Құтқарушы Христос шіркеуі
Сипаттамасы
Шіркеу қазіргі Қызылорда қаласы И. Тоқтыбаев көшесі, 5 үй мекен жайында орналасқан.
ХІХ ғ. орта шенінен бастап патша билеушілері қазақ жерлерін отарлау саясатын қарқынды жүргізу мақсатында жер-жерде христиан шіркеулерін сала бастайды. Сонымен қатар христиан дінін таратуға бағытталған насихат жұмыстары да белсенді жүргізіледі.
Зерттеулерге сәйкес, 1855 ж. 15 қазанда Перовск фортының орталығынан бірінші жылжымалы православиелік шіркеу ашылады. Оның негізін салушы дін қызметкері поп Лев Гороховский болды. Ал 1863 ж. қалада алғашқы тұрақты қызмет ететін православиелік шіркеу ашылады. Құлшылық ету Қазан Құдай анасының құрметіне арнап жүргізіледі. Алайда, саз кірпіштен қаланып, төбесі киізбен жабылғандықтан, бұл шіркеу үйі 1868 ж. болған қатты жауыннан құлап қалады. Сол жылы қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланып, төбесі жабылған жаңа шіркеу пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 1890 ж. шіркеудің жана ғимаратының құрылысы басталады. Ол 1896 ж. пайдалануға беріледі. Орталық үкімет пен жергілікті орыс шаруаларының қаражатына салынған ерекше сәулет кешені. Шіркеу ғимараты 1930 ж.ж. жабылып, онда қоныс аударғандарды қабылдау пункті, кейін обсерватория орналасады. Ғимаратта 1982 ж. дейін тарихи-өлкетану музейі жұмыс істеп келді. Музей бұл жылдары аймақ тарихы мен табиғатын зерттеу жұмыстарымен айналысыпты. 1989 ж. мамыр айынан бастап ескі ғимарат православтық орыс шіркеуі ретінде пайдалануға беріледі.
Шіркеу ғимараты екі бөліктен: мінәжат етуге арналған залдан және кіреберістен тұрады. Көлемі 17х28 м, биіктігі 18 м. Кресті- күмбезді түрде жасалған негізгі бөлігі, крестің ұштары теңдей («гректік»), крестің кіреберіс бұрыштарында қосымша бөлмелер бар. Бұл крест тәрізді кеңістік биік (екі шырақты), орта кресті екі бөліктік сегіз қырлы барабанда тұрған жарты циркульді, аркалы сегіз тар терезе ойықтарымен кесілген. Крест тармақтары фасадтарына сәйкес пішінді жасайтын жарты циркульді көрініске ие күмбезшелермен жабылған. Осы бөлшектердің үстіңгі жағында жартылай дөңгелек доғалармен жабылған жоғары пропорциялы үш бөліктік терезелер, төменгі деңгейдегі қапталдық фасадтарға қосымша кіреберіс ойықтары жасалған. Мінәжат ету залының есігі батыс жақтан жасалған. Бұл екі шырақтық, сегіз қырлы күмбез асты барабанындағы күмбезбен тәжделген. Күмбез негізгі күмбезге ұқсас, бірақ көлемі кішірек. Бірінші деңгейде кіреберіс бөлігі, екіншіде күмбез асты барабанында орналасқан үш тереземен жарықталған хорлар жасалған. Фасадтарының қабырғалары жасалуының негізгі сарыны болып фасад қабырғаларының рустовкасы, сонымен қатар профильденген сыртқы ернеулермен жиектік бөлшектеу болып келеді. Ішкі кеңістік жиектік жолақпен екі деңгейге бөлінеді. Шіркеуге 250-300 адам сияды. Архитектуралық нысан – кең тараған жобалардың баламасы. Осыған ұқсас шіркеулер Астраханда және Ташкентте бар.
Христос шіркеуі христиан дінін ұстанатын қауым үшін мінәжат ететін қасиетті орын болып табылғандықтан, сыйынушылар шіркеуге келіп, ғибадат жасайды. Бұл ескерткіш жергілікті жердің мәдени-тарихи өзіндік даму ерекшеліктеріне байланысты бой көтерген болатын.
Ғимарат мемлекет қорғауына алынып, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Сәулет өнерінің ескерткішіне 2014–2015 ж.ж. қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Деректер
- Байтенов Е., Әбдібаев Ш. Құтқарушы Христос шіркеуі // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б. – 66–67-бб.
- Глаудинов Б.А. История архитектуры Казахстана. – Алматы: КазГАСА, 1999. – 258 с.
- Қызылорда қаласы // Алтайдан Каспийге дейін. Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштері мен көрнекті орындарының атласы: 3 томдық. – Алматы, 2011. – 2 т. – 728 б. – 647–655-бб.
- ХІХ ғ. ортасы – ХХ ғ. басындағы халық ағарту ісі мен Сыр өңірінің рухани өмірі // Кәрібозұлы Б., Аңсатова М., Ибраев У. – Қызылорда–Астана: «Фолиант» баспасы, 2015. – 304 б. – 126–133-бб.
- Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».