Сараман қоса (Сарман қожа) мұнарасы
Сипаттамасы
Мұнара Кәукей ауылынан шығысқа қарай 3 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы). Жалпы Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан мұнараларды мерзіміне қарай екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: бірінші кезеңге ІХ–ХІІ ғ.ғ. Ұзынтам, Бегім ана және Сараман қоса, яғни оғыз-қыпшақ дәуірінің мұнаралары, ал екінші кезеңге ХVІІІ ғ. аяғы–ХХ ғ. басымен мерзімделетін, салыну себебі әлі күнге дейін анықталмаған мұнаралар тобы жатады. Ескерткіштерге жоспарлы түрде зерттеу жұмыстары 1983–1986 ж.ж. Қазақ КСР-інің Орталық Кеңесі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясымен жүргізіледі. Жұмыс барысында Қызылорда облысында орналасқан сәулет ескерткіштерінің төлқұжаттары дайындалған.
Мұнара тарихына байланысты ел арасында аңыз сақталған. Ол бойынша Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жігіт Қосай дос болыпты. Екі дос жер көріп, ел тану үшін ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдария өтіп, Арқаға қарай жылжиды. Бір кү ні Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенінің жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады. Бесікте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қыз тойға қатысып отырған Сараманға көз қиығын тастап, бір-бірімен үнсіз ұғысып, оңашада тілдесіп, қашуға бел буады… Қашқан үшеу аттары болдырғанша шауып, түн жүріп, күндіз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтіп, Қуаңға жетіп қонады. Ертеңіне қуғыншыларды қазіргі ескерткіш тұрған төбеге жете бергенде көреді. Өздерінің құтылмасын білген Сараман елге жетіп қалса да, қалаға кірмеуді жөн көреді. Өйткені тұрақтарын білсе, әскер алып келіп, екі жақ соғысады, егер осы қуған бетімен қалаға кірсе, өздері шығынға ұшырар деген ой болады. «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзіміз болайық. Мен алдын бөгейін, Қосай қыз-ды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен аман қалсам, сендерді табармын», – дейді. Сонда Қосай: «Екеуіңнің садағаң кетпесем, менің достығым қайда?! Жол менікі, кідірмеңдер», – дейді. Бірақ Сараман көнбейді. Қыздың алты ағасы жиырма жігітімен қуғыншылағандықтан, олардың күші басым болды. Жеті адамды жастандырған Сараман ақыры қолға түседі. Қыз бен Қосай шайқас болған жерден ұзап кете алмайды. Төбенің басына шығып қараған Қосай шайқастың бітпесін біліп, қызға: «Осы бетіңмен қаша бер. Тірі қалсаң ұмытпағайсың, жаңағы шайқас болған төбенің басында Жент деген қала бар. Сараманның елі–сол», – дейді. Қыз: «өзім қара жамылдым, еліне не бетіммен барамын?!» – деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күші басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын алады. …Хан жарлығымен әрқайсысын өзінің өлген жерінде жерлейді. Кірпіш бастырып, күйдіріп мұнара салдырады.
Мұнараның биiктiгi 15 м шамасында, төменгі жағының диаметрі 5 м жуық, ол үш ярусты. Iшкi жағы қам кiрпiштен, сыртын қыш кiрпiшпен мiнсiз етіп өрген. Жалпы 206 кiрпiш қатар өрілген. Кiрпiш екі түрлі: бiрi 20х20х5 см (төртбұрышты), екiншiсi қазiргi кiрпiшке ұқсас.
Мұнараның төбе жағында үш қарауыл тесiгi бар, аузы оңтүстік-шығысқа қараған, екі бөлмелі, iшiнен жоғарыға қарай айналып көтерiлетiн баспалдағы бар.
Мұнараның ерекше киелі орын болуының негізінде оның көне ескерткіштердің бірі болып табылатындығында ғана емес, сонымен қатар ел арасындағы белгілі аңыздың бұл архитектуралық құрылыстың тұрғызылу тарихына арқау болғандығы жатыр.
Сараман қоса мұнарасы – көне ескерткіш. Ол республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштері қатарына жатады. Ескерткішті «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институты 1986 ж. есепке алып, құжаттарын дайындаған.
Деректер
- Байтенов Э.М. Загадки башни Узун-там и других памятников Приаралья // Памятники истории и культуры Казахстана: научн.-поп. и инф. сб. – Алма-Ата: К
- захстан, 1986. – Вып. 2. – С. 43–46.
- Байтенов Е. Сараман-қоса мұнарасы // Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. – Алматы: Аруна, 2011. – 504 б. – 286–287-бб.
- Қызылорда / Б. Кәрібозұлы, М. Аңсатова, У. Ибраев. – Астана: «Фолиант» баспасы, 2015. – 304 с.
- Тәжекеев Ә.Ә., Султанжанов Ж.К. Сыр бойында орналасқан қазақ мұнаралары // Қазақстан мен іргелес елдердің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі заманауи әдістер мен тұрғылар: халықар. ғыл.-әдiст. конф. матер. / Жауапты ред. Ғ.Қ. Омаров. – Алматы:
- Қазақ университеті, 2017. – 1-бөлім. – 192–194-бб.
- Фотографии из фондов Коммунального государственного учреждения «По охране памятников истории и культуры Кызылординской области управления культуры, архивов и документации Кызылординской области».