Бұл зерттеу тобының мақсаты, ең алдымен, 1972 жылы А.Х. Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан Археологиялық Экспедициясы зерттеген жартылай негізгі қоршаулы оба мен қорымдағы зерттеулерді жалғастыру болды. Айбас Дарасы қоршаулы обасы беғазы-дәндібай мәдениетінің монументалды ескерткіштерінің бірі. Ол Қазақстан аумағындағы ең алғашқы сәулет өнерінің туындыларына жатады. Зерттеліп отырған қорым Беғазы-дәндібай мәдениетінің таралу аймағының батыс бөлігіне орналасқан. Зерттеуді кешенді түрде өткізу, біздің зерттеу аймағында орналасқан қоныс, жерлеу немесе ғұрыптық нысандар сияқты бірқатар археологиялық ескерткіштерді зерттеу қажеттілігінен туды.
Зерттеу жұмыстарының алдында бірқатар міндеттер тұрды: қоршаулы обаның қалған бөлігін ашу; 1972 жылғы қазба жұмыстары кезінде қалған топырақ үйінділерін тазарту, ескерткіштің қазіргі таңдағы жағдайын бағалау және оны қалпына келтіру жұмыстары мен одан әрі мұражайға айналдыруға дайындау. Сонымен қатар, қоршаулы обаға жалғас орналасқан қорымды зерттеу, қонысты тауып, қазба жұмысын жүргізу, Ұлытау микроауданындағы археологиялық ескерткіштерді барлау жобаланды. Айбас өзені алқабы неолиттен бастап кейінгі ортағасырлық кезеңге дейінгі ескерткіштерге бай. Атап айтқанда, бұлақтар мен өзен маңындағы жаңа тас дәуірі тұрақтары, қола дәуірі қорымы мен қонысы, ерте темір дәуірі обалары, мұртты обалар, түрік кезеңіне жататын қоршаулар мен ғұрыптық кешендер, ортағасырлық қамал мен Нөгербек дарасы қаласы, қазақ зираттары орналасқан.
Айбас Дарасы қорымындағы біздің зерттеуіміздің негізгі нысаны – қоршаулы оба болып табылады. Ол бірнеше конструкциялық элементтерден тұратын, бұрыштары дүниенің төрт бөлігіне бағытталған шаршы пішінді тастан тұрғызылған құрылыс. Сыртқы қабырғалары ірі гранит блоктармен қаланған орталығында үлкен тас жәшігі орналасқан. Сыртқы қабырғалар мен жәшік қабір аралығындағы кеңістікті жеке трапеция түріндегі бөлімдерге қалқалар бөліп тұр. Бөлімдері еден таспен төселген, іші топырақ аралас тастармен толтырылған. Қоршаулы обаға жанастыра салынған жерлеу орны бар. Оба сырты қабырғаны сүйеп, бекітіп тұратын топырақ үйінділерінен, бұрынғы үйінділерден, табиғи және қазбадан қалған топырақ, тастармен қоршалып жатты.
1972 жылғы қазба жұмыстары барысында орталық тас жәшік, батыс бөлігіндегі төрт бөлім (I-IV), солтүстік-батыс жағынан жанастыра салынған жас баланың қабірі және сыртқы қабырғаның айналдыра ені шамамен 1 метрдей кеңістік ашылды (1а-сурет).
2004 жылдан бастап обаның сыртқы жағы аршылды. Нәтижесінде күл, құрбандық шалынған орын, бірқатар бұйымдар табылды. Сонымен қатар, қоршаған алаңды тазарту дуал құрылысының ерекшеліктерін нақтылауға мүмкіндік берді. Оба етегінен арнайы қойылған немесе қабырғалардан құлап түскен және 1972 жылы үйіндіге лақтырылған көптеген тастар табылды. Жәшік және I-IV бөлімдер қайта тазартылып, зерттелді. Обадағы бұрынғы қазба жұмыстарынан кейінгі мезгілдегі өзгерістер мен бұзылу процестері анықталды.
Біз қоршаулы обаның бұрын зерттелмеген, солтүстік және солтүстік-шығыс жағында орналасқан V-VIII бөлімдерін зерттедік. Солтүстік-шығыс жақтағы сыртқы қабырғасынан ортадағы жәшікке, бірнеше көлденең апаратын дәліз (дромос) аршылды. Оның ішін толтырған тас пен топырақ арасында бірнеше жерден көлденең қойылған қақпа тастар бар. Және де ол жәшіктің қабырға тасына тіреліп тоқтаған. Соған қарағанда бұл дәліз өзінің негізгі міндетін атқармай, тек нышаны болса керек.
Бөлімдер құрылыстың ыңғайына байланысты. түрлі деңгейде тазартылды. V, VIII бөлімдер жерге дейін, VI-VII бұрыштық бөлімдер еденіндегі тас қабатына дейін зерттелді, олардың едені мен тас табанының деңгейінен күлді-көмірлі қабаттар табылды. Сонымен катар бөлімдер ішіндегі қабаттардан күйдірілген қыш ыдыстың сынықтары мен сүйектер табылды. Шамасы, құрылысты салу, оны отпен аластау дәстүрлерімен қоса жүрген. Бөлімдердің ішін толтырған тастар арасында және еденінде бірнеше саз қабаттары, түп жағында тастар қозғалмай тұруы үшін құйылған сарғыш түсті балшық табылды. Одан жоғары, тастар арасына да осылай лай құйған сияқты.
Дуал-қоршаудың ГИС-бағдарламасының көмегімен мәліметтерді одан әрі өңдеуге мүмкіндік беретін етіліп, қоршаулы оба мен оның төңірегінің толық жоспары мен фотосуреттері жасалынды. 2004 жылы қорымның стратиграфиялық мен орталық қабірді қоршап жатқан құрылыстар кешенін анықтау мақсатында, қоршаулы-обаның төңірегінде қазба жұмыстары жүргізілді. Одан оңтүстік-батысқа қарай 30 метрдей жерде жалпы көлемі 172 шаршы метр болатын қазба орны салынды. Қазу барысында ортадағы аса биік емес үйіндіні айналдыра әртүрлі деңгейде орналасқан тастармен қоршалған, құрылыс орны аршылды. Тастар негізінен үйіндінің етек жағына салынған. Ал алаңның орталығындағы шашыла орналасқан тастар тобы, сірә алғашқы орнынан жылжытылған болу керек. Үйіктің шығыс жағы, батыс жағына қарағанда тіктеу. Үйіндінің биіктігі оның жоғарғы бөлігі мен етегінде жатқан тастарға қарағанда, 40-50 см-ден кем болмаған. Тас қоршау бұзылған, алайда үйіндінің айналасында сақталған тастарға қарап, оның арнайы жасалғанын көреміз.
Үйінді-алаңның орталығында құрбан шалудың белгілері болып табылатын жануарлардың сүйектері араласқан қараторырақты алаңқай кездесті. Сонымен катар, үйіндінің ішкі және сыртқы жағында қалыңдығы шамамен 3-5 см болатын күлді-көмірлі қабат байқалады. Қазба орнының оңтүстік-шығыс бөлігінде (4А және 3Б шаршыларында) жоғарыдағы үйікпен байланысы болғанын көрсететін тағы бір, оңтүстік тас қаландысы орналасқан.
2004 жылы Айбас өзенінің оң жағалауынан қорымнан 150 метрге жуық қашықтықта қоныс орны табылды. Қоныстағы жер бетінен табылған заттар, оның жасын шамамен қола дәуіріне жатқызуға мүмкіндік берді. 2005 жылы қоныс алаңында барлау шурфы салынып, ал 2006 жылдан бастап жоспарлы қазба жұмыстары басталды. 70 шаршы метр қазба орны мәдени қабаты жер бетіне жақын орналасқан террасаның шетінде салынды. Қазбаның солтүстік-шығыс бөлігіндегі ойпаттың ортасынан құдық шықты. Қазбадан: жануарлардың сүйектері, қыш ыдыстардың сынықтары және бір бүтін ыдыс, тас құралдар мен оның сынықтары шықты.
Құрамына қорым, қоныс және қазақ мазары кіретін Айбас Дарасы кешенінің топографиялық және үш өлшемді жоспары жасалды (1б-сурет).
2004-2006 жылдар аралығында Айбас Дарасы қорымы мен қонысындағы жұмыстармен қатар радиусы 30 шақырымдай аймақты барлау жұмыстары жүргізілді. Ерте темір дәуірінен бастап кейінгі ортағасырларға дейінгі уақытты қамтитын, Айбас 1,2,3,4, Едіге 1,2 сияқты бірқатар қорымдар зерттелді. Сонымен бірге Айбас Дарасы қамалы мен Нөгербек Дарасы қалашығының, Жылысай түркі ғұрыптық-жерлеу кешені сияқты бұрын анықталған нысандардың үш өлшемді моделі мен топографиялық жобасы және олардың ғылыми сипаттамасы жасалды. Едіге тауының шыңында орналасқан обалар мен тас үйінділері алғаш рет суретке түсіріліп, жазылып алынды.
Бір мезгілде салынған қорым мен қонысты кешенді түрде зерттеу, жерлеу ғұрпы мен қоныста табылған материалдарды салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде әлі күнге дейін толық шешілмей келе жаткан беғазы-дәндібай мәдениетінің шығу тегін зерттеуде зор роль атқарады. Мавзолейдегі зерттеу жұмыстары беғазы-дәндібайлықтардын жерлеу ғұрпы мен сәулет өнері туралы мәліметтерге қомақты үлес қосады. Сонымен қатар ескерткіш ашық аспан аясында мұражай жасауға мүмкіндік жасайды.