Көтібар батыр мұнарасы

Сипаттамасы

Мұнара Қызылорда қаласы маңындағы Ақжарма ауылынан батысқа қарай 5 км жерде орналасқан. Көтібар батырдың ерекше еңбегіне арналып кесене мен мұнара тұрғызылған. Мұндай мұнараларда жерлеулер болмайды, олар тек белгілі бір адамның немесе оқиғаның құрметіне арнап тұрғызылады. Ескерткіш құмдауыт жазық жердегі қорымда орналасқан.

Көтібар шекті руынан шыққан белгілі батыр. С. Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың белсенді қатысушысы. Оның ұлт-азаттық қозғалысқа қатысуы, ел ішіндегі істерге араласуы, халқының қамын ойлағаны туралы ақпарлар әдебиеттерде берілген. Олардың кейбіріне жүгінетін болсақ, 1780–1785 ж.ж. батыр өзінің шағын жасағымен Жайық орыс-казактарының бекіністеріне бірнеше рет шабуыл жасаған. Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Арыстан батыр, Дастан би, Қаражігіт Бектауұлы, Қайдауыл, Өтеғұлдар бастаған 800 сарбазымен келіп қосылған. Ал 1798–1816 ж.ж. Көтібар Қабақ руының старшыны болған кезінде Ресейдің Хиуа, Бұхара, Қоқан хандықтарына жіберілген керуендерін тонап, руластарына мол олжадан таратып берген. Көтібар батыр Хиуа хандығы мен түрікмендердің қазақ жеріне басқыншылық жасағандары үшін оларға қарсы күреске қатысты. Кейбір деректерде 1833 ж. патша өкіметінің арандатуымен жағалбайлықтар мен шектілер арасында дау пайда болып, оның жаласы Көтібар батырға жабылады. Содан Көтібар батыр Орынбор жағынан Бесүңгір тауына қарай келе жатқанда Жағалбайлы руынан шыққан Жанқасқа батырдың жасағымен кездесіп, осы шайқаста қаза табады. Жалпы оның өмірінің соңғы жылдары Ресей отаршылдық саясатына қарсы күреспен өтеді.

Көтібар батыр – қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Оның өмірі мен қызметі қазақ тарихындағы маңызды оқиғалармен байланысты. Батыр жөнінде ел ішінде тараған аңыздар мен әңгімелер көптеп кездеседі. Соның бірі Көтібар батыр тұлғасы «Айман – Шолпан» дастанында басты кейіпкер ретінде жырланады. Халық оны өз заманының қасиетті тұлғасы ретінде таниды.

Мұнара төбешіктің үстінде орналасқан, тікбұрышты қам кесектерден (10х17х27 см) тұрғызылған. Оның көлемі: негізгі диаметрі – 4,1 м., биіктігі – 9,5 м. Мұнараның бітімі жоспарында дөңгелек, төменгі бөлігі цилиндрлі, ортасынан сәл төмендеу жерден бастап күрт тарыла түскен, жоғарғы бөлігі кесілген күйінде аяқталған. Ішіне төрт қоңырау тәрізді қима орналастырылған бірыңғай кеңістіктің үстіндегі ойық ең биікке – аласа (40 см) парапетті өте тар галереяға шығуға мүмкіндік береді. Алғашында жер бетінің деңгейінен биіктеу салынған (шамамен 1,5 м) және сүйірлі аркамен көмкерілген тар кіреберіс ойығы оңтүстікке, Көтібар кесенесіне қарай бағытталған. Мұнара кесенеден кейін шамамен 1869 ж. салынған.

Көтібар мұнарасы – қазақ халқы үшін батырға құрмет ретінде қойылған қасиетті ескерткіш. Көтібар батыр мұнарасы туралы алғашқы деректердің бірі 1960 ж. жинақталған «Қазақстанның археологиялық картасында» кездеседі. Онда Көтібар батырға арналған бұл ескерткіштің қысқаша сипаттамасы беріліп, нысанның 1869 ж. тұрғызылғаны туралы мағлұмат келтіріледі.

Нысана республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде танылған.

Деректер

  1. Археологическая карта Казахстана. Реестр / сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др.. – Алматы: Изд-во АН КазССР, 1960. – 449 с.
  2. Байтенов Е. Көтібар батырдың кесенесі мен мұнарасы // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 410–412-бб.
  3. Көтібар батыр // «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының, 2003. – Т. 5. – 720 б. - Б. 54.
  4. Қазақ батырлары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен / Құрастырған К. Табылдиев. – Астана: Фолиант, 2008. – 333 б.
  5. Тәжекеев Ә.Ә., Султанжанов Ж.К. Сыр бойында орналасқан қазақ мұнаралары // Қазақстан мен іргелес елдердің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі заманауи әдістер мен тұрғылар: халықар. ғыл.-әдiст. конф. матер. / Жауапты ред. Ғ.Қ. Омаров. – Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 1-бөлім. – 192–194-бб.
  6. Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».
Толығырақ

Суреттер


Кіру