Жанқожа батыр кесенесі
Сипаттамасы
Әйтеке би кентінен батысқа қарай 4 км жерде орналас қан (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы). Кесене батыр бабаға ескерткіш ретінде тұрғызылған.
Жанқожа батыр – қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. ХІХ ғ. Хиуа мен Қоқан хандықтарының озбырлығына, Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы тұрып, қаруын сілтеген ұлт-азаттық күресінің көсемі Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы (Нұрымбет) 1774 ж. Қазалы ауданына қарасты Арықбалық ауылында дүниеге келген. Ауызша тарих айту мәліметтеріне қарағанда, Жанқожаның атасы Киікбай батыр Құлжаманұлы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың батыры, әрі биі болған. 1847 ж. Жанқожа батырға Елекей сұлтан: «Менің атам Әбілқайыр хан болып тұрғанда, сенің атаң Киікбай әрі батыр, әрі би еді. Ол екеуі бірігіп, Сыр бойында көшіп жүрген қарақалпақтарды Хиуаға, Торғай мен Ырғыз бойына дейін жаулап келген қалмақтарды Қытай жеріне қуып салып еді. Хиуа, Қоқан хандарының қазақтан тартып алған жерлерін қайтарып ала алмағанымыз біздің нашарлығымыздан шығар», – деген мәтіндегі хат жазыпты. Осы хатта Киікбай батырдың бет-бейнесі келтірілген. Ал, Киікбай батырдың бәйбішесі Тәжі – тама руынан шыққан атақты Есет батырдың қызы. Жанқожаның әкесі Нұрмұхаммед (Нұрымбет) батыр Тәжіден туған. Яғни, Жанқожаның түп нағашысы – Есет батыр. Ал, Тәжінің шешесі табын Бөкенбай батырдың туған қарындасы. Жанқожаның өз шешесі – Қаракесектің Қазантемірі Қопа батырдың қызы. Осылайша, шежіре бойынша Жанқожаның арғы тегі батырлар мен қолбасшылардан тарайды. Жалпы, батырдың өмірі мен ерлігі, еліне тигізген пайдасы туралы деректер молынан сақталған. Жанқожа батырдың жастайынан әділетсіздікке жаны қас болғандығы жөнінде де әңгімелер бар. 1789 ж. Әлім елінің ішіндегі Кішкене Шекті руларының ханы болған, тегі Шекті – Құттық – Майдан – Қожамұрат ру- тайпалық тармағынан шыққан Қылышбай хан Жұмағұлұлы (1729–1789) жорыққа аттанар алдында бір жетім балаға қиянат жасап, әділетсіз шешім шығарады. Осы шешіміне қатты ашуланған 15 жасар Жанқожа батыр жорыққа кеткен әскербасы Қылышбай ханды қуып жетіп, айбалтамен соққыға жығады. Қылышбай хан қатты жараланып, ауыр халде жатқанда, Нұрымбет, баласы Жанқожаны жазаламақ болады. Сонда Қылышбай хан Жанқожаны емес, өзін кінәлап, баланы жазалауға жол бермей, о дүниеге аттанып кетіпті.
Келесі дерек бойынша 1791–1792 ж.ж. қарақалпақ бегі Тықы батыр барымталанып кеткен жылқыларын қайтару мақсатында Жақайым-Қарабура тармағынан шыққан Жыл қайдар батыр Сырлыбайұлының (1713–1791/92 ж.ж.) ауылын тұтқиылдан шауып, өзін өлтіреді. Жылқайдар батырдың қазасына Сыр бойы батырлары қатты налып, қарақалпақтарға жорыққа аттанады. Сол жорықта 17-18 жасар Жанқожа батыр Тықы батырды жекпе-жекте өлтірген екен.
Жекелеген деректерге сүйенсек, өмірінің соңғы жылдары Жанқожа батыр өзінің отбасымен Арал теңізіне жақын жерге орын теуіп, 1860 ж. сол жерде жау қолынан қаза табады. Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы ғылыми еңбектерден бөлек халық шығармашылығын да көптеп кездеседі. Мәселен, Жанқожа батырдың ерлігіне Төремұрат, Мұсабай, Ж. Айбарбекұлы, Н. Жұбатұлы, Қ. Сұлтанұлы, Н. Балтабекұлы сынды өнерпаздар жырларын арнаса, Б. Меңдібаевтың «Жанқожаның тарихы», Ж. Шаңғытбаевтың «Жанқожа батыр мен Бабажан сарт», Л. Кенжеевтің «Жанқожа батыр» шығармалары да тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы сыр шертеді. Олардың ішінде Мұсабай ақын «Жанқожа батыр» туындысында батыр бастаған Хиуа хандығы мен Ресей отарлаушыларына қарсы азаттық күресін ғана емес, 1840–1860 ж.ж. Сырдың төменгі сағасын мекен еткен қазақ егіншілерінің тыныс тіршілігін де қамтиды. Қазіргі зерттеушілердің көрсетуінше, қас батыр, әрі әулие атанған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы халық ақындары мен жыршы-жыраулар шығарып таратқан тарихи жыр-дастандардың саны 10-нан асады. Көпшілігі авторлық нұсқада көрініс тапқанымен, олардың бәрі де бір тақырыпты, бір ғана тарихи тұлға – Жанқожа батырдың өмірі мен оның аңызға айналған ерлік істерін халықтық сарында жырлайды. Жалпы, Жанқожа батырға арналған жырларда бас кейіпкердің өмірінде орын алған мынадай оқиғалар сипатталып отырады: Жанқожаның 17 жасында қарақалпақтың Тықы деген батырын өлтіруі, Бабажан сарттың қаласын бұзып, өзін өлтіруі және түрікмен сардары Әйімбет (Аймұхаммед) батырды жекпе-жекте өлтіруі, орыс басқыншыларына қарсы жорығы, Кенесары ханның әскерімен бірлесіп, Созақ, Сауран, Қосқорған секілді Қоқан қамалдарын алуы және Жанқожа батырдың Елекей сұлтанның қолынан қапыда қаза табуы.
Жанқожа батырдың жерленген жері Қазалы ауданы, қазіргі Қызылқұмдағы Кәукей ауылынан 170 км жерде орналасқан. 1969 ж. ұрпақтары батыр бабаның басына мазар тұрғызған. Батыр бабаға тағзым ету үшін осы кесененің құрылысы жүргізіледі. Кесене құрылысын салуға жүздеген шебер құрылысшылар қатысқан. Мыңдаған адамдар сенбілікке шығып, көмектесіп, қаржылай үлес қосқан. Халық пір тұтқан батырдың ескерткішін тұрғызуға қатысқандардың есімі кесене шежіресі жайлы кітапқа жазылады (кі тап Ғ. Мұратбаевтың мемориалдық музейі қорын да сақтаулы). Қызылқұм жерінде жатқан бейітінен топырақ әкеліп қойылып, батыр рухына ас беріліп, республиканың түкпір-түкпірінен адам дар жиналады. Жанқожа батыр кесенесінің іргетасына бетон блоктары төселіп, оның қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланған. Ұзындығы 11,5 м., ені 11,5 м., биіктігі 8 м. Жалпы ауданы 127 шаршы метрді құрайды.
Халық Жанқожаны батыр, әрі әулие ретінде танығандықтан, сәулет ескерткіші ерекше тағзым ететін орындарының бірі болып табылады, өйткені батырдың бейнесі халық жадында көзсіз батырлықтың, руластарына, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің үлгісі ретінде сақталып қалды.
Казіргі кезде Жанқожа батыр кесенесі тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын-ала есепке алу тізіміне енгізілген.
Деректер
- Ахметбек Б. Батыры земли Сыра // Кзылординские вести, 2015, № 6–7.
- Кәрібозұлы Б., Аңсатова М. , Ибраев У. Қызылорда. – Астана: Фолиант, 2015. – 304 б.
- Жанқожа батыр // Жаңарған Жаңақорған. Тарихнама. – Алматы: әл-Фараби, 1998. – 224–225-бб.
- Жанқожа батырдың толғауы (Мұсабай жырау нұсқасы) // Бабалар сөзі. – Астана: Фолиант, 2010. – Т. 62. – 9–13-бб.
- «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б.
- Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».