Үштоғай квадраты, «геоглиф»
Сипаттамасы
Үштоғай ауылынан шығысқа қарай 15 км жерде орналасқан (Қостанай облысы, Амангелді ауданы). Үштоғай квадраты Қостанай облысындағы белгілі «геоглифтердің» ең танымалы.
Кейінгі уақытта «геоглифтер» деген атауымен таныла бастаған нысандар туралы алғашқы ақпарат 1909 ж. Орынбор ғылыми архив комиссиясының жиналысында Б.А. Скаловтың баяндамасында айтылады. И.А. Кастаньенің «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» еңбегінде Б.А. Скаловтың Наурызым болыстығының аумағындағы «...бір-бірінен бірдей қашықтықта орналасқан... үшбұрыш және төртбұрыш сынды геометриялық пішіндер түрінде жасалып, тізбектеле орналасқан обалар» туралы хабарламасы кездеседі [Кастанье, 1910, б. 64].
Кейіннен А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық зертхана қызметкерлерінің археологиялық және геофизикалық зерттеулері нәтижесінде «Үштоғай квадраты» атауымен белгілі кешен анықталады. Кешен құрамына квадраттың өзі, оның шығыс бөлігіндегі үш айналмалы ор, сызық және оңтүстік бөлігіндегі оба кіреді.
Үштоғай квадраты диагоналдары айқын көрінетін (диаметрі 10–12 м, биіктігі 1 м дейін болатын) квадрат түрінде. Квадрат тараптарының ұзындығы 287 м, диагоналдарының ұзындығы – 406 м. Нысан диагоналдар бойынша – солтүстік солтүстік-батыс – оңтүстік оңтүстік-шығысқа, солтүстік-батыс батыс – оңтүстік-шығыс шығысқа бағытталған. Бір үйіндіде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде қандай да бір құрылыс түрі немесе олжа анықталмады.
Үштоғай сызығы ұзындығы 55 м, бір тізбектің бойында орналасқан топырақтан үйіліп тұрғызылған жеті үйіндіден тұрады. Үйінділердің диаметрлері 7–8 м, биіктігі 0,2–0,3 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Обаның диаметрі 22 м, биіктігі 1 м. Шеңберлі орлардың диаметрі 20 м, ені 2 м-ге дейін, тереңдігі 0,05 м.
Үштоғай квадратында жүргізілген алғашқы зерттеу археологтарың бұл нысанды соңғы қола ғасырынан бастап біздің заманымыздың алғашқы ғасырларына дейін қызмет жасаған ғұрыптық-киелі нысандар қатарына жатқызуына негіз болды. Үйінділер санының тақ болуы оның киелі рәсімдік орын екендігін білдірсе керек. Қазақта киелі саналатын жеті саны шамасы ежелден келе жатқан наным болса керек.
Археологиялық ескерткіш. Зиярат ету орыны және туризм нысаны.
Деректер
- Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбург-ского края. – ТОУАК. – Вып. XXII. – Оренбург, 1910. – 332 с.
- Логвин А.В., Шевнина И.В., Дей Д.Б. Геоглифы Торгая // Вопросы истории и археологии Западного Казахста-на. – Уральск: Западно-Казахстанский центр истории и археологии, 2011. – № 1. – С. 226–229.
- Motuzaite Matuzeviciute G., Logvin A.V., Shevnina I., Seitov A.M., Feng J., Zhou L. OSL dates for the ancient geometric earthworks of Kazakhstan // Archaeological Research in Asia. – 2016. – P. 1–9.