Асанас ата кесенесі

Сипаттамасы

Кесене Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 км, Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы).

Кесене туралы алғашқы мәліметтер Асанас қаласын сипаттап жазған В.А. Каллаур жазбаларында айтылады. Кейін, Э. Байтеновтың зерттеуімен, кесене «Қызылорда облысының тарих және мәдениет ескерткіштері» атты жинағына енгізілген.

Асанас ата шыққан тегі қарақалпақ, Қожадан шыққан әйгілі Қожан әулиенің анасы жағынан атасы болып келеді. Аңыз бойынша кесенеде оның немересі (қыз бала) жерленген, ал ескерткішті қарақалпақ шеберлері тұрғызған деп айтылады. Мәді (Маһди)-Диуана қожа, кейбір деректерде Меккеге бірнеше рет қажылық жасаған әулие адам болған. «Диуана» – араб сөзі. Қазақшаға аударғанда «данышпан адам» деген мағына береді. Сол қажылық сапарының бірінде жаяу бара жатып, жолай қарақалпақ еліндегі бір ауқатты адамның үйін де құдайы қонақ болады. Үй иелері оны менсінбей, оған ауыз үйден орын береді. Түнде үй иесі жарқыраған сәуледен оянып кетеді. Қараса қонақтың үстінен жарқыраған нұр сәулесін шашып тұр екен. Дереу кемпірін оятып, бұл не керемет деп ақылдасады. Екеуі таң атқанша ойланып, соңында қонағының тегін адам емесін сезіп, алты ұлдың ортасындағы жалғыз қызын бабамызға жұбайлыққа бермек болып шешеді. Таңертең бұл ойларын ұлдарына айтса, олар көнбей: «Қаңғып жүрген адамға айдай сұлу қарындасымызды берейік дейсіңдер, екеуің де алжығансыңдар», – деп қонақтың көзін құртпақ болады. Сосын мылтықпен оны бірнеше рет атып салады, бірақ, бабамызға оқ дарымайды. Бейқам отырған бабамыз мына зұлымдықты көріп, қатты ашуланып, алтауын әруағымен бір-ақ атады. Табанда бәрі жан тапсырады. Кейін мән-жайды ұғынған соң, кемпір мен шалды аяп: «Алты ұлынды тірілтейін бе? Жоқ әлде Алладан соларға татырлық бір ұл тілейін бе?» – деп сұрайды. Сонда кемпір мен шал: «Шырағым, өлер балалар өлді. Ақымақтығы өздеріне сор болды. Енді бәріне татитын ұл бер» – депті. Бабамыздың тілегі қабыл болып, Алла қолдап, олар ұлды болыпты. Ол ұл бар қадір-қасиеті мен туылыпты. Ол сол заманда елін қызылбастар дан (ирандықтар) қорғаған әрі батыр, әрі әулие, асқан ақыл иесі болған екен. Бұл – Асанас бабамыз еді. Үй иелері қызын Мәдіқожаға қосады. Сол жерде 2-3 айдай аялдаған Мәдіқожа қажылық сапарын жалғастырады. Аңыздың желісінен шығатын ұғым Асанас ата сол Мәлікқожа қажының қарақалпақ қызынан туған ұлы болса керек.

Асанас ата кесенесі Қазақстанның кейінгі орта ғасырының мемориалды-сәулет ескерткіші ретінде аса құнды. Кесене шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден (23х23х5 см) тұрғызылған. Тұрғызылған жобасы бойынша көлемі 7,18х8,83 м.

Кесенеге 2010 ж. қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Асанас ата кесенесі Қазақстанның кейінгі ортағасырлық мемориалды-сәулеті зерттелмеген кесенелердің бірі ретінде зор тарихи-мәдени құндылыққа ие. Сонымен қатар ол ел ішінде көпшілік табынатын қасиетті орын ретінде құнды.

Асанас ата кесенесі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. Зиярат ету және туризм нысаны.

Деректер

  1. Байтенов Э. Мавзолей Асанас-ата // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 308.
  2. Каллаур В.А. Древние города Саганак (Сунак), Ашнаса или Эшнас (Асанас) в Перовском уезде, разрушенные Чингисханом в 1219 г. // ПТКЛА, 1900 (1899–1900), 5, прот. № 1 от 7/ІІ – 1900 г., прил. – С. 6–19.
Толығырақ

Суреттер


Кіру