Бұланды-2 ғибадатханасы
Сипаттамасы
Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа 260 км, Жаңақала ауылынан оңтүстікке қарай 80 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы). Ескерткіш б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысымен мерзімделеді.
Ғибадатхана құрылысы 1957–1960 ж.ж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Сырдарияның төменгі ағысын да жүргізген зерттеулері кезінде ашылып, Іңкәрдария археологиялық барлау тобы қазба жұмыстарын жүргізген. 2005 ж. бастап Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шірікрабад археологиялық экспедициясы (Ж. Құрманқұлов) зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Орта Азияның антика дәуірінің сәулет өнерінде Бұланды-2 кесенесі алғашқы күмбезді құрылыс. Ол оазистегі егіншілікпен айналысатын тұрғындарға қызмет еткен қауымдық ғибадатхана. Антикалық заманда кесенені күмбездеп жабу дерегінің анықталуы – осы өңір тұрғындарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде үлкен маңызы бар. Бұланды-2 ортада дөңгелек бөлмесі бар, аркалы есікті, бізге дейін жақсы сақталған күйде жеткен жерлеу құрылысы. С.П. Толстов Бұланды-2 жерлеу ғұрпымен байланысты ғибадатхана орны болуы да мүмкін деп болжаған. Кесене құрылысы мен құрылымын зерттеп, сараптау нәтижесі ежелгі дала тұрғындарының ағаштан жасалған ағаш үйлерінің бейнесін қайталауы мүмкін деген ой туғызады.
Бұланды-2 күмбезінің алдыңғы азиялық күмбездер құрылысы белгілерінің қайталанбайтындығын ескерсек, бұл құрылыс Қазақстан жеріндегі ең ежелгі күмбезді кесене болған деп айта аламыз.
Осыған байланысты ескеретін нәрсе, Арал маңында монументалды ғибадатхана құрылыстарын салу дәстүрі біркелкі жүрмеген. Іргелес жатқан Хорезмде бұл кезде мемлекеттік дәстүрлер қалыптаса бастайды. Бұл жерде әңгіме олардағы ортаазиялық зороастризм дінінің ерекше нұсқасымен байланысты туған нанымы туралы болып отыр. Бұл кезде Хорезм- де Қойқырылғанқала, Қалалықыр 2, Елхарас және Гяур-3 секілді ғұрыптық құрылыстардың салынуы қарқын алған. Зерттеушілердің пікірінше осындай ғұрыптық құрылыстардың қалыптасуы Ахемениттік Парсылардан тәуелсіздік алған тұста ғибадатханалар аймақ тұрғындарын біріктіретін рөлге ие болған кездегі Хорезмде патшалық билігінің қалыптасуымен байланысты. Осындай ғұрыптық құрылыстарды зерттеу өлкенің ежелгі тұрғындарының ғұрыптық кешендерді қолдануға қатысты бірқатар негізгі аңыз, салт-жоралғыларын танып, білуге көмектеседі.
Хорезм ғибадатханалары да Бұланды-2 тәрізді дөңгелек пішінді келген. Бұландының ерекшелігі саналатын осындай күмбез салу дәстүрі Қазақстан аумағында ары қарай жалғаса берген. Ғұрыптық нысандарды салуда шаршы және дөңгелек пішіндерді пайдалануды зерттеушілер байырғы тұрғындардың «шаршы дүниенің төрт тарапын білдірсе, дөңгелек аспан символы болатын дүниенің космологиялық үлгісі», «адамзаттың қоршаған ортаны шаршы мен дөңгелек космологиялық және теологиялық-тарихи тұрғыда қабылдауына» қатысты ежелгі діни танымдарының нәтижесі деп тұжырымдайды. Мұндай геометриялық пішіндердің өзара қарама-қарсы келуі жұптың (қос) мағынасының әртүрлілігін, мысалы, аспан мен жер, ғарыш пен хаос, адамзаттың әйел мен ер болып бөлінуіне дейінгіні білдіруі мүмкін. Одан басқа үндіиран әдебиеттерінде сақталған нұсқама (ұйғарым) бойынша ерлердің құрбандық ошағы шаршы пішінде, ал әйелдердікі – дөңгелек, яғни мұның соңы ер мен әйелдің сәйкестендіруін біріктіру, берекенің нәтижесі ретінде жалпы өсіп-өну идеясын бейнелейді. Бұланды-2 құрылысының дөңгелек жоспары идеясы көбінде зороастризмдік діни нұсқама мен ортаазиялық көшпелілер дәстүріне негізделген от пен өсіп-өну культімен байланысты. Мұны Орта Азияның тек белгілі бір аймағының дамуымен байланыстырмай, суперэтностың жалпы үндіирандық мұрасы ретінде қарастыру керек.
Бұланды-2 дөңгелек келген диаметрі 16 м-ге жуық құрылыс. Қабырғасының биіктігі 4,5 м. Жалпы, ескерткіш аласа цилиндр тәрізді қырларды құрайтын жиырма бес шығыңқы үшбұрышты жауырыншалармен өңделген. Мұндай сәулеткерлік әдіс декоративтік сипатта болып келеді. Ғимаратқа кіретін есік оңтүстік бөлігінде орналасқан және аркалы ойықты қасбет түрінде безендірілген.
Ғимараттың орталық бөлігін диаметрі 5,5 м болатын дөңгелек бөлме алып жатыр. Төбесін көмкеріп тұрған күмбезінің жоғарғы бөлігі құлап қалған. Күмбез едәуір еңістеу болып қаланған кірпіш қабырғаға жалғасқан: олардың қалыңдығы 160-165 см-ге тең, ал еденнен 1,5 м биіктіктен басталған күмбезінде ол 125 см-ге қысқарады. Қабырғалар сабан араласқан сылақпен сыланған. Сыртқы шеңберлі қабырға ішкі (дөңгелек залдың қабырғалары) қабырғадан 2,3 м алшақ орналасқан. Олардың арасында орналасқан жеті бөлме тарамдалған қабырғалармен бөлінген. Бұл бөлмелер бір-бірімен өтетін жер арқылы байланысқан, бөлмелердің жалпы шеңбері бойынша жарып өтетін жер жоқ. Бітеу радиальді қабырға, есікке қарама-қарсы жақта орналасқан, олар айналма дәлізді тең екі бөлікке бөліп тұр. Есікке жанасып жатқан бір бөлме вестибюль қызметін атқарған, оның төрт қабырғасындағы есіктер аркалы. Оңтүстік қабырғада ғимаратқа, солтүстігінде − орталық күмбезді залға, шығыс және батыс қабырғаларда көрші бөлмелерге кіретін есіктер бар. Вестибюльдің бір бұрышында ақ алебастр қабатының іздері сақталған. Соған қарағанда, қабырғаларға ақ алебастр жағылса керек. Басқа шеңберлі бөлмелер саз балшықпен сыланған. Бұл бөлмелердің жабындысы да күмбезді болып келген. Бас күмбездің биіктігі еденнен есептегенде – 1,56 м. Қазба жұмыстары көрсеткендей, кесене сол заманда толықтай тоналған. Шеңбер бойынша орналасқан бөлмелерде жерлеу орындары болғанына күмән жоқ. Еденге ағаш тақтайшалардан жасалған табыттар немесе зембілдер қойылған. Бұланды-2 құрылымына, әсіресе оның күмбезіне жасалған сараптаулар қызықты нәтижелер берді. Осындай типтегі күмбезді құрылыстар Орта Азия мен Қазақстанда кешегі күнге дейін болып келген. VІ–VІІІ ғ.ғ. жалған күмбездерді жетілдірілген нағыз күмбездер алмастырды. Бірақ, қазіргі күмбездердің барлық элементтері Бұланды-2-де кездеседі. Жабындының сақталған бөлігіне жасалған сараптамалар, залдың ортасындағы бағанадан қалған шұңқырдың болуы құрылыстық саты ағаштарды ұстап тұрса керек. Мұндай күмбездер римдік сәулет құрылыстарында пайда болып, кең тараған.
Бұланды-2 Қазақстан мен Орта Азияда күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан күмбезді ғұрыптық ғимараттар тұрғызу дәстүрінің Қазақстан жеріндегі ең ежелгі ғұрыптық ғимарат құрылыс үлгісі. Туристік нысан болып табылады.
Деректер
- Дарменов Р.Т., Утубаев Ж.Р. Баланды-2 (Буланды): культовое сооружение чирикрабатской культуры IV–II вв. до н.э. // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: матер. Междунар. научн. конф., посвящ. 20-летию независимости республики Казахстан и 20-летию Института археологии им. А.Х. Маргулана. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – Т. II. – С. 157–162.
- Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.:ИВЛ, 1962. – 315 с.
- Рапопорт Ю.А. Религия древнего Хорезма: некоторые итоги исследования // ЭО. – 1966. - № 6. – С. 53–77.