Ақбидайық жартас суреттері

Сипаттамасы

Ескерткіш Майқайың станциясынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 км жерде орналасқан (Павлодар облысы, Екібастұз ауданы). Жартасқа салынған суреттер Ақбидайық шатқалының солтүстік-батыс бөлігіндегі палеогендік кварцит пен құмтастардан түзілген ұзын төбе бетінде шоғырланған палеолит, энеолит тұрақтары мен шеберханаларын және ерте темір ғасырының қорымдарын қамтитын археологиялық ескерткіштер кешенінің құрамдас бөлігі. Кешенді 1990 ж. В.К. Мерц жетекшілік еткен Павлодар археологиялық экспедициясы ашқан.

Жартас суреттері жотаның шығыс беткейіндегі беті тегіс жеке тас блоктарына салынған. Адамдар мен жануарлардың суреттері салынған әртүрлі композицияларды қамтиды. Соның ішінде садақшы, жеке антропоморфтық бейнелер; бұқаның төмен түсірілген үшкір тұмсығы және алға қарай шыққан үлкен мүйіздері бар; тізбектеліп келе жатқан тік жалды жылқының үлкен бейнелері; таутеке суреттері жауып қалған шапқан бұқа, шауып бара жатқан бұғы немесе бұлан, бұғы бейнеленген жеке композициялар және техногендік әсерден бір бөлігі бұзылған басқа да суреттер бар. Алайда, ежелгі тұрғындар үшін айтарлықтай қасиетті орын болған шатқал, оған ерекше мазмұн беріп, солтүстік-шығыс Сарыарқаның ежелгі тұрғындары руханиятының теңдесі жоқ бірегей үлгісі болып есептеледі.

Құрамына көптеген археологиялық ескерткіштермен қатар энеолит және қола дәуірлерінің сиыну орындары мен тасқа салынған суреттері кіретін нысан ежелгі табыну орны ретінде аса жоғары киелі орын болып саналады. Айналадағы аймақ алақандағыдай көрінетін ең биік жерде орналасқан кешен құрамы энеолит дәуірінен бастап ерте темір ғасырының соңғы кезеңіне дейінгі аралыққа жататын көптеген археологиялық ескерткіштерді қамтиды.

Кешен Солтүстік-шығыс Сарыарқаны мекен еткен энеолит және қола дәуірі тайпаларының бірегей өнері, археологиясы мен рухани мәдениеті тарихының дерегі ретінде үлкен тарихи-мәдени маңызды нысан болып табылады.

Деректер

  1. Мерц В.К. Новый памятник первобытного искусства // Звезда Прииртышья, 04.06.1998, № 65.
  2. Мерц В.К. Наскальные рисунки Павлодарского Прииртышья // Олкетану–Краеведение. – 2002. – № 1. – С. 29–44.
  3. Мерц В.К Наскальные рисунки Павлодарского Прииртышья // Павлодарское Прииртышье. Энциклопедия.– Павлодар, 2003. – С. 426–427.
  4. Мерц В.К. Фотоальбом. Наскальные рисунки края Кереку-Баян. – Павлодар, 2002. – 114 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру