Жент қаласы (Дженд, Жанқала)
Сипаттамасы
Орта ғасырларда Жент қаласы туралы «Әлемдегі құт қонған мекен және исламның аса зор шекара лық аймағы» деп атап кеткен. Бұл ортағасырлық қала мәдениетінің керемет сақталған үлгісі. Жент – оғыз тайпалары тарихының селжұқтар кезеңіне қатысты барлық жазбаларда, сонымен қатар моңғол шапқыншылығының алғашқы кезеңі туралы баяндалған деректерде кездесетін алып шаһар. Осы «оғыз проблемасы» деп аталатын мәселелерді оғыздар мен түрікмендердің тарихын зерттеуші–ғалым С.Г. Агаджанов жете қарастырған.
Жент қаласымен көптеген тарихи маңызы бар оқиғалар байланысты. Солардың қатарында Х ғ селжұқтардың басын құрған оғыз бен түркмендердің бір бөлігінің Жент аумағына қоныс аударуы. Жент аумағындағы селжұқтарды Жанкенттің билеушісі Әли мен оның ұлы Шах-Меликпен қақтығыстырды, Жент пен Сырдарияның төменгі ағысын өзіне қарату мақсатындағы селжұқтар мен хорезмшах арасындағы соғысты, сонымен қатар Жошының 1220 ж. қаланы басып алып, онда өз билігін жүргізгені жөнінде айтуға болады. Моңғолдарға қарсы ерлікпен қарсы тұрған Худжанд әмірі Темір-Мәліктің есімі қала атымен байланысты. Бұл танымал қаланың атымен бүкіл аймақ аталған. Тіпті Арал теңізі Жент көлі, ал Қызылқұм Жент шөлі деп те аталған. Қаладан Фахр ад-Дин Әли ибн Әбілқасым әл-Дженди (Джалал ад-Дин Манкубердінің уәзірі) секілді танымал тұлға шыққан. Ол туралы ан-Насави: «оған тағдырдың өзі көмектесті, ол билік басында қалды және кез келгеннің қолы жете бермейтін жетістіктерге жетті. Мұндай жетістіктерді хорезмшах билігі кезеңіндегі көрнекті ақын, Хорасан мен Иракқа танымал ерлері мойындаған, аты әлемді әйгілі Гийас ад-Дин Абу-л-Маджд Мұхаммад ибн ал-Хасан ибн Ибрахим ал-Дженди ие болған» деп жазды. Ибн ал-Фуватидің деректерінде «Ол керемет ақындардың бірі және оның өлең жолдары тамаша» деп жазылған.
Женттен шыққан ақындар мен жазушылардың арасында Якуб бин Ширине ал-Джунди мен Әбу Наср Ахмада бин Фазл бин Муса ал-Джанди де бар. Селжұқтардың басшысы да Жентте жерленген. Жентте атақты Шейх Баба атанған Камалиддина әл-Харезми (1273) қабірі болған. Жент хорезмшахтықтар үшін (жарлықта көрсетілгендей) «Әлемдегі құт қонған мекен және исламның аса зор шекаралық аймағы» (уммахат-и бук’а-и дунйава му’аззамат-и сугур-и ислам) болған. Жент жеңімпаз мемлекеттің негізі мен бастауы. Жент хорезмшахтықтар үшін Хорезмге мән бергендей маңызды болған.
Моңғол шапқыншылығынан кейін қала тоқырауға ұшырайды. Бұл туралы 1273 ж. жазылған Жамал әл-Каршидің жазбаларында кездеседі. Ол «кезінде өте бай болған қаланың құлдырауы мен аянышты халін сипаттайды». Дегенмен, Жент қаласында тіршілік тоқтап қалмады. Сол уақыттың өзінде саудасы қайнаған қала базарына көпестер келіп, сауда- саттықпен айналысқан. Ол сонымен қатар, Шейх Баба ретінде танымал болған Шейх Камалиддин әл-Сығанакимен кездескені жөнінде айтып өтеді. XV ғ. басында жазылған «авторы белгісіз» тарихи шығармада XІV ғ. бірінші жартысындағы оқиғалар жөнінде баяндағанда Сасық Бұға ханның баласы Ерзен хан туралы былай жазылған: «ол ақылды патша болды, әділ, әділетті және діншіл адам еді. Ол Отырар, Сауран, Жент және Баршынкент қалаларындағы медресе, ханака, мешіт және тағы басқа қайырымдылық құрылыстарының басым көпшілігін салдырған». Нумизматикалық материалдар мәліметтері бойынша қалада XVI ғ. алғашқы онжылдығында теңге соға бастаған.
Жент туралы орыс, кеңес және қазақстандық зерттеушілердің біразы жазған. Олардың қатарында П.И. Лерх, В.А. Каллаур, В.В. Бартольд, С.П. Толстов, С.Г. Агаджанов, З.М. Буниятов, К.М. Байпаковтар бар. Қызылордадан оңтүстік-батысқа қарай 115 км жерде, үлкен Жаңадариядағы Жанқала қаласындағы археологиялық зерттеулерді С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық және этнографиялық экспедициясы 1946, 1958, 1961 жылдары жүргізеді. Жұмыстардың нәтижесінде бұл ескерткіштің ортағасырлық Жентпен сәйкестігі анықталған.
Жанқала қаласы орналасқан аймақ биіктігі 0,4 м көтеріңкі, батысқа қарай ойпаттау келген жазықтық. Қала суы оңтүстік-батысқа қарай ағатын Жаңадария өзені арнасынан батысқа қарай 6 км жерде орналасқан.
Құрылымына қарай Жанқала қаласы үш бөліктен тұрады: Цитадель, шахристан және рабад. Қаланың цитаделі сыртқы қабырғамен қоршалған сарай мен бұрышта орналасқан солтүстік-шығыс мұнарасы бар бірнеше элементтерден тұрады. Енінің қалыңдығы 1 м болатын сыртқы қабырғалар сарайды қоршап жатыр және цитадель қабырғаларының ішкі көлемі 75×75 м құрайды. Шартты түрде сарай орны болып саналатын орталық құрылыстың көлемі 37×28 м. Диаметрі 8 м болатын сегіз қырлы мұнара цитадельдің солтүстік-шығыс бағытындағы сыртқы бұрышында орналасқан. Қаланың сыртқы қабырғасы ені 20 м болатын ормен қоршалған. Батыс шетінде ені шамамен 4 м болатын әуіздің орны байқалады. Цитадель қабырғасының бағыттары 15° ауытқитын шамада дүниенің төр тарапымен бағыттас жатыр. Цитадельдің оңтүстігі мен батысындағы ордың орны жоғарғы жағынан көрінбейді. Цитадельге оңтүстік қабырғаның орта тұсындағы қақпадан кірген. Қабырғаның бұзылу пішіні мен сақталған бөліктерін ескерер болсақ, кірер қақпаның ені шамамен 5 м және ені қабырғамен ендес, екі жағы сыртқа шығыңқы пилондармен қорғалған. Цитадельдің сызығы бойымен, солтүстігі және оңтүстігі жағымен шығыстан батысқа қарай бағытталған ені 8 м, тереңдігі 3-5 м болатын екі канал жүргізілген.
Қаланың шахристанының құлаған қабырғаларының ені 5 м. Қабырғаның барлық бөлі гі қатты зақымдалған. Дегенмен, оның биіктігі 0,2 м-ден 3 м-ге дейін барады. Шахристанның көлемі 236370 ш.м шахристан қабырғасының бағыты цитадель қабырғасының бағытын қайталайды. Шахристан қабырғаларының оңтүстік, батыс және шығыс бөліктері тікбұрышты, ал пішіндері толықтай тіктөртбұрышты болып келген. Қабырғаның солтүстік жағы айтарлықтай сыртқа қарай шығыңқы келген. Шахристан аумағында бірнеше үлкен құрылыс орындары орналасқан. Олардың арасындағы екі үлкен нысан керуен сарайдың орны болуы мүмкін.
Қаланың рабады барынша ауқымды. Шығыстан батысқа қарай қабырғасының ұзындығы 1800 м, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 1500 м жерге дейін созылып жатыр. Рабадтағы құрылыстар жүйесіз. Бұл жерде маңызды алаңқайлар, көптеген бағытқа тармақталған су арналары іздері, діни ғимараттар, тұрғын жайлар, қоғамдық нысандар және кішігірім саяжайлардың орындары кездеседі. Рабадтағы құрылыс қалдықтары көбіне кішігірім төбелер түрінде сақталған және үстінде ыдыс сынықтары көп кездеседі.
Қаланың рабадында орналасқан бедері едәуір жақсы сақталған құрылыс қалдықтары арасынан қала сыртында орналасқан керуен сарай (көлемі 30×25 м ) орнын ерекше айтуға болатын. Құрылыс қабырғаларының бағыттары цитадель қабырғаларының бағытына сәйкес келеді. Керуен сарай шахристанның сыртқы қабырғасынан жарты шақырым жерде, қаланың шығыс бөлігінде орналасқан.
Қаланың оңтүстік-батысында сыртқы резиденция орналасқан. Оның атқарған қызметі көлемі 37×26 м болатын орталық құрылысы есебінен анықталды. Құрылыс қам кесек пен күйдірілген кірпіштерден қаланған. Оның айналасы 48 000 ш/м көлемде дуалмен қоршалған және көптеген кіші құрылыстар мен суғару жүйесі бар. Қала сыртындағы орда қалыңдығы 1 м болатын қабырғамен қоршалған. Шығыс қабырғасының орта тұсында ені 3 м портал пештак түріндегі қақпасы бар.
Рабадтың солтүстік жағында қабырғамен (ені 0,7–0,8 м) қоршалған, ішкі құрылыстары байқалмайтын, көлемі 45000 ш.м болатын дуалмен қоршалған аймақ орналасқан. Қа- бырғамен қоршалған аймаққа аумағы 124×128 ш/м болатын айнала ормен қоршалған құрылыс қалдығы жалғасады.
Қаланың шығыс жағында шахристанның сыртқы қабырғасына жақын жерде мешіттің қираған орны анықталды. Оның көлемі 9,7×9,7 м болатын михраб қабырғасы мен нишасы бар мешіт құландылары анықталды. Мешіт қабырғасы қам кесектен тұрғызылған. Мешіт еске алу қызметін атқарған секілді. Бұлай ойлауға осы ескерткіштің төңірегінде орналасқан өсімдік сипатты өрнектелген, сырлы қыштармен безендірілген, күйдірілген кірпіштен қаланған екі кесененің құландылары түрткі болды. Қаланың оңтүстік бөлігінде, сонымен қатар рабад аумағында қыштан қаланған тағы бір мешіттің құландысы анықталды. Мешіттің көлемі 12,3×7,3 м, михраб орналасқан қабырға мен михраб нишасы жақсы сақталған. Мешіттің қабырғалары қам кесектерден қаланған. Мешіт тұрған аймақ шамасы сиынатын орын болса керек. Өйткені мешітке жақын жерден күйдірілген кірпіштерден тұрғызылып, қабырғалары өсімдік нақышындағы штамп өрнегі салынған сыр лы тақталармен қапталған екі кесененің орындары анықталды. Қаланың оңтүстік жағындағы рабадтың аумағынан күйдірілген кірпіштен тұрғызылған тағы бір мешіттің қираған орны анықталды. Мешіттің көлемі 12,3×7,3 м., екі залы бар. Сыртқысы көрхана, ішкі жағында мешіттің өз бөлмесі. Жеке иеліктер, кесенелердің т.б. түрлі құрылыстар мен бос жатқан жерлер рабад аумағында шашырап орналасқан.
Рабадтың құрылыстары тығыз орналаспаған. Ол ашық кеңістіктерге, ашық далаларға, әртүрлі бағыттағы арналарға бөлініп жатыр. Қаланың суландыру жүйесі Жаңадариядан шығарылатын ірі оман арық арқылы жүргізілген. Оман арықтардың сызығы батыс бағытында тартылып, қала аумағына жетпей, екінші қатардағы үш-төрт үлкен арықтарға бөлінген. Осындай тармақтардың бірі тағы да үшінші қатардағы бірнеше арыққа, көлемі бойынша бірінші және екінші қатардағылардан қалыспайтын арықтарға тармақталған. Арықтардың бірі шахристанның ортасынан қиып өтіп, оны солтүстік және оңтүстік бөліктерге бөліп жатыр. Шахристан аумағында, оның батыс жағында осы арыққа, тағы үш арыққа бөлінетін, рабадтың батыс жағы мен одан ары артық су кететін су үлестіруші салынған. Шағын арықтар қорғаныс орларына, егістік пен бау-бақшаға су жеткізген. Осындай көптеген арықтарға байланысты құрылыстардың басым бөлігі биік жерлерге орналасқан.
Жанқала қаласы Республикалық маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткіші. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралардың алдын ала тізіміне «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинация компоненті бойынша 2012 ж. енгізілген.
Деректер
- Агаджанов С.Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии IX–XIII вв. – Ашхабад: Ылым, 1969. – 294 с.
- Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. – Алма-Ата: Наука, 1986. – 256 с.
- Байпаков К.М. Средневековые города на Великом Шелковом пути. – Алматы: Гылым, 1998. – 216 с.
- Байпаков К.М. Древние города Казахстана. – Алматы: Аруна, 2005. – 316 с.
- Байпаков К.М., Воякин Д.А., Умарходжиев А.А. Исследования городища Дженд// Известия НАН РК. Сер. обществ. наук. – 2010. – № 1. – С. 100–122.
- Бартольд Сочинения. – М.: Наука, 1963. – Т. 2, ч. 1. – 1024 с.
- Бартольд В.В. Сведения об Аральском море и низовьях Амударьи с древнейших времен до XVII в. // Соч. – М.: Наука, 1965. – Т. III. – 711 с. – С. 15–236.
- Бартольд В.В. К истории орошения Туркестана // Соч. – М.: Наука, 1965. – Т. III. – 711 с. - С. 227–230.
- Буниятов З.М. Государство хорезмшахов-ануштегенидов (1097–1231). Избр. соч. в трех томах. – Баку: Элм, 1999. – Т. 3. – 376 с.
- Бурнашева Р.З. Неизвестный медный чекан города Дженда XVI века // Археологические памятники на Великом Шелковом пути. – Алматы: Гылым, 1993. – С. 85.
- Курманкулов Ж., Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д.,Рузанова С.А., Сыдыкова Ж.Т. Материалы Джанкентской археологической экспедиции. – Алматы: Инжу-Маржан, 2007. – 124 с.
- Рашид ад-Дин. Сборник летописей. – М.–Л.: Изд-во АН СССР, 1952. – Т. 1, кн. 2. – 248 с.
- Толстов С.П. Города гузов // СЭ. – 1947. – № 3. – С. 55–162.
- Толстов С.П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М.: Изд-во АН СССР, 1948. – 327 с.
- Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.: Наука, 1962. – 322 с.
- Bekir Deniz. Jand City and Its Caravanserai // Культурное наследие. – 2009. – № 1. – С. 123–134.