Қалқай ишан кесенесі

Сипаттамасы

Жосалыдан шығысқа қарай 18 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы).

Қалқай ишан, Қалмұхамед Маралұлы (1815, Сыр мен Торғай өңірі – 1870, Қармақшы өңірі) – діни қайраткер. Марал ишанның үлкен баласы.

Қалмұхамед ишан танымал әулие және діни ұстаз болған. Әкесінен діни тағылым алып, кейін Бұхара мен Бағдат қалаларындағы діни медреселерде оқып, білімін толықтырған. Қалқай ишан мешіт, медресе салып, жастарға мұсылмандық білім берумен қатар, елді егіншілікке үйреткен. Айта кетер жайт, ғалым, жазушы Шоқан Уәлихановтың шын есімін (Мұхаммед Қанапия) Қалқай ишан қойған. Қолына сәбиді алып тұрып ол былай деген:

Арғы атаң Уәлихан мен Қасым,

Олардан да атақ-даңқың болар басым.

Ел-жұртың құрмет тұтып,

Әуелден ақырға жетер атың.

Бүгінде Қалқай Ишан халық арасында әулие аталып кеткен. Оның бейіті тәуап ету орнына айналған. Деректер бойынша кесенесін Түркістан шебері салса керек. Ескерткіш тікбұрышты қам кесектерден тұрғызылған. Екі камералы кесене (жерлеу және кіреберіс камерасы) ұзына бойғы өсте орналасқан, олар призматикалық корпусқа кіреді. Жерлеу камерасы жазық конусты күмбезбен көмкерілген, күмбез асты барабанмен жалғасып жатыр. Камера негізінің шаршысынан дөңгелек келген күмбезіне камера бұрыштарын тартып қалаудағы желкендер арқылы өткен. Жерлеу камерасына кіреберіс камерасы оңтүстік-батыстан жалғасып жатыр, ол пішіні тікбұрышты келген, биік күмбезбен жабылған, қапталдағы қабырғаларында аркалық нишалар салынған. Бұл камераның (оңтүстік-батыс) негізгі фасады портал түрінде болып келген. Орталық бөлігінде биік аркасында есігі бар, порталдың бұрыштарына төрттен үш бөлігіне дейін дөңгеленген, еркін күмпиген мұнаралар орнатылған.

Қам кесектердің және тартып қаланудан шыққан желкендердің пайдаланылуынан жергілікті дәстүр белгілерінің көрінуі, ал негізгі фасадтан Қожа Ахмед Яссауи кесенесі не ұқсастықтардың байқалуы, Қалқай кесенесінің өзгеше ерекшеліктерін аңғартады. Бұл – Сырдария өзені сағасындағы шикі кірпіштен салынған монументалды кесене болғандықтан, өзіндік сәулеттік өнер тұрғысынан бірегей және маңызды нысандардың бірі болып табылады.

Деректер

  1. Байтенов Е., Әбдібаев Ш. Қалқай ишан кесенесі // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 371 б.
  2. Дайрабай Т. Қалқай ишан // Ана тілі, 2013, 27 маусым.
Толығырақ

Суреттер


Кіру