Мүлкалан (Молда калан) кесенесі
Сипаттамасы
Ескерткіш Іңкәрдария ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы). Кесене қам кесектен тұрғызылған көптеген қоршаулары мен қабір үсті ескерткіштері бар үлкен қорымның ішкі жағында орналасқан.
Молқалан (Молда калан, Қаланұлы) – Мехереғланның лақап есімі. Халық жадында Мехереғлан осы жерлердегі белгілі әулие-әмбие, қазіргі кезде де ел арасында танымал әулие ретінде сақталған. Аңыздар бойынша, ол суармалы жер шаруашылығымен айналысқан, бір мезгілде жеті жерде үйі болған. Мехереғлан жергілікті басқа әулие Мағзұммен жақсы таныс болған, тіпті олар бір-бірімен: «кім қайда жерленеді?», – деп те әзілдескен екен.
Мүлкалан кесенесі маңдайшалы-күмбезді құрылыс қатарына жатады. Кесене шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден (23х23х5 см) тұрғызылған, жоспарындағы көлемі 9,26х12,28 м., биіктігі 5 м. Ескерткіш төртбұрыш пішінді болып келген, төбесі аласа келген күмбез асты барабанға орнатылған күмбезбен жабылған. Кіреберіс ойығы оңтүстік-батысқа бағытталған. Ұзына бойы мен көлденең өстерінде барабанның жоғарғы бөлігі мен күмбез негізін алып жатқан төрт тесік бар. Ескерткіш порталының екі жағындағы негізгі фасадта орналасқан тікбұрышты филенкадағы екі аркалы нишадан басқа безендірілмеген қабырғалары сәл қисайған. Кіреберіс ойығының үстінде жазуы бар филенкаларға арналған қаландының төртбұрышты бөлігі шығып тұр. Камераның төртбұрыш пішінді негізінен күмбез шеңберіне өту сегіз қырлы қабат арқылы беріледі. Камераның төменгі бөлігіндегі әрбір қабырғасының ортасында сүйірлене жасалған нишалар орналасқан, архивольттің үстіңгі бөлігі кірпіштің жалпақ бетімен қаланған. Ойықтың қабаттары ұшына қарай сүйірленген, орта тұсындағы ойықтың қабырғалары камераның қабырғаларына тұтаса орналасқан, сөре тәріздес үш кірпіштен қалана отырып, күмбездің сыртына жалғасады. Ойықтың өтпе тоғысы төртбұрыш пішінді камераның төменгі бөлігінен ерекшеленеді. Оның шығыңқы сөресі сегіз қырлы ойықтың күмбез шеңберінің негізіне ауысқан. Өйткені күмбездің төменгі қатарының салмағын жеңілдету үшін әр сегіз қырдың бұрышына қуыстар қарастырылған. Жөндеуге дейінгі ішкі көрінісінде сылақтың қалдығы сақталған, едені күйдірілген кірпіштерден төселген. Камераның солтүстік бұрышында әулиенің қабір үсті ескерткіші орналасқан. Матамен жабылған оның үстіне Құран ілінген. Камераның оң жақ жартысында бір қатарда орналасқан, қам кесектерден қаланып, күйдірілген кірпіштермен жиектелген бес қабір үсті ескерткіші бар. Еденнен бірнеше қабатта ескерткіш бойындай қамысты тығыздап, дымнан қоршау салған. Осы мақсатта қаланған қабырғалар мен порталдарға көлденең ағаш қадалар қойылған.
Кесене ортағасырлық мұсылман сәулет өнерінің дәстүрінде салынған, сонымен бірге Орта Азияның солтүстік бөлігіндегі көшпенділерге тән «дахистандық» порталдың үлгісі де қолданылған. Сол себепті нысанды архитектуралық ескерткіштің көрнекті үлгісіне жатқызуға болады. Ал Мүлкаланның өзін жергілікті тұрғындар қасиетті әулие санағандықтан, ел арасында ол туралы түрлі әңгімелер кездеседі.
Ескерткіш 1982 ж. республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Ескерткішке 1985 ж. қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Нысан киелі орын деп танылғандықтан, жергілікті халықтың зиярат ететін орнына жатады.
Деректер
- Байтенов Е. Мүлкәлән кесенесі // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б. – 394–396-бб.
- Глаудинов Б.А. История архитектуры Казахстана. – Алматы: КазГАСА, 1999. – 258 с.
- Дайрабай Т., Глаудинова М. Мүлкалан күмбезі // «Сыр елі» Қызылорда облысы: Энциклопедия / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. – 544 б. - Б. 387.
- Жонтаева Ж.А., Әбдибаев Ш.Ш. Мүлкалан кесенесі // Сыр елінің мәдени мұралары. – Қызылорда, 2005. – 7–8-бб.
- Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».