Шірікрабат қалашығы

Сипаттамасы

Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 км, Жаңа қала ауылынан оңтүстік оңтүстік-батысқа қарай 99 км жерде орналасқан. Қазіргі кезде суы тартылған Жаңадария өзенінің сол жақ жағалауында. Ескерткіш б.з.д. V–II ғ.ғ. мерзімделеді. Қалашықта IX–XII ғ.ғ. тіршілік қайта жалғасқан.

Сырдария сағасы – археологиялық ескерткіштер көп орналасқан аумақ, оның физикалық-географиялық ерекшеліктері үлкен тарихи-мәдени аймақтың бір бөлігі болып табылатын орта-азиялық-қазақстандық аймақ – сақ-массагет әлеміндегі көшпелі және отырықшы халықтардың арасындағы өзіндік байланыстарды орнатуға септігін тигізді. Өзен бойындағы жерлердің гидрогеографиялық жағдайын, ең алдымен Сырдария атырабының жағдайы мен оның Арал теңізімен өзара байланысын анықтады. Аймақты мекендеген ежелгі тайпалар, жазбаша деректер бойынша сақ-массагет деген жалпы атаумен ерте қалалық мәдениетті егіншілікпен айналысатын оңтүстік оазис пен Еуразияның ұшы-қиырсыз әлеміндегі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындардың аралығындағы аумақты алып жатты.

Шірікрабат – қолөнер мен егіншілік дамыған ежелгі Жібек жолы бойындағы сауда орталығы. Б.з. ХІV ғ. Сырдария өзені салаларының: Жаңадария, Қуаңдария мен Іңкәрдарияның құрғап қалуына байланысты халық тастап кетеді. Археологиялық материалдар ежелгі уақытта Сырдария бойын адамзаттың игеруінің үш кезеңін анықтауға мүмкіндік берді. Бірінші – урбанизацияға дейінгі (б.з.д. Х–V ғ. аяғы), яғни сақ әлеміндегі мал шаруашылық мәдениетінің өмір сүрген уақыты; екінші кезең – урбанизацияның бастапқы кезеңі (б.з.д. V–ІV – І ғ.ғ); үшінші – урбанизацияның дамуы (б.з. І–VІ ғ.ғ.) және қалалық мәдениеттің қалыптасуы.

Шірікрабат мәдениеті Сырдарияның ежелгі сағасы аумағында б.з.д. V–ІV ғ. басында қалыптасады.

Ескерткіш туралы алғашқы рет И. Беляев 1904 ж. Түркістан ведмосты газетінің №10 және 31 сандарында жазған. Кейін, 1946,1948, 1949 ж.ж. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Шірікрабаттың орнын барлау деңгейінде зерттеп, жобасын түсірген. 1957-1958, 1960-1962 ж.ж. кейбір нысандарына қазба салынған. 2004 ж. бері Археология институтының Шірікрабат археологиялық экпедициясы (Ж. Құрманқұлов) қайта зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сыр бойы - Қазақстан жеріндегі көне өркениет іздері мол сақталған өлкенің бірі. Антикалық грек-рим тарихшылары мен саяхатшылары Яксарт, ортағасырлық араб жазбаларында Сейхун деп аталған Сырдария бойы тас ғасырынан бері тіршілігі үзілмей келе жатқан құтты өлке. Көне ескерткіштер туралы алғашқы деректер де сол антикалық жазбалардан кездеседі.

Антикалық тарихшы, географ Страбонның жазбаларында Аралдың жағасындағы «саз, батпақты жерлерді мекен етуші» массагет тайпалары деп берілген және Алек сандр Македонский жорығын сипаттаушы жылнамаларда массагеттерге қоса апасиак, тохар, аугас, сакаравак аталған тағы төрт тайпаның аттарын атайды.

Бұл тайпалар б.з.д. І-мыңжылдықта негізінен қазір құрғап қалған Қарадария, Іңкардария, Жанадария бойын, Қуандария мен Ескідария және Жетіасар алқабын мекен еткен. Қазіргі кезде осы аталған аймақта 200 ден аса ескерткіш табылып отыр. Олардың ішіндегі ең ірісі Шірікрабат қалашығы.

Шірікрабат қалашығы Сыр бойының ғана емес, бүкіл әлемдік тарихта өзіндік алар орны бар, қала ішінде патша көсемдерін жерлеген обалар, кісіні жуып бальзамдаған бірнеше бөлмеден тұратын кесенелер, кісі табынатын ғибадатханалар тұрғызып, мыңдаған гектар алқапты қолмен суландырып, егін еккен, бай, қуатты, алғаш мемлекеттік дәрежеге жеткен б.з.д. І-мыңжылдықта өмір сүрген тайпалардың ірі рухани-әкімшілік орталығы болған. Зерттеу нәтижелері олардың қоғамы аса беделді ру немесе мемлекет басшылары, солармен қатар абыздар, әскер басшылар сияқты сатыларға бөлінгенін көрсетіп отыр. Көлемді және күрделі қала құрылысы оның төңірегінде қоныстанған елдің санының көп болғандығын және қала құрылысына соғыста қолға түскен тұтқындар мен жалдамалы жұмысшылар еңбегі пайдаланылғанын айғақтайды. Шірікрабат қалашығының өңірдегі стратегиялық маңызы зор болған. Ол – Амудария мен Сырдарияның аралығын жалғастырып жатқан керуен жолының бойында орналасып, сақтар елі – апасиактардың оңтүстік шекарасын қорғап тұрған және Бактриямен, Парфиямен, Қосөзен аралығындағы мемлекеттермен, одан әрі Мысырмен саяси және сауда-саттық байланыста болған.

Бұл қалашық солтүстіктен оңтүстікке қарай 850х600 м созылған табиғи төбе үстінде орналасқан. Қалашық мықты қорғаныс қабырғасымен бекітілген. Қорғаныс қабырғасының сыртынан ені 40 м, тереңдігі 4,5 м ор қазылған, содан сыртқы дуал құрылысы тұрғызылды. Қазіргі уақытта сақталған биіктігі 3 м, табанындағы ені 8-10 м. Қалашықты халық бірнеше рет тұрақтағанын атап өтуге болады. Төбенің солтүстік биік жағы ең көне болып есептеледі, онда екі үлкен оба және үш биік қабырғалы дөңгелек пішінді қоршаулар орналасқан. Соңғы жылдардағы зерттеулер барысында бір үлкен кесене, алты үлкен топы рақ оба, басқа да жерлеу құрылыстары анықталды.

Үлкен бекініс қамалының маңындағы тұрғын үйлерге жүргізілген қазбалар мұнда мәдени қабаттың 2 м жететінін көрсетті. Шірікрабат қала жұрты алғашында тайпа көсемдері өмір сүріп және жерленіп отыратын бекініс қызметін атқарып, кейіннен тұрақты үлкен мекенге айналған. Зерттеу бойынша қорғандар арасындағы кеңістік шаршы және шеңбер түріндегі оба қоршауларымен толтырылған. Осылайша төбенің биік бір бөлігінде оба пайда болады.

Оба ішінде бірнеше түрдегі жерлеулер кездеседі: бірінші, топырақтан тұрғызылған сақ көсемдерін жерлеген обалардың орнын (катакомб түрі) айтуға болады; екінші топқа жер бетіндегі кесенелер жатады. Олар жобасы бойынша шаршы және шеңбер түрінде болып, екі түрге бөлінеді. Ішкі жағы төрт немесе үш, екі бөлмелерге бөлінген. Кейбір бөлмелерге қайтыс болған кісіні жерлесе, басқа бөлмеде мәйітті жуып, бальзамдаған.

Жерлеу ескерткіштерінің үшінші тобын жерлеу шұңқырлары құрайды. Олар құрылысы жағынан күрделі сағана, тік шұңқыр, лақат түрінде болып бөлінеді. Одан басқа (оба), Шірікрабатта кісі табынатын ғибадатхана тұрғызылған. Оған дәлел ретінде ғибадатхананың бір бөлмесінен кісі бойындай болатын мүсіннің бөліктері табылғанын айтуға болады.

Бұлардың барлығы қаланың орталық бөлігінде үшінші қорғаныс қабырғасының ішінде орналасқан.

Көне қамал қабырғалары алғашында тек топырақтан үйілген болса, кейіннен 200-300 жыл өткен кезде қам кесектерден, жұмбаздалған саз блоктардан қайта жаңғыртылған. Бірақ ол төбенің оңтүстік бөлігі мен ортасы теңдей бөлініп салынды. Бұл қабырғаның биіктігі 4 м, ені 4,5 м. Қабырғада ені 1,8 м болатын атқыштар галереясы бар. Қабырға сонымен қатар тікбұрышты және сопақ болып келген мұнаралармен күшейтілген. Мұнаралар негізгі қабырғадан 6 м сыртқа шығыңқы және ішкі жағынан атқыштар галереясымен байланыстырылған. Бекініс қабырғасы мен мұнараларында садақ атуға арналған ойықтар болған.

Қала маңына жүргізілген барлау жұмыстары барысында бастауын Жаңадарияның негізгі арнасынан алатын жасанды суландыру жүйелері мен суармалы егістік алқаптарының іздері, 7-8 үйден тұратын бірнеше ауылдың орындары анықталды. Бір қызығы сондай, 2-3 ауылдың ортасында өздерінің нақты конфигурациясымен ерекшеленетін, көлемдері 60х80 метрге жуық, қабырғаларының биіктігі 1-1,5 метрге дейін жететін төрткүл-қамал бар. Шірікрабат қала жұртының маңынан бірнеше осындай кешенді мекен орны табылды. Қоныстардың маңайынан табылған материалдарға қарағанда ауылдар ұзақ уақыт өмір сүрген. Табылған заттардың арасынан сақ кезеңіне жататын қыш ыдыстар көп кездеседі. Малдың сүйектері аз. Бұлар ауыл тұрмысында егін шаруашылығы басым болғанын көрсетеді.

Туристік нысан болып табылады.

Деректер

  1. Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 516 с. – С. 513.
  2. Курманкулов Ж., Бирмуханова А., Калиева Ж., Утубаев Ж. Археологические исследования на городище Чирик-Рабат и в его окрестностях // Отчет об археологических исследованиях по Государственной программе «Культурное наследие» в 2004 г. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2005. – С. 338.
  3. Толстов С.П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М.–Л.: изд-во АН СССР, 1948. – 328 с.
  4. Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.: ИВЛ, 1962. – 322 с.
  5. Толстов С.П., Воробьева М.Г., Рапопорт Ю.А. Работы Хорезмской археолого-этнографической экспедиции в 1957 г. // МХЭ. – 1960. – Вып. 4. – 203 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру