Марал ишан кесенесі
Сипаттамасы
Жосалыдан шығысқа қарай 18 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы).
Марал ишан Құрманұлы 1769 ж. Нұрымбет ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Ақбала ауылы) дүниеге келіп, 1841 ж. (Қызылорда облысы Қармақшы ауданы) қайтыс болған. Ол Батыс Сібірдің бас имамы болған, бірақ, 1807 ж. патшалы Ресейдің отарлау саясатының күшеюіне байланысты отарлаушыларға қарсы қарулы күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. Оны Ресей патшалығына қарсы Қазақстандағы ең алғашқы ғазауат, дін жолындағы қасиетті соғысты жариялаған адам деп есептейді.
Марал ишан Кенесары Қасымұлының туған нағашы ағасы. Ханның ұлт-азаттық көтерілісін қолдаған. Марал ишанның кейбір оқиғаларды алдын-ала болжап, айтып отыратын көріпкелдігі болған. Оның әкесі батыр Құрман Кенжебайұлы Абылай ханның емшісі болған. 1741 ж. Жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Абылай хан жоңғарларға 200 адамнан тұратын кішігірім қолмен жоңғарларға қарсы шығып, асқан ерлік көрсеткенмен, әскері талқандалып, өзі тұтқынға түседі. Тарихшылардың айтуы бойынша, бұл оқиға туралы Ямышевский банкінің коменданты Сібір губерниясының канцеляриясына жолдаған баяндама хатында жазған. Абылай хан мен Қалдан Сереннің келісімі бойынша, Абылайды босатып, кепіл ретінде қонтайшы Абылайға қазақ әйелінен туған екі қызын ертіп жібереді. Оның бірі Фатиманы Абылай хан сенімді жолдасы Құрманға қалыңдыққа береді. Осы некеден Қызылжарға (қазіргі Қостанай облысы) жақын Қайранкөлде Марал ишан дүниеге келеді. Әкесі қайтыс болғанда Маралдың жасы небәрі тоғызда еді, ол жетімдіктің ащы дәмін көріп өседі. 13небәрі жастағы Марал анасымен бірге жайлы өмір сүретін жер іздеп, Ақмешіт бекінісі маңы на қоныстанады. Ол білім алуды армандағанымен, жоқшылықтың салдарынан Құланбай ишанның қол астында жұмыс істеуге тура келеді. Бай, әрі ақкөңіл Құланбай ишан жасөспірімнің ерекше қасиетін танып біледі.
Сол кездері Өзбекстандағы Бұхара қаласынан шығысқа қарай 50 км және Кәттақорғаннан 70 км жердегі Жам тауындағы үңгірде көріпкел әулие және ғалым Жалаңаяқ ишан өмір сүріп, медресе ашып, онда бала оқытумен айналысқан. Оған Құланбай ишан батасын беріп, жас жігітті Жалаңаяқ ишанға жіберіп, оған қызын беруге уәде береді. Адал және дарынды Марал медреседегі ең мықты оқушылардың бірі болды. Ақмешітке бір барған кезде Құланбайдың қызы Меңлібикеге үйленеді. Марал ишан 10 жыл бойы медреседе оқып, сол кезеңге сай жоғары діни білім алды. ХІХ ғ. соңы– ХХ ғ. басында Орталық Азия халықтарының, соның ішінде Түркістан өлкесіндегі қазақтардың рухани өмірінде ишандар мұсылман дінін уағыздаушылар, халыққа білім беру, емшілік дәстүрін қалыптастыруда, халық психологиясы мен идеологиясында маңызды рөл атқарды.
Халық арасында Марал ишан үлкен беделге ие болды. Көзінің тірісінде-ақ, оны әулие және емші ретінде құрметтеді. Кенесары ханның рухани серігі, қоғам қайраткері ретінде, ол руаралық қақтығыстарды тоқтатуға, отырықшылық өмір салтына көшуге, қолөнер үйренуге шақырды. Марал ишан құрметіне кезінде белгілі ақын, жыраулар Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет ақын жырларын арнаған. Марал ишан 61 жасында туған жеріне сапары кезінде қайтыс болады. Өзінің өсиеті бойынша оны Қармақшыда жерледі. Марал ишан қорымына жақын жерге үлкен баласы Қалқай ишан, немерелері Оспан ишан, Тобағабыл ишан, Қауыс ишан және Әмит ишан жерленген. Олардың барлығы ислам дінін насихаттаушылар және жергілікті халықты әлемдік діндердің бірінің гуманистік дәстүріне тартатын маңызды ғылыми еңбектер қалдырды.
Марал ишан кесенесі тікбұрышты қам кесектерден тұрғызылған. Кесене призматикалық корпусқа кіретін екі камерадан (жерлеу және кіреберіс камералары) тұрады. Кесененің бірінші және екінші бөлмелерінің жоспары төртбұрышқа жақын болып келген. Оның ішінің өлшемдері – біріншісі 6,0х5,8 м, екіншісі – 2,8х2,8 м. Кесене қабырғаларының биіктігі – 2,3 м, порталының биіктігі – 3,5 м.
Кесененің фасады оңтүстік-шығысқа бағытталған. Порталындағы терең нишаның ішінде орналасқан кесенеге кіретін екі жақтаулы есік бар. Сфероконус пішіндегі күмбездері дөңгелек барабандарға бекітілген. Жерлеу камерасы жазықтау күмбезбен көмкерілген, ол күмбез асты барабанмен жалғасып жатыр. Камера негізінің шаршысынан күмбез дөңгелегіне дейін өтпе желкендер арқылы жүреді. Жерлеу камерасына кіреберіс камерасы оңтүстік-шығысынан жалғасып жатыр, ол пішіні тікбұрышты келген, биік күмбезбен жабылған, қапталындағы қабырғаларына аркалық нишалар жасалынған.
Кесене Сырдария өзенінің төменгі жағында орналасқан монументалды қам кірпіштен салынған сәулет өнерінің бірегей ескерткіші болып табылады. Ескерткіштерді сақтауда қазақ халқы үшін ең бастысы, бар өмірін халыққа қызмет етуге, басқыншылардан қорғауға, ағарту ісіне арнаған ата-бабалар рухына тағзым етіп, құрмет тұту, есте сақтау дәстүрі көрініс тапқан.
Деректер
- Ахметбек Б. Ел қорғаны батыр – Марал ишан // Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой – сана атты Марал Ишан Құрманұлының 230 жылдық мерей тойына арналған республ. ғыл.-теор. конф. матер. – Қызылорда, 2010. – 343–348-бб.
- Нұртаев С. Марал баба // Ислам әлемі, 2004, № 3.
- Өтеулі Ә. Қасиетті Марал ишан. – Қызылорда: Тұмар, 2005. – 224 б. – 215–216-бб.
- Сыр елі. Қызылорда облысы энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 2004. – 544 б. – 356–357-бб.