Географиялық координаты:
N43°23.012'
Е 077°20.375'
Оба қорымның оңтүстік шетінде, тау етегіне таман, Рахат өзенінің оң жағалауында, арнаның екінші қабаты террасасында орналасқан. Обадан солтүстікке карай 150 м жерде қазақ зиратгары орын тепкен. Бұл зираттардың орнында кезінде Есік қорымына жататын ортағасырлық обалар тобы болған. Зерттеліп отырған оба да осы топқа кіреді. Сонымен қатар жергілікті халықтың жыл сайын қыш ыдыстар фрагменттерін, темір бұйымдар тауып алуы да осының дәлелі. Зират көлемінен тауып алынған қыш ыдыстар мен темір бұйымдар кешені ортағасырлық болып белгіленеді. Обадан батысқа қарай 800 м жерде Рахат қала жұрты орналасқан. Оның да археологиялық материалдары VIII - X ғғ. болып есептеледі1.
Қазба жұмысы басталғанға дейін оба жобасы бойынша дөңгелектеу келген, бетінде өсімдік шөптер қаулап өсіп тұрған болатын. Кейбір жерлерінде қылтиып тастар көрініп жатты. Сірә, тастар топырақ астында жатқан конструкцияның беткі қабаты болуы керек. Обаның диаметрі 14.20 м, биіктігі 0,95 м. Ойпаңдар немесе конструкция мен обаның үйінді топырағының басқадай қираған іздері жұмыс басталғанға дейін байқалған жоқ.
Беткі қабатын алған соң обаның тас конструкциясын аңғарудың сәті түсті. Тас құрылыстар тұйықталған екі қоршау-сақина тәріздес. Ішкі сақинаның диаметрі – 5,10 м, екіншісі (сыртқы) – 12.20 м. Бұндай құрылыстар түрі ертеден белгілі. Сақина тәріздес қоршаулар қола дәуірінде де кең тараған. Ақсу-Аюлы II ескерткішінде үш қоршаудың болғаны анықталды2. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша қоршаулар көне заманда күнді бейнелеудің бір түрі болған.
Тас қаландының биікгігі 0,15 м-ден 0,95 м-ге дейін барады. Қалындығы да тұрақты емес, 0,65 м-ден 1,6 м-ге дейін жетеді. Қалыңдығы мен биіктігінің біртекті болмауы және конструкцияның нашар сақталуына ауа-райы құбылыстары (жаңбыр, қар, дымқылдық және т.б.) әсер еткен. Жазықты жерлерге қарағанда таулы жерлерде бұл құбылыстардың бірқалыпты емес екені белгілі.
Сыртқы қоршаудың оңтүстік-шығыс бөлігінде тас конструкцияның бойында 1,1 м болатын үзік бар. Үзіктің ені мен орналасуы оның атқарар міндетіне еш күмән туғызбайды. Бұл үзік құрылысқа кірер ауыздың маңызын атқарған.
Екі тас қоршаудың арақашықгығы 1,35 м, кейбір тұстарда 2 м жетеді. Бұл екі аралықтағы кеңістік - ішкі сақинаны сыртынан айналып өтетін коридордың міндетін атқарған. Соған қарағанда, бұл қандай да бір ғұрып немесе ырым-жорамен байланысты. Ғұрыптық құрылыстарды салуда айналмалы галереяны пайдалану жаңалық емес. Айналмалы галереяларды Беғазылық кесенелерден, Алтайдың кейбір ерте ортағасырлық обаларынан3, сонымен қатар ортағасырлық кесенелерден кездестіруге болады.
Коридорды тазалау барысында обаның оңтүстік бөлігінде 0,45 м терендіктен темір құрал табылды. Құрал ұзынша ұңғылы келген, сабына беку үшін бүйірінде екі тесігі бар. Қиындысында сопақша келген. Ұңғылы бөлігінің ұзындығы – 4,5 см, жоғарғы аузының диаметрі – 4,5 см, төменгі жағының диаметрі – 2 см. Жұмысқа пайдаланған жағы қатты мұқалған, сақталған бөлігі 3 см. Екі тесіктің диаметрі бірдей – 0,8 см. Құралдың жалпы ұзындығы – 7,5 см. Өлшемдер сәйкестігі (ұзындығы, ені, жұмыс бөлігі т.б.) құралды ағаш материалдарды өндеуге арналғанынан хабардар етеді. Бұндай құралдар бұған дейін солтүстік-шығыс Жетісудан табылған болатын. Оны шаппашот деп белгілеген болатын.
Шаппашот – ағаш бұйымдарды жасауда ішін қуыс қылуға арналған арнайы құрал. Ұңғылы шаппашот ағашты өндеудегі жеңіл түріне арналған. Сонымен қатар, олардың кейбірі кетпен түрінде де кәдеге жаратылған4. Әдетте мұндай құралдар шикі құрыш пен жай темірді шындау әдісі арқылы дайындалған.
Ішкі сақинаның ортасында 1,1 м тереңдіктен, бүгінгі беткі қабат деңгейінде сопақ келген жерлеу шұңқыры табылды. Қабір топырақты шұңқырда батыс-шығыс бағыты бойынша орналасқан. Шұңқырдың ұзындығы 2,30 м, енінің ең көлемді тұсы 0,75 м. Жерлеу шұңқыры іші констркуцияның тастарымен де толтырылып тасталған. Соған қараданда бұл тонаушылардың ісі болса керек. Жерлеу шұңқырының беткі қабатында жылқының қабырғасы ұшырасты.
Көне жер қабаты деңгейінен 0,65 м тереңдікте жерлеу шұңқырынан мәйіттің сүйек қалдықтары табылды. Сүйектер тегіс дерлік орнынан қозғалып кеткен. Негізгі тобы қабірдің орталық бөлігінде жиналып қалған. Бұл сүйек қалдықтарына қабырға сүйектері, бұғана, омыртқа, қол-аяқ сүйектері (ортан жілік, тоқатай жілік және қар жілік фрагменттері), сонымен қатар саусақ, бақай сүйектері жатады. Бас сүйек немесе оның қалдықтары табылмады. Жерлеу шұңқырының орташа терендігі 70-75 см.
Обаның үйіндісінен бірнеше керамика фрагменггері табылды. Жинақталған материалдар негізінде төменде келесідей типологиялық классификациялары келтіріледі.
Обадан табылған бүкіл керамика технологиялық белгілері бойынша станоктік топқа жатады. Керамикалық материалдарды түрлерге бөлу принципі бойынша ауызды және денелі келген түрлері ерекшеленеді. Обадан табылған керамикалар құрамы мен жасалу әдісі бойынша айқындалатын әрі атқарар міндеті бойынша екі классқа бөлуге болады: 1) ас үйлік керамикалар; 2) тұрмыстық ыдыстар. Сырлы керамикалар кездескен жоқ.
Керамиканың бірінші тобы - станоктік ас үйлік ыдыстар. Бұндай ыдыстарды жасау үшін жергілікті шикізат көздері пайдаланылған. Ол үшін табиғи қосындылар – далалық шпаттар, кварц, көкшіл әк молынан пайдаланылған.
Екінші топқа ауыз жағының қалдығы жатады. Ол шеті тегістеу келген, мойыны сәл ғана сыртқа қайырылған және қалыпты түрде ақырындап кеңейтілген алмұрт тәріздес денесіне ұластын болып келеді. Бұндай ыдыс-«қазандарға» ұзынша, сопақтау келген дене тән келеді.
Пішіні және жасалу технологиясы жағынан керамика б.з. ІХ-ХІ ғғ. деп белгіленеді.
Есік кешеніндегі 2005 жылғы далалық маусым аяқталды. 2004-2005 жж. ескерткіште жүргізілген жұмыстар барысында табылған материалдар зерттеу аясын ұлғайтуды қажет етеді. Қазірдің өзінде табылған мәліметтер Есік қорымыньщ ортағасырлық обаларын зерттеу тарихын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Қорымда құрылыс әдісі және жерлеу бағыты бойынша біртекті келетін бір топ обаны (№4,55,7,) зерттеудің сәті түсті. Бұл ескерткіштер VIII-XI ғғ. жатады.
Жаңа мәліметтер алу үшін ескерткіште зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажет. Сондай-ақ Есік қорымында VIII-X ғғ. жерлеу құрылысының мәдени ерекшеліктерін анықтау мақсатында кейінгі обаларда қазба жұмыстарын жалғастырудың қажеттігі туындайды.
Әдебиеттетер тізімі:
1. Нурмухамбетов Б.Н., Ахатов Г.А., Бермагамбетов А.Ж. Отчет о работах на могильнике Иссык и поселении Рахат. Алматы 2005. Архив Институт археологии МОН РК. с. 5.
2. Н.А. Кукушкин. Элементы солярной символики в погребальных комплексах Евразийских степей. Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Вып. 3. Уральск 2004 г. с. 171.
3. А.И.Мартынов. Археология СССР. М. 1973 г. с. 213.
4. Т.В. Савельева, Н.М. Зиняков, Д.А. Воякин. Кузнечное ремесло северо-восточного Семиречья. Алматы 1998 г. с. 40.
5. Нурмухамбетов Б.Н, Ахатов Г.А, Бермагамбетов А.Ж. Отчет о работах на могильнике Иссык и поселении Рахат. Алматы 2005. Архив Институт археологии МОН РК. с. 6.