Сығанақ қаласы
Сипаттамасы
Халқымыздың тарихын зерттеуде Сығанақ қаласының маңызы зор. Ол Дешті Қыпшақ (XI–XIII ғ.ғ.), Ақ Орда (XIV–XV ғ.ғ.), Қазақ хандығының (XV–XVI ғ.ғ.) астанасы болған [Жолдасбаев, 2010, 82 б]. К.А. Ақышевтің пайымдауынша, Сыға нақ ғылыми тұрғыдан Отырардан кейінгі маңызы бар қала [Ақышев, 1972, 207 б].
Сығанақ – ислам дінінің қалыптасу тарихының маңызды дәлелі. Зерттеу барысында археологтар қала орнынан мешіт, медресе, ханака мен кесене орындарын тапты. Атақты дін уағыздаушысы ретінде Сунақ ата мен оның ұрпақтарының есімдері аталады. Сығанақтан шыққан ұлы тұлғалар қатарында Шейх баба Сығанаки мен Хусам ад-дин әл-Хусейн ас- Сығанакиді атасақ болады. [Жолдасбаев, 2010, 87 б.]. Сығанақ қаласы қаңырап бос қалған кезде онда қалған тұрғындарының ұрпақтары – Сунақ руы өкілдері болғандығы жөнінде аңыз бар. Әрине, бұл жердің діни ғибадат жасайтын қасиетті орны тарихта аты қалған – Сығанақ қабірі. Рузбихан деректерінде былай деп жазылған: «Бағзы замандарда киіз үйлері Түркістанға жақын болғандықтан, Шибандықтардан шыққан барлық өзбек хандарының мазарлары мен қабірлері Сығанақ пен оның төңірегінде орналасқан ... Дештіден шыққан атақты әр ханның көз жұмар уақыты таяғанда, олардың табыты міндетті түрде Сығанаққа жеткізілген. Оның қабірінің үсті күмбезбен жабылатын болған» [Рузбихан].
Сығанақта есімдері тарихта белгілі тұлғалар Ақ Орданың ханы Ерзен, атақты Шайбанидтер, «Шибан ұлысы» немесе «көшпелі өзбектер мемлекетінің» негізін қалаушы Әбілқайыр хандар жерленген. Әбілқайыр хан мен оның әулетінің қызметтері өзбек пен қазақтардың мемлекет болып қалыптасуына қатысты маңызды оқиғалармен байланысты. Сонымен қатар, Орталық Азиядағы Әмір Темір билігінің құлдырауында Шайбанидтер шешу ші рөл атқарғандығын айта кету керек. Нәтижесінде қуылған Темірліктердің бір жағындағы тармағы болған Ұлы Моғолдар билігіне өткен Үндістанның бірігуінің алғышарты жасалды.
Қаланың атауы XIV ғ. соғылған теңгелер мен жазба деректерден жақсы таныс [Толстов, 1962]. Сығанақ қаласы туралы алғашқы деректер Х ғ. деректерінде кездеседі, ал ХІ ғ. бұл қаланы Махмұд Қашқари оғыз қалалары қатарына қосқан [Якубовский, 1929]. ХІІ ғ. Сығанақ қыпшақ мемлекеттік бірлестігінің астанасы атанады [Агеева, 1958]. Араб географы, Роджер ІІ (1098–1154) сицилиялық ханның тапсырысымен жазылған ең ірі, ең қызықты географиялық шығармаларының бірі «Нузхат ал муштак фи-их бирах ал-афак» - тің («Жиһанкездіктен торыққан адамның көңіл көтеруі») авторы Әбу Абдаллаһ Абдоллах Мұхаммед әл-Идриси былай деп жазған: «Оғыздардың қалалары көп. Олар бірінен кейін бір солтүстікке және шығысқа қарай созылып жатыр. Олардың адам аяғы баспаған таулар мен алынбас бекіністерден тұратын князьдігі бар. Ол жерде олар азық-түлік қорын сақтайды. Онда осы жерді қорғайтын адамдары (тағайындалған князьдар) бар ...Олардың ең басты қаласы (оғыз тайпалары) ...» [МИТТ, 1939].
Әл-Идрисидің деректерін басқа да ортағасырлық белгілі автор – Махмұд Қашқари да мұны қуаттайды. Оның пайымдауынша, ХІ ғ. оғыздар Сырдарияны «Оғыз өзені» деп атаған, ал оғыздардың қаласына Сауран, Сығанақ, Сүткент, Қарашық және Қарнақ қалаларын жатқызған. Оның картасында «оғыз қалалары» аумағы Қарашық тауларынан оңтүстікке қарай Сырдарияның орта ағысы алабына дейінгі жерлер көрсетілген. [МИТТ, 1939]. ХІІІ ғ. тарихшысы Жувейниде 1220 жыл моңғолдарға қарсылық көрсеткені үшін қаланың талқандалғандығы айтылған. Ол Жошының жасағы Сырдария бойымен төмен жылжып, қалаларды біртіндеп бағындырғандығын жазады. Жошыны Хасан қожа мен Әли қожа дейтін жергілікті екі көпес алып жүрген. Хасан қожа Сығанаққа тұрғындарды моңғолдарға бас июге көндіру үшін жөнелтіледі. Алайда олар сатқынды өлтіріп, қарсылық көрсетеді. Жеті күндік шабуылдан кейін ғана Сығанақ қаласы алынып, барлық халқы өлтіріледі. [Петрушевский, 1977].
Сыр бойындағы қалалардың өмірі ұзақ уақытқа тоқтайды. Басым көпшілігі қирап, бос қалады. Плано Карпини 25 жылдан кейін Сырдарияның төменгі ағысымен өткенде өзінің күнделігіне: «Бұл жерден біз есепсіз жойылған қалаларды, құлаған бекіністер мен көптеген қаңырап бос қалған елді-мекендерді таптық» деп жазған.
Дегенмен, Сығанақ қайта қалпына келіп, өзінің бұрынғы кемелденген кезеңі деңгейіне жетеді. Мүмкін сығанақтықтардың қарсы жауға деген өшпенділігі мен еркіндікке деген сүйіспеншілігі әсер еткен шығар, кім біледі? Себебі, Рузбиханның келтірген төмендегі өлең жолдарының бекерден бекер айтылмағаны анық:
Кезінде бұл ел қамқорлықтан кенде болмаған,
Келген адамдар үшін бұл ел білім болған,
«Нихая» шығармасының авторы осы жерден болған;
«Хидая»-ның тіс өтпес қатарын ұқтыратын.
Егер бізге тағы бір қосымша өмір берсе,
Екінші рет сығанақтық болар едік.
Академик В.В. Бартольд (1869-1930) Стамбулға барған кезде бұл өлең жолдарын ортағасырлық ақын, Сығанақтың тумасы Фазл Аллаһ ибн Рузбиханның қолжазбасынан көшіріп алған. Бұл «Михман-наме-ий Бухара» еңбегі («Бұхар қонағының жазбалары») Нұр-Османия кітапханасында сақтаулы тұр. В.В. Бартольд бұл өлең жолдарын «Сығанақ қаласының құландылары» атты мақаласына эпиграф ретінде қолданған Орта Азия мен Қазақстанды зерттеуші, орыс ғалымы А.Ю. Якубовскийге (1886–1953) берген.
ХІІІ ғ. ортасында Сығанақ Сгнах атауымен Моңғолияға жол жүріп бара жатқан армян патшасы І Гетумнің қалалар тізімінде бір рет қана аталады [Гандзакеци, 1976]. XIV ғ. екінші жартысында қала Ақ Орданың астанасы болады. Сығанақта Ерзен хан, оның ұлы Мүбәрәк қожа хан, Орыс хан, Тоқтамыс хандар билік жүргізген. Мұнда теңге сарайы болған, құрылыстар қарқынды жүргізіліп отырған. Қала Тоқтамыс ханның Әмір Темірмен болған сәт сіз шайқасынан кейін Сырдарияда өз билігін нығайтқысы келген, алайда 1423 ж. Орыс ханның немересі Барақ әскерлерінен жеңіліс тауып, Орта Азияға қуылған Әмір Темірдің немересі Ұлықбектің қолына өтеді. Жоғарыда айтылғандарға қарап, Сығанақтың – үнемі қайнаған, тынымсыз қақтығыстарға толы шекарада орналасқан қаланың маңызды рөл атқарғанын көреміз. Бұл жерде тек Сығанақ пен оның төңірегінде орналасқан жақсы күтілген құнарлы жерлерді иеленген жағдайда ғана үстемдік етуге болады.
Сығанақ тек саяси және стратегиялық қала ғана емес, сонымен қатар үлкен экономикалық орталық болған. XVI–XVIII ғ.ғ. Сығанақ қазақтардың Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан ең ірі қаласы еді.
Рузбихан сауда белсенділігі жөнінде былай дейді: «... Еділ өзенінің маңына дейінгі Дешті Қыпшақ жерінде орналасқан иелік саудагерлері Сығанақ қаласын өздерінің тауарларын қоятын қоймасы еткен. Түркістан, Мәуреннахр аймағынан Қашғар, Хотан шегіне дейін шығыс көпестері Сығанаққа сол елдердің тауарларын әкеліп, Дешті адамдарымен сауда мәмілелері мен айырбас жасайды. Бұл тиімді келісімдер жасаған әртүрлі елдерден келген көпестердің келетін орны болғандықтан, бұл жер азық-түлік пен түрлі өнімдерге мол болды» және «...адамдарының сенім ділігіне ие сол елден белгілі болғаны, бұрынғы уақыты мен алдындағы дәуірдегі абаттандырылған иеліктері мен қуанышқа толы елдің тұрғындарының көп болғандығы сонша, базарда күнделікті бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке дейін бір түйір де қалмаған. Шындығына келсек, бұл жер осындай көріктендіру үшін жаралғандай. Алқапты суландыру арналарының барлығы Сейхун өзенінен тартылған» [Рузбихан].
Сығанақ қаласының жобасы бұрыс бес бұрыш пішінді. Топографиясы бойынша оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан мен цитаделі анықталған. Төбенің биіктігі 6-7 м, биіктігі 1,5 м болатын қала қабырғаларының бойында 15 мұнараның орны сақталған. Мұнаралар үш-үштен әр бұрышта орналасқан. Олардың біреуі ең шеткі бұрышында, ал қалған екеуі бұрыштан 40-50 м қашықтықта орналасқан. Төңірегімен салыстырғанда қала аумағының биіктігі 4-5 м. Сыртқы беткейі барынша тік, ал ішкі жағы еңіс. Қаланың құрылысы тығыз орналасқан цитаделінің аумағы – 7,2 га. Үйіндіге айналған қала қабырғасының биіктігі 6-7 м. Бес бұрышында сыртқа шығыңқы үш-үштен дөңгелек мұнара бар. Шахристанның қабырғаларының ұзындығы: солтүстік қабырға – 250 м, батысы – 360 м, оңтүстігі – 250 м және оңтүстік-шығысы – 350 м. Қаланың жалпы көлемі 40,1 га. Қалаға кіретін қақпа батыс және солтүстік жағының ортасында болған.
Археологтар шахристанның аумағында және қала қабырғасынан тыс жерлерде орналасқан күйдірілген кірпіштен (кесенелер, медреселер, мешіттер) салынған бірнеше іргелі ғимараттарды анықтады. Егіндік алқаптарды суару мақсатында Сырдариядан тартылған Төменарық пен Бозарық арналары салынған. Сонымен қатар, әлі күнге дейін қала маңында сақталған Қаратаудан ағатын Мыңбұлақ, Шолақ, Арыстанды, Қызылтал, Келте сияқты бұлақ сулары пайдаланылған. «Сунақ ата» каналы Төменарық ауылының оңтүстік, оңтүстік- батыс және батыс жағымен ағады. Ал Сунақ ата ауылында ол екі тармаққа бөлінеді. Біріншісі ауылдың шығысымен, ал екіншісі оңтүстік-батыс және батыс жағымен ағады. Каналдың бір ұшы ортағасырлық Сығанақ қаласына дейін жетеді. Негізінен ортағасырлық Сығанақ қаласы мен оның төңірегіндегі қалалар «Сунақ ата» (ортағасырлық «Төменарық») арқылы суландырылып отырған.
Тарихшы Рузбихан Сығанақ тұрғындары ауыл шаруашылығы, қолөнер мен сауда саттықтан бөлек аңшылықпен де айналысқан деп жазады. «Сығанақ айналасындағы дала қой, жабайы ешкілер мен басқа да жануарлар жайылатын көк шөп пен ағаштарға толы. Тұрғындары жазғы кезде соларды аулап, қысқа ет дайындаған; жабайы құс мұнда тіптен арзан» [Рузбихан].
Қазіргі таңда қала төңірегі сексеуіл мен тікенекті бұталар өскен ашық дала. Күйдірілген кірпіш пен сәулетті қыш сынықтары шашылған кішігірім төбешіктердің қалдықтары Сығанақтың маңында сәулет құрылыстарының көп болғандығын көрсетеді.
1901 ж. Әуесқой археологтардың түркістандық үйірмесінің мүшесі В. Каллаур XIV–XV ғ.ғ. жататын Көккесене кесенесін зерттеп, суретке түсірген. 1914 ж. бұл құрылыс құлайды. 1927 ж. шығыстанушы А.Ю. Якубовский қаланы зерттеген кезде кесененің тек оңтүстік аркасының портал тіреулері мен төбе болып қалған құландылары ғана қалған. А.Ю. Якубовский былай деп жазады: «Қабырғасына бірнеше рет соққы берсеңіз болды, нәтижесінде ашық көк, көк және ақ түсті безендіру қыштарын көруге болады. Бояулары өте жоғары сапада жасалған... сырлы қыштың ашық көк түсі өзінің реңкіне қарай Самарқан мен Бұхараның ең жоғарғы сапалы өнімдерінен еш кемшілігі жоқ, ашық көк, ақ, көк, сары және қызыл бояулардан тұратын мозайкаланған үлкен бір бөлшек табылды. Ақыр соңында құрылыс алаңының жоғарғы қабатынан сырсыз бедерленген қыш бөлігі табылды. Көккесененің сәулетті қыштарына атүсті қарағанның өзінде бұл кесененің бағзы замандарда керемет архитектуралық кешен болғандығын көре аламыз» [Якубовский, 1929].
Көккесене – Көшпелі өзбек мемлекеті мен Қазақ хандығының атақты тұлғалары, хандары, сұлтандары жерленген үлкен Сығанақ қорымында орналасқан орталық кесенелердің бірі. Сығанақ – Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. 2012 ж. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралардың алдын ала тізіміне «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинация компоненті бойынша енгізілген.
Деректер
- Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана // ТИИАЭ. – 1958. – Т. 5. Археология. – С. 33–60.
- Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древний Отрар. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 215 с.
- Байпаков К.М., Акылбек С.Ш., Воякин Д.А., Жолдасбаев С.Ж. Городище Сыгнак: мавзолеи // Известия НАН РК. – 2014. – № 5 (297). – С. 45–52.
- Гандзакеци К. История Армении. – М.: Наука, 1976. – 353 с.
- Жолдасбаев С. Средневековое городище Сыгнак (X – XVIII вв.). – Туркестан: Туран, 2010. – 192 с.
- МИТТ. – М.-Л., 1939. – Т. 1. Арабские и персидские источники VII–ХV вв. – 613 с.
- Петрушевский И.П. Поход монгольских войск в Среднюю Азию в 1219–1220 гг. и его последствия // Татаро-монголы в Азии и Европе. – М.: Наука, 1977. – С. 107–139.
- Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.: Наука, 1962. – 322 с.
- Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Записки бухарского гостя. Михман-наме-йибухара // URL: http://vostlit. narod.ru/Texts/rus7/Isfachani/text3.htm Дата обращения: 11.11.2017.
- Якубовский А.Ю. Развалины Сыгнаха (Суганака) // Сообщ. ГАИМК. – 1929. – Т. 2. – С. 123–159.