Лисаковск қонысы мен қорымы
Сипаттамасы
Лисаковск қаласының маңында, Тобыл өзенінің оң және сол жағаларында орналасқан бір қоныстан және жеті қорымнан тұратын ескерткіштер кешені (Қостанай облысы, Таран ауданы).
1983 ж. қола дәуірінің қонысын Тобыл өзенінің оң жағалауындағы жарқабақтан Лисаковск қаласының оқушысы С. Яцук кездейсоқ табады. Осыдан кейін ескерткішті Қостанай облыстық ескерткіштерді қорғау инспекциясының қызметкері А.П. Мазниченко зерттейді. Қоныс жағалаулық сызықтың бұзылу аймағында орналасқан. 1985 ж. археологиялық құтқару қазбаларын В.В. Варфоломеевтің бас шылығымен Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Лисковск археологиялық экспедициясы жүргізеді. Ал, 1986 ж. бастап ҚарМУ Сарыарқа археологиялық институтының ғылыми қызметкері Э.Р. Усманова Лисаковск өңірінің ескерткіштерін зерттеуде. Зерттеу тәлімгері – А.С. Суслов (Лисаковск қ.). Әр жылдары Лисаковск өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеулерге қарағандылық археологтар В.Г. Ломан, И.А. Кукушкин, А.Ю. Чиндин, М.В. Бедельбаева, А.П. Мазниченко, В.А. Новоженов, т.б. қатысса, қостанайлық археологтар А.В. Колбина мен Б.М. Хасенова, астаналық зерттеушілерден В.В. Воловинский мен И. Воловинский қатысқан болатын. Зерттеуге Е. Переводчикова, И. Ксенофонтова, А. Акулов, В. Федоров, М. Скрипникова, Н. Павлова, У. Трейнер, О. Никулина, Г. Евдокимов сияқты Ресейлік археолог ғалымдармен қатар, АҚШ-тың Alicia Ventresca Miller, Irina Panyushkina сияқты мамандары да өз үлестерін қосты.
Лисаковск І қорымындағы бірінші оба 1986 ж. қазылады. Кейінгі жылдары басқа алты қорым зерттеледі. Тобыл өзенінің жағалау сызығының бойында және радиусы 10-12 км болатын қала маңында қола ғасырынан бастап кейінгі орта ғасырларға және этнографиялық кезеңге дейін жерлеу ескерткіштерінің көптеп шоғырлануы өлкенің көне замандар-дан бері адамдар тығыз қоныстанғандығын көрсетеді. Бір кезде, осыдан үш мың жыл бұрын андрондықтар бұл жерді өздерінің діни рәсімдерін өткізу үшін таңдап алған. Суы мол Тобыл өзені, төменгі өзен алқабындағы шұрайлы жайылымдық жерлер, саздың көп мөлшерде болуы таңдаудың кездейсоқ болмағандығының айғағы іспетті. Биік үстірт және жағалаулық жарлар тасының қызыл түсті болуы ұзақ уақыт бойы адамзат баласының бір емес, бірнеше буынын өзіне тартты. Туфтан пайда болған қызыл түсті тас жерлеу құрылыстары мен рәсімдік ғимараттарды тұрғызу барысында қолданылған. Өлкенің көне киелі мәні «Қызылжар» атты түркілік атауда бекітіліп қалған.
Жалпы ауданы 1500 шм. болатын төрт тұрғын үй, қола дәуірінің 233 жерлеу орындары қазылады. Лисаковск II, III, IV, V қорымдары өзеннің сол жағалауында, ал Лисаковск I, VI, VII қорымдары өзеннің оң жағалауында орналасқан. Алты қорымның жерлеу түрінен алакөлдік жерлеу рәсімі дәстүрінің басымдығы байқалады. Лисаковск І қорымында федеровтық және алакөлдік жерлеу дәстүрлері қатар атқарылған. Радиокарбондық зерттеу нәтижелері лисаковск кешенінде б.з.д. 1780–1660 жылдар аралығында алакөл және федоров тұрғындарының қатар өмір сүргендігін көрсетті. Жерлеу алаңы кемі 120 жыл пайдаланылған. Ерте темір дәуірінің және ерте орта ғасырлармен мерзімделетін «мұртты оба» мен «қыпшақ әскерінің» обасы қазылып зерттелінді.
Қола ғасырының жерлеу ғұрпы андрондық рәсімде қалыптасқан стереотип негізінде жүзеге асырылған – жерлеу құрылысы (оба-қоршау), мәйіт (мүрде көміліп жерленген не өртенген), жерлеу мүлкі, құрбандық кешендері. Ішінде адам сүйегі жоқ немесе оның орнына жекелеген заттары жерленген ерекше жерлеу құрылысы – кенотафтар кездеседі. Алакөлдік жерлеу кешендерінде «кефалотафия» – бас сүйекті немесе оның белгілі бір бөліктерін жеке жерлеу салты да ұшырасады. Бұл «бас сүйек культінің» болғандығын айғақтайды.
Табылған заттай деректер Лисаковск тари-хы музейінің археологиялық топтамасын және жоғары Тобыл маңы өлкесінің мәдениетінің негізін құрайды. Мұның ішінде қыш ыдыстар (300 дана), сақина түріндегі алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар (30 дана), қола әшекейлер – сақиналар, білезіктер, салпыншақтар, шашқа арналған әшекейлер (шамамен 80 дана) бар. Жергілікті топырақ құрамына байланысты жерлеу камераларынан ағаш құрылыстар, матаның қалдықтары, тоқыма киімнің бөлшектері және өте сирек кездесетін ағаштан жасалған пұт та шыққан. Пұт өсіп-өну культі рәсімдерін өткізу барысында қолданылған. Кеңістікті киелі мақсатта игеру бойынша дала тұрғындары б.з.д. ІІ мыңжылдықта рәсімдік нысанды – оба-қоршау – аспан күмбезіне «еліктеу» заңдылығы бойынша салған алғашқылардың бірі болды. Олардан кейін келген сақтар мен түркілер қалыптасқан дәстүрді жалғастырушылар, діни сәйкестендіруден тәуелсіз, дала ділінің негізі болған, олар кеңістікті ерекше елестету мен оны оба түрінде белгілеуді орнықтырып кетті.
Жергілікті маңызы бар археология ескерткіші. Зиярат ету және туризм нысаны.
Деректер
- Панюшкина И.П. Возраст могильников эпохи бронзы // Памятники Лисаковской округи: археологические сюжеты. / Отв. ред. Э.Р. Усманова. – Караганда – Лисаковск: Tengri Ltd, 2013. – 336 с.
- Смирнов Ю.А. Лабиринт. Морфология преднамеренного погребения. – М.: ИВЛ, 1997. – 279 с.
- Усманова Э.Р. Погребальный обряд: позиция и символика // Памятники Лисаковской округи: археологические сюжеты. / Отв. ред. Э.Р. Усманова. – Караганда – Лисаковск: Tengri Ltd, 2013. – 336 с.