Бегім ана мұнарасы

Сипаттамасы

Әйтеке би кентінен батысқа қарай 68 км қашықтықта орналасқан (Қызылорда облысы).

Ескерткіш биіктеу төбе үстінде орналасқан. Офицер А.И. Макшеев: «мұнара төбе үстінде тұр, шамасы, ол жер кезінде арал болған сияқты, Қараарықтан төрт верст, Арал теңізінің жағалауынан 10 верст... бұл жерде Қызылбаш Шаншар ханның әйелі жерленген» – деп жазған.

Аңыз бойынша бірде Жанкентің билеушісі Санжар хан ақылды, жас Бегім сұлуды бір көргеннен ғашық болып қалады. Барлық салт-жоралғыларды жасап, ол оған үйленеді. Әйелін қызғанған хан оның үйден шығуына тыйым салып, бірде-бір ер адамның оның бөлмесіне аяқ басуына рұқсат бермеген.

Бірде аңшылыққа жиналған Санжар хан үйіне қару-жарағын ұмытып кеткенін байқайды. Хан сарайына бір батырын жұмсап, өздері күтіп қалады. Біраз уақыттан кейін, батыр келе қоймаған соң, ашуға мінген Санжар үйіне барады. Келген бетте әйелінің бөлмесі маңында есінен танып жатқан батырға көзі түседі. Санжар әйеліне тіл тигізіп, опасыздық жасадың деп кінә тағады.

Бегім сұлу сарайда ер адам жоқ деген оймен, бет-жүзін ашық ұстап, сарайда серуендеп жүреді. Әміршісінің қару-жарағына келген батырды да байқамайды. Бегімнің сұлулығы соншалықты оны көрген батыр есінен танып қалады.

Әйелінің ақталғанын тыңдамаған Санжар ашумен оның бұрымы мен қолының білезік тұсынан шауып тастайды. Бегім үйін тастап Арал маңындағы мұнарадан (Бегім ана мұнарасы) пана тауыпты. Бұл мұнара әлі күнге дейін әулие Бегім ананы естен шығармайтын белгі ретінде сақталған.

Бегімнің әкесі Қарабура Санжар ханның қызына жасаған әділетсіздігіне ренжіп, Жаратушыдан әділеттік сұрап дұға жасайды. Бір түнде Бегім сұлудың шашы мен қолы қайта қалпына келуі халықты таң қалдырды. Бірақ, әкесі сүйікті қызының жаралы жүрегін емдей алмайды...

Аңыз бойынша Жанкент қаласын жылан басып, халқы қаланы біржола тастап кетеді. Керуендер жылан басқан қаланы айналып өтсе, құстар ұя салмай, ал жануарлар жақындауға қорқатын болған...

1867 ж. танымал суретші Василий Верешагин «Жанкент трагедиясының» тарихына таң қалып, былай жазады: «Сол кездегі қазақтардың айтуынша, бір замандарда осы маңда ірі қала болған және оның ғимараттарын жылан жайлаған деген аңыз сақталған. Мұнда патша қызына үйленген хан тұрып, әйелінің опасыздығы үшін оны өлтіргісі келген. Ханның қайын атасы бақсы болған. Ол қалаға жыландарды қаптатып, хан мен оның халқын шағып өлтіртеді».

Бегім ана мұнарасы қам кесектерден тұрғызылған қоршау түрінде жерлеу құрылыстары бар қорымда орналасқан. Бұл мұнара алыстан ерекше көзге түседі. Мұнара жөнінде ешқандай анық мағлұмат жоқ, халық арасында кең тараған аңызға сүйенсек, ескерткішті Жанкент қаласының билеушісі Санжардың әйелімен байланыстырады. Сол аңыздың желісі бойынша, күйеуінің тарапынан жазықсыз кінә тағылған жас тоқалы құсқа айналып, осы құрылысқа мәңгі тұрақтап қалған.

Қам кесектен тұрғызылған Бегім ана мұнарасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштермен (23х23х5/6 см) қапталған. Мұнара сегіз қырлы, жоғары жағы тарылып келіп, сегіз қырлы кесілген пирамида іспетті күмбезбен жабылған. Мұнара діңі ортасына дейін монолитті, одан жоғары төбесінде үлкен тесігі бар пішіндегі дөңгелек күмбезді камера орналасқан. Бұл бөлмеге ескерткіш биіктігінің ортасында орналасқан аркалы ойық апарады.

Камераның жоғарғы бөлігі күйдірілген кірпіштермен қапталған, үстінде көлбеу парапетпен қоршалған алаң бар. Қазіргі кезде ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізілген, бірақ, өкінішке орай, оның алғашқы нобайынан ешқандай элемент сақталмаған.

Ескерткіш қайталанбайтын мұнара құрылыс түріне жататындықтан, оның тарихи-мәдени маңызы зор. Сырдария сағасында осыған ұқсас тек екі ғана мұнара бар. Олар – Ұзынтам және Сараман қоса. Орталық Азия мен Қазақстанның басқа жерлерінде мұнаралардың мұндай түрі кездеспейді. Сонымен қатар, ескерткіш қазақ халқының ауыз әдебиетінің, сәулет өнерінің ең жақсы үлгілерін сақтап қалған бай рухани мұрасы болып табылады.

Деректер

  1. Байтенов Э.М. Загадка башни Узун-там и другие памятники Приаралья // Памятники истории и культуры Казахстана. – Алматы, 1985. – С. 45–46.
  2. Байтенов Э.М. Мавзолей Мунара Бегим-ана // Свод памятников истории и культуры РК. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 281–282.
  3. Макшеев А.И. Описание низовьев Сырдарьи // Морской сборник. – СПб., 1856. – 80 с. – С. 68–69.
Толығырақ

Суреттер


Кіру