Араласар қонысы мен Кердері-2 кесенесі
Сипаттамасы
Арал теңізінің суы тартылған табанынан ертедегі тіршілік іздерінің анықталуы осы өңірдің тұрғындарының жоғары экологиялық қауіпті жағдайға қашанда бейім болғанын дәлелдейді.
Cырланған оймыш кірпіштермен, көркем қыштармен безендірілген тамаша қабір өзінің зері мен сәулеті жағынан ортағасырлық Хорезмнің інжуі саналатын Үргеніштегі Наджмеддин-и-Кубра кесенесін еске салады. Ол Араласар тұрғындарының бай рухани әле мі ғана емес, сонымен қатар қандай жағдай болса да өз туысқандарының дәстүрін сақтау мен құрметтеудің куәсі саналады. Осы аса көрнекті ортағасырлық ескерткіштердің ешқандай шүбә келтірмейтін қасиетті маңыздылығы қоршаған ортаның түрлі құбылу жағдайына қарамастан бабаларымыздың өз жеріне деген өзгермес махаббатымен есептеледі.
Бір замандарда гүлденген қалалар мен сәулет ескерткіштері табиғаттың тылсым күштерінің салдарынан су астында қалып, осы заманда Арал суы тартылған кезде теңіздің табанынан табылып жатқан жағдайда, қазақтың қандай жерін алсаң да киелі географиялық орта екендігін көрсетеді. Солардың қатарындағы жәдігерлердің бірегейі Араласар қонысы мен Кердері кесенелері. Оларды зерттеу жүз ғасырға жуық су астында жатқан бабалар мұрасынан хабар алуға мүмкіндік береді.
Араласар қонысы
Шартты атауы Араласар қонысы Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 370 км, қазіргі Қаратерең ауылынан 62,2 км жерде орналасқан. Бұл ауыл өткен ғасырда Арал теңізінің жағасында орналасқан болатын, алайда қазіргі кезде теңіз суы 120 км жерге дейін тартылған. Ортағасырлық қоныс пен оның құрылыс қалдықтары қазіргі кезде тартылған теңіз табанынан анық көрініп жатыр. Қала құрылысының қам кесектен тұрғызылған ғимараттарын Арал теңізінің суы толықтай жуып-шайып кеткен. Кезінде қала арқылы өтетін ені 2-2,5 м болатын су жүрген каналдың іздері сол заманда мұнда ирригациялық жүйенің дамығандығын айғақтайды. Шамасы, ортағасырлық тұрғындар Сырдария өзенінің сағасынан су тартқан болуы мүмкін.
Қоныстың жалпы ауданы 6 га құрайды. Оның үстіңгі қабаты бір кездері қайнаған тіршіліктің қарқынды дамығанын көрсетеді. Көп көлемдегі диірмен тастар, керамикалық ыдыстар, темір және қола бұйымдар бөліктерінің табылуын құм мен қабыршықтардан түзілген шөгінді қабат айғақтайды. Мәдени қабатының қалыңдығы небәрі 15-20 см. Осы аймақтағы тіршілік іздерін көрсетілген қабат көміп қалған. Қоныстың орталық бөлігі (190×136 м) сопақша келген, жоғарғы қабаты тегіс (ең биік нүктесі 20 см-ге дейін жетеді), солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр. Кішігірім бедерлі төмпешіктер (15 см-ге дейін) бір кездегі құрылыс іздерін аңғартады.
Қоныстың солтүстігі мен батыс жағы суы тартылған арналармен (ені 5-6 м, тереңдігі 30-40 см) және ашық алаңқайлармен шектеседі. Ашық алаңқайлар, каналдардың қалдықтары, өзен арналары және диаметрі 1 м болатын дөңгелек диірмен тастардың (15 дана) шашылып жатуы бұл жердің шаруашылық аймақ болғандығын көрсетеді. Осы жерді солтүстік-батыс жағынан тұрғын үйлердің қираған орындары жартылай қоршап жатыр.
Қоныстың оңтүстігі мен оңтүстік-батыс бөлігі батыстан шығысқа қарай созылып жатқан қорыммен шектеседі. Қорымның көлемі 400х110 м. Қорымның аумағы онда шашылып жатқан күйген кірпіштердің қалдықтарынан анық байқалады. Олар қираған кесенелер мен олардың еденіне төселген кірпіштер. Қоныстың аумағы өте болмашы биіктікте сақталған сыртқы қорғаныс дуалдарының іздері мен оның сыртынан қоршаған ордың қалдықтарынан әрең байқалады. Қоныстың маңында егін еккен алаңдардың іздері қалған. Алаңдарды жайылып кеткен дуалдар қоршаған. Айнала топырақ үйілген белдемшелермен қоршалған егіс алаңдарының көлемі 12×85 м. Олар тұрғын жайлардан тереңдігі 15-20 см, ені 3-4 м болатын орлармен (немесе жасанды арналармен) бөлініп жатыр. Егіс алаңының жоғарғы қабатының оңтүстігі мен солтүстігін қоршаған орлар көрінер-көрінбес жал түрінде сақталған. Олардың ені 5 м, биіктігі 20-30 см.
Қоныстан табылған екі күміс теңге Алтын Орда дәуірінде, XIV ғ. соғылғаны анықталды. Олардың бетінде Жәнібек хан (1341–1357 ж.ж.) мен Наурыз бек (760–761 х.ж.ж/1358–1361 ж.ж.) есімдері және соғылған сарай Сарай-әл-Жадид жазылған.
Егін егу қала тұрғындарының негізгі кәсіптерінің бірі болған. Негізінен дәнді дақылдар өсірген болса керек. Суда өсетін арамшөп тозаңдарын зерттеген палинологтар Араласар тұрғындарының күріш өсіруі мүмкін екендігін болжалды түрде айтады. Көп кездесетін диірмен тастар мен бөлмелерден табылған ұн, астық сақтауға арналған ірі хұмдар астық өсіріліп, ұн өндіретін диірмендердің көп болғандығын білдіреді.
Кердері-2 кесенесі Ғасырлар бойы су астында жатқан кесененің қазбаға дейінгі биіктігі 1,6 м болатын. Кесене орнында қалыптасқан төбешіктің батыс жағы жайпақ, ал шығыс жағы тіктеу келген. Төбенің жоғарғы жағында көлемі 25×25×5 см болатын ортағасырлық дәстүрлі күйдірілген кірпіштер мен олардың сынықтары шашылып жатты.
Археологиялық зерттеу барысында кесене қабырғалары әлемнің төрт бұрышына бағытталған, тікбұрыш болғаны анықталады. Жоғарғы қабатынан көп мөлшерде табылған кесене қабырғаларындағы кірпіштер (25×25×5 см) жалпағынан қаланған. Едәуір жақсы сақталған оңтүстік-батыс қабырғасының биіктігі 7 қатар қаланған кірпіш деңгейінде.
Кесене көлемі 5,5х5,5 м болатын шаршы түріндегі көрханадан тұрады. Кесененің есігі батыс қабырғасының бойында болған және ол бір кездері өсімдік, геометриялық және эпиграфикалық нақышта безендірілген, көк және көгілдір түсті сырмен қапталған кірпіштен қаланған портал түрінде салынған. Кесененің төбесі күмбезделіп жабылғаны анық. Күмбезі көрхана бөлмесінің төбесін жауып тұрған. Осы жерден табылған дөңгелек келген декоративтік кірпіштердің сынықтары (арка жақтауы) арка нишасының архивольті нишаның бұрышына тұрғызылған ширек бағанға тіреліп қаланғанын білдіреді.
Шамасы, көрхананың ішкі қабырғалары тереңдігі 1 м болатын төрт терең нишамен безендірілген. Оңтүстік-батыс ойығында ішке кіретін есік, ал тереңірек солтүстік-батыс нишасында кесененің басты жерлеу орны орналасқан. Бөлменің еденіне көлемі 44×27×6,5 см болатын тікбұрышты тақталар төселген. Жерленген орынның төңірегіне көле мі 25×25×4 см кірпіштермен бірге олардың жарты сынықтары да төселген. Еден кірпіштері жақсы тапталған қоңыр түсті топырақ үстіне төселген. Кесененің еденіне төселген кірпіштердің бұзылған жерлерінен қабырғаның астына қаланған іргетас анық байқалады. Тереңдігі 1-1,2 м болатын іргесі ірі тас блоктарынан қаланған. Олардың көлемі орташа алғанда 20×30×15 см-ден 100×50×25 см-ге дейін болады. Дәл осындай биіктіктегі мықты іргетас Орталық Азияның осыған ұқсас құрылыстарына тән емес құбылыс. Оларда іргетассыз құрылыстар (кесенелер) салу әдеттегі жағдай. Бұл жердің Арал маңының топырағы шөгінді келетінін (құрылыс тұрғысынан тұрақсыз) ескеруіміз керек. Сонымен қатар, ең жіңішке жері 1 м-ге дейін жететін қабырғаларының қалыңдығын айта кету қажет. Портал жағындағы пилондардың ені 3 м-ге дейін жетеді.
Кесенеден жеті жерлеу орны анықталған. Олардың барлығы XI–XIV ғ.ғ. кеңінен тараған сағана түріне жатады. Марқұмдар ағаш табыттарда жерленген. Солтүстік-батыста орналасқан №1 жерлеу олардың қатарына жатпайды. Ол қабір біздің кезімізде тоналған. Қабірдің құрылымы ерекше және сол уақытқа сәйкес келмейді. Қабір тастармен циста түрінде қаланған және беті үлкен үш тас плитамен жабылған. Адам денесінің қалдықтары мен артефактілер бұл қабірден шықпады.
Қабірлердің бірінде өзінің құйрығын тіс теп тұрған мысық тұқымдас жыртқыштың бейнесі берілген сырғалар табылды. Көрхананың оңтүстік-батыс бұрышында, еденге төселген тақта астынан хұмға салынған металдан жасалған орақтар, айырлар шықты. Кесене мен қорымды ХІV ғ. жатқызуға болады. Құрылысқа жақын маңнан қыш күйдірген үш пештің орны табылды.
Кердер-2 археологиялық зерттеу оның керемет құрылыс екендігін көрсетті. Табылған олжалардың ішіндегі ең қызықтылары оймыш өрнегі бар сырланған терракота тақтасы. Безендіру тақталарының сынықтарына жасалған салыстыру сараптамасы осындай өрнектер стилі мен тәсілі орта-азиялық (Хорезм), ал кеңірек алар болсақ XIV ғ. алтынордалық ескерткіштеріне тән екенін көрсетті. Порталдың П-үлгідегі жақтауындағы негізгі өрнектелген белдеуі оймыш сырланған теракота мен штамптың құрамдастырылған тәсілімен орындалған. Өрнектердің алғашқы жобасы геометриялық өрнектердің күрделі өрілуі оймышпен түзетілген, ал ұсақ тармақтар мен ою өрнектері штамппен басылған. Көркемдік әсері бояудың көгілдір түстің түрлі түске құбылуында.
Араласар қонысы мен Кердер-2 кесенесі Қазақстан Республикасының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштері болып табылады.
Деректер
- Аубекеров Б.Ж., Пачикин К., Воякин Д.А., Таксеитова Г., Кузнецова Л., Нигматова С.А. Ландшафтные условия и природная среда времени существования поселения Кердеры (Арал) // Проблемы экологической геоморфологии: матер. междунар. научн.-практич. конф. «IV Жандаевские чтения» (17–19 апреля 2007). / Под ред. Р.Т. Бексеитовой, Л.К. Веселовой. – Алматы: «Казак университетi», 2007. – С. 64–67.
- Байпаков К.М., Воякин Д.А. Поселение Арал-Асар // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординскаяобласть. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 61–63.
- Байпаков К.М., Воякин Д.А. Некрополь Кердери 2 // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 63–65.
- Байпаков К.М., Воякин Д.А., Айдосов А., Мамиев Т. Города на дне Арала // Промышленность Казахстана. – 2004. – № 6 (27). – С. 94–97.
- Байпаков К.М., Воякин Д.А., Айдосов А.Х., Антонов М.А., Бермагамбетов А., Шишков А. Археологические исследования на дне Арал // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2006 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие» в 2006 году. – Алматы, 2007. – С. 119–122 (на каз., рус.).
- Байпаков К.М., Воякин Д.А., Айдосов А.Х., Нургазаринов А., Баштанник С., Сорокин Д.С. Археологические исследования памятников на дне Аральского моря // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие» в 2007 году. – Алматы, 2008. – С. 89–99 (на каз.); – С. 238–248 (на рус.).
- Бартольд В.В. К истории орошения Туркестана. – СПб.: изд. Отд. земельн. улучш. ГУЗиЗ, 1914. – 174 с.
- Берг Л. Аральское море. – СПб.: типография Стасюливича, Вас. остр., 5 лин., 28, 1908. – 580 с.
- Рубанов И.В., Ишниязов Д.П., Баскакова М.А., Чистяков П.А. Геология Аральского моря. – Ташкент: Фан, 1987. – 247 с.
- Севастьянов Д.В. (ред.) История озер Севан, Иссык-Куль, Балхаш, Зайсан и Арал. – Л.: Наука, 1991. – 304 с.
- Boomer I., Aladin N., Plotnikov I., Whatley R. The palaeolimnology of the Aral Sea: a review // Quaternary Science Reviews. – 2000. – Issue 19. – P. 1259–1278.
- Boomer I., Wunnemann B., Mackay A.W., Austin P., Sorrel P., Reinhardt C., Keyser D., Guikhard F. and Fontugne M. Advances in understanding the late Holocene history of the Aral Sea region // Quaternary International. – 2009. – Issue 194. № 1–2. – P. 79–90.
- Oberhansli H., Boroffka N., Sorrel Ph., Krivonogov S. Climate variability during the past 2,000 years and past economic and irrigation activities in the Aral Sea basin // Irrigation and Drainage Systems. – 2007. – Vol. 21. – P. 167–183.
- Krivonogov S.K., Burr G.S., Kuzmin Y.V., Gusskov S.A., Kurmanbaev R.K., Kenshinbay T.I., Voyakin D.A. The fluctuating Aral Sea: A multidisciplinary-based history of the last two thousand years // Gondwana Research. – 2014. – Issue 26. – P. 284–300.