Шілікті даласындағы археологиялық ескерткіштер өзінің ірілігімен және шағын ғана аумақта тығыз шоғырлануымен және тарихи ерекше құнды жәдігерлерімен көпшілік назарын аударын отыр.
Шілікті жазығында тың серпін алған кешенді зерттеулер 2003 жылдан бастап Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен жүргізіліп келе жатыр. Қазба жұмыстары негізінен Шілікті I, II, III, IV қорғандар тобында болды. Қазба жұмыстары жүргізілген жеті жылдың ішінде 3 ірі, бір орташа және 10 кішігірім оба қазылды. Бұл тарихи мөлтек аудан ірі көлемдегі сақ патша обаларының ең көп шоғырланған өлкесі болып табылды. Шілікті жазығындағы археологиялық кешенді зерттеулер барысында геологиялық, полеоботаникалық, дендрохронологиялық, зоологиялық және т.б сараптамалар жасауға мүмкіндіктер туды. Сондай-ақ бұл зерттеулер көне құрылыстардың көлеміне және күрделі архитектуралық құрылымына жаңадан ғылыми тұжырымдар жасауға түрткі болды. Қазба жұмыстарымен бірге Шілікті жазығындағы қола дәуірлерінен бастап соңғы түркі дәуірлеріне дейінгі ескерткіштерге барлау жұмыстары арқылы паспорттау, тізімдеу шаралары атқарылды.
2009 жылғы қазба маусымында Шілікті археологиялық экспедициясы Шілікті I қорымының ірі көлемдегі №36 сақ «патша» обасында қазба жұмыстарын жалғастырды және кіші көлемдегі №12,15 екі обаға қазба жұмыстарын жүргізді.
№36 қорған Шілікті және Тасбастау ауылдары ортасындағы жергілікті халық «Орта баз» деп атайтын ескі қора орнының оңтүстігінде 150 метр жерде орналасқан. Қорған топырақтан үйілген, қазбаға дейін ортасында және шығыс жағында ұзынша ойығы болды. Қорғанның тағы бір ерекшелігі кең жайылған оба үйіндісінің етегіне қарай әр жерден айналдыра тастарды тігінен қойып тас шеңбер жасаған. Сондай-ақ қорған етегінен 20 метр қашықтықта ені мөлшермен 3-4 метр айналдыра op қазылған. Айнала қазылған ордың шығыс бағыты есік тәрізді қазылмай қалдырылған. Оба сыртын дөңгелете қазылған ор сілемінде көк шөп көгеріп анық көрініп жатыр. Обаның бетінде, әсіресе етегіне қарай орташа көлемдегі өзеннің малта тастары шашырай орналасқан. Тастар әсіресе қорғанның оңтүстік және батыс бөлігінде көптеп кездеседі. Оба бетін жамылғы ретінде әсемдеу мақсатында қойылған малта тастар ірі көлемдегі Шілікті обаларының барлығында кездеседі.
№36 обаның нақты өлшемдері төмендегідей. Биіктігі 4 м 53 см. Диаметрлері ШБ бағытта - 113 м, ОС бағытта - 115 м. Сыртын қоршаған орды қосып есептегенде ШБ – 178 м, ОС – 181 м. Ордың енінің әр жағының өлшемдері – 3,70 м - 4 м аралығында. Шығыс жағындағы есік тәрізді ашық жердің ені 6 метр. Қорған үстіндегі ойық тонау белгісі болуы мүмкін (диаметрі – БШ - 25 м, ОС - 20 м). Тонау белгісінің қорған төбесінен есептегендегі тереңдігі 1м 52 см.
Қорған үсті ойысының шығыстан есептегендегітереңдігі – 75 см, солтүстіктен – 1 м 25 см, оңтүстіктен 1 м 16 см. Ойыс тереңдігінің батыс жағына қарай көбірек қазылғандығы байқалады. Қорған құрылысының ерекшелігіне қарағанда құрылысшылар құрылыстың биіктігіне емес, алып жатқан ауқымына мән берген тәрізді. Олардың мақсаты қорған көлемін ұлғайтумен бірге оба үйіндісіне орды қазу, одан шыққан топырақты алып құрылыстың өзіне пайдалану арқылы жеңілдік жағын қарастырған. Биылғы қазба маусымында осы пікірді анықтау мақсатында айналдыра қазылған ордың шығыс және солтүстік бағыттарында шурф салынды.
Обаның орталық нүктесінен ОБ қарай 16 метр жерде ойыстың жиегінде орташа көлемдегі тастардан үйілген тас үйінді болды, көлемі: 1м 20 см, ені – 1 м 15 см. Бұл кейінгі жерлеу орны болуы мүмкін, бірақ оған қазба жүргізілген жоқ. Себебі қазба жұмысы қорғанның ортасынан емес солтүстік шетінен басталған болатын.
№36 қорғанға қазба барысы ШБ бағытында және ОС бағыттарын анықтау арқылы алғаш төрт секторға бөлінді. Кейіннен қазба жұмысына ыңғайлы болу мақсатында (техниканың қозғалысы және желдің соғу бағыты ескеріліп) және қорғанның өте жалпақ болуымен бірге дромосты, қабір құрылысын қоса қамту үшін ШБ бағытында 10 метр жалпақтықта 7 тілікке бөліп қазу ұйғарылды. Әрбір 10 метр ендіктегі тіліктердің ортасында 5 метр ендікте жал қалдырылып отырды. №36 обаның төбесіндегі ойығына және шығыс бағытындағы сілеміне байланысты оба үйіндісінің орталық бөлігінен 30 метр ендікте Батыс - Шығыс бағытында қазба тілігі салынды. Оба үйіндісі тек бір бағытта, яғни батыстан шығысқа қарай техниканың көмегімен 20-30 см қалыңдықта алынып отырды.
Обаның шығыс бетінде дромос кезігетіндіктен және айнала қазылған ордың кірер ауызын, есік тәрізді қалдарылған жерін таза сақтау үшін үйіндіден шыққан топырақты батыс жағына ғана ығыстырдық.
Қазба тілігінің шығыс шетінде орналасқан сыртқы тас шеңберден оба ортасына қарай 30 метр жерден, оба төбесінен 1 метр 70 см тереңдіктен шашылған ірі тастар кездесті. Оба үстінен алғанда 3 м 10 см тереңдіктен шым қабатының ішінен тік тұрған, диаметрі 15 см болатын ағаш кездесті. Ағаш орталық нүктеден шығысқа қарай 6 метр 70 см жерде орналасқан. Одан 10 см төмен ағаштың солтүстік - батысында жапсарласа тік тұрған сын тас кездесті. Ұзындығы 1 м 20 см болатын торт қырлы сын тас. Тік тұрған ағаш пен тастың деңгейінен 30-40 см тереңдікте айнала қойылған ірі көлемдегі тастар шыға бастады. Қазу барысында олар дромостың үстіне үйілген тастар екендігі анықталды.
Қазу барысында анықталғаны ірі көлемдегі тастар қабір шұңқырының жиегіне және дромостың үстіне үйілген. Қабірді айналдыра қойған тастар солтүстік, батыс, оңтүстік бағыттарында жақсы сақталған. Қабірді қоршаған тастар дромостың қабірге кірер аузында толық сақталмаған. Ол жердің тастары тонау кезінде алынып тасталса керек. Өйткені қабір шұңқырын қазу кезінде жиегіне қойылған тастар шашырай кездескен болатын.
Жерлеу камерасының айналасы жалпағынан қаланған тастармен, қоршалған, шығыс жақтағы дромосқа қарай тарылып үсті ағаш бөренелермен жабылып, оның беті бір қабат ірі тастармен шегенделген. Бұл көрініс әсіресе дромостың жерлеу камерасына кірер аузының оң жағында жақсы сақталған. Дромостың шығыс жақ бөлігі таспен толық жабылған.
Қабір сыртына қойылған тастар батыс жағына қарай 7 метр ұзындықта бір қатарда қаланса, оңтүстігінде 7 м 23 см және солтүстік 6 м 70 см болып, екі, үш қатардан қаланған. Дромос іші түгелдей ірі тастармен және топырақпен толтырылған. Ірі тастардың көлемі 70*80*60 см және 60*100*50 см аралығында. Тас толтырылған дромос іші 1 м 60 см тереңдікке жеткенде материкке тірелді. Дромос ішінен ешқандай ғұрыптық жоралғылардың белгісі немесе басқа заттар кездеспеді.
Қабір шұңқырын қазу кезінде тек дромостың іші ғана таспен толтырылғаны анықталды. Қабір шұңқырының ортасында диаметрі 2-2,5 метр болатын тонау белгісі жақсы сақталған. Қабір бетінің басқа жерлері таза шым қаландысымен жабылса, тонау белгісі бар жерде оба бетінен түскен малта тастар аралас шашылып жатыр. Ол қабір шетіне қойылған тастардың ішке құлағандары болуы мүмкін. Қабірдің оңтүстік батыс шетіне қарай материктен 30 см төмен қыш ыдыстың сынығы табылды. Ол ыдыстың мойын тұсының иілген фрагменті, ешқандай өрнегі жоқ, орташа күйдірілген, қоңыр түсті саздан жасалған.
Осы деңгейден әр жерде шашылған мал сүйектері табылды. Сүйектердің көпшілігі жылқы тұяғы, тісі және ұсақ малдың омыртқа, жілік сүйектері.
Қабір ішінің тереңдігі 1 метр 80 см-ге жеткенде су шыға бастады. Суды құрғатып ары қарай қазу барысында ешқандай қазба материалдары табылған жоқ. Қабір шұңқырының тереңдігі 2 м 30 см-ге жеткенде материкке тірелді. Қазба соңындағы өлшемдер бойынша қабір шұңқыры мен дромостың жалпы ұзындығы 22 метр 60 см.
Қазба жұмысы кезінде қабір шұңқыры мен дромос ішінен ешқандай археологиялық материалдар табылмағанымен оба үйіндісінің әр жерінен деректік маңызы бар заттар алынды. Обаның тонау белгісі сақталған жоғарғы шым қабаты арасынан 1 метр 30 см тереңдіктен адамның қол жілік сүйектері мен бірге омыртқа қабырға сүйектері шықты. Адам сүйектері обаның ортасындағы тонау шұңқыры астынан табылғанға қарағанда, қабірден шығарылып тасталған сүйектер болуы мүмкін. Қазба тілігінің шетіндегі шығыс жақтағы тас шеңберден 6 м 60 см, солтүстік жалдан 9 м 80 см жерде кейіннен жерленген адам сүйегі табылды. Адамның басы оңтүстік батысқа қаратылып жерленген. Сондай- ақ ерекше назар аудартқан сүйектен жасалған ортасы тесік, дөңгелек ұршықтың басы тәрізді заттар. Сүйек заттарының үшеуінің де сыртқы беті қарапайым өңделген, сынған. Сондай-ақ осы ұршық басы сияқты заттардың жанынан ұсақ малдың жілік сүйегінен жасалған екі басы ашық түтікше тәрізді өңделген сүйек зат табылды. Сыртқы формасы қазақ халқының тұрмысындағы бала бесігінің шүмегіне ұқсайды.
Осылайша биылғы маусымда зерттеу нысаны ретінде Шілікті I қорымындағы №12,15,36 қорғандар алынып, олардың алғашқы екі кіші қорғандары толықтай қазылды. Тоналып кетуіне байланысты оларда ешқандай жерлеу бұйымдары кездеспеді. Олардың нақты сипаттамасы толық ғылыми есепте көрсетілетін болады. Ал №36 обаның орталық және солтүстік жартысы толық зерттелінді.
Зерттеу жұмыстары барысында б.з.д. VIII-II1 ғғ. сақ қоғамындағы әлеуметтік жіктеліске, жерлеу орындарының архитектуралық құрылымына, құрылыс материалдары мен құрылыс тұрғызу әдіс-тәсілдеріне, жерлеу рәсімдері мен материалдық мәдениетіне, дүниетанымы мен идеологиясына қатысты құнды материалдар алынды.
Пікірлер
Шілікті археологиялық экспедициясында өткен зерттеулерге бойынша, Шілікті I, II, III, IV қорғандар тобында қазба жұмыстары көпшілікті қандай нәтижелерге жеткізді? Теплые пожелания Telkom University