Түгіскен қорымы

Сипаттамасы

Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 170 км, Қышбөгет ауылынан батысқа қарай 65 км жерде орналасқан (Қызылорда облысы). Іңкәрдарияның құрғап қалған арнасының сол жағалауында. Ескерткіш б.з.д. І мыңжылдықтың бірінші жартысына жатқызылады. Ескерткішті Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П. Толстов) ұшақпен барлау жұмыстары нәтижесінде 1959 ж. ашқан. Кейін, 2006 ж. Шірік Рабат археологиялық экпедициясы (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) қайта барлау жұмыстарын жүргізеді.

Түгіскен – қола дәуірінің соңы мен ерте темір дәуірінің жерлеу орындары ескерткіштерінің сақталған орны. Түгіскен обаларының жалпы саны 70-тен астам. Нысан планиграфиялық тұрғыдан екі топқа бөлінеді, яғни біршама шағындау солтүстік топқа және ескерткіштердің басым бөлігін қамтитын оңтүстік топқа бөлінеді. Қорым орналасу тәртібі бойынша ғана емес, хронологиялық тұрғыдан да екі бөлек уақытқа жататын болғандықтан, бұл екі топты Солтүстік Түгіскен және Оңтүстік Түгіскен деп атайды. Солтүстік Түгіскен тобындағы обалар арасында соңғы қола дәуіріне жататын, нақты айтқанда б.з.д. ІХ–VІІІ ғ.ғ. мерзімделетін 7 күрделі құрылымдағы кесене ғылыми зерттеулерде айрықша орын алады. Ал Оңтүстік Түгіскен б.з.д. VІ–V ғ.ғ. сақ обаларынан тұрады.

Солтүстігі өзінің географиялық оқшаулығы бойынша мал және егін шаруашылығымен айналысушылар мәдениетімен, классикалық үлгідегі Орталық Азияның оңтүстігіндегі өркениет аралығын қамтиды. Географиялық және хронологиялық шегінде археология саласындағы және түрлі сұрақтарға Түгіскен ескерткіші жауап бере алады. Солтүстік Түгіскен кесенелері ақсүйек-шонжарлардың, ірі тайпа көсемдерінің жерлеу орындары болып есептеледі. Төңірегіндегі жалғастырыла салынған шағын құрылыстар ақсүйектердің туыстары жерлеген орындар болуы мүмкін. Сәулеткерлік-құрылымы жағынан алғанда кесенелердің басты ерекшелігі – шеңбер мен шаршы геометриялық ұғымдарын ұштастыра отырып салынуы. Қабырғалар шикі кірпіштен қаланған, тікбұрышты, көлемдері 54х28х10 см, 48х32х10 см, түсі ашық қызғылт кірпіштермен қаланған құрылыстардың үстін жабуға ағаш қолданылған. Есіктер күншығыс жағында. Арасындағы 4-5 және 7-ші кесенелер ең ірілері болып саналады. Марқұмдар тегістелген жерге жатқызылып, салт-жоралар өткізілген соң өртеліп отырған. Зерттеулер, сондай-ақ, оттың біраз уақыт жанып тұратын болғанын, мұның нәтижесінде бүкіл құрылыс отқа оранып, ағаш жабындылар жанып кететінін көрсеткен. Бұл кездейсоқ жайт емес. Көне дәуірлерде адам өмірінде айрықша орын алған оттың бір тылсым сыры – оның қаттыны ерітетін, шикіні пісіретін, қараңғыны жарық қылатын деген сияқты арнаулы «өткізгіштік» қасиеті. Бұл жерде оттың өлген адамды басқа дүниеге апаратын, яғни оны басқа жағдайға «өткізетін» осындай астарлы күші ескерілген. Бастапқыда кесенелер цилиндр-конус пішіндес биік, салтанатты ғимараттар түрінде болған, олардың үстіне топырақ оба тұрғызылмаған. Кесенелерден табылған заттай деректердің арасында бүтін сақталғанының өзі 200-ге жуық қыш ыдыстар ерекше орын алады. Дені бай өрнекті, өте сәнді бұл ыдыстар екі топқа бөлінеді. Мұның көбі Орталық Қазақстан көне мәдениеттерінен бастау алатын, андрон және беғазы-дәндібай дәстүріндегі қолмен жасалған ыдыстар. Екінші шағындау топты оңтүстік, яғни орта-азиялық мәдениеттерге тән, шарықта жасалған ыдыстар құрайды. Сондай-ақ, алтын сырғалар, қола жебе ұштары, тас моншақтар сияқты бұйымдар да бар. Қыш ыдыстағы ұқсастықты айтпағанда, кесенелер салыну жобасы бойынша да Орталық Қазақстанның атақты беғазы-дәндібай мәдениетінің, әсіресе Беғазы зиратының жерлеу құрылыстарына жақын.

Оңтүстік Түгіскен – сақ дәуірінің қорымынан қазылған 34 оба және сондай-ақ, солтүстік топтағы кесенелер маңынан қазылған 4 оба да, барлығы жоғарыда аталғандай б.з.д. VІІ–V ғ.ғ. жататыны анықталған. Оның ішінде ескерткіштердің негізгі тобын құрайтын б.з.д. VІІ–VІ ғ.ғ. обалар, оның үйіндісінің диаметрі 15-20 м, биіктігі 1-1,5 м. Тікбұрышты, тереңдігі 2 м-ге баратын шұңқыр қабірлер батыстан шығысқа созылған. Қабірдің беті ағаш бөренелермен жабылып, оның үстіне және айнала 2-5 м радиуспен қамыс қабаты төселген. Ағаш жабындыда көбіне оттың іздері анық байқалады, бірақ солтүстік топтағы кесенелердегі сияқты мәйіт пен құрылыс түгелдей өртелмеген. Анығында, бұл жерде қабірдің үстіне от қойып, дәстүрдің шартты түрдегі рәсімін көрсеткеннен соң, оттың жанып бітуін тоспай, дереу топырақ үйіндімен жауып тастап отырған. Қабір еденінде бұрыштарды айнала өтетін бағана шұңқырлары бар, ал кейде төрт іргенің бойымен жіңішке ор қазу арқылы мәйіт жатқызылған ортаны орындық сияқты көтерген. Бұлардан бөлек 3 обада шұңқыр қабір қазылмай, мәйітті тегістелген жер бетіне қойып, оның үстіне бір немесе екі қатар шағын бағаналар арқылы күркеше тәрізді ағаш құрылыс тұрғызған және оны топырақ үйіндімен жапқан. Б.з.д. V ғ. жататын саны аздау обалардан байқалған негізгі айырмашылықтарға қабірлердің біршама тереңдігі, қабірден оңтүстік-шығысқа қарай тартылған, ұзындығы 5-12 м дәліздің болуы, темір бұйымдардың көбеюі, мәйіттердің басы бұрынғыдай батысқа емес, солтүстік-шығысқа қаратылуы жатады.

Сонымен қатар Солтүстік Түгіскен қорымына жақын жерде Ұйғарақ жерлеу орны орналасқан. Бұл ескерткішті түгіскендіктерге жақын тайпалардың қалдырғаны анық. Олар: 1) көлемі үлкен төртбұрышты шұңқырлар, кейде пішіні тікбұрышты болып келеді. 2) тар тікбұрышты шұңқырлардың бұрыштары дөңгеленген, кейде сопақ пішінде кездеседі. 3) жер бетіне шұңқырсыз қойылған қабірлер болып үш түрге бөлінеді. Арал маңындағы тұрғындар мыңдаған жылдар бойы Орта Азияның егіншілікпен айналысатын халықтарымен үнемі байланыс жасаған. Бұл байланыстың тамаша көрінісі Солтүстік Түгіскен кесенесі. Ескерткіштің құрылысына шикі кірпіш пайдаланылған. Қола дәуірінен белгілі бұл тәсіл б.з.д І мыңжылдықта Сырдарияның төменгі ағысындағы сақтардың тұрғын үйлер мен жерлеу құрылыстарында маңызды рөл атқарған.

Осылайша, Арал теңізінің даласында орналасқан ескерткіштер бірнеше мыңжылдықтағы ежелгі жерлеу орындарының сабақтастығы мен қасиетін көрсетеді; Дала мәдениетінде мыңдаған жылдар бойы дамып келе жатқан кесенелер салу дәстүрінің алғашқы сатысы болып табылады.

Туристік нысан болып табылады.

Деректер

  1. Итина М.А., Яблонский Л.Т. Мавзолей Северный Тагискен (Поздний бронзовый век Нижний Сырдарьи). – М.: ИВЛ, 2001. – 294 с.
  2. Итина М.А., Левина Л.М., Неразик Е.Е., Рапопорт Ю.А. К 60-летию Хорезмской археолого-этнографической экспедиции // Археология Средней Азии. URL: http:// archaeologyca.su/?p=1195
  3. Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.: ИВЛ, 1962. – 315 с.
  4. Толстов С.П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М., 1948. – 317 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру