Қалжан ахун мешіт-медресесі

Сипаттамасы

Мешіт-медресе Қалжан ахун ауылынан батысқа қарай 12 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы).

Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862–1916, Сыр бойы) – діни қайраткер, дін ілімін жете меңгерген ғұлама ғалым. Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысы Жаманқарғалы деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп, сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының биі болады. 1875 ж. 90 жасында дүниеден қайтқан.

Қалжан ахун Хиуа хандығындағы діни мектепте, кейін 1879 ж. Көкілташта оқып білім алған. Ол парсы, араб тілдерін жетікмеңгеріп, Ораз ахун Бекетайұлымен сырлас дос болып, Сырдария бойына тұрақты қоныс тебеді. Қалжан ахунның білімдарлығын танып-білген. Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 ж. оны Табындарға (Жалағаш ауылы) алып келеді, сол ауылда Қалжан ахун ширек ғасыр бойы өзінің атымен аталған (Қалжан ахун мешіті) мешітте имам болады. Қалжан ахунның арманы дәріс беріп жүрген мешітін, бұрынғы өзі оқыған Көкілташқа ұқсатып салу болды. Мешіттің архитектуралық жобасын Бұхарадан жасатып, оның іргетасы 1902 ж. қаланды. Оның жанынан кірпіш күйдіретін шағын зауыт жұмысқа қосылып, айналадағы ел жиналып, қаржы құрап мешітті салады. Мешіт халықтың қолдауымен салынып, біраз жыл жастарға діни білім беретін орталық болады.

Қалжан ахун патша үкіметі тарапынан қудалауға ұшырап, түрмеге жабылады. Қалжан ахун өз мешітіне жерленеді. Алғашқы мешіттің құрылысы кесектен, кейіннен күйдірілген кірпіштен салынған. Мешіт жоспары бойынша қабырғалары 44 м, биіктігі 5 м төртбұрышты етіп салынған. Барлық бөлмелер ауланың периметрінде орналасып, ескерткіштің негізгі қасбеті солтүстік солтүстік-батыс жаққа бағытталған, онда мешіттің бас қақпасы бар. Сонымен қатар, бас қасбетке мешіт бөлмесі мен тамақтану бөлмесі шығып тұр. Ал, құжыралар бүйірлік қасбеттерді жағалай орналасса, аула қызметтік бөлмелерге жалғасқан.

Мешіт кіреберіс бөліктен және ортасында кірпіш бағанасы бар намаз оқитын залдан тұрады: залдың батыс қабырғасында ортаңғысы (михраб) биік және екі жағында бір бірден орналасқан кіші өлшемді нишалар бар. Тамақтану бөлмесінде де кіреберіс бөлме орналасқан.

Сағана тікбұрышты күйдірілген, жоғары сапалы кірпіштерден (6/7х13х28 см, 10 қатар + 10 адым) тұрғызылған. Оның жоспарының аумағы – 9,8х14,5 м, биіктігі 3,8 м.

Жоспарында тікбұрышты болып келген ескерткіш көлденең өсімен оңтүстік-батыс солтүстік-шығыс бағыты бойынша созылған. Ескерткіш екі бөлікке бөлінген: оңтүстік-батысын мешіт алып жатса, ал қарама-қарсы жағында ішінде бірнеше қабір үсті ескерткіштері бар аула орналасқан.

Ескерткіштің кіреберісі оңтүстік-шығыс қабырғада орналасқан және үсті кірпіш пирамидалармен аяқталған аттикалық тәжделеумен ерекшеленген. Аттиктік орталық мұнарашасы қалғандарына қарағанда биіктеу, оның астында, негізгі және аулалық қасбеттерінде араб графикасында жазылған «1334» деген санды филенка орындалған.

Ескерткіш жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени нысан болып табылады. Туризм нысаны.

Деректер

  1. Байтенов Э. Мавзолей-медресе Калжан-ахуна // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. - С. 375.
  2. Бердәулдетов К. Сыр бойының саңлақтары. – Қызылорда: Сыр бойы, 2002.
Толығырақ

Суреттер


Кіру