Өлеңті жартас суреттері

Сипаттамасы

Ескерткіш Тай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 5 км жерде, Өлеңті өзенінің оң жағалауында орналасқан (Павлодар облысы, Екібастұз ауданы). Жартас суреттері Өлеңті өзенінің оң және сол жағалауындағы жарқабақтың үстіндегі энеолит дәуірі тұрақтары мен қола дәуірі және ерте темір дәуірлерінің қорымдарынан тұратын археологиялық ескерткіштердің кешеніне жатады.

Тастағы суреттер Өлеңті өзенінің оң жағалауындағы жартастардың ашық беткейінде салынған. Суреттерді алғаш 1972 ж. геолог О. Моль ашқан болатын. Кейіннен 1988– 2007 ж.ж. В.К. Мерц бастаған барлау тобы мен Павлодар облыстық музей экспедициясы бірнеше рет зерттейді. Ал 2005 ж. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ерте темір дәуірі мен көне мәдени ескерткіштерді зерттеу тобы З. Самашев жетекшілігімен жұмыстар жүргізеді.

Нысанның киелілігі оның ерте кезеңнің археологиялық ескерткіштермен қатар Солтүстік-шығыс Қазақстанның ежелгі көшпелілерінің энеолит және қола дәуіріндегі тасқа салынған суреттері орналасқан қасиетті орны болып табылады. Қасиетті орын ретінде ол ұзақ уақыт бойы үздіксіз қызмет атқарып келді және Өлеңті өңірінің ежелгі тұрғындарының ғұрыптық рәсімдерімен байланысты болды. Ескерткіш Жақсыбай зиратына жақын жерде, Өлеңті өзенінің оң жағалауы жазығындағы тік қабақпен ұштасып жатыр. Ескерткіш палеогенді құмтастардың ірі тас блоктарының бетіне салынған антроморфты және зооморфты бейнелерден тұрады: садақшылар, аң аулау көрінісі, жануарлар, бұғылар, жылқылар, бұғылар, түйелер, мысық тұқымдас жыртқыштар, эротикалық және діни шаралар. Ерекше көзге түсетін – жоғары көтеріп тұрған оң қолында таяғы, сол қолымен ірі мүйізді бұғыны көрсетіп тұрған адам бейнесі. Жалпы алғанда 17 тас блокка салынған 50-ден астам бейнелер анықталған. Олар Қазақстанның көптеген жартас өнеріне тән емес терең гравировка әдісімен орындалған. Кейбір жазықтықтардың беті суреттердің үстінен арнайы тегістеліп шыққан, шамасы бұл діни рәсімнің кейбір ерекшеліктерімен байланысты болса керек.

Өлеңті өңірінің ежелгі малшыларының ғұрыптық орны болған ескерткіш энеолит және қола дәуірі кезінде қасиетті мәнге ие болғандығы сөзсіз. Ол Солтүстік-шығыс Сарыарқаның ежелгі тұрғындарының жоғары рухани мәдениетінің айғағы болып табылады. Бұл өз кезегінде осы күнгі мәдениет үшін ерекше ғылыми және мәдени-тарихи мән-мағына береді. Себебі, ескерткіш Солтүстік Қазақстанның ежелгі тайпаларының рухани мәдениеті бойынша басты дерек, әрі алғашқы қауымдық өнердің жергілікті өңір мен одан шеткі аймақтарда ұқсасы жоқ үлгісі.

Деректер

  1. Мерц В.К. Разведка в Павлодарской области. В: Отчет о работе Целиноградской археологической экспедиции в 1988 г. Целиноград, 1989. С. 39. // Архив Института археологии им. А.Х. Маргулана МОН РК.
  2. Мерц В.К. Наскальные рисунки края Кереку-Баян. Фотоальбом. – Алматы: «Эверо», 2002. – 114 с.
  3. Мерц В.К. Наскальные рисунки Павлодарского Прииртышья // Краеведение. – 2002. – № 1. – С. 29–44.
  4. Мерц В.К. Наскальные рисунки Павлодарского Прииртышья // Энциклопедия. Павлодарское Прииртышье. – Павлодар: Алматы: «Эверо», 2003. – С. 426–428.
Толығырақ

Суреттер


Кіру