Қорқыт ата мемориалдық кешені

Сипаттамасы

Кешен Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы).

Қорқыт ата тарихи тұлға, жырау, қобызшы. Ол ел бірлігін нығайтқан қайраткер, түркі дүниетанымының негізін қалаған ғұлама ойшыл ретінде белгілі.

Қыпшақтар арасында кең тараған аңыз бойынша Қорқыт ата жаңадан туылған балаға ат берген; өйткені Қорқыт ата арқылы адамдарды дүниеге келтіреді деп сенген. Оған халқы баба, пір, ер – деген үш ат беріп, пайғамбардан кем табынбаған. Әдепкі деректерде Қорқыт тәңірге сенген ғұлама ретінде көрінсе, оны кейіннен Алламен байланыстыратын болған. Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әртүрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде Х ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырым бар. Ә. Марғұланның еңбектерінде ол VII–VIII ғ.ғ. аралығында өмір сүрді делінсе, Ә. Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата ХІ ғ. басында дүниеден өткен деген пікір айтылады. Ғалым Ә. Қоңыратбаев одан әрі Қорқыт бейнесінің көп сипаттылығына орай деректерді екі арнаға жіктеген: бірі – тарихи жазба мәліметтер де, екіншісі ел аузындағы аңыз-әңгімелер.

«Қазақ аңыздарында Қорқыт бір ғана бақсы емес, көптеген күйлер мен дастандар тудырған тарихи тұлға екені айғақ. Кейін бұл аңыздар ислам санасымен бояла бастаған. Бірақ бұл жай оның жырларында жоқтың қасы. Қорқыт жырлары дала поэзиясының басы, сондықтан оның жырлары мен күйлері, аңыздары қазақ халқына ортақ болып табылады.

Қорқыт аңыздарының ішінде әлемге кең тарағаны – «Қорқыт пен қырық қыз» туралы жыр. Қорқыт Сыр суының бетіне жайылған кілемнің үстіне отырып өмірге, еліне, жеріне арнап күйлер тартқан. Сарнап шыққан Қорқыттың қобызының мұңды дауысын естігенде өзен бойында отырған елдер тобымен екі жағаға отырып, емірене тыңдайды екен. Қобыздың дауысы кешқұрым Сыр бойынан асып, Арқадағы елдерге жеткен. Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйіне елітіп, үйлерінен жүгіре шығады. Қобыздың үні жақыннан шыққан сияқты болып естіледі. Бірақ қыздар күні-түні жүріп, оған жете алмайды. Жол жөнекей ел таба алмаған 39 қыз өкпесі өшіп өледі. Тек қырқыншы қыз аяғынан айрылып, ақсаңдап Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп, сол жерде көзін жұмған.

Тағы бір аңыз бойынша жаналғыш әзірейіл көп заман Қорқыттың жанын ала алмай, бос қайта беріпті. Бір күні әзірейіл алтын сандық жасап, Қорқытқа келіп: «Кір мына сандыққа», – деп бұйырады. Мына бойыммен қалай кіремін, әуелі өзің кіріп көрсетші, – деп Қорқыт әзірейілді алдап, сандыққа кіргізіп, суға ағызып жіберіпті. Әзірейіл көп заман сандықтан шыға алмай, суда қалқып жүргенде, халық ол жоқта еркін өмір сүріп, көп уақыт өлім дегенді білмей, бір қызықты дәуір кешкен екен.

Ендігі бір аңыз бойынша: Қорқыт жиырма жасқа жеткенде түс көріп, түсінде ақ киген біреу «қырық жастан артық жүрмейсің» деп аян береді. Қорқыт одан сескеніп, өлмейтін дүние іздеудің соңына түседі. Желмаясына отырып, дала кезіп кетеді. Көп уақыт жүріп келе жатса, алдынан жер қазып жатқан бір топ кісіге жолығады. «Мұны неге қазып жатырсыңдар?» дегенде әлгілер «Қорқыт әулиеге» деп жауап береді. Оны естіген соң, зәресі ұшып, өлімнен құтылу үшін, дүниенің екінші шетіне жөнеледі. Онда барғанда да бұрынғы түсін көреді. Таң бозынан аттанып, тағы да дала кезіп кетеді. Түсінен шошынып, дүниенің төрт бұрышын түгел кезіп шығады. Бірақ қайда барса да көретіні қазып жатқан көр болады. Жан сақтауға жер таба алмай, әбден тарыққан соң, Қорқыт жер ортасына келеді. Ол өзінің туған жері Сыр суының жағасы, бұл жерде отырып, Желмаясын сойып, оның терісімен қобызын қаптаған. Ол қазіргі Қорқыт мазарының тұрған жері еді. Бұрынғы түсі тағы кіреді. Суда көр қазушы болмас, оған ажал да келе қоймас деп, өлімге қарсы амал ойлайды. Сусыз жерде жан сақтауға болмаса, енді судың ортасында тұрайын деп Сырдың бетіне кілемін жайып, жүз жылдай сонда тұрып өмір сүреді. Күндіз-түні сонда тұрып, толқынды күйлер шығарады. Барлық нақыл сөздерін осы арада отырып айтады. Сыр суының ағыны қандай тоқтаусыз болса, Қорқыттың қобызы да тоқтаусыз сарнайды, өмір жырын шертеді, қызық көруге шақырады. Өлім қанша жақындап келсе де, қобыздың күйі, судың ағыны оны көп заман жолатпайды. Көп заман ұйқы көрмей, қатты ұйқыға батқан кезде оны өлім іздеп тауып, қайрақ жылан келіп, шағып өлтірген екен.

Бізге жеткен аңыздарда Жанкент шаһарының тарихында да Қорқыт кездеседі. Бұл туралы Ә. Марғұлан былай деп жазады: Жанкент туралы айтылатын қазақ аңыздарында бұл қаланы мекендеген елдің жойылып кетуін, оның күйреп бітуін қалаға ордалы жылан қаптап кетуінен деп қауесет етеді. Қаланың даңқты адамдары Қорқыт ата, Сарман құса, Санжақ сұлтан, оның жұбайы Бикем, олардың ата-аналары тегісімен жыланның шағуынан өледі. Жанкент патшалығын сақтау үшін Сыр бойына қара дауыл соқтырып, Қорқыттың күшті рухы ретінде қара бура келген.

Қорқыт туар кезде Сыр бойы мен Қаратауды қараңғылық басып, ол тау кейін «Қараспан» аталыпты. Ал қараңғылықты қорқыныш сезім деп оның атын Қорқыт қойыпты. Ол жарық дүниеге келісімен сөйлей бастапты. Бұл туралы академик Әлкей Марғұлан ел аузынан мынадай жырды мысалға келтіреді:

Қорқыт туар кезеңде,

Қараспанды су алған.

Қара жерді құм алған,

Ол туарда ел қорқып,

Туғаннан соң қуанған.

Қорқыт туралы бірінші рет жазған арабтың зерттеушісі әл-Истахри болатын. Ол Хорезмді, Сырдың бойын аралап жүріп, түріктер арасынан бұрын өткен екі данышпан, ойшыл туралы аңыз естиді. Оның біреуі Бәрзу деген данышпан дәрігер, ал екіншісі Қорқыт – атақты сазгер, өзінің жыры және қобызымен елді аузына қаратқан кемеңгер көсем деп бағалаған екен.

Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты. Аңыз бойынша анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын «Қорқыт» деп қойған дейді. «Қорқыт» сөзінің этимологиясын Ә. Қоңыратбаев «құтты адам, құт әкелетін адам» деп көрсетсе, С. Қасқабасов «өмір сарқылды, адам өлді» деген мағынаны білдіреді деп санайды. Е. Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, «дада, деде» деген сөздерді «насихат айтушы жырау» деп түсіндіреді. В. Жирмунский Қорқыт атаны магиялық аспап – қобыздың иесі, шаман, абыз ретінде қарастырады.

Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын жазба ескерткіш – «Қорқыт ата кітабы» («Китаби дәдәм Коркуд»). Онда Қорқыт ата жырау, ақылгөй, данышпан, көсем, бақсы, күйші ретінде көрінеді. Кітаптың басында Қорқыт атаның нақыл сөздері келтіріледі. Ол «өмір барда өлім бар, өзгеру бар, өлмес өмір жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгі-бақи өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өмірінде істеген игілікті ісінің нәтижесі» дейді. Қорқыт ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт ата ұйықтап кетіп, «егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің» деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, «Өлсем де, жетемін!» дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, «Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!» дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі. Ел-жұртты өзінің жырымен де, күйімен де аузына қаратқан, ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұрттың алауыздығына күйінген Қорқыт ата мәңгілік өмір сырын іздеп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан адамды жолықтырады. «Кімнің көрі?» деген сауалына «Қорқыттың көрі» деген жауап естиді. «Қайда барсаң де Қорқыттың көрі» деген сөз осыдан қалған. Ақыр аяғында жер кіндігін тапсаң, тірі қаласың деген аян естіп, туған жері – Сыр өңіріне оралады. Содан мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын ойлап шығарады.

Аңыз әңгімелерде Қорқыт ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл адам болған. Е. Тұрсыновтың түсіндіруі бойынша, бұл жердегі желмая қобыздың рәміздік бейнесі болып табылады.

Кеңес дәуірінде Қорқыттың мазарына айтарлықтай мән берілмесе де, оның есіміне байланысты аңыз, әңгімелер жиналып, зерттеле бастады. Ә. Диваевтан бастап М. Әуезов, Ә. Мар ғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Байділдаев тағы да басқа көптеген ғалымдар арнайы еңбектер жазған.

Қорқыт атаның алғашқы мазары қазіргі Қармақшы ауданы, Қорқыт бекетінен 3 км жерде тұрғызылған. ХІХ ғ. соңында Ә.А. Диваевтің және И.А. Кастанье зерттеулеріне негіз болған. Бізге «Түркістан альбомы» жинағында жарияланған Ә.А. Диваевтің фотосуреттері арқылы жеткен. Ә.А. Диваевтің сипаттамасы бойынша, құрылысы шикі кесектерден қаланған. Жоспары дөңгелек пішінді 6-8 қырлы күмбезді болып келген құрылыс. Қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Мазардың бұрынғы орнына қазіргі заманғы мемориалдық ескерткіш орнатылған.

Мемориалды кешен Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Қорқыт ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Кешеннің құрылысы 1980 ж. басталған. Авторлары – Б.Ә. Ибраев, С.И. Исатаев.

Ескерткішке 1997 ж. қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналдырылады.

2000 ж. кешен жанынан музей және әкімшілік ғимараты ашылады. Осы жылдан бастап облыстық музейдің филиалы ретінде қызмет көрсетіп келеді. 2014 ж. облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде кешеннің маңызды нысандары музей, қылует, амфитеатр, стела, қошқар мүсіні қайта жаңғыртылады.

Стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, Қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Қошқар мүсіні – диаметрі 36,4 метрді құрайтын шеңберлі алаңда орналасқан. Мүсіннің ұзындығы – 165,5 см, ені – 85 см, биіктігі – 120 см. Қордай гранитінен қашалған мүсін – биіктігі 220 см бес деңгейлі тұғырға қойылған. Тұғырдың мүсін қойылған алаңқайының көлемі – 200х90 см. Қылует – оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйі. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Намаз оқитын бөлмеге баспалдақ арқылы түседі. Амфитеатрдың ортасында дөңгелек алаң бар. Көрермендер орындары тұйық шеңберленіп келеді де, сатылай көтеріле береді. Амфитеатрдың өлшемдері: 536 м2, астыңғы диаметрі: 6 метр, үстіңгі диаметрі: 25 метр. Музей – құрылымы бір қабатты, жоспары Г әрпі тәрізді. Өлшемдері 15,9х14 метр. Ғимарат 3 экспозициялық залдан тұрады. Музей қорында 700-ге жуық экспонат сақтаулы. Стела, қылует, амфитеатр орналасқан биіктетілген алаңқай гранитпен жапсырылған, биік бетон қабырғамен қоршалған. Кешеннің осы бөлігінің қоршау көлемі 74,22х67,18 м., биіктігі 3,9 м.

Қазіргі таңда кешен түркі тілдес елдердің тағзым ететін қасиетті орыны және күрделі сәулеттік өнер туындысы ретінде ерекше маңызға ие. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші және туристік нысан болып табылады.

Деректер

  1. Ауэзов М.О., Соболев Л.С. Эпос и фольклор казахского народа // Мысли разных лет. По литературным тропам. – Алма-Ата: Казгослитиздат, 1961. – 544 с.
  2. Байтанаев Б.Ә., Диваев Ә.А. – Түркістан өлкесін зерттеуші. – Алматы, 2016. – 208 б.
  3. Байтенов Э. Мемориальный комплекс Коркыт-ата // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с. – С. 375.
  4. Барлыбаева Г.Г. Эволюция этических идей в казахской философии. – Алматы: К-ИЦ ИФП КН МОН РК, 2011. – 216 с.
  5. Бектібаев Р. Тәңірге сенген ғұлама // Сыр бойы, 2002. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: Гл. ред. Казахской советской энциклопедии, 1961. – Т. 1. – 777 с.
  6. Ғабитов Т., Әбішев А.. Қорқыт-ата «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас ред. Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 321 с.
  7. Диваев Ә. Тарту. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 255 б.
  8. Ибраев Б.А., Исходжанова Г.Р. Возрождение мифологии: Коркыт-ата – Заратуштра // Труды Междунар. научн.-практ. конф. (21–24 апреля 2009). – Бишкек: Кыргызко-Российский Славянский университет, 2009. – С. 33–40.
  9. ҚасабековА., Алтаев Ж. Қазақ философиясы. – Алматы: Ер-Дәулет, 1996. – 184 с. – C. 148.
  10. Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 513 с.
  11. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985. – 239 с.
  12. Туркестанский альбом. Часть историческая. 1871–1872. – Ташкент: Тип. Туркестанского губернатора, 1872. – 70 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру