Құттыбай кесенесі
Сипаттамасы
Сәулет өнерінің ескерткіші Өркендеу ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 4 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы). Ескерткіш Сырдария салаларының жыл сайынғы су алып кетіп жатқан ойпатты жазығында орналасқан.
Ел жадындағы деректер бойынша Құттыбай Ақболұлы шамамен 1807 ж. туып, 1900 ж. дүниеден өткен. Ол Сыр өзенiнiң төменгі ағысында Арал – Қазалы өңiрiнде өмір сүріп, өз заманының атақты биі, әрі батыры болған. Жасынан зерек, пысық болып өскен Құттыбайдың батырлығы, көрегендiгi, ел iшiндегi түрлі дауларды бiтiстiріп, бидің міндетін де атқарғандығы туралы әңгімелер көп тараған. Оның ел билiгiне араласқан шағы Сыр бойына қоқандықтар мен хиуалықтардың өктемдік саясат жүргiзiп тұрған кезеңіне сәйкес келеді.
Ескерткіш төртбұрыш пішіндес, биік күмбезді құрылыс болып саналады. Кесене күйдірілген тікбұрышты кірпіштен тұрғызылған (6х13х26 см), жоспары бойынша көлемі – 9х11,23 м., биіктігі – 7,45 м. Кесене кіреберіс бөлмеден және тікбұрышты призмалық құрылысы бар шаршылы (6х6 м.) қабір бөлмесінен тұрады. Сондықтан ескерткіш екі камералы кесене түріне жатады. Мұндай тарихи ескерткіш жерлеу камерасына әдетте тікбұрышты, бірақ кішірек өлшемдегі кіреберіс дәлізімен ерекшеленеді. Сыр бойында көптеген кесенелердің кіреберісі бүйірлі фасадта орналасқан. Құттыбай кесенесіндегі бөлмелер күмбезбен жабылған. Есігінің екі жағы мен маңдайшасына үш қатар сәнді ойық түсірілген. Жоғарғы бөлігі өрнектеліп, үсті үш қатар ойық қуыспен және дөңгелек нақышпен безендірілген. Кіреберіс ойық оңтүстік-шығыс қа қарай бағытталған бүйірлік фасадта орналасқан. Кесене фасадтары бұрыштық және аралық пилястрлармен бөлінген. Алдыңғы беті өрнекті кірпіштермен әсемделген. Негізгі көлеміндегі шығыңқы іргесінің жиегі «сухариктер» түрінде безендірілген. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған Құттыбай кесенесі күмбезінің нақышты, әдемі болуымен ерекшеленеді. Күмбездің сапалы қаландылары ішкі жағында айқын көрінеді, тегіс қатарлы қаландылар күмбез асты құрылыстармен үйлесе қиюласқан. Кесененің фасады өте бай безендірілген және өзіндік сипаты бар күмбездерімен ерекшеленеді. Құттыбай кесенесіндегі кірпіштен безендірілу элементтері бүгінгі таңда осы өңірдегі ұста-шеберлердің ағаштан жасалған түрлі композицияларында кездеседі.
Құттыбай кесенесі ХVIII ғ. аяғы–XIX ғ. басына жататын, өзіндік архитектуралық ерекшелігі бар нысан. Қазақстандағы кесенелер, мешіттер және мұнаралар қазақ халқының ерекше діни сәулет өнерінің туындылары болып табылады.
Құттыбайдың өзі белгілі би, батыр ретінде халық үшін қасиетті тұлға болып танылды, оның кесенесі қазіргі таңда киелі орын болып саналады. Құттыбайдың өмірі мен халқы үшін жасаған адал қызметі жайлы ауызша деректер жергілікті жұрт арасында көп айтылады.
Құттыбай кесенесі 1982 ж. тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізілген республикалық маңызы бар нысан.
Деректер
- Байтенов Э.М. Загадки башни Уун-там и другие памятники Приаралья // Памятники истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: «Өнер», 1984. – 104 с. – С. 45–46.
- Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б.
- Құттыбай күмбезі // «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б. – 334–335-бб.
- Тәжекеев Ә.Ә., Султанжанов Ж.К. Сыр бойында орналасқан қазақ мұнаралары // Қазақстан мен іргелес елдердің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі заманауи әдістер мен тұрғылар: халықар. ғыл-әдiст. конф. матер. / Жауапты ред. Ғ.Қ. Омаров. – Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 1-бөлім. – 192–194-бб.