Қайыңды археологиялық кешені
Сипаттамасы
Ескерткіш Қайыңды ауылының батысында 5 км жерде орналасқан (Қостанай облысы, Арқалық ауданы). Кешен кірпіштен тұрғызылған кесене қырандысы мен оның айналасында орналасқан тастан, топырақ пен тас аралас, топырақтан үйіп тұрғызылған (200 астам) обалар мен Қайыңды сызығы «геоглифінен» тұрады. Кесене құрылысы қатты қирағандықтан оның бастапқы келбетін көзге елестету қиын.
Кесене құрылысы шикі және күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Сыртқы жағы күйдірілген кірпіштен қаланып, қалған бөлігі шикі кірпіштен соғылған. Мұнаралы кесенеге ұқсас. Іргесінің көлемі 6×2,5-4 м, құ-рылыстың сақталған бөлігінің биіктігі 3,6 м, ал кірпіштерінің өлшемі 30×30×7 см. 1771 ж. Торғай даласына келген капитан Н.Рычков жолжазбасында, осы кесенені былай сипаттаған: «... Торғай немесе Қараға өзенінің шығыс жағында шикі кесек пен жалпақ тастан ғибадатханаға ұқсатып салынған құрылыстың қираған орны бар. ... Оның шығыс жағында ғибадатханаға кіретіндей кең ойық жасалған, мұнда кіргендер өте шебер өңделген жалпақ тасты ... бөлме ішіне жарық түсіріптұрған шағын екі терезені көрер еді ... Оның айналасында көптеген қабір тастар бар» [Рычков, 1772, 63 б.].
Кесененің айналасында бір-біріне жақын диаметрі 3-тен 10 м дейін, биіктігі 0,5 м болатын шағын обалар орналасқан. Кейбір обаларға таңба салынған стелалар орнатылған. Басты қабір маңында тағы да бірнеше обалар орналасқан. Олар өлшемдеріне қарай (диаметрі 10-нан 50 м, биіктігі 0,2-0,4 м.) қола дәуірі немесе ерте темір ғасырымен мерзімделетін ең көне обалар. Қорымнан оңтүстікке қарай 0,8 км жер-де 13 топырақ үйіндісінен құралған Қайыңды сызығы «геоглифі» жатыр. Батыстан шығысқа қарай созылып жатқан үйінділер тізбегінің ұзындығы 145 м, үйінді төмпешіктердің диаметрі 6 м, биіктігі 0,05 м.
Қазіргі күні бізге белгілі мемориалды нысандардың арасында Қайыңды кесенесіне ұқсайтыны кездеспейді. Дегенмен, сәулеті, құрылыс тәсілі және материалы жағынан оны Қазақстан жеріндегі кейбір құрылыстармен салыстыруға болады. Қам кесектен өрілген мұнаралы конусқа ұқсас құрылыстардың салынуы Қазақ даласында оғыз заманында кең таралып, тіпті ХІХ ғ. соңы, ХХ ғ. басына дейін жеткен. Біз сипаттап отырған мұнараның пішіні ХVІІ ғ.–ХІХ ғ. екінші жартысына тән Сырдың төменгі ағысы мен Арал маңында қабір үсті құрылыстарына ұқсастығы бар.Қабір үстіне белгі етіп қойған стелаларда жиі кездесетін үш түрлі таңба мынадай: «V», « ϙ», «O». Аша «V» түрінде бейнеленген таңба Кіші жүздің шекті мен төртқара руларының таңбасына ұқсас келеді. В.В. Востров пен М.С. Мұқанов ХХ ғ. 20-шы ж.ж. дейінгі зерттеушілердің мәліметтеріне сүйене отырып, аша « V» таңбасы Орта жүздегі найман тайпасының ортақ белгісі екендігін, сондай-ақ найманның бағаналы және қаракерей рулары арасында қолданыста болғандығын атап көрсетеді. Таяуда ғана тарихи еңбектер мен мұрағат дерегінің мәліметтеріне жасалған сараптау негізінде, А.К. Таласбаева мен А.Е. Рогожинский мұндай таңба найманның еш руына тиесілі емес және олардың жалпытайпалық таңбасы емес деген қорытынды жасаған.
Ожау таңбасы «ϙ» Орта жүздің арғын тайпасына, найманның садыры мен теріс таңбалы руларының, Кіші жүздің шөмішті табын мен рамадан руының таңбаларымен өзара ұқсас. Мұнда айта кетер жайт, осыған ұқсас таңбаның Ұлы жүздің албан және суан тайпаларының кейбір руларында да кездесетіндігі.
Тостақ бейнесіндегі «O» белгі адай, арғын, найман тайпасында және Ұлы жүздің дулат тайпасында да бар.
Қарастырылып отырған таңбалар қазақ тайпаларының басқа аймақтағы руларына да тиесілі болуы мүмкін. Жоғарыда қарастырылған таңбалардың ұқсастықтары, XIX ғ. соңы–XX ғ. басындағы Торғай, Қостанай, Ырғыз және Атбасар үйездеріндегі қазақтардың орналасуын ескере келіп, Қайыңды кешеніндегі таңбалардың бір бөлігін болжамдап арғын, найман, шекті мен төртқара рулары еншісіне жатқызуға болады. Сипатталған заттар көрініп тұрғандай XVІІ–XX ғ. бас кезін қамтитын қазақтардың рулық қорымы екендігін аңғартады.
Қайыңды сонау көне заманнан ХХ ғ. бас кезіне дейін осы жерді қоныс етіп, игерген әр түрлі этникалық топтардың өз алдына бір ғажайып археологиялық және тарихи кешені болуымен ерекшеленеді. Мыңдаған жылдар бойы адамдар жерленіп келген кешен Қараторғай өңірін мекендеген адамдардың киелі орыны болғандығын білдіреді. Ескерткіш жергілікті маңызы бар археологиялық және тарихи нысан.
Сонымен қатар зиярат ету мен діни туризм нысаны.
Деректер
- Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
- Басенов Т. Архитектура Казахстана. – Алматы: Өнер, 2010. – Т. 2. – 160 с.
- Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (конец XIX – начало XX в.). – Алма-Ата: Наука, 1968. – 255 с.
- Глаудинов Б. Архитектура Казахстана. – Алматы: Өнер, 2012. – Т. 8. – 192 с.
- Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. – Алма-Ата: Наука КазССР, 1974. – 200 с.
- Рогожинский А.Е. «Мы, нижеприложившие истинные тамги…» (опыт идентификации родоплеменных знаков казахов Старшего жуза) //Роль номадов в формировании культурного наследия Казахстана. – Алматы: Print-S, 2010. – С. 101–127.
- Рогожинский А.Е. Казахские тамги: новые исследования и открытия // Казахи Евразии: история и культура: сб. научн. тр. – Омск: ОмГУ им. Ф.М. Достоевского; Павлодар: ПГПИ, 2016. – С. 223–235.
- Рычков Н. Дневные записки путешествия в Киргиз-Кайсацкую степь в 1771 г. – СПб., 1772. – 104 с.
- Таласбаева А.К. Родоплеменные тамги найманов по архивным источникам XVIII–XIX вв. // Проблемы изучения нематериального культурного наследия народов Казахстана и Центральной Азии: топонимика, эпиграфика, искусство: сб. матер. Междунар. научн. конф. – Алматы: EVO PRESS, 2014. – С. 283–287.
- Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа – Ташкент: Вост. отд. Киргизского гос. изд-ва, 1925. – 64 с.