Қорасан ата кесенесі
Сипаттамасы
Кесене Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы орталығынан 35 км, Жаңаарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км жерде орналасқан. Кесене аңыз бойынша ағартушы Қорасан ата батырдың құрметіне тұрғызылған.
Барлық өмірі мен өнегелі тірлігі алты алаштың баласына мәлім, сонау Арабиядан Орта Азия, түркі, қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алғаш әкелгендердің бірі – халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Әбдіжалил Баб еді. Халық аузындағы әңгімелерде ол Қорасан ата деп аталады. И.А. Кастанье айтып кеткендей, ол шешек (қорасан) ауруын емдеген. Егер де ол науқас адамның басынан аттап өтсе, онда оның ауруы асқынбай жеңіл түрге ауысып (бес қонақ ауруы) тез жазылған.
Қорасан атаның тегі араб, Имам Хасанның ұрпағы, Әлидің ұлы, (Мұхаммедтің күйеу баласы). Оның шын есімі Абдулзялил, ал лақаб аты Қорасан.
ІХ ғ. Иран мен Тұран бағытында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанға ислам дінін тарату мақсатында Әбдірахим баб, Ысқақ баб және Әбдіжалил баб бастаған топ жіберіледі. Бұл кездері Ысқақ баб пен Әбдіжалил бабтың әкесі Әбдірахман баб Шам шаһарының патшасы болған. Әбдіжалил Баб Сырдарияның сол жағалауындағы Қызылқұм өңіріндегі «Тотықұс» аралына (қазіргі Жаңақорған ауданының аумағында) келіп табан тірейді, осы жерді тұрақты мекен етеді. Мешіт-медресе салдырып, бала оқытады, емшілік істермен де айналысады.
Ислам діні мен мәдениетін Орталық Азия мен Сыр бойында уағыздаудың көш басында тұрған Қорасан Атаның қадір-қасиеті уақыт өткен сайын артып келеді. Оның ұлылығына бас иген Ахмет Яссауи әр жылы Ораза, Құрбан айт намаздарында осы Қорасан ата басына келіп Құранын бағыштап, Меккедегі Қағбатілләның осындағы көшірмесіне жүзін беріп намазын оқып қайтады екен.
Қорасан атаның Хусаин-Гази атты ұлы болған. Аңыз бойынша оның қалмақтармен шайқаста аты шыққандықтан Гази деп аталып кеткен. Хусаинға бірде-бір найза, қылыш, қару еш зиянын тигізе алмаған. Хусаин-Газиді өлтіруді қалаған қалмақтар айлакерлікпен әйелінен оның таң намазы уақытында өз күшін жоғалтатындығын біліп алады. Осылай, қалмақтар Хусаин-Газиді аңдып, таң намазы уақытында мешітте семсермен шауып өлтіреді.
Қорасан ата таңғы «Сүннет» намазын өз мешітінде оқыса, ал, екінші «фарз» дұғасын міндетті түрде Меккеде оқыған. Бірде Хусаин-Гази әкесінен «фарз» уақытында сіз көрінбейсіз, сол уақытта қайда боласыз? – деп сұрайды. Сонда Қорасан ата «фарз» дұғасын Қағбада оқимын деп жауап береді. Соншама қиыншылықпен ол жерге барғанша Ұлы Қағбаны осында әкелсек жақсы емес пе? – дейді. Әкесі бұл жағдай менің билігімде емес деп жауап береді. Сонда Хусаин-Гази әкесінен: Алладан Қағбаны Меккеден осында әкелуін сұрап, дұға жасайды. Әкесі рұқсатын береді, Хусаин-Гази таң намазын оқып отырғанда, Қағба аспанға көтеріліп, Қорасан атаның алдына келеді. Мұны көрген әкесіұлының қасиетті адам екенін түсініп, Қағбаны Меккеге қайтарады. Хусаин-Газидің тілегі бойынша Мекке бір рет осында ауыстырылған. Қағбаның көлеңкесі түскен жерді сызып қойған. Бұрын сол жерді Қағбаға санап, зиярат еткен. Бірақ кейіннен ислам дінінің келуіне байланысты, бұл шариғатқа сәйкес келмейді деп, зиярат жасауды тоқтады. Қорасан атаның басына зиярат етуші адамдар алдымен оның ұлы Хусаин-Газидің басына барып, сонан кейін Қорасан атаның басына келген. Себебі Қорасан ата ұлын өзінен жоғары санаған, осылай жасауды көзінің тірісінде айтып кеткен.
Аңыз әңгімелерде Қорасан ата таңғы намазын оқып тұрғанда бүкіл тұла бойы қорғасындай еріп тұратын болған екен. Ислам дінін уағыздаумен қатар жүйке, қояншық, шешек ауруларын емдеп жазатын болыпты. Қорасан ата өзі өлсе де рухы өлмей мазар басына түнеп, перзент сұраған ерлі-зайыптыларға ұл сұраса ұл, қыз сұраса қыз берген. Бұл жөнінде қазақ халқының эпостық жырларының бірі Қобыланды батыр жырында Қорасан атаның киесі туралы айтылады.
Қорасан ата өлгеннен кейін, құрмет тұт қан халқы оның қабірінің үстіне қорған орнатады. Кейінірек бұл жерге мешіт салынады. Кеңес үкіметі кезінде қиратылған мешіт, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қайта қалпына келтірілген. Қорасан ата кесенесі өзінің әртүрлі көлемдегі әсем кескінді күмбездерімен ерекшеленеді. Нысан зиратта ғана емес, оны қоршап тұрған бірнеше шақырым жазықтықтан көзге түседі.
Қорасан ата кесенесі тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден (28х14х7 см) тұрғызылған. Биіктігі – 14 м, ұзындығы – 16 м, ені – 8 м. Призмалы корпус болып келген кесененің іші жеке-жеке есіктері бар кіші және үлкен камераларға бөлінген. Камералар күмбез асты барабандарында тұрған жарты шар тәрізді кіші және үлкен күмбездермен жабылған.
Кіші камерадағы күмбез асты барабан жоспарында дөңгелек болып келген. Ал үлкен камера сегіз қырлы. Бұл барабандардың диаметрі негізгі күмбезге қарағанда көлемділеу болып келген. Камералардың кірер есіктері бөлек – кіші камераның кіреберісі оңтүстік-шығысқа бағытталған және алдыға қарай шығып тұрған порталы бар. Үлкен камераның есігі оңтүстік-батыста орналасқан.
Кіші камераның порталы біреу ғана: ол шамадан тыс ұлғайтылып қойылған, ол төбе шатырына дейін көтерілмейді және кең сводты дәлізді еске түсіреді. Кесенені «дахистандық» деп аталатын топтар біріктіреді, зерттеушілер терең және тар порталдарды мұсылмандыққа дейінгі көшпелі халықтардың дәстүрімен байланыстырады. Бөлменің кіреберісіндегі үлкен камерада тілеухана орналасқан, оның да биіктігі кесененің төбе шатырымен бірдей, бірақ төбесі шатырланбаған. Кесененің шатыры кірпішті тіреуіші бар карнизге отырғызылғанымен, ол тек кіші камераның үстінде ғана бар.
Кіші камераның әр төрт қабырғасында үлкен аркалы нишалар орналасқан. Дөңгелек күмбезге біртіндеп тартып қаланған бұрыштық аркалы өтпе тоғыстар арқылы өтеді. Қаландының осы жері–сыртқы бөлігі күмбез асты барабанмен көрінбей тұр, ал, оған көлденеңінен және ұзынынан төрт аркалы ойық орнатылған. Үлкен камераға өтетін дөңгелек күмбездің құрылымы басқаша. Бұл желкендер бұрыштағы камерадан түсетін жасанды қаландының бұрышынан 45º қабырғаға қарай орналасқан. Дөңгелек күмбез біртіндеп сегізбұрышқа өтеді – оның сырты сегіз қырлы барабанмен көрінбейді, оның төрт жағында аркалы тесіктер бар. Камера іші сыланған. Бұл камерада сегіз құлпытас орналасқан. Құлпытастар төрт-төрттен, екі қатары кіреберісте орналасқан. Солардың ішінде – Қорасан ата құлпытасы (кіре берістегі оң жақ қатардағы үшіншісі), тілеухананың жалғасып жатуы тегін емес. Жаңа кесене бұрыңғы қираған кесененің құрылымын толық қайталайды. Осыған қоса тілеухананың оңтүстік-батыс қасбетінде жерлеу орны орналасқан екі камера бар.
Қорасан ата кесенесі жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш.
Туризм нысаны болып табылады.
Деректер
- Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 513 с.
- Байтенов Э. Мавзолей Корасан-ата // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 375.