Драверт үңгіріндегі жартас суреттері

Сипаттамасы

Баянауыл кентінен солтүстік-батысқа қарай 5,5 км жерде, Жасыбай көлінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан (Павлодар облысы, Баянауыл ауданы).

Ескерткішті алғаш 1926 ж. Ресей географиялық қоғамы, Омбы бөлімінің мүшесі, географ П.Л. Драверт ашып, 1930 ж. ол туралы жариялайды. Содан кейін үңгірді Павлодар облысы мамандары мен ғалымдары бірнеше рет зерттеген. Жасыбайдағы қабырғасында суреттер бар үңгірге 1960 ж.ж. алғаш туристік бағдарлама жасаған Павлодар облысының қарт өлкетанушысы И.В. Лагутиннің ұсынысы бойынша оны алғаш ашқан П.Л. Драверттің есімі берілген.

Баянауыл тауларын мекен еткен ежелгі тұрғындардың үңгірді қасиетті орын ретінде бағалағанын оның қабырғасына охрамен салынған суреттерден аңғаруға болады. Сонымен қатар, үңгір маңында орналасқан үстіне үлкен гранит тастар үйілген аса үлкен емес бірнеше обаларды да айтуға болады.

Драверт үңгірі тау шыңының жарқабағында қалыптасқан, аса үлкен емес, ені 2,8 м, тереңдігі 2,1 м, биіктігі 1,5 м келген, төбесі тегіс апан тәріздес қуыс. Суреттер үңгір дің төбесіне қызыл охрамен салынған. Шамамен 1 шаршы метр аумақта анықталған 15 суреттің 10-ы антропоморфты бейнелер. Күрделі құрылымдағы сюжеттер шамасы, табыну әрекеттерімен байланысты. Ылғалдың әсері болуы мүмкін кейбір суреттерді анық ажырату қиын

Бұл ежелгі адамдардың мифологиялық кейіпкерлеріне байланысты идеологиялық түсініктерін бейнелейтін қасиетті орын болып есептеледі. Солтүстік-шығыс Сарыарқаны мекен еткен энеолит және қола дәуірі тайпаларының өнері, археологиясы мен рухани мәдениеті тарихының дерегі ретінде үлкен тарихи-мәдени маңызға ие нысан.

Деректер

  1. Драверт П.Л. Грот с писаницей на озере Джасыбай в окрестностях Баян-Аула // Известия ЗСОРГО. – 1930. – Вып. VII. – С. 231–234.
  2. Мерц В.К. Наскальные рисунки Павлодарского Прииртышья // Олкетану–Краеведение. – 2002. – № 1. – С. 29–44.
  3. Мерц В.К. Наскальные рисунки охрой в гроте Драверта // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Павлодарская область. – Алматы: Аруна, 2010. – 600 с. - С. 283–284.
Толығырақ

Суреттер


Кіру