пайдаланылған түтік орамды қола моншақтар да бар.

Өзгелерден ерек № 140 қабірдің диаметрі 17 м, айнала ормен қоршалған. Шұңқыр беті ағашпен жабылып, бастарын батысқа қаратып қос жылқы қойылған. Олардың бірі солтүстік, екіншісі оңтүстік қабырғаны бойлай көмілген. Қабырғасы ағашпен қапталған тікбұрышты қабірге қойылған адам 35-40 жас шамасында. Ол басы батысқа қаратылып, сол жақ қырымен жатқызылған. Оның әлеуметтік ортадағы дәрежесінің жоғары екендігінің айғағы, мүрдемен бірге жерленген әктастан жасалған қысқы шоқпардың болуы. Жерлеу орнынан көптеген қоладан жасалған заттар табылған. Олардың арасында: шапқы балта, ұңғылы соққы қаруы «қашау»; шабуға бейім саптама ұңғылы жеңіл балта; орақ, моншақ тастары, қармауыш ілгек, қыстырғы, қашау соққысы тәрізді құралдар бар. Алдын-ала жасалған сараптамадан қолданыстағы қола заттардың ұқыпты ұсталғанын аңғартады. Олар көбінде құрал сабы, тысы мен қаптамалары. Қыштан жасалған заттар төрт ыдыс түрінде. Ең кіші ыдыстың сырты охрамен боялып, мойын тұсында пасталы моншақ болған. Мұнда тас пен сүйектен жасалған заттарды да кездестіруге болады. 

Қабір шұңқырын толтыру кезінде, белгілі бір деңгейдегі 20 см тереңдікте көмілген тас, қола, саз бен сүйектен жасалған 26 заттың табылуы да бір ерекше жайт. Олар жебе ұштары (тас), қашау тәрізді соққы, тескіш, қырғыш, ине, орақ, пышақ, бедерлі салпыншақ-қапсырма, темір қоспалы материалдан жасалған домалақ шар, азуриттің екі кішкене кесегі, тесігі бар асық пен кейінірек қайта құрағанда ойығы дөңгеленген тостаған «ыдыс» түрінде шыққан қыштың сынықтары еді. Қабір шұңқырынан бәлкім арбаның (соғыс арбасы) дөңгелегі болар деп болжанған екі бірдей дақ орны аңғарылған. Бұл заттар қабірге күрделі жерлеу-еске алу сынды ғұрыптық жоралғысын атқарған шақта қалдырылса керек. Археологқа «Жерленген кісі қоғамда қандай қызмет атқарды?» деген сауалға жауап беру оңай емес. Алайда, бізге үнсіз күйде жеткен көне дәуір куәгерлері болған материалдық мәдениетті көрсететін заттар атқарылған салт жоралғысымен бірге мұнда жерленген кісінің дәреже деңгейінің – көрсеткіші қандай жағдайда болғандығын болжауға мүмкіндік береді.

Алакөл және федоров мәдениеттерінің жерлеу орындары. Алакөл және федоров мәдениеттерінің жерлеу орындары өкінішке орай қатты қираған әрі, осы қорымдағы жерлеу орындарының ішіндегі ең аз санды шағын тобын құрайды. Мүліктік заттар арасынан аңғарарлықтай қолға ілінгені тек, өрнекті қыш ыдыстар түрінде ғана. 

Қола дәуірінің соңғы кезеңінің жерлеу орындары (б.з.д. ІІ мыңж.). Қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән жерлеу орындарын зерттеу кезінде қайтыс болғандарға қатысты екі түрлі салттық амал – кремация мен ингумация орын алғандығы аңғарылады. Жерлегенде бірге қойылатын заттары да аз. Жәдігерлер көбінде кремний тасты жебе ұшы мен қыш ыдыстар түрінде ғана көрінеді. Ыдыстар өрнекті әрі, түбі тегіс. Барлығының да мойын тұсында білікті өрнектері бар. Мұндай жерлеу орындарын жерлеу заттары мен атқарылған салты бойынша сарғара-алексеевтік мәдениетке жатқызуға болады.

Ерте темір дәуірінің жерлеу орындары (б.з.д. І мыңж.). Қорымдағы ерте темір дәуірі кезеңінің ескерткіші әскери жарақтан: темір қылыш, ұштығы қола жебелі қорамсағымен жақсы танылған сармат мәдениетінің жерлеу орындары түрінде көзе түседі.

Ортағасырлық жерлеу орындары ешқандай мүліксіз, не жәдігерсіз бірыңғай ұқсастықта. Өзі сопақша әрі, тар етіп қазылған қабірге мәйітті ұзынынан шалқасынан жатқызып, кейде үстінен бұтақтармен жауып, бастарын солтүстік, солтүстік-батыс және батыс бағытқа қаратып жерлеген. 

Бестамақ қорымын зерттеу барысы оның тарихи кезеңдердің әжептәуір межесін – энеолит (мысты тас) дәуірінен орта ғасырларға дейін қамтитын кезеңдерде өз маңызын еш жоймастан, нақтылы бір аймақта жасаған әртүрлі археологиялық кезеңдердің ерекшеліктерін зерделеп, жерлеу салтының ерекшеліктерін пайымдауға керемет мүмкіндік береді. Қорымда жүргізілген қазба барысында жиналған заттай деректер осы өңірді мыңдаған жылдар (энеолит - орта ғасыр) аралығында өмір сүрген тұрғындардың киелі мекені болғандығын көрсетеді.

Археология ескерткіші әрі туризм нысаны.

Деректер

  1. Калиева С.С., Колбин Г.В., Логвин В.Н. Могильник у поселения Бестамак // Маргулановские чтения: тез. докл. – Петропавловск, 1992. – С. 41–42.
  2. Калиева С.С., Логвин В.Н. Могильник у поселения Бестамак (предварительное сообщение) // ВААЭ. – 2008. – № 9. – С. 32–58.
  3. Логвин А., Шевнина И. О реконструкции погребения сарматского времени (по материалам могильника Бестамак) // Номады казахских степей: этносоцио-культурные процессы и контакты в Евразии скифо-сакской эпохи. – Астана: Президентский центр культуры РК, 2008. – С. 249–254.
  4. Логвин А.В., Шевнина И.В. Погребения каменного века могильника Бестамак // Проблемы изучения культур раннего бронзового века степной зоны Восточной Европы: сб. научн. ст. – Оренбург, 2009. – С. 142–151.
  5. Логвин А.В. Шевнина И.В. Погребения финальной бронзы некрополя Бестамак // Археология и история Сарыарки: сб. научн. ст., посвящ. 70-летию В.В. Евдокимова. – Караганда, 2012. – С. 146–158.
  6. Логвин А.В., Шевнина И.В., Колбина А.В., Нетета А.В. Сарматские материалы на могильнике Бестамак // Нижневолжский археологический вестник. – 2008. – Вып. 9. – С. 155–169.
  7. Сеитов А. М. Сарматские памятники Торгайской степи // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: матер. Междунар. научн. конф., посвящ. 20-летию независимости РК и 20-летию Ин-ститута археологии им. А.Х. Маргулана. Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – С. 134–144.
  8. Сеитов А. М. Археологические материалы Тоболо-Ишимских (торгайских) степей в контексте миграционных процессов Евразии в последние века до н.э. – первые века н.э. // Новая методология казахстанской исторической науки: поиски и обретения: сб. докл. Республ. научн.-практич. конф. – Костанай: Коста-найский областной историко-краеведческий музей, 2014. – С. 49–58.
  9. Шевнина И.В. Научные изыскания Костанайской археологической лаборатории // Официальный сайт: National digital history. URL: http://e-history.kz/ru/contents/view/1665. Дата обращения: 30.11.2017.
  10. Logvin A., Ševnina I. Die nekropole von Bestamak // Unbe-kannes Kasachstan Archaologieim Herzen Asiens. – Bo-chum, 2013 – Р. 231–244.
Толығырақ

Суреттер


Кіру