Оқшы ата кесенесі

Сипаттамасы

Мазар Бәйгеқұм ауылынан 5 км шығыста орналасқан (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы). Бір қорымда қатар жатқан арыстарды жұрт бөлмейді, құран оқыса, бірге бағыштайды. Бұл жерде Оқшы атамен бірге Асан ата, Есабыз, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол датқа, Бала би сияқты ел ардақтыларының кесенесі орналасқан. Зираттағы ежелгі жерлеу орны – Есабыз ата қабірі.

Оқшы ата мазаратын халық кейде «жеті әулие» деп те атайды. Бұл Оқшы атаның есімімен тікелей байланысты. Оқшы атаның азан шақырып қойған есімі Көгентүп, кейбір деректерде Ибраһим болған делінеді. Оқшы ата – халықтың қойған есімі болса керек.

Оқшы ата туралы зерттеушілердің бірі фольклортанушы ғалым, Әуелбек Қоңыратбаев Оқшының «Қорқыт ата» кітабының басты кейіпкері болуы оның тарихи тұлға екеніне дәлел бола алады деп атап көрсетеді. Сондай-ақ, оны оғыз-қыпшақтың ханы Қазан Салордың батыры әрі қару-жарақ соғатын шебері еді дейді. Оқшы атаның өмірден 1043 жылы өткендігі және өзінің аты берілген мазаратта жерленгендігі туралы қорытынды жасаған.

Ел аузындағы аңыз бойынша, сол заманда Ақмешіт ханы елдің арасынан салық жинаумен қатар, кезекпен әр жұрттан бір қыздан алып келуді талап еткен екен. Ата-анасы Оқшы атамызға осыны айтып: – Балам-ау, сен кеткенде қарындасыңды хан алып кетсе, біздің күніміз не болады? – дейді. Сонда еш абыржымай, сөз алған ол кісі: – Менің атымды үш мәрте айқайлап айтсаңыз болды, заматында осы жерге келемін, – дейді. Айтқандай, ханға алым-салық жинап беретін межелі күн де келіп жетеді. Нөкерлер Оқшы ата тұратын қонысқа келеді. Асырап алған әкесі дәл осы кезде оның атын үш мәрте айқайлап айтады. Елдің үрейін алған нөкерлерімен бірге жеткен хан аттың үстінен ауып, жерге құлап түседі. Әркім «ханның көзін мен құрттым» деп даурығып жатады.

– Халайық, бостан-босқа даурыға бермейік, ханды кімнің атқанын жүрегіне қадалған арпаның қылтығынан аңғаруға болады. Егер оның көзін мен құртқан болсам, оның жүрегінде арпаның қылтығы тұруы тиіс, – дейді Оқшы ата. Расында да, дәл солай болып шығады.

Оқшы ата ХІ ғ. өмір сүрген, халықты жаудан құтқарып, елдің болашағы үшін күрескен ұлы тұлға. Сондықтан да халық Оқшы ата мазаратын ерте заманнан құрметтеп, киелі жер санаған.

Оқшы ата мазары өзінің сәулеттік құрылысымен де ерекше. Қазақ жеріндегі оғыз – қыпшақ кезеңінен сақталған бірден бір кесенелердің бірі. Мазардың ұзындығы – 7,15 м, ені – 7,10 м, порталының биіктігі – 4,80 м, қабырғасының биіктігі – 3,30 м, күмбезінің биіктігі – 3,35 м. Мазардың көлемі төртбұрышты жоспарда. Құрылысына шаршы тәріздес күйдірілген кірпіштер пайдаланылған.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2005 ж. Оқшы ата кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2011 ж. қорғау тақтасы орнатылады.

Кесене Қызылорда облысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші және туристік нысан болып табылады.

Дерек

  1. Қоңыратбаев Ә., Байділдаев М. Қорқыт-ата кітабы. – Алматы, 1986. – 128 c.
Толығырақ

Суреттер


Кіру