Жанкент қаласы

Сипаттамасы

Оғыз жабғуларының тарихта танымал астанасы әртүрлі тілдер мен диалектілерде «Янгикент», «Жанкент», «Джанкент», «Шехркент», «ал-Карьят ал-Хадиса», «ал-Мадина ал-джадида», «Дих-и-нау», «Жаңа қала» деген атаулармен аталған. ХІ ғ. атақты араб тарихшысы ал-Идриси бұл қаланы «Жаңа гузия» деп атаған. Х ғ. Бағдадта өмір сүрген араб географы және саяхатшысы Ибн Хаукалдың «Жаңа елді мекен» деп аталатын Жанкент туралы қызықты мәліметтері бар. Өзінің тарихи-географиялық жұмысында ол «Жаңа елді мекенді» Оғыз мемлекетінің астанасы деп нақтылайды. Оның сөзіне қарағанда, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жанкент ең үлкен елді мекен болған. Ол тек астана ғана емес, ол Оғыз патшасының қысқы ордасы қызметін де атқарған. Жаңа Гузияны Оғыз мемлекетінің саяси орталығы ретінде таңдауы көптеген жағдайларға байланысты болды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы Орта Азияның ірі ауылшаруашылық оазистерімен шектесіп жатқан Жанкенттің қолайлы географиялық аймақта орналасуы болды.

Жаңа Гузия Оғыз даласын Хорезм, Мауераннахр және Хорасанмен байланыстыратын дәліз еді. Оғыз жабғуларының Сырдария бойындағы қалалары құрлық және өзен саудасының маңызды орталықтарына айналған. Ибн Хаукалдің пайымдауынша астық пен нан тиелген кемелер Сырдария бойындағы «жаңа елді мекенге» дейін жеткенін көрсетеді. Жанкент Қимақ даласы арқылы Сарысу, Кеңгір, Есіл және Нұра өңірлеріне баратын маңызды керуен жолында орналасқан.

Өз алдына көші-қон мен сауда жолдарының «қиылысы» болған ортаазиялық ауылшаруашылық оазистері мен дала көшпенділерінің арасындағы үздіксіз байланыс алаңы болған Оғыз жабғуларының астаналық орталығы өңірдегі стратегиялық маңызды қала. Мұнда әр түрлі этникалық топтардың орнықты өмір сүруіне қолойлы жағдай ұзақ уақыт бойы жалғасқан. Жанкент – қазақ халқының этникалық тегі мен мәдени даму жолымен тығыз байланысты Қазақстан тарихындағы ортағасырлық маңызды кезеңнің көрінісі.

Араб тілді тарихи географиялық шығармаларда көрсетілгендей, оғыздардың көне түркі тайпалары IХ–Х ғ.ғ. Қазақстанның тарихында ғана емес, сонымен қатар түркімен, азербайжан, түрік, қырым татарлары, ғағауыз және тағы басқа да халықтардың шығу тарихында маңызды рөл атқарған.

Ибн әл-Факидің шығармаларындағы нақты мәліметтер бізге осы кезеңде Оғыздарды дербес мемлекеттілігі бар Орталық Азиядағы ең қуатты тайпалардың бірі деп санауға мүмкіндік береді.

XIV ғ. Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») мен Жувейнидің Тарих-и джахангуша» («Әлемді бағындырушының тарихы») атты еңбектерінде Жанкентті Жошы бастаған моңғол әскерлері жаулап алып, өзінің билеушісін отырғызды деген мәліметтер бар. Ел есінде қалғаны қазақтың кіші жүз хандары Әбілқайыр және Арынғазының қаланы қайта қалпына келтіру әрекеті Жанкенттің мәртебесінің тағы да маңызды геосаяси орталық екенін растайды.

Ежелгі қоныстың бірегейлігі жөнінде жергілікті археологиялық ескерткіштерді көне ескерткіштермен қатар қойған XIX ғ. танымал өнертанушысы В.В. Стасов: «... Жанкенттің маңындағы ескі қала неге біздің Помпей бола алмайды?» – деп атап өтеді.

Әскерилер бұл ескерткішті Сырдарияның бойындағы бекіністерге негізделген тарихи маңызды нысан ретінде санайды. Олар ескі елді мекендерді сақтауға әрекет жасап, көне ғимараттардың жойылуына, олардың кірпіштерін тасып әкетуге тыйым салады.

В.В. Стасов бұл туралы: «Әдетте ескі заттарға ешқандай көңіл бөлмейтін әскери адамдар ... енді ... қирағандарға қызығушылық танытуда, олардың ғылымдағы маңыздылығы туралы ойлайды, оларды қорғау үшін сақшылар қояды, оларды кез-келген залалдардан қорғауға тырысады. Бұл біз үшін жақсы жаңалық емес пе?» – деп жазады.

Арал өңірі мен Оңтүстік Қазақстанның археологиялық зерттелу тарихы ХІХ ғ. екінші жартысында Ресейге қосылғаннан кейін бас- талады. 1867 ж. мұнда Ресей археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша белгілі шығыстанушы П.И. Лерх келді. Ол ортағасырлық Жанкент, Сауран, Сығанақ қалаларының қираған орнын зерттеп, сипаттайды және Жанкентте шағын қазба жұмыстарын жүргізеді.

1867–1868 ж.ж., кейінірек 1869–1870 ж.ж. Оңтүстік Қазақстанда белгілі орыс суретшісі В.В. Верещагин болды. Ол сондай-ақ Жанкентте қазба жұмыстарын жүргізіп, керамика жинақтады. Осы авторлар мен басқа да ғалымдар, саяхатшылардың жариялаған жаңа, белгісіз болып келген өлкенің айқын сипаттамалары орыс қоғамының Түркістан тарихы мен өнеріне деген қызығушылығын тудырады.

Сырдария алқабының ежелгі дәуірін зерттеудің келесі кезеңі 1895 ж. Ташкентте В.В. Бартольдтің ғылыми қолдауымен құрылған Археология әуесқойларының түркістандық үйірмесі мүшелері зерттеулерімен байланысты. Ол Түркістан археологиясына барынша қызығушылық танытқан адамдарды, зиялы қау ым өкілдерін, әскери қызмет керлерді, шенеуніктерді біріктірді.

Соғыстан кейінгі кезеңде Арал өңіріндегі зерттеу жұмыс тарын КСРО Ғылым академиясының профессоры С.П. Толстов жетекшілік еткен Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясы бастады.

Қалада кең көлемде қазба жүргізу жұмыстарын 2005 ж. бастап Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт-ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірлесе отырып, РФ ҒА М.М. Миклухо-Маклая атындағы Этнология мен антропология институты қарқынды жүргізе бастады.

Жанкент қаласы Өркендеу ауылынан оңтүстікке қарай 0,5 км, Сырдарияның сол жағалауынан оңтүстік-батысқа қарай 5 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы).

Қаланың көлемі солтүстік-батыс пен оңтүстік-шығыс сызығы бойымен 483 м, ал солтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыс сызығы бойымен 333 м құрайды. Қаланың жалпы көлемі: 159 мың ш.м. Қаланың шығыс жағы кеңейтілген тіктөртбұрышты «Т» тәрізді пішінде келген. Ортағасырлық қаланың ішкі кеңістігі мұнаралары бар мықты бекіністі қабырғалармен қоршалған. Жанкенттің сыртқы қабырғаларының солтүстік-батыс бұрышында орналасқан цитадель шахристаннан биік қабырғалар арқылы бөлінген. Шахристан қабырғасының солтүстік-шығысынан трапеция пішіндес кіру пандусы келіп жалғасқан.

Цитадельдің көлемі 100х100 м болатын төртбұрыш түріндегі бекініс қабырғаларынан тұрады. Қабырғалары айнала сындағы жерлерден 7-8 м биік тікте, қаланың орта деңгейінен 3-4 м биіктікте орналасқан. Цитадельдің ішкі бөлігі көше желісімен бөлінген және үлкен үйлер алабы (орамдар) түрінде тығыз салынған.

Қаланың шахристаны батыстан шығысқа қарай сыртқы қабырғамен қатар орналасқан негізгі көшемен бөлінген. Көшенің тіке бұрышынан қаланы үлкен үй-орамдарға бөліп тұрған тұйық көшелер тарайды. Әуеден түсірілген суреттерде құрылыс бедерлері анық көрінеді. Батыс пен шығыс жағында кіреберіс қақпасы болған.

Жанкенттің рабады қаланың шахристанынан солтүстікке қарай орналасқан. Рабадтың мәдени қабаттары қатты бұзылған және табиғи эрозияға ұшыраған.

Жанкент Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралардың алдын ала тізіміне «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинация компоненті бойынша 2012 ж. енгізілген.

Деректер

  1. Агаджанов С.Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии IX–XIII вв. – Ашхабад: Ылым, 1969. – 294 с.
  2. Аржанцева И.А., Модин И.Н., Ерохин С.А. Геофизические исследования на Джанкенте // Труды ФИА. – 2013. – Т. II. – С. 179–186.
  3. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. – Алма-Ата: Наука, 1986. – 256 с.
  4. Байпаков К.М. Средневековые города на Великом Шелковом пути. – Алматы: Гылым, 1998. – 216 с.
  5. Байпаков К.М. Древние города Казахстана. – Алматы: Аруна, 2005. – 316 с.
  6. Байпаков К.М., Воякин Д.А., Ильин Р.В. Города Хувара и Янгикент – старая и новая столицы государства огузов // Вестник МИЦАИ. – 2012. – Вып. 16. – С. 22–44.
  7. Воякин Д.А., Камалдинов И.Р., Билалов С.У. Археологические исследования на городище Жанкент // Известия НАН РК. Серия обществ. и гум. наук. – 2014. – № 5. – С. 187–194.
  8. Зиливинская Э.Д. Исследование жилого комплекса в северо-восточной части городища Жанкент // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: матер. Междунар. научн. конф., посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан и 20- летию Института археологии им. А.Х. Маргулана. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – Т. III. – С. 109–117.
  9. Зиливинская Э.Д. Очаги жилого комплекса на городище Джанкент // Известия НАН РК. Сер. обществ. и гум. наук. – 2013. – № 3 (289). – С. 84–93.
  10. Рашид ад-Дин. Сборник летописей. – М.–Л.: Изд-во АН СССР, 1952. – Т. 1, кн. 2. – 248 с.
  11. Толстов С.П. Города гузов // СЭ. – 1947. – № 3. – С. 55–162.
  12. Толстов С.П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М.: Изд-во АН СССР, 1948. – 327 с.
  13. Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.: Наука, 1962. – 322 с.
  14. Левина Л.М. Керамика Нижней и Средней Сырдарьи в I тысячелетии н.э. – М.: Наука, 1973. – 252 с.


Толығырақ

Суреттер


Кіру