Асан ата кесенесі
Сипаттамасы
Кесене Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 км жерде орналасқан. Асан ата кесенесі «Жеті әулие» қорымында Оқшы ата, Абыз ата, Қыш ата, Қайып ата кесенелерімен қатар жатыр.
Асан ата – тек қана қазақ халқы емес, сонымен қатар, бүкіл түркі халқының ұлы тұлғасы, қамқоршысы, данышпаны, елдің бірлігін, қамын, тыныштығын ойлаған, берген батасы қабыл болатын адам ретінде белгілі. Бізге жеткен деректер бойынша, Асан ата шамамен 1361–1470 ж.ж. өмір сүрген. Ол өз заманында көріпкел әулие, болжағаны, айтқаны дұрыс келетін адам болған деседі. Сондықтан да өзінен кейінгі ұрпақтары «Асан атаны» әңгімелерге, дастандарға қосып, жырлап келеді. Асан ата өзінің желмаясына мініп, жиһан кезіп, жасыл орманды, көкорай шалғынды, мөлдір сулы – елді жау шаппайтын, малға жұт келмейтін – суы мол, шөбі шүйгін, ауасы бал жерұйық мекенді, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын құтты қонысты іздеумен өткізеді. Ол ондай жердің бар екеніне шүбә келтірмеген. Жұрттың бәрі тең болса, шат-шадыман тірлік кешсе, ел аласы, ру таласы болмаса деп тілейді. Осы мақсатта ұлан-байтақ қазақ даласын аралап, барлық жерге өз батасын беріп кетеді. Осы сапарында Жиделі Байсынға (қазіргі Ташкент маңайы) келіп: «Әй, Жиделі Байсын, артыма бөктере кетер ем, әттең, атымның сауырына сыймайсың-ау», – дейді. Ал, Сыр бойына, Ақмешітке келгенде: «Ей, Ақмешіт жерің тар екен, суың жар екен, әр бұтаңның түбінде бір кесек етің бар екен», - дейді. Ал, Түркістан қаласын, қасындағы Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, қорғанды қорғай алмайтын тақырдың бетіне, шөл даланың өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ», – деген екен.
Асан ата суы мөлдір, жері шүйгін, ауа-райы жұмсақ, халық бейбітшілікте өмір сүретін, ауру-сырқаудан аман, көшпелі халық үшін қолайлы, арман еткен «жерұйықты» іздеді. «Жерұйықтың» өмір сүруге қолайлы жер деген түсінікпен, оның философиялық мағынасы да бар.
Халық үнемі елдің қамын, болашағын ойлап, мұңға батып жүретін Асан атаға «қайғыны» қосып, «Асан қайғы» деп атап кеткен. Асан қайғы елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып, адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау «Жерұйық» атаған.
Сәулеттік ерекшеліктеріне келетін болсақ, кесене – маңдай алды күмбезделіп, шаршы үлгіде салынған құрылыс. Кесене құрылысына күйдірілген тақта кірпіштер пайдаланылған. Көлемі 11,5х7,5 м, биіктігі 7,6 м. Кесененің жоғарғы жағы кірпіштері тігінен өрілген белдеумен ерекшеленеді. Асан ата кесенесінің қас бетінде кіреберіс аркалы маңдайшасы болғаны аңғарылады. Қазір оның тек іргетасының қалдықтары ғана сақталған. Бұл архитектуралық нысанды құрылысы жағынан Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылының жанындағы Сырлытам кесенесі мен салыстыруға болады.
Кесене көрнекті тұлға, қайраткер, ақын, жырау, би болған Асан қайғыға арнайы тұрғызылған. Халық Асан қайғыны әулие ретінде қабылдап, зиярат етуге келеді. Асан қайғы туралы ел арасында тараған аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі. Бұл жерде діни жоралғылар жасауына толық жағдай қарастырылған. Оның үстіне мал сойып, тілек тілеп келгендер үшін жататын үй және шырақшы да бар.
Асан ата кесенесі – республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш болып табылады. Ол 1982 ж. мемлекеттік қорғауға алынған.
Деректер
- Асан-ата кесенесі // «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. – Алматы:Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б. – Б. 116.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах/ Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: Гл. ред. КСЭ, 1984. – Т. 1. – 432 с.
- Кемелбаева Л. Асан Қайғы күмбезі // Сыр бойы, 1999, 2 желтоқсан. Қызылорда облысының жер-су атаулары. – Қызылорда, 2011. – 192 б.
- Халид Қ. Тауарих хамса: бес тарих / ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 б.
- Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».